1812
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК ЖОЛЫНДА
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК ЖОЛЫНДА
Сонау 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. 27 жылдан астам уақыт ішінде алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елге қосылды. Экономкасының даму бағдарын айқындады, әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы елдерімен тәжірибе алмасып, әлі де болса, саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынасын нығайтып келеді. Нақтылы мақсаттар мен жүйелі жоспар жолында тыңғылықты істер атқарылуда.
Мәселен Қазақстан-2030 бағдарламасы, Стратегия-2050 жобасы мен «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам: барлығы үшін заманауи мемлекет» бағдарламасын орындауда. Сарапшылардың айтуына қарағанда Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы көрсеткіштерінде Қазақстан өз позициясын жоғалтпай келеді. Тұрақтылық бар. Өткен 2018 жылы 59-орынға тұрақтадық.
Әлемнің үздік бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру – Қазақстанның негізгі мақсаты, бағындырмақ жаңа белесі. Мамандар «бұл отыздыққа кіруге Қазақстанның бүкіл мүмкіндігі бар, үлкен аумағы, ресурстарды, инвесторларды тартуға пайдалы қазбалар, минералдық ресурстары, отандық кәсіпорындар мен шетелдік капиталдың мүдделерін құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін заңнама да қарастырылған» дейді. Тағы бір айта кетерлігі, ел тұрғындары үшін кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндіктер қарастырылған. Пайызы төмен кредит беру, заңнамалық қолдау да бар. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге тегін кәсіпкерлік білім беру де жүзеге асырылуда. Және кәсіпкерлік туралы білімді жас ерекшеліктеріне қарамай барлық ерікті ала алады. Бұл шаралар өз кезегінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Көптеген жылдан бері Жаһан елдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалау ісімен Дүниежүзілік экономикалық форумның (WIF / ДЭФ), Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD), Дүниежүзілік банк (World Bank) сияқты ұйымдар айналысып келеді. Әлемдегі елдер бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық жетекші рейтингі Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» (ЖБҚИ / АІЖК) жылдық есебі ретінде белгілі. 40 жылға жуық уақыт бойы Дүниежүзілік экономикалық форум елдердің әр жыл сайынғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингін жариялайды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік Дүниежүзілік экономикалық форумның индексі (ДЭФ ЖБҚИ) ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Ол әлемдегі елдердің экономикалық дамуының тәуелсіз бағалауды жүзеге асырады, сонымен қатар, оған қатысу да өте маңызды. Өйткені жылдан жылға елдердің саны өзгеріп отырады. Сонымен қатар рейтингінде қатысу критерийлері зерттеу деректері нәтижелерінің болуы және олардың ұсынуы да айрықша маңызға ие. Сондай-ақ жеке секторды көрсететін, респонденттердің қатысуы да маңызды фактор.
Қазақстан 2006 жылдан бастап ДЭФ ЖБИ рейтингінде қатысады. Соңғы бес жылда еліміздің ең әлсіз позициясы 2011, 2010 жылдарда байқалды - 72 орын. Одан кейінгі мерзімде Қазақстанның ұстанымы жақсарды және салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның рейтингтік серпіліс жасады және 2014 жылмен салыстырғанда 8 тармаққа оның рейтингін арттыру, жоғары 42 орынды иеленді. Алайда, 2016 жылдың 28 желтоқсанында кезекті жыл сайынғы есеп шықты, 2016-2017 жылдарға Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 11 пунктке төмендеп, 53 орынға табан тіреді. ТМД елдері арасында Әзербайжан (37-орын) мен Ресейді (43-орын) алға жіберіп 3 орынға тұрақтады. Ал өткен жылы 59 орынға жайғасқан Қазақстанды мамандар жақсы көрсеткіш көрсетуде деп санайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің соңғы рейтингісі жаңа формат бойынша есептелді, ол 70 пайыз жаңа индикаторлардан тұрады. Бұл жайында мамандар жан-жақты пікір білдірді. Әдістемесі айтарлықтай өзгерген. Көрсеткіштер төмендеген кездер де бар. Мәселен, Әзірбайжан 33 болған болса, қазір – 69. Сондықтан да бұрынғы әдістемемен тікелей салыстыруға келмейді. Есептер мүлдем басқа базамен жүргізілген. ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің әдістемесі сирек өзгереді. Мәселен алдыңғы әдістеме 14 жыл бойы өзгеріске ұшырамаған.
Швейцария елі соңғы сегіз жыл бойы көш басында келеді. Топ басындағы үштікті Сингапур мен АҚШ түйіндеді. Алдыңғы қатарлы 30 елге қосылу мақсатында Қазақстанда көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Қазақстанда ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік талдау тұтастай алғанда оң нәтиже беруде және жүргізіліп жатқан іс-шаралар Дүниежүзілік экономикалық форуммен жақсы деңгейде бағаланды. 2015 – 2020 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол» және «Ұлт жоспары: бес институционалдық» реформаларды жүзеге асыру жалғасуда. Сонымен қатар, бизнесті дамыту үшін және кәсіпкерлік бастамаларға қолайлы жағдайлар жасауға көңіл бөлінуде. Үкімет қазіргі заманғы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған барлық мүмкін болған шараларды қабылдап, елде сыбайлас жемқорлықты азайту, сот және құқықтық жүйесін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру шараларын барынша қолға алуда. Нәтижесінде Қазақстан инвесторлар мен инвестиция үшін ең қолайлы орта, экономикасы серпінді дамушы ел ретінде әлем нарығына шықпақшы.
ДЭФ жайлы сөз қозғағанда ел ішінде қолдау тапқан біршама стратегиялар туралы да айта кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қиындықтарды болжап қана қоймай, ықтимал өзгерістерден мүмкіндіктерді қарастырды. Мұндай мүмкіндік Елбасының Үшінші жаңғыру жөніндегі міндет аясында көрініс тауып отыр. «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін», – деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткен-ді. Елбасы жолдауында: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» деп нақты бағыт-бағдар көрсеткен. Мұнда экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық қарастырылады. Бірінші басымдық – экономиканы жедел түрде технологиялық жаңғырту. «Бүгінгі жаһандық дамуда бәсекеге қабілеттілік – ең басты қару. Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге басымдықтар берілуде. «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын», – деген Н.Назарбаевтың сөзі жер-жерде іс жүзінде жүзеге асуда. Елбасы Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған. Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін құжаттардың мерзімі мен тізбесі қысқартылып, қайталанатын рәсімдер азайды. Үкіметке жүктелген тапсырмалар қатарында үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу белгіленді. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», – деді Н.Назарбаев. Аталған түйткілдердің түйіні шешілсе жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі жақсарады дейді мамандар.
А. Қалмұханмет