Айбынды ұлы алаштың

Айбынды ұлы алаштың

Айбынды ұлы алаштың
ашық дереккөзі
309
Тегі қазақ болғанымен, түгел түркінің қамын жеп, тұтас түркі дүниесіне ортақ тұлғаға айналған азаматтар аз емес. Солардың қатарына Хорезм Республикасын басқарған, қарақалпақ мемлекеттігін қалпына келтіруге, Қазақстан шаруашылығын дамытуға қомақты үлес қосқан, 41 жасында ұлт қайраткерлерін қынадай қырған қызыл террордың құрбаны болған, мемлекет және қоғам қайраткері Календер Адинаевты жатқызуға болады. Ол Кеңес өкіметін құрған В.И. Ленин қайтыс болғанда, 1924 жылғы 21 қаңтарда РК(б)П XIII конференциясының делегаты, қазақ перзенті Календер Адинаев Күн көсемнің Құрметті қарауылында тұрғандардың бірі болған екен. Сол жолы Республикалық революциялық әскери кеңестің №135 бұйрығымен КСРО-ның ең жоғарғы мемлекеттік наградасы «Қызыл Ту» орденімен және шебер қолбасшылық қабілетімен танылған адамдарға ғана берілетін революциялық Құрметті қарумен наградталыпты. Конференцияға Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасы Коммунистік партиясының жауапты хатшысы (қазіргі тілмен айтқанда – бірінші хатшысы) ретінде қатысқан екен. Болар бала бес жасынан белгілі демекші, 1897 жылы Шейх-Шаббаз болысының Бибазар ауылында (қа­зіргі Қарақалпақстан Республикасының Бируни ауданы) дүниеге келген Календер Адинаевты тіршілік тауқыметі бұғанасы қатпастан қара жұмысқа жегеді. Ол туып-өскен Шорахан уезі негізінен егіншілікпен айналысатын. Қара халық жыл он екі ай бір тыным табуды білмейтін. Жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, мехнаты мол, машақаты көп жұмыстан мойын босаған бір сәтте Календерді бұл жағдайды қалай жақсартуға болады деген сұрақ мазалайтын. Оның үстіне зерделі жасты отарлық езгіден жаншылып, құқығының кемдігінен қысым көрген елінің ахуалы да алаңдататын. Осының бәрі оның бойында бодан елімді бостан етсем деген зор құлшыныс оятты. Бұл құлшыныс әсіресе, 1916 жылдың жазында ІІ  Ни­­­­колайдың бұратана халықтарды тыл жұмысына алу жөніндегі жарлығына қарсы шыққан жергілікті жұрт көтерілісі аяусыз басылған соң одан сайын күшейе түсті. 1917 жылы Ресейде патша билігі құлап, қос өкімет орнаған кезде бодандық бұғауынан құтылуға зор мүмкіндік туғандай болды. Соңғы жылдары ұлт жанашырларының сөздерін естіп, өзімен пікірлес, ниеттес жандарға үйір болып жүрген Календер ұлы мақсат жетегіне ерген басқа замандастарымен қатар бүкіл елді кернеген дүбірлі оқиғалар легіне ілеседі. 1918 жылы Коммунистік (большевиктер) партиясына кіріп, Қызыл Армия сапында ақ гвардияшыларды талқандауға қатысады. 1919 жылы Ташкенттегі партия-кеңес мектебін бітіріп келіп, Шымбай қалалық Атқару комитетінің саяси комиссары ретінде жергілікті жерде жаңа қоғам құру ісіне араласады. Сол жылы Ресейдің бірқатар аймағында астық шықпай қалып, большевиктер ашыққан халықты құтқару үшін азық-түлік салығын енгізеді. Жы­­лына бірнеше рет жиналатын бұл салық Қазақстанның басым бөлігінде малмен төленіп, мұның арты күнкөріс көзінен айырылған адамдарды аштыққа ұшыратады. Бас амандығын ойлап босқан жұрттың бір бөлігі Бесқалаға бет түзейді. Осы кезде К. Адинаев Төрткүл қалалық Атқару Комитеті жанындағы Аштыққа ұшыраған адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету комиссиясының мүшесі ретінде, ауып келген халықты аман сақтап қалу жұмысының бел ортасында жүреді. Ол бұл жұмысты Әмудария облыстық Атқару комитетінің әлеумет­тік қамсыздандыру бөлімін басқарған кезде де жалғастырады. Жер­гі­лікті жердің жағдайын жақсы білетін, істің көзін дәл тауып, дұрыс шешім қабылдай алатын қабілетімен көзге түскен жас маман 1921 жылдың қарашасында облыстық партия комитеті­нің жауап­ты хатшысы қызметіне сайланады. Түркістан Республикасының басқа өңірлеріндей емес, орталықпен теміржол арқылы байланыспаған, өнеркәсібі дамымаған облыстың Бірінші дүниежүзілік соғыс пен болшевиктік әскери коммунизм саясаты салдарынан тұралап қалған экономикасы, оған қоса ел ішін бүлдірген басмашылар бүлігі жас хатшының күндіз бел шешпей, түнде көз ілмей, қажырлы қарекет етуін талап етті. Ол бұл міндеттің үдесінен шықты да. Қабілетті басшының қарымын байқаған РК(б)П Орта Азия бюросы оны келесі жылы қазанда Хорезм Халық Кеңес Республикасына (ХХКР) Комсомол жастар одағы Орталық комитетінің өкілі етіп жібереді. Құрылғанына екі жылдан енді асқан Республикада комсомол ұйымының қызметі әлі дұрыс жолға түспеген еді. Халық­ара­лық Коммунистік жастар интернационалына кіретін бұл ұйымның басқалардан бір ерекшелігі – оның құрамында жұмысшы жастар болмады. Мұның үстіне оған жасөспірімдермен бірге жасы 30-40-тан асқан ересек кісілер де мүше болды. Адинаевтың алдында осының бәрін ретке келтіріп, комсомол қатарын көбейту, оны қоғамның белсенді күшіне айналдыру міндеті тұрды.

Марат САДЫҚОВ

тарихшы, заңгер

 

(Жалғасы келесі санда)

Серіктес жаңалықтары