1295
1944 жылы ана тілін қорғап Венада баяндама жасаған Хәкім Тыныбеков деген кім?
1944 жылы ана тілін қорғап Венада баяндама жасаған Хәкім Тыныбеков деген кім?
Редакциядан: Жержүзі от пен оққа оранып тұрған шақта, жат ел, бөтен жерде жүрсе де қазақ баласы ана тілінің қамын да ұмыт қалдырмапты. Сондай асыл азаматымыздың бірі – Хәкім Тыныбеков туралы деректі де «Түркістан» алғашқылардың бірі болып жариялаған. Дәл бүгінгідей Қырым мәселесі де сонау 1994 жылдарда әлемдік саясаттың күнтәртібінен түспей тұрған еді. Төмендегі мақалалар осы жайларды қаузайды.
***
Біздің алдымызда 1946 жылы 10 желтоқсанда Қазақ ССР-нің Мемлекет қауіпсіздігі министрі генерал-майор Бызов бекіткен айыптау қорытындысы жатыр. Бұл — советке қарсы ұлтшыл ұйымға мүше болды деген Хәкім Тыныбеков және сол сияқты басқа айыпталғандар туралы құжат.
Хәкім Тыныбеков 1914 жылы Ақмола облысының Қорғалжың ауданында туған. Білімі жоғары. Коммунистік партия мүшелігіне кандидат. КСРО ғылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қызметкері болып жүрген жерінен Қызыл армия қатарына алынған. Соғыста болған. 1941 жылы тамыз айында немістерге тұтқынға түскен. Жалпы жазу-сызуға икемі болған болуы керек, Хәкім негізінен газет-журнал аппаратында қызмет атқарған.
«Түркістан Ұлттық Комитеті» (ТҰК) 1941 жылдың аяғында немесе 1942 жылдың басында құрылған болса керек. Оның мақсат-мүддесі жайында айыптау қорытындысында былай делінген: «ТНК» (яғни "ТҰК») возглавил всю антисоветскую деятельность среднеазиатских и казахских националистов и афишировался фашистскими главарями как «правительство» будущего «Большого Туркестана». который, по замыслам немцев, должен был стать германской колонией».
«ТҰК»-нің құрамында әскер, насихат, ғылым, әскери тұтқындар, радиохабар, шығыс жұмысшылары, денсаулық сақтау бөлімдері болған. Ал Комитет басшылығы мынандай құрамда екен: Вали Каюмхан (өзбек) — Президент, Баймырза һайт (өзбек) — Президенттің орынбасары — әскер бөлімінің бастығы, Саттар Алманбетов (қырғыз) — Президенттің орынбасары — насихат бөлімінің бастығы, Кәріми (өзбек) — Бас хатшы, кейін — Қарыс Қанатбаев (қазақ).
Ал Хәкім Тыныбековтің қызметі тікелей насихат бөліміне катысты болғандықтан осы құрылым туралы қысқаша айта кеткен жөн. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты — «легионерлерге» идеологиялық тәрбие көрсету. Түркістан легионы» құрылымындағы барлау мектептеріндегі, тұтқын лагерьлеріндегі тұрақты үгітшілер мен молдалардан басқа бөлімде арнаулы тапсырмамен жүріп-тұратын насихатшылар да болған. Насихат «Түркістан легионы» құрылымдарын, барлау мектептерін, әскери тұтқындар лагерьлерін және Орта Азия мен Қазақстанға жіберілетін агенттерді баяндама, конспектілермен, рефераттармен, газет-журналдармен және діни әдебиеттермен қамтамасыз етіп отырған.
Бөлімнің өз басылымдары, «ТҰК» құрған «Түркістан ансамблі» болған, ол «Түркістан легионы» құрылымдарына және тұтқындардың лагеріне тұрақты түрде барып, пьесалар мен концерт қойып отырады екен. «Милли Түркістан» (Ұлттық Түркістан») саяси журналы 1942 жылдың маусымынан ай сайын, ал сол жылдың аяғынан бастап айына екі рет шығып тұрған. Айыптау қорытындысында Хәкім Тыныбековтің осы басылымға қаншалықты қатысты болғандығы жөнінде нақтылы пікір бар. Соны аудармай-ақ қаз-қалпында келтірейік: «Будучи редактором антисоветского журнала «Милли Туркестан», пропагандировал в нем идеи создания буржуазного государства на территории Казахстана и среднеазиатских советских республик, воспитывал личный состав воинских частей «ТНК» в духе ненависти к Советской власти и призывал их на борьбу против Советского Союза. В своих статьях, печатаемых в указанном журнале, возводил клевету на Советскую власть и большевистскую партию».
Егемен ел болып, жеке мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп отырған қазіргі шақта Хәкім атына айтылған осы «кінәні» қалай бағалауға болар еді? Қалай дегенмен де бұл тұжырым оны ату жазасына кесу үшін бірден-бір себеп болғаны рас.
«Милли әдебиет» («Ұлттық әдебиет») атты әдеби-көркем журналы 1943 жылдан айына бір рет шықса, 1942 жылдан шыға бастаған «Яны Түркістан» («Жаңа Түркістан») газеті апталық басылым болған. Айыптау қорытындысында: «ТҰК» шығарған осы басылымдар мазмұны жағынан советтік өмірге жала жабу, большевизмге қарсы қарулы көтеріліске шақыру және герман фашизмін мадақтап, оларды большевиктер езгісіндегі Орта Азия мен Қазақстан халықтарының бостандығы үшін күрескер ретінде көрсету болды», — деп айтылған.
Вали Каюм-хан мен Хәкім Тыныбеков редактор болған «Милли Түркістан» журналы өздерінің мақсат-мүдделерін жасырмайды, бүркемелемейді; «... Түркістанды азат ету идеясын насихаттаушы... біздің Ұлттық Комитеттің ресми органы — «Милли Түркістан» журналының шыға бастағанына 15 маусымда бір жыл толды.
...Біздің «Милли Түркістан» журналының Түркістан халықтарын азаттыққа бастап келе жатқан қазіргі бағыты дұрыс жол болып табылады...
Біздің жетекшіміз Вали Каюм-хан тереңнен ойлап, ұсынған және жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағыт туралы өткен жылы алғаш рет журналдың бірінші нөмірінде жазылған еді. Бұл саяси жолдың қысқаша және негізгі бағыттары мынандай: 1) Көптеген жылдар орыс большевик империалистерінің езгісінде болған Түркістан халықтарына бостандық әперу. 2) Болып отырған қолайлы жағдайды пайдаланып, барлық күштерді орыс большевиктеріне қарсы күреске жүмылдыру. Сонымен бірге неміс достардың көмегімен біздін Отанымыз — Түркістанды аза ету. 3) Бөлшектенбейтін, бөлінбейтін біртұтас ұлы Түркістанды, яғни қазіргі заманғы жаңа мәдени талаптарға сай келетін ұлттық мемлекет қүру. 4) Міне, осы мақсаттар негізінде қазірден бастап барлық дайындық жұмыстарына кірісу («Милли Түркістан», 25/26, 1943 жылдыц 1 тамызы, Берлин).
1942 жылдың бірінші жарты-жылдығында «Түркістан легионы» құрылды. «Арбайтс гемаиншафт Туркестан» (АТ) барлау институтының іс басқарушысы Шломстың айтуынша, бұл құрылымды генерал Хайгендорф басқарған, ол генерал Кестринг әскерінің құрамында болған. Немістердің бұдан басқа Люкенвальд (Германия), Воломино (Польша), Освитц (Германия), Легиново (Польша), Теппель (Чехословакия), Тавель (Қырым) аймақтарында да барлау мектептері болған. Әрине, қайткен күнде де жеңіске жету мақсатымен жүргізілген істер көп және сан алуан еді. Ал тұтқында жүрген түркістандықтар болса олар да бұдан шет қалмағаны белгілі.
Неміс әскерлерінің Москва, Сталинград, Курск түбінде және басқа аймақтарда жеңіліске ұшырауы және 1944 жылдың басында Қызыл Армияның шабуыл операциялары Германия басшыларын мүмкіндігінше біржола жеңілудің алдын алып, тым құрғанда Германияның өз жерін сақтап қалуға барлық күшті жаппай жұмылдыруға мәжбүр еткендігі сөзсіз. Осы мақсатта немістер өздерінің адам ресурстарымен қатар әскери тұтқындарды, олардан жауынгерлік топтар құруға да әрекет жасағандығы түсінікті. Алайда, легионерлердің бір-бірлеп немесе топ-тобымен Қызыл Армия және совет партизандары қатарына өтіп кетуі жағдайында немістердің басқа да ұйымдастыру істерін жүзеге асыруға тура келді. Осыған орай немістер әр жерде ұлттық комитеттердің бас қосқан жиындарын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын күшейте түсті. 1944 жылдың маусым айында Вена қаласында болған «Түркістан конгресі» де сондай шаралардың бірі болатын. Мұндағы мақсат — легионерлердің жауынгерлік рухын көтеру, тәуелсіз Түркістан мемлекетінің болашақ үкіметінің негізі болып есептелетін «ТҰК»-нің беделін арттыра түсу. Конгреске «ТҰК»-нің құрамынан басқа «Түркістан легионының» құрылымдарынан, ұлттық әскери бөлімдерден, барлау мектептерінен, әртүрлі курстардан, герман үкіметі мен барлау органдарынан, басқа да ұлттық комитеттерден көптеген өкілдер, барлығы 400-ге жуық адам қатысты.
Конгресстің күн тәртібіне сай бірінші болып «ТҰК»-нің жұмысы туралы Вали Каюм-ханның есебі, совет өкіметімен күрес және тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру жолындағы міндеттер туралы мәселе қаралып, талқыланды. Бұдан соң «ТҰК»-нің басшы қызметкерлерінің қосымша баяндамалары тыңдалды (X. Тыныбековтің 1946 жылдың 5 қазандағы жауабынан).
Соңғы кезде ана тіліміздің мүшкіл халы туралы орынды сөз болып жүр. Шынында да өркениетті елдердің қайсысы болсын өз тілін сақтап қана коймай, оны дамыта беруге, көркейте түсуге әрдайым ынта-ықылас көрсететіндігі белгілі. Ал қиын-кыстау жағдайда, шетелде, тұтқында жүріп ана тілінің тағдыры туралы дүйім жүрттың алдында өз ойын, тұңғиық терең пікірін ашық айтса оған, сөз жоқ, кім де болса, сүйсінер еді, оның нағыз ұлтжандылығын мақтан тұтар еді. Хәкім Тыныбеков сондай жан, ол түркістандықтардың 1944 жылғы Венадағы аталмыш бас қосуында «Тіл бірлігі — ұлт бірлігі» деген тақырыпта қосымша баяндама жасапты. Үлкен «қылмысының» бірі де осы болса керек. Өйткені сөз болып отырған құжатта Хәкім Тыныбековтің тіл туралы баяндама жасағандығы атап өтіліп, одан әрі «возводил клевету на Советскую власть, национальную политику Советского правительства и партии большевиков, дискредитировал Сталинскую Конституцию. Кроме того, в своем докладе на конгрессе призывал тюркское население к активной борьбе против СССР», — делінген, Хәкім Тыныбековтің сөзіне тергеу органдары осылай саяси баға берген. Ал мұны қылмысты жазаға айналдыру, сотқа қажетті статьяға сәйкестендіру аса қиынға түспейтіндігі белгілі. Өйткені дүниенің бәріне саяси астар беріліп жатқан сол заманда, сол сталиндік басқару жүйесінің шарықтау шегіне жетіп тұрған кезінде оған көп білімнің, үлкен сауаттылықтың, керемет тәжірибенің кажеті шамалы болатын. Сондықтан да айтылған тұжырымның дәлелді болуы үшін «Милли Түркістан» журналында жарияланған сол баяндамадан үзінді келтіріліпті: «...Совет дәуірінде ұлттық интеллигенция өздерінің жауларына қарсы үнемі күрес жүргізіп келді, қал-қадірінше Түркістан халықтарын біріктіруге, оның біртұтас болуына тырысып бақты. Бұл істе керемет белсенділік көрсеткендердің ішінде біздің интеллигенттер де аз емес еді. Мысалы, совет өкіметі жылдарында бұған мұндай пікірді бірінші айтқан профессор Фират, профессор Ахмет Байтұрсынов, Елбек, Жұбанов және басқа көптеген тарихшылар мен тіл мамандарын жатқызуға болады. Патша үкіметі мен совет өкіметінің қайсысы болса да біздің халық үшін жау екендігін тарих пәнінің оқулықтары мен кітаптарында ашық жазды. ... Совет өкіметі билік құрған алғашқы жылдары бұл адамдарды және басқа ұлтшылдарды түгел құртып жібере алмады өйткені олар артына өздері тәрбиелеп-өсірген жүздеген, мыңдаған ізбасарларын қалдырған еді... Біз де сондай Түркістан ұлдарының бір тобымыз. Отанымыз үшін, халқымыздың азат болуы үшін біз де жаулармен күресеміз».
Советтермен соғыста немістер өздерінің жеңіске жететіндігіне кәміл сенген болу керек. Өйткені неміс басшылары Орта Азия, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, тіпті сонау Синь-цзян өлкесін, Ауғанстанның солтүстігі мен Иран елін де өз ықпалында ұстағысы келгендігі белгілі. Бұл жоспар жүзінде ғана болған жоқ, оны жүзеге асыру бағытында нақты қадамдар да жасалды. Солардың бірі — «ТҰК». «Еділ-Орал», «Қырым татарлары» ұйымдары өкілдерінің бастарын біріктіріп, бір орталықтан басқаратын «Мұсылман комитетін» құру еді. Алайда, бұл инициатива көптеген ұлттық ұйымдар тарапынан қолдау таба қоймады. Бірақ оның есесіне 1944 жылдың қараша айынан бастап «Түрік бірлігі» газеті шығарылатын болды. Шу дегенде бұл жалпы-түріктік басылымның редакторы Ахмет Омарханов болды да, кейін редакторлыққа Хәкім Тыныбеков бекітілді. Ал редактордың орынбасарлығына «Еділ-Орал», «Қырым татарлары» т. б. ұлттық комитеттердің өкілдері тағайындалды. Газет барлық ұлттық комитеттердің жұмыстарын үйлестіріп отырды, күллі түркі тектес халықтардың ортақ мүддесін бірегей «Үлкен Түркістан» мемлекетін құру жөніндегі ұран төңірегіне топтастырды.
Кейін, 1945 жылдың ақпан-наурыз айында «ТҰК»-нен «Түркістан Ұлттық Кеңесі» бөлініп шықты. Сөйтіп, енді Түркістандық екі ұйым — өзбек Вали Каюм-хан басқарған «Түркістан Ұлттық Комитеті» және жаңадан ұйымдастырылған «Түркістан Ұлттық Кеңесі» болды. Соңғысының Президенті қазақ Қарыс Қанатбаев болды да, басқа басшы қызметтерге Омарханов (Президенттің орынбасары), Тоқназаров (Кеңес мүшесі), Әбішев (Бас хатшы) болып бекітілді. Ал Тыныбеков, Қошалақов, Бұрқанов болса тиісінше Кеңестің баспасөз, насихат, әскер бөлімдерін басқарды.
Қорғалжың өңірінде туып-өскен, елін, жерін қорғаймын деп соғысқа аттанып, тұтқынға түскен, еліне келгенде «халық жауы» атағына ие болып, әуелі ату жазасына, сосын 25 жылға сотталған Хәкім Тыныбеков те сондай жан. Кезінде «Мұстафа Шоқайдың құйыршығы», оның нағыз ізбасары болған деп айыпталып, сотталды. Сөйткен Хәкім шет жерде, жат жұртта жүріп, «Милли Түркістан» журналының, «Түрік бірлігі» газетінің редакторы болды, Венада өзінің ана тілін қорғап, баяндама жасаған, қазақ елінің, жалпы түрік жұртының жарқын болашағын аңсаған. Сол Хәкімге өз елінде сенімсіздік көрсетілді, айдауға жіберілді, сонда жүріп дүниеден өтті. Сондықтан Хәкім Тыныбеков туралы шындықты туған елі, өскен жұрты білуі тиіс.
Амантай Кәкен
«Түркістан» №10, 5-10 наурыз
1997 жыл