208
Д.НАЗАРБАЕВА: «БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШУ КЕРЕК!»
Д.НАЗАРБАЕВА: «БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШУ КЕРЕК!»
Бұдан бұрын Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған болатын. Аталған заңда көпбалалы отбасылардың және жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін жедел шешу көзделген еді. Міне, осы мәселеге назар аударған ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлуді тездету керектігін айтты.
Назарбаева Парламент Сенатының жалпы отырысында: «Егер де өңірлер бөлінісінде қарайтын болсақ, онда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне деген кезекте ондаған мың адам тұр. Бұл адамдар бюджеттен ақша сұрап тұрған жоқ, олар уәде етілген 10 сотық жерді бөліп беруді сұрап отыр және сол учаскеге өз үйлерін салуға дайын. Әрбір жаңа үй әр өңірдің қосымша мүлігі болып саналады, осы орайда жер телімі салығы, мүлік салығы, коммуналдық төлемдер есептеледі. Бұл өз кезегінде кез келген елді мекеннің бюджеттегі кіріс бөлігін толықтырады», – деп бұл мәселе жөнінде пікірін білдірді.
Сенат спикерінің баспана кезегінде тұрған адамдардың басым бөлігінің мәселесін жеке тұрғын үй құрылысы арқылы шешуге болатынын айта келіп, «Баспана мәселесін түбегейлі шешу керек, себебі бұл проблема жыл сайын жалғасып келеді. Біз барлық сылтауды алдын ала білеміз, яғни «инфрақұрылымдық дамуға қаржы аз бөлінеді», «трансферттен ақша жеткіліксіз бөлінді» деген уәж айтылады. Менің ойымша, бұл жағдайды оңтайлы шешуге болады, осы тұрғыда көптеген қаржылық тетіктерді пысықтау керек», – деп мемлекет заңының орындалуына көңіл аударды.
Бүгінде тұрғын үй салу үшін жер телімдеріне қол жеткізе алмай жүрген еліміздің тұрғындары үшін Сенат спикерінің бұл сөзі көңілге үлкен үміт ұялататын жақсы жаңалық. Себебі жер телімдеріне иелік ете алмай жүрген халықтың қолына жеке учаске тисе, олар үшін тұрғын үй салу аса қиындық тудыра қоймайтыны анық.
«Түркістан-ақпарат»