Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ: ТЕРМИН МӘСЕЛЕСІНЕ АСЫҒЫСТЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ: ТЕРМИН МӘСЕЛЕСІНЕ АСЫҒЫСТЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ: ТЕРМИН МӘСЕЛЕСІНЕ АСЫҒЫСТЫҚ  ЖАРАСПАЙДЫ
ашық дереккөзі
577
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті: – Жалпы терминология кім көрінген араласа беретін нәрсе емес. Оған абайлап бару керек. Әркім өз саласын біліп, өз шаруасымен айналысқаны дұрыс қой. Термин мәселесі қызықтыра ма, мамандардан сұрасын. Оған бүкіл өмірін арнаған адамдар бар, сондықтан солардың пікіріне жүгініп, ойласқан артық емес. Терминдердің сәтті жасалғандарына тиіспеу керек. Мәселен «сынып» сөзін баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған. Кеңестік кезеңде Ахаңның жасаған терминдерінің біразын саясат үшін қолданыстан алып тастағанымен, қайтадан орнын тауып жатыр. Термин мәселесіне асығыстық жараспайды, бәрі бірден қалыптасып, дамып кетпейді. Халықаралық терминдерді аудару, оның тәжірибеде қолданылуы жайында білгісі келген кісі болса, ғалымдарымыздың еңбектеріне көз жүгіртсін. Керек нәрсесінің бәрін табады. Халықаралық терминдерді өзгертпей қабылдау керек, еліміздегі үш тілде білім беру бағытына сәйкес ағылшын тілін үйренгенде халықаралық терминдердің пайдасы зор дейтіндер, алдымен, қазақ тілін дамытуды ойласын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен қазақ тілін дамыту керек» деді емес пе, еліміздің тіл саясаты үшін дұрыс сөз ол. Жаратылыстану ғылымдарының бәрін ағылшынша оқытамыз деген сөз – абсурд. Математика, физика, химия пәндерін мектепте қазақша оқып өстік қой, олардың бәрінде қазақша қалыптасқан терминдер бар. Академик Қаныш Сәтбаевтан бастап, небір мықты ғалымдардың бәрі жаратылыстану пәндерін қазақша оқыған. Солар кімнен кем? Қазақ мектебінде балаға көптеген пәндерді ағылшынша оқыту – қазақ тілін құртумен бірдей. Егер балаға қазақ тілінде білім берілмесе, оның кімге қажеті бар? Ал білім береміз бе, терминдердің қазақшалануының маңызын білу керек.

Серіктес жаңалықтары