1425
ЖОЛБАРЫСПЕН ЖЕКПЕ- ЖЕККЕ ТҮСКЕН ҚАЗАҚТАР
ЖОЛБАРЫСПЕН ЖЕКПЕ- ЖЕККЕ ТҮСКЕН ҚАЗАҚТАР
(Бабаларымыздың өткен ғасырдағы өмірінен үзік хикая)
Архивтен осы жолдарда айтылатын деректер кездескенде көз алдыма орыс суретшісі Василий Васильевич Верещагиннің (1842-1904) солдаттардың жолбарысты қоршаған суреті көз алдыма елестей кетті. Екі кісі бойы биік жолбарыс алдыңғы аяқтарын көтеріп, аузын арандай ашып айбат көрсетіп тұр да, төңірегін істікті мылтықпен қаруланған солдаттар жапырлап қоршап алған. Орыстардың тарихи мекені мен жаулап алған басқа да жерлерінде (Уссури тайгасынан басқа аймақтарда) осы бір алапат айбынды жыртқыштың жоғы белгілі. Ресейдің жолбарыстан да жыртқыш көзі І Петр патша қазақ жерін «Орта Азия мен Үндістанға барар жолдағы кілт пен қақпа» дегенінен бері, осы жаққа қарай түсуде. Соны іске асыру сәті ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан Торғай (1845 жылы), Ырғыз (бұл да), Райым (Арал, 1847 жылы) бекіністерін салудан басталды. Сөйтіп Арал теңізінен де аттап өтіп, Сыр бойын иемдене бастаған. Верещагин кенебінде бейнеленген оқиға осы тұсқа келеді. Өйткені ол кезде Арал қамыстарында жолбарыс жойқын жортып жүрген.
Солдаттар ұйымдасқан мол күш – жалғыз-жарымнан кездесетін қамыс жыртқышын қауіпсіз-ақ жойып жібере алады. Ал сол хайуанмен көрші қонған жалғыз үйлі қазақтар қайтпек? Бұл сұрағымызға архивтен ұшыратқан деректерді артық түсінік бермей-ақ (тек «киргиз» деген сөзді Қазақ деп отырып), орысшадан аударып қана ұсынсақ жауап ала алатын сияқтымыз.
Аталмыш уақытта Сырдария өлкесінен Сарай кеңесшісі Осмолов деген кавалер (яғни, тікелей патша атынан), ал Райым, Қазалы (І-форт), Ақмешіттердің (Петровский порты) дүниеге келуіне байланысты Сырдария шебін (мұнда корпус тұрған – Қ.И.) Дебум деген генерал-лейтенант басқарады екен. Осы соңғы 1860 жылы 29 шілдеде Осмоловқа мынадай қатынас жолдайды:
«Сырдария қазақтары арасынан әруақытта да жолбарыс аулап денесінің бір мүшесінен, соған байланысты өмір қам-қарекетін жасап, өзін-өзі асырау қабілетінен айырылғандар кездеседі.Ғаріптерге көмектесу ниетімен сондай адамдардың қашан, қандай жағдайда денесінің қай мүшесінен айырылғаны жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет жинап, тізімін сіздің мәртебеңізге жеткізуді бұйырған екенсіз. Ондай тізім жасалған уақытта қазақтарға ақшалай көмек берілетінін айта жүруімізді де еске салыпсыз.
Осы хатпен бірге сол тізімді жолдап отырмын.
- Төртқараның Сейтқұл руынан
- Шекті руынан Үргенбай Сүгіров (63 жаста).
- Шектінің асан руынан Төрт Қаракөзов (37 жаста).
Қалмұқан Исабай
«Түркістан» №16, 17 көкек 1996 жыл