Жаңғыруға жол ашатын жағдай

Жаңғыруға жол ашатын жағдай

Жаңғыруға жол ашатын жағдай
ашық дереккөзі
219

Ақордадағы жиын инвестиция тартуда икемділік танытылуы қажет екендігін нақтылады

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Кезекті отырыста еліміздегі өзекті мәселелер талқыға түсті.

Кеңейтілген отырысты бастаған Қазақстан Президенті биылғы жылдың еліміз үшін оңай болмайтындығын ескертті. Оған қоса, дағдарыс еліміздің экономикасын қайта жаңғыртуға, жаңа деңгейге өтуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көппен көрген ұлы той» деген қазақтың сөзі бар. Дүниежүзіндегі халықтың барлығы лаңкестікті де, экономиканың жағдайын да көріп отыр. Бізде барлығы баяғыдай емес. Бұдан өтеміз. Болып жатқан жағдайды жаңартуға, жаңа эконо­ми­каға, жаңа бастамаларға, жаңа инвес­ти­цияларға жол ашатын жағдай деп санау керек. Оны қалай табу біздің маман­дығымызға, білгірлігімізге байланысты. Осы күні Үкіметтің мүшелерінің барлығы білімді. Тілдерді біледі, оқып келген, дүниенің барлығын көрген. Қағазға қарап, интернетке қарап барлығын түсіне алады, біле алады. Жолды да табу керек. Тауып жатқан елдер де бар. Солардың да жолымен жүруге болады», – деді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өз сөзінде Үкімет мүшелері инвестиция тарту мәселесінде икемділік танытуы тиіс екендігін, инвесторлармен жеке жұмыс істеу қажеттігін баса айтты. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовке:

– ҚХР, Лондон, Парижден бас­тап менің барлық сапарларыма, біз­ге жасалған сапарларға, бизнес-форумдарға, бизнес капитан­да­рымен кездесуге, әлемнің ірі бизнес­мен­дерімен жеке кездесулеріме қатыстың. Олардың барлығы да қызығушылық танытып, жұмыс істейтін нақты нысандарын атады. Бүгінгі шынайы өмірде мұндай мүмкіншілік ешкімде жоқ. Әлемде ақша көп, оларды алу, тарту, қызықтыра білу қажет. Үкіметтің бар шеберлігі, біздің кадрлардың білік­тілігі мен құзыреттілігі дәл осы­мен түйінделуі тиіс, – деді. Елба­сының сөзін мұқият тыңдаған Әсет Исекешов шетелдік инвес­торлар қызығушылық танытатын барлық жобаларға Үкіметтің мониторинг жүргізіп отырғанын еске салды. «Іс жүзінде ай сайын Үкіметте жобаларды қараймыз. Біз келесі жылдан бастап заңға сәйкес инвесторларға барлық құжаттарды бір жерден бермекпіз. Сыртқы істер министрлігімен жұмыстарды үйлестіруді күшейтуге уағдаластық», – деді Инвестициялар және даму министрі.

Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік тауарларының бағасына қа­тысты мониторинг жұмыстарын жан­дандыру туралы тапсырманы жүктеді. «Әлеуметтік маңызы бар көптеген тауар түрлері бойынша бағаның өсуін байқап отырмыз. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдер бірінші қажеттіліктегі тауар­лардың бағалары бойынша мониторинг жұмыстарын жандандыруы керек, әсіресе азық-түлік тауарларына қатысты. Қажет болған жағдайда халық­тың аз қорғалған топтарына атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдауды қамтамасыз ету керек», – деді Президент. Содан кейін Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке: «Қазақстанда өндірілген өнімдерге бағаны көтеруге қандай негіз бар? Бірнеше жылдан бері азық-түліктің импортын қысқарту жайында айтып келеміз. Сен маған «80 пайызға отандық азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз» деп айттың емес пе? Осы 80 пайыз дүкен сөрелерінде болу керек, яғни бағаны өсіруге негіз жоқ», – деді. Сонымен бірге, ауылшаруашылығы саласына қомақты қаржының бөлініп отырғандығын да еске салды.

Бүгінгі күні өзекті болып тұрған зейнет жасын ұзартуға қатысты да өз ойын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, зейнет жасының не себепті ұзартылғанын халыққа дұрыстап түсіндіру керек. «Зейнет жасын көтеру жай әншейін деп ойлайсыздар ма? Қарапайым адам үшін – бұл ауыртпалық. Бізде өмір сүру ұзақтығы көз алдымызда небәрі 10 жылдың ішінде 64-тен 72 жасқа өскенін түсіндіру қажет. Бірде-бір мемлекет дәл осындай уақыт ішінде мұндай өмір ұзақтығына қол жеткізген жоқ», – деді Қазақстан Президенті. Елбасының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта әлемде де, біздің елде де қарттар саны артып отыр. Жұмысшылардың саны, сәйкесінше зейнетақы аударымдарының көлемінің кему сыры сонда. «Егер біз жасты ұлғайтпасақ, онда зейнетақыға да ақша болмайды. Меніңше, бұл барлығына да түсінікті. Яғни, мемлекет адамдардың бүгінгі күні ғана емес, алдағы өмірі де жақсы болуы үшін алдын алу шараларын қабылдауы керек. Бұл ретте азаматтардың барынша зардап шекпеуін назарға алған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі Қазақстандағы жағдайды са­ра­лай келе Елбасы Еліміздің Қаржы министрінің қызметіне көңілі толмай­тын­дығын ашық түрде мәлімдеп, бұл қызметті Қазақстанның даму банкін бас­қарып отырған Болат Жәмішев лайықты ат­қаруы мүмкін екендігін атап өтті. Осыны айта келе ҚР Президенті Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа:

– Егер бізде дұрыс Қаржы министрі, қазынашы болса, онда ол әрбір тиынды қадағалап отырар еді. Ал сен бере бересің. Мемлекет қазынасы саған сеніп тапсырылды. Сен менің қазынаны қадағалайтын жеке өкілімсің, – деді. Содан кейін Қаржы министрі мемлекет қаржысын мұқият қадағалауы қажеттігін ескерте отырып: «Ең дұрысы Жәмішевті қою керек шығар. Ешкіммен сөйлеспейтін болады. Мүмкін біреулерге ұнамайтын шығар, маған да кейде ұнамай қалады. Бірақ, ол жетек сияқты тік, бұл анық. Мемлекеттің мүддесін де қорғайды», – деп ашық айтты.

239cfeb601774a9b8cf24a640e2f09a7

Мемлекет басшысы банкроттық жөнінде дұрыс түсінік қалыптастыру қажеттігін алға тартты. «Банкроттық жайында айтқан кезде барлығы ойбай салып, қорқады. Дүниежүзінде күн сайын миллион компания банкротқа ұшырап, миллион компания қайтадан құрылып жатады. Ешкім оны сезбейді де. Біздегі банкроттық деген мекемені жабу керек, елдің бәрін тарату керек. ешкім де банкроттықты бұлай жасамайды», – дейді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы банкроттық деген кәсіпорынды жауып, адамдарды жұмыссыз қалдыру емес деп түсіндірді. Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіпорын банкротқа ұшырап, әрі қарай аяққа тұра алмаса, онда мемлекет кәсіпорынды өз қамқорлығына алады. Кәсіпорын жұмысын жалғастырып, адамдар жұмыстан босатылмайды. «Басқа менеджер шақырылып, кәсіпорынды басқара бастайды. Міне, осындай заң қазір қабылданды. Осылай жұмыс істеу керек. Яғни, меншік иесін кредитордан қорғайтын механизм бар. Мен аталған заңға қол қойдым. Аталған құжатта төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа жүйесі қарастырылған. Борышкер мен кредитор кәсіпорынды қаржылай сауықтыру мақсатында қарыздарды қайта құрылымдау мәселесін бірлесіп шешеді. Бұл күйреу дегенді білдірмейді», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Отырыста сөз алған Ұлттық банк­тің жаңа басшысы Данияр Ақышев дол­лар­сыздандырудың халық есебінен жүзеге асырылмауы қажеттігін айтты. «Меніңше, біздер Ұлттық банкке сенімді қалпына келтіруден бастауымыз қажет. Бұл бағыттағы ең біріншісі – ақпараттық саясат. Бұл біздің қоғамға ашықтығымыз. Бұл біздің бағамға, инфляцияға ықпал ететін барлық факторларды және біздің іс-қимылымызды түсіндіруге дайындығымыз. Біз жұмысымызды Парламентте, Үкіметте, БАҚ-та барын­ша көрсетуді жоспарлаудамыз. Ал доллар­сыз­­дандыру халық есебінен жүзеге асырылмауы тиіс. Біз халық ақшаларын теңгемен сақтауы үшін ең алдымен дұрыс экономикалық ынталандыру тетіктерін құруымыз қажет», – деді Данияр Ақышев. Ал Мемлекет басшысы Ұлттық банктің халыққа қаржы саласындағы жағдайды түсіндіретін басты орган екенін ескертті. «Соңғы уақытта әлемде орын алып жатқан оқиғалар түсіндірілмеді. Түсінік адамдар үшін өте маңызды. Елдегі барлық істер барысында әлеуметтік міндеттемелерді дер уақытында орындау барынша маңызды. Мен банкке, теңгеге сенімнің қалпына келеріне үміт артамын», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жекешелендіру, заңдастыру мәсе­лелеріне де назар аударып, дәу­лет­ті жандарды ірі нысандарды жекеше­лен­діруге белсене қатысуға шақырды.

– Жекешелендіру, заңдастыру бизнес­мендер мен бай адамдардың жаңа даму жолы. Осыған орай мен журналдарда өздерін бай ретінде көрсетіп жүрген біздің дәулетті адамдарға үндеу арнаймын. Осы жылдар ішінде мемлекет сіздерге осындай дәулетті болуға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен оларды ең біріншіден, заңдастыруға, екіншіден, ірі нысандарды жекешелендіруге қатысуға шақырамын. Біздер үшін жеке­шелендіруге қазақстандық компания­лар­дың қатысуы өте маңызды. Бірінші жекешелендіруде бізде мұндай адамдар болған жоқ. Ақшалылар болмады. Мен ескерткенмін, тағы да бір айтқым келеді: Осы заңдастырудан кейін біз бүкіл әлемнен салықтан жасырылған ақшаны іздеуді бастаймыз. Өздеріңіз де көрген шығарсыздар, Бас прокурор менімен бірге жүріп, АҚШ-тан бастап ең ірі мемлекеттермен құқықтық көмек туралы шарттарға қол қойды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы барлық шоттарды ашатындығын, ешқандай оффшордың болмайтындығын жария етті, – деді.

Сондай-ақ, Үкімет әзірлеген бюд­жет­тің жобасы Парламент қарауына жө­нел­тілген болатын. Өз сөзінде Мемлекет басшысы республикалық бюд­­жет шығыстарының тағы да қыс­қартылуы мүмкін екендігін мәлімдеді. «Біздің халық жақсы уақытта еркін өмір сүріп үйреніп қалды. Үкімет те солай. Қазір мемлекеттік шығыстар 1,5 трлн. теңгеге қысқартылды. Егер қажеттілік туындаса, тағы нені қысқартуға болатынын ойластыру керек», – деді Қазақстан Президенті. Мұндай жағдайға қарамастан, Үкімет халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауы керектігін, ҚР Үкіметі мен әкімдіктер бұрынғыға қарағанда екі есе артық жұмыс істеу қажеттігін тілге тиек етті. «Қазір бұрынғыға қарағанда екі есе артық жұмыс істеу керек. Жыл аяқталуға жақындады. Барлық мәселелерді үнемі назарда ұстап, биылғы жылды дұрыстап аяқтау керек. Әр облыста, ауданда, әрбір министрлікте барлық мәселелерді қарастырыңдар», – деп тапсырма берді.

Ал еліміздің дамуына қатысты келе­сі қадамдар туралы Елбасы өзінің Жолдауында егжей-тегжейлі түсін­ді­ретіндігін, қиын кезеңді еңсерудің нақ­ты қадамдарын жариялайтындығын атап өтті. «Бүгін тек маңызды мәсе­ле­лерге тоқталдым. Бүгінгі отырысқа жинал­ғанымыз дұрыс болды. Атап айт­қанда, осы қиын кезеңде не істейтіндігіміз жайында, түсіндірулер мен нақты қадамдар қамтылған бағытымызды кезекті Жолдауымда жариялайтын боламын. Жолдауды биыл жариялауды ойлап отырмын», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Серіктес жаңалықтары