Ұлы  еңбек

Ұлы  еңбек

Ұлы  еңбек
ашық дереккөзі
456
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Үндеуі қоғамды дүр сілкіндірді. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі де осы күндерде Елбасының елі үшін еткен ерлік еңбегіне лайықты бағасын беріп, жүрекжарды лебіздерді жеткізіп жатыр. Солардың бірін – қайраткер қаламгер, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасына 20 наурызда берген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. – Дәл қазіргі сәтте Қазақ елі қобалжулы. Хабарды сіз қалай қабылдадыңыз? – Хабарды демократиялық, құқықтық мемлекетке тән, заңды, қисынды шешім ретінде қабылдадым. Жалпы, Елбасымыздың қандай шешімі де көкейге қонатын, жан-жақты ойластырылған шешім болатындығы анық. – Жалпы, Елбасы аса маңызды мәселе қозғалардың алдында Үндеу жариялайды. Бірақ бұл Үндеудің жөні бөлек, маңызы зор болғаны рас. Осы тұрғыда сіз не дейсіз? – Расында да, біз тарихи сәт деген ұғымды жиі қолданып жіберетініміз бар, кейде ол орынды болады, кейде артықтау болады. Ал осы күндер, осы тәуліктер шын мәнінде Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы аса маңызды тарихи сәт. Өйткені 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттілігін тоқтататынын жария етті. Конституцияға сәйкес Елбасы өкілеттілігін тоқтатуына  байланысты Президент қызметіне кірісетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант қабылдауы да тарихи сәт. Айтулы оқиға. Біз кезінде тарихта есеміз кеткен ел едік. Біз осыдан отыз шақты жыл бұрын республикамызға эксперимент жасала алатын, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк атты бізді басқаруға жібере салатын ел едік. Нұрсұлтан Назарбаев сол елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен атқарылған істерді жөпелдемеде санамалап айтып шығу қиын. Дегенмен Назарбаевтың коммунистік партияның тұсында-ақ ажал аранына өз қолымен құм құйғанын ерекше атауға болады. 1991 жылдың 29 тамызында, Тәуелсіздікке дейін-ақ Семей полигонын жабуы – азаматтық үлкен ерлік. Одан кейінгі аса қиын жағдайда Елбасымыз ерекше маңызды істерді атқарды. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Бізде кезінде соның екеуі де болған жоқ еді. Назарбаевтың басшылығымен біз алдымен үй болдық. Мемлекет құра алдық, ел болып тұра алдық, мығым мемлекет ретінде құралдық. Одан кейін біз би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнықты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы саясаты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елінің басын біріктіретін ұйымға төрағалық еттік. Сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген саммитін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі екі жылдық мерзімі кеше ғана аяқталған тағы бір ірі жеңісіміз – Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіпсіздік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйымының ең беделді құрылымына төрағалық та еттік. Осылардың барлығы қалай болғанда да ерекше жұмыс. Тарихи еңбек. Әр нәрсені өзінің атымен атайтын болсақ, ұлы еңбек. Елдіктің жолындағы ерен ерлік. Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, біздің мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, құрметтейтін елге айналуы ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жерінде, жоспар мен нарықтың түйіскен тұсында, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп тамыршыдай тап басып айтқаны бар. Бұл өте дәл анықтама. Біздің халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, содан кейін жас күнінен көп ұлтты ортада өскен, еңбек жолын металлург болып бастаған, одан кейін өзін өмір бойы шыңдап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен мұндай басшы әлемде бар болса да, өте сирек. Өйткені Назарбаевтың тұсындағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде басшылық қызметте болған жоқ, ешқайсысы да ол көрген катаклизмдерді көрген жоқ, ешқайсысы да мемлекетті өз қолымен құрып, осындай биікке өзі жеткізіп көрген жоқ. Бұл, тағы да айтамын, ұлы еңбек. Сондықтан да біз Президентке разылығымызды айтамыз. Мен ана жылдары Елбасымен бірнеше жыл қатарынан сұхбат жасай жүріп, «Өмір өткелдері» деген кітабын қағазға түсіруге араластым. Сонда Президенттің айтқан мынадай сөзі бар: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті. Олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!». Біз де мың тәубе дейміз, халқымыздың бағына Назарбаевтай ұлдың тарихтың тар кезеңінде тап келгені үшін, халқымыздың асылды айнытпай танығаны үшін. Осы жылдардың ішінде қайта-қайта сенім көрсетіп, ел бастаған ерім деп соңынан ергені үшін, екі тізгін, бір шылбырды бергені үшін, адастырмас азаматым деп сенгені үшін, осы күнге абыроймен келгені үшін халқымызға да рахмет айтамыз, халқымызды бастаған Елбасымызға да рахмет айтамыз. – Бәрекелді. Расында да, елді барша әлемге танытқан Елбасымыз бізді биікке шығарды. Есімі тарихта мәңгі жазылады. Тұңғыш Президенттің салған даңғыл жолы тәуелсіздіктің іргетасын берік бекітіп берді. Елімізге ендігі нені ескеріп, нені қаперден тыс қалдырмау керек? – Ең алдымен бүгінгі басымыздағы бақытты бағалауымыз керек. Мұны қадап көрсеткім келеді. Біз әр нәрсе өзінің жолымен келетінін, эволюциялық жөнімен келетінін білуіміз керек. Бүгінгі биігіміздің қадір-қасиетіне жетуіміз керек. Тәубешіл халық болуымыз керек. Алдағы күндерге ұмтылатын жаңашыл ұлт болуымыз керек. Ең бастысы – осындай тарихи сәттерде біз бірлігімізді бұрынғыдан да берік ете түсуіміз керек. Ұлы істің жолында ұйысуымыз керек. Президент алға қойған міндет – озық отыз елдің қатарына қосылу оңай міндет емес. Бұл жолда үлкен істер күтіп тұр. Әрбір адам өзіне мемлекеттің бір мүшесі ретінде тарихи жауапкершілік жүктелетінін сезінуі керек деп ойлаймын.  

Сұхбаттасқан

Жалын ТІЛЕУБЕРГЕН

Серіктес жаңалықтары