Азаматтардың мүдделерін қорғау

Азаматтардың мүдделерін қорғау

Азаматтардың мүдделерін қорғау
ашық дереккөзі
236

Биыл күздің басында  Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық Банкі әлеу­меттік маңызы бар екі бағдарламаны қабыл­дады. Бірінші бағдарлама ипотекалық тұрғын үй қарыздарын – ипотекалық қарыздарды қайта қаржы­ландыруға қатысты. Екіншісі, еркін өзгер­мелі айырбастау бағамының режи­міне өтуге байланысты әзір­ленді және жеке тұлғалардың ұлт­тық валютада (теңгеде) ашылған депо­зиттері бойынша өтемақы төлеу тәрті­бін көздейді.

Ипотекалық  қарыз алушылардың түйткілдерін шешу

Қарыздарды қайта қаржыландыру бағ­дар­ламасы ипотекалық қарыз алушылардың түйткілдерін шешу жөніндегі шаралардың бірі болып табылады. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев 2015 жылғы 11 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында тиісті тапсырма берді. Осы мақсатпен  Ұлттық  Банк Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын – ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітіліп, оны іске асыруға 130 млрд. теңге бөлінді.

Бағдарламаның мақсаты қарыз алу­шы­лардың (кепіл берушілердің) кепілге беріл­ген жалғыз тұрғын үйін сақтау, қарызды өтеуде қарыз алушылардың ең көп санына жәрдемдесу және  түйіт­кілді кредиттердің үлесін төмендету болып табылады.

Бағдарлама аясында 2004 – 2009­ жылдар аралығындағы кезеңде беріл­ген, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 36,5 млн. теңгеден аспайтын сомада берешек қалдығы бар ұлттық және шетел валютасындағы ипотекалық тұрғын үй және ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады.

Қарыз алушының борыштық жүк­темесін жеңілдету мақсатында Бағдар­ламада қарыз бойынша сыйақыға, комис­сияларға, тұрақсыздық сома­сы­на қатысты пайда болған бере­шек­ті кешіру (есептен шығару)  көз­деледі. Қайта қаржыландыру күні­не қарыздың негізгі борышы бойынша берешек қалдығы жылдық 3%-дан аспайтын  мөлшерлеме  бойын­ша­ капиталдандырылған сома­лар­ды шегере отырып, қайта  қар­жыландырылуға тиіс. Қарыз алушының қары­зын қайта қаржыландырған кезде банктердің қайта қаржыландырылатын қарыздың жағдайларын жақсартатын талаптарды қосуына жол беріледі.

Бағдарламада банктердің қарыз алу­шының борышын толығымен есеп­тен шығару көзделмейтіндігін атап өткен жөн.

Банктер қарызды қайта қаржы­лан­дырған кезде қарыз алушының бастамасы бойынша кредиттеу талап­тарын өзгертуге және қарыз алушының қайта қаржыландырылған қарыз бойынша міндеттемелерді бұзуына байланысты төлемдерді қоспағанда, комиссиялар мен өзге төлемдерді алмайды.

Бағдарлама шеңберінде заң күшіне енген сот актілері бар қарыздар да қайта қаржыландырылуға тиіс.

ҚР Ұлттық Банкінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арқылы бөлген қаражаты Бағдарламаға қатысушы тоғыз банкте орналастырылған. Олар: «Казкоммерцбанк» АҚ, «Қазақстан Халық  Банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Центр Кредит Банкі» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «КаspiBank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразия банкі» АҚ, «Нұрбанк» АҚ.

Проблемалық қарыз алушыларды барынша қамту, бағдарламаны іске асыру қарқындарын жеделдету мақсатында, сондай-ақ 2015 жылғы 20 тамызда еркін өзгермелі айырбастау бағамының енгізілуіне байланысты, Ұлттық Банк Басқармасының 2015 жылғы 9 қыркүйектегі № 156 қаулысымен Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мәселен, проблемалық валюталық қарыздарды қайта  қаржыландыру кезінде шетел валютасының бағамы (төлем мерзімі 90 күннен астам асқан және берешекті өндіріп алу туралы сот актілері жоқ) 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша белгіленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 20 тамызда еркін өзгермелі айырбастау бағамы режиміне өтуі туралы мәлімдегені белгілі.

Сот актісі бар қарыз бойынша қайта қаржыландырылатын сома Ұлттық Банктің сот актісін шығару күніндегі ресми бағамы бойынша айқындалады.

Ұлттық Банктің бастамасымен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын қарыз алушылар банктердің шағым-талаптарын берген кезде төлеген мемлекеттік баж сомасын төлеу қажеттілігінен босатылады.

Бағдарлама аясында  тараптардың келісуімен баспанасы (жер учаскесі) банктің немесе ипотекалық ұйымның, оның ішінде уәкілетті органның лицензиясын ерікті қайтарған ұйымның балансына қабылданған қарыз алушылардың қарыздарын қайта қаржыландыруға (қаржыландыруға) мүмкіндік болады.

Бағдарламаны іске асыру айқын­ды­лығын қамтамасыз ету мақсатында барлық облыстарда ипотекалық тұрғын үй қарызын/ипотекалық қарызды қайта қаржыландырудан алынған бас тартуға қатысты қарыз алушылардың шағымдарын қарау бойынша комиссиялар құрылды, олардың құрамында Ұлттық Банктің, құқық қорғау органдарының және ипотекалық қарыз алушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.

Жеке тұлғалардың депозиттері бойын­ша өтемақы

Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк 2015 жылғы 9 қыркүйекте Еркін өзгермелі айырбастау бағамы режиміне өтуге байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгеде) ашылған депозиттері бойынша өтемақы төлеу тәртібін бекітті.

Өтемақының бұл тетігінің мақсаты халықтың барынша әлсіз санаты ретінде салымшылардың белгілі бір бөлігін (1 млн. теңгеге дейінгі салымдармен) қорғау және қолдау болып табылады.

Өтемақы салымшыда 2015 жылғы 18 тамыз операциялық күннің соңында екінші деңгейдегі банктерде және /немесе «Қазпочта» АҚ-та теңгемен ашылған депозит болған кезде төленетін болады. Бұл ретте 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша банк шотындағы салым бойынша қалдық 1 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Салымшыларға өтемақы төлеу жеке тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша жүзеге асырылады. Өтемақы алу үшін салымшы депозитті арнайы шотта депозит ресімделген күннен бастап кемінде бір жыл сақтау жөнінде өзіне міндеттеме алады.

Салымшылар 2015 жылғы 1 желтоқсанға дейін банкке депозитті қайта ресімдеу үшін өтініш жасауы қажет.

Өтемақы сомасы 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша және арнайы шоттағы депозит мерзімі аяқталған күнге ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты бағамдары арасындағы айырма ретінде есептеледі, алынған коэффициент салым қалдығына көбейтіледі.

ҚР Ұлттық Банкі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы төлеу бойынша өтініштерді қабылдау мерзімін 1 желтоқсанға дейін ұзартты. Бұл шешім теңгедегі депозитке өтемақы алуға құқығы бар салымшыларды барынша толық қамту мақсатында, сондай-ақ банктердің өтініші бойынша қабылданды. Салымшылар 2015 жылғы 1 желтоқсанға дейін банкке депозитті қайта ресімдеу үшін өтініш жасауы қажет.

Түсініктемелер мен консульта­ция­ларды ҚР Ұлттық Банкінің қоғамдық қабыл­дау бөлмесінде Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67 мекенжайында, ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында, ҚР Ұлттық Банкінің сайтында «Кері байланыс» нысаны арқылы, сондай-ақ +7 (727) 2788 085, 2 788 008 телефондары бойынша алуға болады.

Руслан Достаев

Серіктес жаңалықтары