1046
ІНЖУ-МАРЖАН ШАҺАРЫ
ІНЖУ-МАРЖАН ШАҺАРЫ
Жақында халықаралық Журналистер Ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстаннан үш журналист Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы – Дубай қаласына сапарлап қайттық. Інжу-маржан шаһарында өзіміз куә болған жайттарға тоқтала кетсек.
Үлкен ұшақ Алматы әуежайынан өз уақытында көтеріліп, Азияның оңтүстігіндегі Үнді мұхитымен шектесіп жатқан Дубай қаласына бет түзедік. Алты сағат ұшып, Халықаралық Дубай әуежайына қондық.
Біз мінген жайлы автобус қонақүйге бет алысымен, славян нәсілді жол бастаушы келіншек араб әлеміндегі өзіндік тарихи, саяси орны бар алып қаланың тарихын тәптіштеп айта бастады.
– Дубай қаласы – Дубай әмірлігінің әкімшілік орталығы болумен қатар, бүкіл Таяу Шығыс елдерінің іскерлік орталығы. «Қара алтынның» арқасында экономикасы өркендеп, халықтың тұрмысы нағыз жұмаққа айналған бұл өңір Иран, Үндістан, Шығыс Африка, сондай-ақ шеткері Шығыс елдері үшін ену қақпасы болып табылады. Дубай қаланы екі бөлікке бөлетін Хор-Дубай шығанағымен қиылысып жатыр, – дейді өз кәсібіне әбден машықтанып алған гид тақ-тақ етіп.
Біз қазақстандық журналистер, Үнді мұхитының дәл жағалауына орналасқан еңселі әрі сән-салтанаты мол қонақүйіне орналастық. Жергілікті уақыт түнгі 1-ге таяп қалса да, әлі жап-жарық. Айнала жап-жасыл, әсем гүлдердің түр-түрі жайқалып өсіп тұр, өмірімізде көрмеген сәнді ағаштарды осында көрдік. Үлкен хауыздардан су атқылағанда керемет музыка әуені естіледі. Бар әлемнің адамдары осында көшіп келгендей: ақ, қара, сары нәсілді ағайындар қаптап жүр.
Дубайдағы сапар кезінде оншақты журналист бүкіл әлем бойынша ең ірі саналатын Дубай-Мол сауда орталығына бардық. Біріккен Араб Әмірлігінде қоғамдық жерлерде мұсылман әйелдерінің бетіне тік қарауға, сөйлеуге болмайды, бұл ережені бұзсаң, қомақты айыппұл төлейсің. Бұл жөнінде бізге Дубайға келген күні арнайы ескертілген болатын. Бүкіл әлемге белгілі салтанатты сауда орталығының екінші қабатына көтерілгенімізде таң-тамаша болдық. Әдемі, жылтыр, мрамор тасымен жасалған еден айнадай жарқырап жатыр. Әр жерден фонтан атқылап, әсем өсімдіктер мен гүлдер айналасына ерекше бір сұлулық пен көрік береді. Ұзындығы бір шақырымдай болып қалатын үлкен залдың екі шетіне сауда нүктелері орналасқан. Қалтаңда ақшаң болса, мұнда бәрі табылады. Біздер жан-жағымызға қарап таңырқап тұрғанымызда, үлкен залдың ішімен ерекше сән-салтанатпен келе жатқан топқа еріксіз назар аудардық. Ұзын бойлы, ұлттық киімі өзіне жараса кеткен орта жастағы араб ағайынның бай әрі белгілі тұлға екендігін айтпай-ақ, аңғаруға болады. Оның алдында беттеріне перде киген үш қызметші әйел келеді. Сымбатты, тәкаппар арабтың соңынан ілескен үш әйел үстеріне қымбат матадан ұзын көйлек киіп, беттерін тұмшаласа да, қасы-көзі қиылған хас сұлулар екенін көріп тұрмыз. Әдемілігі мен сұлулығы бір-бірінен өткен бұл келіншектердің бай арабтың заңды әйелдері екендігін аңғару қиын емес. Ерлі-зайыптылардың соңынан ерген үш қызметші әйел де өте көрікті, сұлу жандар.
– Мына сұлтанның өзі де мықты, үш әйелі де мықты екен, – деді жанымда тұрған Аркадий сұқ саусағын шошайтып. – Билетер ме еді, шетінен шіркін, аш белдерін бұраң-бұраң еткізіп.
Сол-ақ екен, украиндық досымның жанына екі арабтық полиция жетіп келіп, дедектетіп сүйрей жөнелді...
Аркадий сауда орталығындағы полиция бөлімшесінен көңілсіз шықты.
– Ойбай-ау, сұмдық қой! – дейді украиндық әріптесім. – Мына араб сұлтанының келіншектеріне қарап нем бар еді, бақандай 700 доллар айыппұл төледім, шайтан алғыр. Киевке барғанда Настя мені өлтіретін болды, алтыннан жасалған әшекей ал деген ақшасы еді, құрыдым, достым...
Дубайдың Оңтүстік бөлігіне жататын Бар – Дубайда негізінен әртүрлі компаниялар мен банктер, сондай-ақ көптеген мекемелердің басқару кеңселері орналасқан. Бізді қызықтырғаны: жануарлар саябағы және теңіз жағалауындағы Әл-Джумейра саябағы болды. Адам үшін, адамның тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған әсем саябақта Әли есімді отандасымды кездестіріп қалдым.
– Біріккен Араб Әмірліктерінде 4 миллион халық тұрады. Соның 1 миллионнан сәл астамы ғана арабтар, ал қалғандары дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген мен сияқты адамдар, – дейді Әли әңгімеге тартып. – Араб халқы – иманды халық. Өз ісіңе адал болсаң, мұсылман ағайындар әрқашан да еңбегіңді бағалай біледі, бұл елде кісі ақысын жеу жоқтың-қасы. Халық көп келетін асханада еңбек жолымды қатардағы даяшыдан бастадым, қазір тамақтандыру орнының басшысымын. Түскен пайданы асхананың қожайыны екеуміз тең бөлісіп отырамыз. Жақында өзім жекеменшік мейрамхана ашқалы отырмын.
Әли бізді шайға шақырды. Қазақстанға бармағанына 2 жылдай болып қалыпты. Өзінің балалық, жастық шағы өткен Алматыны қатты сағынғанын айтып, елдің жағдайын сұрап жатты.
Бүгінде бүкіл әлем танып отырған айтулы Араб мемлекетінде қылмыс атаулы жоқ десе де болады. Сыбайлас жемқорлық, бопсалау, пара, алаяқтық, кісі ұрлау, өлтіру сияқты қылмыстарды олар шет елдік газеттерден оқып, теледидардан көреді екен. Сізді танымаса да амандасып, жүзінен мейірімділіктің лебі есіп тұрады.
Асыл тастар мен алтын күмістің түр-түрі көз жауын алатын Алтын базардан шыға берісте машинаның рөлінде отырған орта жастағы араб жол ережесін бұзып, алдында тұрған қымбат «Тойота Ландкрузерді» қағып, бамперін майыстырып жіберді. Жүргізушісі көлігінен түсіп, отандасынан кешірім сұрап жатты. Машинасы кәдімгідей майып болған араб түк болмағандай басын изеп күле сөйлеп, көлігіне отырды.
Жанымдағы азербайжан журналисі араб тілінде еркін сөйлейтін жігіт ағасы.
– Могамед, екі араб бір-біріне не айтып жатыр, аударып берші! – дедім қызығушылық танытып.
– Арабтар қызық халық, – дейді әріптесім таң қалғанын жасырмай – анау қымбат машинаны қағып кеткен жүргізуші «Мырза, ренжи көрмеңіз, менің абайлауым керек еді, кешіре көріңіз! – деді. Ал екінші дубайлық болса, «Ештеңе етпейді, бауырым», машина деген адам емес, темір ғой, өзіміз аман болайық», – деді ештеңе болмағандай.
Менің таң қалмасқа шарам қалмады. Дәл осындай жағдай Алматыда болып жатса, біздің жүргізуші ағайындардың ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып, бір-бірінің жағасынан алып, төбелесіп қалар еді...
Елге қайтар алдында атақты Джумейра мешітіне бардық. Сейіт патшасының сарайын тамашалау өте әсерлі болды. Арабтар «Доу» деп аталатын кемеге отырып, үлкен шаһарды қақ жаратын канал арқылы Үнді мұхитына шығып, серуен құрдық. Сондай-ақ, жергілікті журналистер біздерді Дубайдан 20 шақырымдай қашықтық жердегі құмды сахараға шақырып, жал-жал болып жатқан құмның үстімен машина айдап, небір трюктер жасадық.
«Қалауын тапса, қар жанады» демекші, арабтар туризмді үлкен бизнеске айналдырып, қомақты табыс таба біледі. Түйеге мініп, 50 метрдей жүрсеңіз, 10 доллар төлейсіз. Ал құм-жоталарымен машина арқылы серуендегіңіз келсе, қалтаңызда 15 доллар болуы тиіс. Егер де ашық мейрамханада түйенің етін жеп, музыка тыңдағыңыз келсе, шытырлатып 25 долларды санап бересіз.
Әрине, шетелде қонақ болған жақсы ғой, бірақ өз еліңе, өз жеріңе не жетсін! Ақпан айының соңғы күндері болса да, жаздай жадырап тұрған інжу-маржанды шаһар Дубаймен қоштасып, қары әлі сіресіп жатқан Алматымызға жеткенше асықтық...
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты
Алматы – Дубай – Дубай – Алматы