Тек пен талант – қанмен келетін қасиет

Тек пен талант – қанмен келетін қасиет

Тек пен талант – қанмен келетін қасиет
ашық дереккөзі
1076
Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өткен болатын. Дәрігер ретінде қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дәстүріне сай халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дәуірде енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оның дұрыстығын қазір әлемнің барша ғалымдары мойындап отыр. «Тек» деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Қыз алысып, қыз беріскенде қазақ текті жермен құда болуға тырысқан. Мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы – текке байланысты. Қазақы салт-дəстүр бойынша жеті атаға дейін қыз алысуға рұқсат жоқ. Оны бұзғандар ертеде қатаң жазаланды. Мұны аз десек, Тəуке ханның «Жеті жарғысында» ондайларға өлім жазасы белгіленген. Қан тазалығы, генофонд сақталмаса, адамдар генетикалық мутацияға ұшырайтыны қазір жақсы мәлім. Ол бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылған жағдайда тұтас халықтың жойылып кету қаупі де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі кезде жақын адамдардың бір-біріне үйленуі салдарынан олардың əулеттерінде кемақыл, кемтар балалардың тууы жиі кездеседі. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтаған халық. Қазір бұл заңдылық бірте-бірте бұзылып келеді деп айтуға болады. Міне, бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті екенін мойындауымыз керек. Өйткені бүгінгі таңда жеті атаға толмай-ақ қыз алысып, қыз берісіп жатқандар кездесуде. Олардың ұрпағы, қаны бұзылып, балалары кемтар, әлжуаз, аурушаң болып тууы медициналық-генетикалық тұрғыдан әбден мүмкін. Генетика заңдылықтарына көз жүгіртсек, туысаралық неке міндетті түрде келер ұрпаққа кері әсер етеді: туа біткен генетикалық ауруларға (олигофрения – кемақыл, Даун ауруы және т.б.) ұшыратып, генетикалық өзгерістерге, қанның бұзылуына, ұрпақтың майдалануына, әлжуаздыққа, әлсіздікке алып келетіні айқын. Тұқым қуалаушылықтың заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі өрескел қате. Себебі ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Ал тұқым қуалайтын аурулар мен түрлі кемістіктерді көбінесе рецессивті гендер анықтайтындығы белгілі. Олар тек рецессивті гомозигота жағдайында ғана білінеді. Туыстық некеде ондай мүмкіншілік мол болады. Сондықтан олардан туатын ұрпақта кемістік көп кездеседі. Керісінше туыс емес ерлі-зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі және ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады. Себебі олар көбінесе гетерозиготалы жағдайда болатындықтан, Мендель заңына сәйкес ауру мен кемістікті анықтайтын рецессивті генді доминантты ген жеңіп кетеді. Біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дәстүр бойынша жеті атадан кейін ғана некелесуге рұқсат беріледі. Бұл біздің гендік қорымыздың мол әрі мықты болуына әсер етеді. Сондықтан мұндай дәстүрді сақтауымыз қажет. Осы күндері әлемнің генетик ғалымдарын таңғалдырып отырғаны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы. Қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша 7 атаға дейін өзара үйленіп, түтін түтетуге тыйым салынған. Бұл ежелгі заңдылық соңғы кезге дейін қандастарымыздың арасында сақталып отырғаны қуантады. Жалпы, бұл дәстүр қазаққа қайдан келген? Ертеде Әз Жәнібек хан елге аты шыққан емші Ө.Тілеуқабылұлын шақырып: «Қандай дертке дауа жоқ», – деп сұраған көрінеді. Сонда емші: «Тұқым қуалаған ауруға ем жоқ», – деп жауап қатады. «Оның алдын алуға бола ма?» – дегенде, емші: «Жеті атаға дейін қыз алыспау керек», – депті. Міне, сол Әз Жәнібек ханның дәуірінен жеті атаға толмай қыз алысқандарды қатаң жазалау туралы заң қабылданған. Адамзат баласында қазақ ұлтынан басқа жұрттарда жеті атаға толмай қыз алыспау ұғымын кездестірмейміз. Тағы бір түйінді мәселе – қазақ ұғымында адам бойындағы физиологиялық және мінез-құлқы ерекшеліктері ата-әке жағынан беріледі деген сенім қалыптасқан. Ал шеше жағынан туған бөлелердің отау құрғанына аса мән берілмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде-бір ел жоқ. Міне, қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр!» – дейді («Тарих толқынында», «Атамұра» баспасы, 1999 жыл, 42-бет). Ағайындас адамдар арасындағы некенің басым көпшілігі бақытсыздыққа алып барады. Туысқандар арасында алакөздік пайда болып, олардың некелерін қостамайтын ағайындар теріс айналады, тіпті, жас жұп елдің қарғысына ілігеді. Балалары кембағал болып туып, әртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық-жүйке аурулары, аяқ-қол кемістігі) тап болады. Сондықтан отбасын құратын, әсіресе, тегінде тұқым қуалайтын кемістіктер бар адамдар медициналық-генетикалық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қалаларында бар. Ерте кезде Еуропа елдерінде өздерін «ақсүйек» санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында өзара құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дәстүр болғаны тарихтан аса белгілі. Уақыт көрсеткендей, бірте-бірте әлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандары бұзылып, ауру-сырқау көбейген. Исландия мамандары әйелдер арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша туыс болып келетін ағайындар арасында қыз алысудың нәтижесінде нәрестелердің дүниеге аз келетінін анықтаған. Есесіне, өзге жерден қыз алғандар баланы да, немерені де көбірек сүйген. Бұл дерек пен дәйектердің барлығы терең ойға жетелейді. Өйткені соңғы кездері кейбір зерттеушілер ағайын­аралық некенің зияны жоқтығын айта бастады. Бұл – қате пікір. АҚШ-тың өзінде ағайындардың бір-бірінен қыз алып, қыз беруіне моральдық тыйым салынған. Ал 31 штатта бұл мәселе заң арқылы шегеленіп қойылған. АҚШ-тың Ұлттық генетиктер қоғамының мамандары дүниеге келетін өзге балалармен салыстырғанда, туыстар арасындағы балаларда сырқат 2-3 есе көп болатындығын жасырмайды. Одан қала берсе, нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылар да осындай некеден көп тарайды. Осының зардабын тартып жүрген көршілеріміз де бар. Мәселен, Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салатын және жас жұбайларды үйленбей тұрып, медициналық тексеруден өтуге міндеттейтін заңға енгізілген түзетулерді бірауыздан мақұлдағаны белгілі. Ол заң бойынша бөлесімен және жиендерімен некеге тұруға болмайды. Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кемтар балалардың шамамен 30-35 пайызы жақын туыстардың некесінен туғандар. 2019 жылы ақпан айында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі ағайынды адамдардың балаларына үйленуге тыйым салуды ұсынды. Егер бұл ұсыныс қоғам тарапынан қолдау тапса, отбасы кодексінің 16-бабына өзгеріс енеді, яғни қаны бір және немере бауырларға отбасын құруға рұқсат берілмейді. Қазақтың дәстүр ретінде қанына сіңген неке туралы жазылмаған заңдылығы қазір АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің генетик-ғалымдарын таңғалдырып отыр. Арнайы зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Сөйтіп, ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халықтарға да өнеге болып отыр. Ойдан ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан және қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы. Тек пен талант – қанмен келетін қасиет. Ғалымдарымыз осы бағыттағы ізденістерге көңіл аударғаны жөн сияқты...  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 Тараз қаласы

   

Серіктес жаңалықтары