«Көпбалалы ана» және «көпбалалы отбасы» екеуі бір нәрсе ме?

«Көпбалалы ана» және «көпбалалы отбасы» екеуі бір нәрсе ме?

«Көпбалалы ана» және «көпбалалы отбасы» екеуі бір нәрсе ме?
ашық дереккөзі
1873
Бүгінгі таңда мемлекетімізде «көпбалалы ана» және «көпбалалы отбасы» деген ұғым синоним ретінде жиі қолданылып жүр. Алайда, бұл ұғым заңнамалық құжатта екі түрлі көрсетілген. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымында қабылданған «Балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы туралы» №63 заңында көпбалалы ана статусы жайында айтылған. Заңның 1-бабы 1-тармағында көрсетілгендей, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар көпбалалы ана мәртебесіне ие болады. «Алтын алқамен» жеті және одан да көп баланы өмірге алып келген, оны тәрбиелеп өсiрген аналар марапатталады. Сонымен қатар, осы ананың жетінші баласы бiр жасқа жеткеннен кейін және осы ананың басқа балаларының барлығы өмірде болған жағдайда «Алтын алқа» беріледі. Ал «Күміс алқа» алты бала дүниеге алып келген аналарға тағайындалады. Бұл статус ананың алтыншы баласы бір жасқа толған және барлық балалары өмірде болған жағдайда ғана тағайындалады. Көп балалы ана атағын алу үшін ең кемі «Күміс алқа» иегері болу керек. 2014 жылғы 8 наурызда Елбасы Н. Назарбаев «Көктем шуағы» атты жиында «Қазір көпбалалы аналар саны – жарты миллион, бұл – нағыз ерлік» деген болатын. Ал биылғы 8-наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналған еліміздің басты шарасында, көпбалалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, бұл көмектің көлемі біртіндеп арта беретінін атап өтті. Статистикаға сүйенсек, ең жас көпбалалы аналар Шымкент қаласында тұрады. Ал енді «Көпбалалы отбасы» дегеніміз не?» деген сұраққа жауап берейік. 2011 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Неке туралы (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабы, 17-2 тармақшасына сәйкес, көпбалалы отбасы құрамына кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасы кіреді. Ол балалар 1 жастан – білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін көпбалалы отбасының құрамы болып саналады. Сол себепті екі ұғымды шатастырмаған жөн.

Наргиз Бекен

Серіктес жаңалықтары