1039
ИННОВАЦИЯ және ҒЫЛЫМ – АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ ТІРЕГІ
ИННОВАЦИЯ және ҒЫЛЫМ – АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ ТІРЕГІ
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында: «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің және моделінің орталық буынына айналдыру», – деп атап өткен болатын.
Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз. Өйткені қазіргі кезде жоғары оқу орындарын бітіргендер арасында білім сапасы төмен мамандар жоқ емес. Қоғамдағы өршіп тұрған жемқорлық, келеңсіз жағдайлар оқыту процесінде инновациялық педагогиканы жүйелі түрде пайдаланудың қажеттілігін көрсетеді.
Білім алушылардың адамзат моралінің негіздері мен этикалық дәстүрлерін, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты бойына сіңіруіне көңіл бөлу өзекті мәселе. Бұл жолда әрбір ұстаз шәкірт жанына үңіліп, өскелең ұрпақты еліміздің тұтқасы болатындай білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына күш салуы тиіс.
«Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасында білім беру жүйесін инновациялық даму жолына түсіру, ақпараттық технологиялар паркін қалыптастыру, басты мақсат жастарға рухани тәлім-тәрбие беру екені анық көрсетілген. Себебі ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатыны заңдылық.
Олай болса, оқыту процесінде жаңашыл әдістермен студент жастардың ақыл-ой еңбегін, саналы іс-әрекетін дамыту, өмір талабына сай ғылыми-тәжірибені ұлттық психология негізінде ұйымдастыру керек. Бұл өз кезегінде оқытушы-ұстазға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен мектеп бітірушілердің мамандық таңдауына әсер ету керек. Қазіргі кезде ЖОО ұстаздары мектеп түлектерімен кездесіп, жан-жақты мәлімет беріп, сол мамандыққа деген нарықтағы сұранысты айна-қатесіз жеткізуі қажет. Жастардың өз бойындағы құлшынысына, қабілетіне сәйкес, мамандықты дұрыс таңдауы кәсіби маман болуының кепілі.
Студенттердің білімін тест арқылы қабылдау тәжірибеде кеңінен қолданылуда. Тест сынағы әдісінің көмегімен студенттің хабарландыру деңгейі мен талқылайтын тақырыпқа қатынасы, сондай-ақ, логикалық ойлау деңгейі анықталады. Оқытушы оқу ақпараттық көзі ғана емес жұмыс барысында ақпарат таратушы ретінде көмекші рөл атқарады. Студент өзін-өзі бағалап немесе өзара бағалатып, әрекеттік барысында бойына білім жинақтайды.
Бір өкініштісі, дәріс барысында аралық бақылау мен емтихандық сынақта кейбір студенттердің тіл байлығының жетіспеушілігі байқалады. Айта кету керек, білім көздері арнайы оқулықтар болып табылады. Өйткені оқу бағдарламасы негізінде дайындалған оқулықтар бірнеше сынақтан өткізіліп барып басылады. Екіншіден, оқулықтар теориялық материалдарды кеңінен келтірілуімен бірге барынша әдеби тілде жазылады.
Білім берудің мақсаты тұлғаның бойындағы қабілеті мен дарынының көзін ашып, олардың дамуын қамтамасыз ету десек, «біліктілік» қандайда бір еңбектің түріне дайындалудың, дайындық дәрежесінің деңгейі. Біліктілікті арттырудың басты бағыты қызметтік міндеттері жаңашыл әдістерді игеру ғылыми – теориялық білімін тәжірибеде мақсатты қолдана білу әр кезеңдегі жағдайды танып білу, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау арқылы нәтижеге қол жеткізу .
Заман талабына сай өскелең ұрпақтың бойына осынау игі міндеттерді сіңіруде ЖОО ұстаздары алдында ерекше талаптар туындайды. Әсерлеп айтсақ, «тәрбиенің желкені, оқу орнының ұйтқысы – ұстаздар». Қазақстанның Білім туралы заңында «білім берудің ізгілікті, дамытушылық сипатын және адамды қалыптастырудағы рөлі және шығармашылық қабілеттерінің дамуы үшін жағдай жасау қажеттігі болып отыр» деп көрсетілгендей, мектептерге ғана емес, жоғары оқу орындары оқытушыларның еңбекақысын көтеру – ең өзекті мәселе.
Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеп, дамудың даңғыл жолына түсуге бағыт алды. Сондықтан өскелең жастарды ұлттық құндылық, мемлекетшілдік қасиеттермен жан-жақты қаруландырып, еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу, сондай-ақ, ғылым мен білімге көлемді қаржы бөліп, оларды тиянақты және нәтижелі іске асыру маңызды.
Нұридін Балқияұлы,
М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар
академиясының профессоры