БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ДАЙЫНДАУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ДАЙЫНДАУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ  МАМАН  ДАЙЫНДАУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
ашық дереккөзі
340
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екендігін қадап айтты. Соған орай Германия, Канада, Австралия және Сингапурмен бірігіп, техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделін құруды ұсынды. Қазіргі уақытта жылына 54 мың шамасында грант бөлінсе, жаңа бастама негізінде тағы 20 мың грант бөлу қарастырылады. Оның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтарға бөлінеді. Бұл бастаманы тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы іске асыруға болады. Осы тұрғыда жастар «Болашақ» бағдарламасы арқылы   экономикасы дамыған өркениетті елдерде білім алып, қаржылай гранттар анрқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарға ден қойып жатқанын айта кеткен жөн. Себебі отандық білім саясатының басты бағыты – өркениетті негіздегі әлем тәжірибесін игеру. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашағымыз білімді жастардың қолында» деуі білім алушылар мен білім берушілерге де қатысты. Ғылыми-техникалық прогресті дамытып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу немесе баламалы энергия көздерін табу арқылы экономиканы көтеруге физика және математика ғылымдарының орны ерекше. Физика тәжірибелерден алынған нәтижелерге және теориялық болжамдар мен анықтамаларға негізделіп, өндіріс орындары мен табиғаттағы құбылыстарды, оны құрайтын материалдардың физикалық, химиялық қасиеттерін, құрылымын, өрістердің әсерлесуін зерттейтін ғылым. Қазіргі кезде физиканың заңдылықтары мен әдістері техникада, ауылшаруашылығында, астрономияда, химияда, геологияда және басқа жаратылыстану ғылымдарында кеңінен қолданылады. Заманауи техника мен ғылымның дамуы физика мен математиканың іргелі заңдылықтарына байланысты. Сондықтан заман талабына сай жаңа технологияларды жасайтын және оны жақсы меңгерген білімді ұрпақты тәрбиелеуде жоғары оқу орындарында оқылатын физика мен математика курстарының атқаратын рөлі өте үлкен. Техникалық және әртүрлі инженерлік мамандықтарда оқитын студенттер табиғатта, өндіріс орындарында өтетін үдерістерге теориялық және практикалық тұрғыдан талдау жасап, олардың аралығындағы қарама-қайшылықтарды айыра білуі үшін математикалық физика әдістерін меңгеруі қажет. Өйткені, олар құбылыстарды математикалық өрнектеу арқылы сипаттап, алынатын нәтижелерге теориялық болжамдар жасай алады. Студенттердің физика және математика курстарынан алған білімі оқу үдерістерінің барлық баспалдақтарында, сонымен қатар курстық, дипломдық, диссертациялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарында тәжірибеде қолданысқа ие болуына баса назар аударған дұрыс. Теориялық тұрғыдан жақсы қаруланған, алған білімін тәжірибе жүзінде қолдана алатын, ғылыми-техникалық жетістіктерді жақсы меңгерген, халықаралық бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында физика, математика және арнайы кафедралар бірігіп жаңа оқу жоспарын, яғни студенттерді оқытудың үздіксіз бағдарламасын жасақтауы маңызды. Экономикасы дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз десек, еліміздегі техникалық және әртүрлі инженер мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында студенттер оқитын арнайы пәндер мен іргелі және қолданбалы пәндердің араларындағы байланысты күшейту қажет. Бұл арқылы физика мен математика оқытушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарынан алынған нәтижені техникаға, өндіріс орындарына енгізсе, ал басқа маман иелері табиғаттағы кездесетін құбылыстарға талдау жасау арқылы ғылыми деңгейін көтереді. Өндіріс орындарының ғылыммен байланысы неге әлсіз? Техника мен ғылым біріккенде ғана бір-бірінің дамуына көмектеседі. Ғылым техниканың дамуына жаңа мүмкіндік туғызып қана қоймай, зерттейтін тақырыбы кеңейеді.

Өмірқұл Парманбеков,

Қазақ мемлекеттік қыздар 

педагогикалық университеті,  физика-математика  факультетінің доценті

Серіктес жаңалықтары