550
Ботай мәдениетінен келе жатқан дәстүр
Ботай мәдениетінен келе жатқан дәстүр
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мәдени-рухани салаға тың серпіліс әкелді. Бұл – тарих ғылымын жүйелі түрде, жаңаша көзқараспен жазуға үлкен мүмкіндік. Қазақ даласы – тұнып тұрған тарих. Әр заманнан сыр шертетін өркениеттердің ел мәдениетінің даму үдерісіне қосқан үлесін бағамдау бүгіннің еншісінде.
Н.Назарбаев мақаласында жеке-жеке тоқталған құндылықтар мен жәдігерлер өз кезінде міндетін адал атқарды да. «Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ...» деген болатын. Бізді былайғы жұрт көшіп-қонып, білім мен мәдениеттен ада халық деп түсінді. Шын мәнінде, қазақ ұлтынан қаншама білімді, зиялы өкілдер шықты. Олар сайын даладағы жұрттың білімге қызығушылығын оятуға атсалысты. Сол үшін күресті. Ал малдың соңында жүрген халықтың өзі дала мәдениетін қалыптастырды. Соның бірі атқа міну мәдениеті. Бұл туралы Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деген еді.
Жылқы тақырыбына қатысты дүниелерді 30 жыл зерттеп жүрген белгілі тарихшы-этнограф Ахмет Тоқтабай жылқыға қатысты 2 мыңдай термин жинапты. Оның ішінде жылқының түсіне қатысты 400 атау бар. Оның пікірінше, бұл үлкен байлық. «Меніңше, мектепте арнайы оқытылуы керек. Бұл әлемдік өркениетке қосылған үлес емес пе?! ХІХ ғасырда испан және француз жазушысы роман-герман тілдеріндегі жылқыға қатысты сөздерді жинапты. Сөйтсе, роман-герман тілінде 60 сөз бар екен. Ал бізде жылқының түсіне байланысты 400 сөз, сынына қатысты 200 сөз, ер-тұрманға арналған 100 сөз, бір қазының өзіне 40 сөз бар. Демек, жылқы мәдениетін келешекте балабақшадан, мектептен бастап оқыту керек», – дейді ғалым.
Біздің атқа мінгенімізге 7 мың жыл болыпты. Сондықтан да атқа мінген соң, жермен аттың төрт тұяғы арқылы байланыстық. Аттың үстіне шыққаннан кейін көкжиегіміз кеңейді. Басқа халықтар сияқты неден қорықсақ, содан құдай жасаған жоқпыз. Біз аспанға, жұлдызға қарап ой-өрісімізді дамыттық. Тәңірге, Аллаға табынатынымыз содан. Бұл тұрғыда тарихшы-этнограф Ахмет Тоқтабай: «Неге десеңіз, біз атқа б.д.б 6 мыңыншы жылы отырып, 1929 жылы түстік. Одан кейін қазақтың рухы өшті. Ал 1958 жылы Қытай қазақтары аттан түсті. Енді біздің мақсатымыз – күллі қазақты атқа отырғызу емес, жылқы тарихын, мәдениетін әлемге көрсеткен халық ретінде оны жастарға үйретуге тиіспіз. Және жылқының санын өсірмей, халқымыздың рухы көтерілмейді. Неге десеңіз, 1928 жылға дейін 4,5 млн жылқы болса, 1897 жылы 6 млн жылқы болды. Қазір небәрі 1,5 млн ғана» деді.
Қазақ жылқыға қатысты дүниеге келгенде делебесі қозып кетеді. Себебі қазақ пен жылқы егіз ұғым. Сондықтан да атқа міну мәдениетінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы заңдылық.
Салтанат Шырынхан