309
Қоғамдық көлік 24:00-ге дейін жүреді
Қоғамдық көлік 24:00-ге дейін жүреді
Қасиетті рамазан айының басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Мәжіліске ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкілі Еркінбек қари Керімбекұлы, Орталық мешітінің наиб- имамдары Ерсін Әміре, Ермек Көкірекбаев, мешіт ұстазы Талғат Сапанов, шариғат мәселелері жөніндегі кеңесші Бауыржан Әлиұлы, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек қатысты.
Өкіл имам Еркінбек Керімбекұлы: «Айлардың сұлтаны Рамазан айы – Алланың адамзатқа тарту еткен ең ұлы нығметтерінің бірі.
Бұл айда Хақтың ұлы хабары – Құран түсті. Бұл айда мың айдан да қадірлі – Қадір түні бар. Бұл айда Алланың бес парызының бірі – Оразаны шын ықыласпен Алла ризалығы үшін тұтамыз, ауыз бекітеміз.
Бұл ай – тозақ есіктері жабылып, жәннат есіктері айқара ашық тұратын ай.
Рамазан – сауаптар еселенетін, мұсылманның ең ұлы мүмкіндіктерге қол жеткізетін айы», – деп сөз бастап түсіндірді.
Ғылыми зерттеулер мен шариғи мәтіндерді, отандық астрономиялық көрсеткішті негізге алған ҚМДБ-ы ғұламалар кеңесі былай деп шешкен:
Рамазан айының бірінші күні – 6 мамыр. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – Қадір түні. 5 маусым – Ораза айт. Еліміз бойынша пітір садақа – 300 теңге.
Алматы қаласындағы 8 ауданға қарасты барлық мешіттер ай бойы ауызашар береді.
Орталық мешіт күніне 500 адамға ауызашар беруді ниет етіп отыр.
Алматы Орталық мешітінде күнделікті (дүйсенбі мен сенбі аралығында) асыр мен ақшам намазы арасында діни білім жолындағы жамағатқа арнаған «Раббым, білімімді арттыр!» интеллектуалдық білім сайысы өтеді. Ай соңында жеңімпаз анықталып, бас жүлде – умра қажылығына жолдама алады.
Бостандық ауданы мешіттері «Рамазанда өзіңізге есеп беріп көріңіз» жарысын ұйымдастырмақ.
Алматы қаласындағы 50 мешітте тарауық намазы оқылып, 46 мешіт тарауық намазында Құран Кәрімді толық хатым етпек.
Рамазан – қайырымдылық айы. Жылдағыдай биыл да қала мешіттері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық ақцияларын ұйымдастырып қаржылай және азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз қылмақ.
Қала кептелісі тығыз болатын Жандосов-Шаймерденов, Рысқұлов-Райымбек көшелерінің қиылысындағы кептелісте тұрып қалған автокөліктерге ауызашар пакеттерін таратып, құрма және сумен ауыз аштырады. Тарауық намазының кеш аяқталуына байланысты жамағаттың үйлеріне қайту мәселесі де шешімін тауып, 4 бағытта (Саин көшесі, «Алматы-1» теміржол бекеті, Талғар трассасы және Достық даңғылы бағыттарында) жүретін автобустар кестесі 5 мамыр мен 4 маусым аралығында әр кеште сағат 24:00-ге дейін созылды.
«Сұлтан Қорған» мешітінде тегін такси қызметі жолға қойылмақ.
Алматы қаласы тұрғындарына рамазан кестесі тегін таратылуда.
Өкіл имам Еркінбек қари Керімбекұлы Орталық мешіттің төл жобасы «Қасиетті Құран Кәрімнің артықшылығына қатысты 40 хадис, «Тәлімгер Пайғамбар тағылымы», «Ислам әдебі» кітаптарын, "Республикалық Құран жарысының фото тарихы" альбомын таныстырды. Рамазан айында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен әрбір мешіт пен жамағаттың қауіпсіздігі ІІО қызметкерлерінің бақылауында болады. Мәжілісте мамандар журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Күлпара Жұмағали