ӘУЕДЕ – FLYARYSTAN

ӘУЕДЕ – FLYARYSTAN

ӘУЕДЕ – FLYARYSTAN
ашық дереккөзі
305
Кеше FlyArystan әуе компаниясы ең бірінші рейсін орындады. Қазақстандағы алғашқы лоукостер 1 мамырдан бастап қызмет көрсете бастады. Компания өкілдері алғашқы рейстің Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келгенін хабарлаған еді. FlyArystan әуе компаниясы 2022 жылы 4 млн адамға дейін жолаушы тасымалдайды. Бұл туралы аталған әуе компаниясының маркетинг және сату бөлімінің директоры Жанар Жайлауова мәлім етті. «Қазақстан ішінде 6 бағыт бойынша әуе рейстері ұшырыла бастады. Рейстер санын көбейту үшін өңірлердегі әуежайларға хат жолдап жатырмыз. Бізде қазір небәрі 2 ұшақ әуе рейстерін орындап жатыр, қыркүйек айында тағы бір ұшақ қосылады. Сондықтан қай өңірдің әуежайы өтінім береді, сол бағытқа қарай рейс ашылады. Ал жолаушылардың санына келсек, биыл жоспар бойынша FlyArystan әуе компаниясының қызметін қолданушылардың саны 700 мың адам болады деп белгілеп отырмыз. Келесі 2020 жылы 2,5 млн адам, ал 2022 жылы 4 млн адамға жеткіземіз», – деді Ж.Жайлауова. FlyArystan әуе компаниясы өкілінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 45 мыңға жуық билет сатылды және олардың 85 пайызын «багажсыз» тарифтер құрайды. «180 орындық Airbus A320 ұшағымен Алматыдан Нұр-Сұлтан әуежайына алғашқы рейс сәтті орындалды. Ұшақта сапалы қызмет көрсетіледі және билет бағасы да қолжетімді. Сонымен қатар, FlyArystan әуе кемесінің бортында жаңа Recaro 3530 SLIM былғарымен қапталған, 70 см-ден 82 см-ге дейін қозғалатын орындықтар орнатылған. Одан бөлек, 2020-2021 жылдары жақын шет елдерде әуе қатынасын жүзеге асыру жоспарымызда бар. Атап айтқанда, Ресей, Грузия, Өзбекстан және тағы басқа елдер», – дейді бөлім басшысы.

«Түркістан-ақпарат»

Серіктес жаңалықтары