472
Біліктілікті жетілдіруге ерекше мән береміз
Біліктілікті жетілдіруге ерекше мән береміз
Биыл құрылғанына бір жыл толып отырған Түркістан облысына барған бір іссапар кезінде Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Мирзалиевпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Тәжірибелі де білікті басшының айтары мол екен.
– Бақыт Иябайұлы, әңгімемізді өзіңіздің өсіп-өнген ортаңыздан бастасақ деймін. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тамаша тәмсіл бар емес пе. Кез келген баланың болашағы ұшқан ұясында алған тәлім-тәрбиесіне, есейе бастағанда ата-анасының үлкен өмір жолындағы алғашқы қадамы сәтті болуы үшін дұрыс бағыт-бағдар бере білуіне байланысты ғой.
Бақыт МИРЗАЛИЕВ, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
– Сөзіңіздің жаны бар. Дәрігер дегеннің кім екенін бала күнімнен біліп өстім. Бұл денсаулығымда кінәрат болып, дәрігердің алдынан шықпадым деген сөз емес. Әкем айналасына белгілі ақ халатты абзал жандардың бірі болған еді. Асықата кентіндегі ауруханада көп жыл терапия бөлімінің меңгерушісі болып істеді, кейінде жедел жәрдем ауруханасын басқарды. Өкінішке қарай, 56 жасында қайтыс болып кетті. Отбасындағы үш баланың үлкені болғандықтан шығар деймін, әкемнің қасынан қалмайтынмын, тіпті, ауруханаға да жиі еріп баратынмын. Ол көпшілік алдында: «Менің Бақытым өзім сияқты дәрігер болады» деген сөзді жиі айтатын. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз тегін айтылмаса керек. Дәрігер болуды оң-солымды таный бастағаннан армандадым. Орта мектепті тәмамдасымен еш ойланбастан Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына тартып кеттім, жолым болды. Студент атандым. «Емдеу ісі» бойынша мамандық алып шықтым. Айта кетейін, қарындасым Жанар да, жарым Фарида да дәрігер болып істейді. Осылайша 20 жылдан бері әке аманатын арқалап, дәрігер-терапевт ретінде аудан халқына қызмет көрсетіп келемін. Марқұм әкемнің сенімін ақтадым деп ойлаймын. Медицина саласына бергенімнен әлі берерім көп.
– Сіз орталықтандырылған үлкен бір аурухананың білдей бас дәрігері емессіз бе?
– Оқуды жаңа бітірген жас маман бірден басшылық қызметке келмейді ғой. Бұған дейін дәрігерлік қызметтің талай баспалдағынан өттім. Еңбек жолымды Қордай ауданындағы әскери бөлімдердің біріндегі медициналық пункттен бастағанмын. Жеті жылдай әскери дәрігер болып қызмет еттім. Одан кейін алты-жеті жылдай Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып істедім. Ал 2016 жылдан бері Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері лауазымын атқарып келемін.
Өзімді-өзім мақтағаным емес, тәжірибе жинақтау жағынан кенде емеспін. Әр жылдарда Мәскеу мен Санкт-Петербургте, Читада, өзіміздің Алматыда білімімді жетілдірумен болдым. Ресей қалаларында білім жетілдіруде болғанымызда Қазақстаннан барған біздерге осы елде қалып, қызмет істеуге ұсыныстар жасалды. Арамызда бірлі-екілі азаматтар сол жақта қызмет етуге ықыласты болды. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді әкем марқұм жиі айтушы еді. Мен осы қағидатты ұстандым. Тіпті, Астанаға да жалақысы жоғары қызметке шақырғанда бармадым. Шетелге ұсыныстар болғанда да туып-өскен өлкемді қиып кете алмадым. Құдайға шүкір, абыройсыз емеспін, екі мыңнан асып жығылатын өз ұжымымда да, ел ішінде де сыйлы азаматпын. Кәсіби мамандығым жайында айтар болсам, «Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша (әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру) жоғары санатты» дәрігер сертификатына иемін. Еңбегім тиісті атқарушы органдар тарапынан бағаланып жатыр, түрлі марапаттардан кенде емеспін.
– Орталық аурухананың материалдық-техникалық жағдайы туралы не айтар едіңіз?
– Әрине, бүгінгі күннің талабына орай медициналық құрал-жабдықтармен, түрлі аппаратуралармен қамтамасыз етіліп келеміз. Өткен жылдың өзінде компьютерлік томография, радиографикалық рентгендік жүйе, ультрадыбыстық диагностикалық жүйе, өкпені жасанды желдеттіретін аппарат және басқа да күрделі жабдықтар сатып алынды. Бұлардың бәрі өте қымбат шетелдік дүниелер. Биылғы жылы да біраз медициналық техника сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Өзіме дейінгі басшылықты жамандағаным емес, мен бас дәрігер болып келгенімде аурухананың айналасы топыраққа көміліп, төңіректі шаң басып жататын. Келген бойда тазалықты, көгалдандыру-көріктендіру жұмыстарын қолға алдым. Гүлзарлар жасатып, тал ектік, ғимараттарға жөндеу жүргіздік.
Ауданда арбаға таңылған мүгедектер көп. Олардың ауруханаға кіріп, шығулары мұң. Соларға жеңіл болуы үшін арнайы жол жасадық. Бүгінде дәрігерге қаралатын жандардың көбісі машинамен келеді. Бұрындары көліктерін қай жерге қоярларын білмей қиналатын. Қақпасы пультпен ашылып, жабылатын автотұрақ аштық. Неврология бөлімінде жататындар үшін шағын спорт алаңын салдық. Мұның бәрі былайғы жұртқа ұсақ-түйек болып көрінгенімен, дәрігерлік көмекке зәру болып келгендер үшін үлкен қамқорлық деп білемін.
Біздің бір жетістігіміз инсульт орталығының ашылуы болып отыр. Сырқаттың осы түріне шалдыққандарға отаны өзіміз жасаймыз, білікті нейрохирург маманымыз бар. Біздің инсульт орталығына өзге өңірлерден келетін сырқаттар да баршылық. Мұны біз дәрігерлік қызметіміздегі зор жетістік деп білеміз. Мамандарымыздың кәсіптік біліктілігін шыңдауға үлкен мән береміз. Іргедегі Ресейді былай қойып, сонау Кореяға барып, білімдерін шыңдап келген мамандарымыз бар. Мамандықты жетілдіруге үнемі көңіл бөліп отырамын.
Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесі бірінші кезекте тұрады. Біздің перзентханаға көршілес Шардара мен Келес аудандарынан ауыр халдегі жүкті әйелдер жиі жеткізіліп тұрады. Бұдан перзентханамыздың статусы жоғары, мамандарымыздың өте білікті екенін аңғаруға болады.
Емхананың бізде бәрі жақсы, ешқандай проблема жоқ деуден аулақпын, тар болуы көп қиышылықтарды туындатуда, заман талабына сай келетін жаңа емхана, перинаталдық орталық өте қажет. Осы мәселелерді шешуге байланысты жаңа жобалар жасалуда. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыстар.
Мира Берікболова,
Түркістан облысы.