ҚАЛДЫҚТЫ ДА КӘДЕГЕ ЖАРАТҚАН...

ҚАЛДЫҚТЫ ДА КӘДЕГЕ ЖАРАТҚАН...

ҚАЛДЫҚТЫ ДА КӘДЕГЕ ЖАРАТҚАН...
ашық дереккөзі
781
Тұрмыстық қалдық заттарды да кәдеге жаратуға болады екен. Жеке кәсіпкер Раушан Құндызбаеваның қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының дені күнделікті өзіміз тұтынып жүрген заттардан жасалған. Ол бойындағы бұл қасиетті анасынан дарығанын айтады. Раушанның әкесі Иманалы темір жол саласында қызмет еткен. Ал анасы Тәттігүл Қыдырбайқызы – бір әулеттен жалғыз қалған тұяқ. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде ата-анасы мен бауырлары, басқа да туған-туысқандары бай-құлақ деген жаламен Сібірге жер аударылған көрінеді. «Анамыз он бір құрсақ көтеріп, бәрімізді тәрбиелеп, жетілдірді. Қалада тұрсақ та жаз айларында ауламызда киіз үй тігіліп тұратын. Одан қалса, анамыз құрақ құрап, кілем тоқитын. Бауырларымның барлығының қолөнерге икемі бар. Өйткені, анамыз бізді кішкентайымыздан еңбекке баулыды. «Тірі адам қарап отырмауы керек» дейтін ол. Сөйтіп әрқайсымызға бір-бір жұмысты тапсырып қоятын», – деп еске алады бала кезін кейіпкеріміз. «Ана көрген – тон пішер» деген, Раушан да жеті жасынан бастап қолына қайшы алып, ою ойып, құрақ құраған. Он жасында анасы алып берген тігін мәшинесімен қуыршақтарына киім тіккен. Раушан Иманалықызының айтуынша, әкесі ұлдарын техникалық білімге баулыса, барлық қызын жоғарғы оқу орнына түсірген. Өзі Қаратау қаласындағы политехникалық институттың кешкі бөлімінде білім алып, 1984 жылы инженер-электрик мамандығын алып шығады. Оқып жүріп, аспазшы секілді қыздарға керек қосымша мамандықтарды да меңгеріп алады. Дипломын қолына алған соң, Жамбыл гидромелоритивтік құрылыс институтында құрылыс құралдары инженері және целикат зауытында инженер болып жұмыс істейді. «1995 жылдардағы уақытша таршылық кезеңде «Құндызбаева» жеке кәсіпкерлігін ашып, бизнеске бет бұрдым. Жақын шет елдерден тауар тасып, дүкен аштым. Арасында киім тігіп, кәдесыйлар жасаумен айналыстым. Бірде неге осы біз Қытайдың арзанқол затына зәруміз, неге сол кәдесыйларды өзіміз жасамаймыз деген ой келді. Сөйтіп ұлттық нақыштағы кәдесыйларды жасауға кірісіп кеттім», – дейді Раушан. Р.Құндызбаева 2011 жылы қолөнершілер іргесін қалаған «Қамқор жүрек» ұйымына тігін технологы болып жұмысқа кіреді. Онда жетім балаларға қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеді. Мұндағы мақсат –  «Кедейге балық берме, балық ұстайтын қармақ бер» деген тәмсілге сай, қамқорлықсыз қалған жеткіншектерге жол көрсету, жөн сілтеу. Кейіпкеріміз енді жастарға қолөнерді дәріптеп, әрі тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуды үйрететін үйірме ашуды жоспарлап отыр. Онда бос шыны құтылардан түрлі заттар жасап, оны матадан, жүннен әзірленген ою-өрнектермен безендіреді. «Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен дәстүрлі қолөнер бұйымдары фестиваліне барып қатысып келдім. Жиында жапондар жүннен жасалған  қой мүсінді кәдесыйларға  қатты қызықты. Алақандай ғана қойдың біреуін 3 мың теңгеден сатып алды. Одан бөлек, жүннен дайындалған түйе мен бос шөлмектің құтысынан жасалған торсықтар да шетелдіктердің таңданысын тудырды», – дейді жеке кәсіпкер. Әлгі торсықтар автордың жеке патенттеп алған дүниесі екен. Ұлттық нақышта безендірілген кәдесыйдың әдемілігі көз сүйсіндіреді. Раушанның достары кейде «Үйіңнен күл-қоқыс шығармайтын шығарсың», – деп әзілдейді екен. Себебі, ол үйіндегі кез келген қалдық затқа екінші өмір сыйлайды. Қуыршақтары да көптің таңданысын тудырған. Тіпті, анимациялық фильм жасаушылар оның эскиздеріне қызығып, бірлесе жұмыс істеуге шақырған. Кейіпкеріміздің «Тараз ПОШ» ЖШС-нан жүн алып, киіз басатын өнері де бар. Киізді бұрынғыдай білекпен білеулеп, ою-өрнегін де қолмен қояды. Кәдесый киіз үйлерді де жасайды. Бұл өнімдерін кейде сатылымға шығарса, көбіне тапсырыспен тігеді екен. Әсіресе, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері көп тапсырыс беретін көрінеді. Жақында ғана қытай диаспорасының тапсырысын бітірген. Жеке кәсіпкер ескі сөмкелерді де пайдаға жаратуға болатынын айтады. «Бірнеше жыл бұрын қазақы нақышта өрнектелген ескі ескі сөмкемді Байқоңырдан Айға ұшқан АҚШ азаматы Фишер деген туристің анасы сатып алды. Тозған шалбарлардан, кішірейіп қалған киім мен аяқ киімдерден де түрлі заттар жасауға болады. Қолөнер бұйымдарымды жәрмеңкелерге, көрмелерге қойып, өткен бағасына сатамын. Таразда осындай заттарды сататын Арбат сияқты орын болса екен. Жамбылдық шеберлердің бәрі сондай бір мүйіске зәру», – дейді Раушан Иманалықызы. Бір ай бұрын әулиеаталық қолөнершілер Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке хат жазып, қолөнерлерін Алматыдағыдай бір мезгіл көшеге алып шығып, жұртқа таныстырып, өздерін танытуға, өткеруге қолдау көрсетуін сұраған. «Көне Тараз шаһарында да Арбат ашылса екен» деген өтініштерін жеткізген. Бұл мәселе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында дұрыс жолға қойылған көрінеді. Ал тараздық 100-ден астам қолөнершінің әзірге арманы ғана...   Асхат РАЙҚҰЛ

Серіктес жаңалықтары