Айбынды ұлы Алаштың

Айбынды ұлы Алаштың

Айбынды ұлы Алаштың
ашық дереккөзі
295
(Соңы. Басы №27 санда) Бірақ ол бұл бағытта бастаған істерін аяқтамай жатып, 1923 жылы қыркүйекте Хорезм Коммунистік партиясының жауапты хатшысы болып сайланады. 1920 жылы негізі қаланған ХХКР Орта Азияда Ресеймен терезесі тең ел ретінде шарт жасасқан, өзінің тәуелсіздігін мойындатқан жалғыз мемлекет болды. Әрине, Ресей Хорезмді өз уысынан шығаруды ойлаған жоқ. Әрдайым оның ішкі ісіне жөнді-жөнсіз араласып, алдау-арбау, аран­дату арқылы өз ыңғайына бұруға тырысып бақты. Бұдан М. Ибнәминов, Б. Рахманов, Б. Абдалов сияқты бірқатар ел басшылары жапа шекті де. Бірақ, соған қарамастан, елде ұлттық тәуелсіздікке деген ұмтылыс басым болды. 1923 жылғы 30 қазанда Хорезм социалиалистік республикаға айналып, КСРО құрамына кірген кезде де бұл ұмтылыс басылған жоқ. Республиканың алдыңғы қатарлы өкілдері «Хорезм – хорезмдіктер үшін» деген ұран аясында қызмет етті. Туған халқын тапқа бөлмей, тұтас көркейтуді қалаған жергілікті коммунистер де бұдан шет қалмады. Түркістанның басқа өңірлеріндегі ұлт қайраткерлерінің іс-қимылымен үндескен бұл әрекет Орта Азияда түркі халықтарының басын бірік­ті­ретін тұтас мем­лекет құруды мақсат тұтты. Орталық үкімет күн санап қарқын алып бара жатқан, өзінің мүддесіне сай келмейтін бұл жағдайды түбегейлі түрде шешу үшін 1924 жылы «ұлттық негізде межелеу» деп аталатын саясатты қолға алды. Бұл түркі халықтарын бір-бірінен бөліп, олардың тәуелсіздік рухын тұншықтыруға тиіс болды. Осы мақсатта РК(б)П 1924 жылғы 31 қаңтарда Түркістан, Бұхара және Хорезм республикаларында ұлттық межелеу саясатын жүзеге асыру міндеттерін қарау үшін Ян Рудзутакты Ташкентке аттандырады. Бірақ бұл идея жергілікті жерде үлкен қарсылыққа тап болады. Бұқара Компартиясы «түркі халықтарының тамыры бір екенін ескермейтін бұл саясат бұрынғы басқыншылық саясатпен бірдей» деген тұжырым жасаса, Түркістан Республикасы компартиясының отырысында С. Қожанов пен С, Асфандияров жеке республикалардың орнына Орта Азия федерациясын құруды ұсынды. Осы отырыста С. Қожанов өзінің «Түркістан біреу әрі біртұтас, оның тұтастығын бұзу орынсыз іс» деген кесімді пікірін айтты. Бөлшектеу идеясы Хорезмде де қолдау таппады. 1924 жылғы 3 наурызда Хорезм Коммунистік партиясы Атқару бюросының отырысында РК(б)П Орта Азия бюросының өкілі И.М. Межлауктың ұлттық-аумақтық межелеу жөніндегі баяндамасы тыңдалады. Бұл саясаттың сұрқия сырын бірден байқаған ХКП жауапты хатшысы К. Адинаев осы мәселе бойынша шешім қабылдамай, оны ақпарат ретінде назарға алуды ұсынады. Атқару бюросы бұл ұсынысты қолдайды. Сол отырыстан соң К. Адинаев Тұран ойпатында қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркмен халықтарын біріктіріп отырған Хорезм Республикасын сақтап қалуға бел буып, өз ортасына бұл саясаттың шынайы мәнін түсіндіріп жүреді. Республика басшылығы арасында оның пікірін қолдайтындар көбейіп, Әмудария облысын ХССР-ға қосып, Хорезм федеративтік рес­пуб­ликасы аясында қазақ-қарақалпақ, өзбек, түркімендердің «сот істері... шариғат заңымен жүргізілетін, ұлттық тілде... мектептері болатын» автономиялық облыстарын құру жөнінде шешім қабылданады. Содан соң іле-шала мемлекет құрылысын федерацияға ауыстыру жұмысы басталып, 12 сәуірде өткен Бүкіл түрікмен құрылтайында Түрікмен автономиялық облысы құрылады. Сонымен бір мезгілде қазақ-қарақалпақ автономиялық облысының құрылғаны жарияланып, Хожелі қаласы оның орталығы болып белгіленеді. 28 сәуір күні Орта Азия бюросының отырысында Хорезм Республикасының өкілдері К. Адинаев пен ХКП ОК Атқару бюросының мүшесі М. Әбдісаламов ХССР-ды бөлшектеуге үзілді-кесілді қарсы шығып, бұл мәселе бойынша шешім қабылданбай қалады. Ал 8 мамырда Календер Адинаев КСРО үкіметінің басшылығына Хорезм Республикасында ұлттық-аумақтық межелеу жүргізбеу жөнінде хат жолдап, бұл хатқа жоғарыда аты аталған М. Әбдісаламов, ХССР-дың Ташкенттегі бас консулы Якубов, Мемлекеттік жоспарлау төрағасы Шумилов қол қояды. Сонымен бірге ол    2 маусымда Хорезмді федеративтік республика түрінде сақтап қалуды сұрап, РКП(б) ОК Орта Азия бюросының төр­аға­сы Я.Э. Рудзутакқа жеделхат жібереді. Оның түркі баласының бірлігін көздеген бұл әре­кетін Хорезм Экономикалық кеңе­сінің төрағасы О. Ерманов, МСБ (ГПУ) төр­ағасы К. Балтаев, тіпті, Орталықтың өкілі Г.И. Бройдо да қолдап-қуаттайды.    К. Адинаев бұл жөнінде түркмен тайпасының көсемі Яхшыгелдымен де келіссөз жүргізеді. Күннен-күнге ушығып бара жатқан жағдай РК(б)П ОК-ны өз ұстанымын қайта қарауға мәжбүр етіп, 1924 жылғы          12 маусымда Хорезм Республикасынан түркмендерді бөліп шығарып, ХССР-ды бұрынғы күйінде қалдыру туралы қаулы қабылданады. Бірақ бұл дүрліккен халықты сабасына түсіру үшін жасалған алдамшы әрекет еді. Бұдан соң Орта Азия бюросы белсенді топты басшысынан айыруды көздеп,        15 маусым күні Орталықтың саясатына табанды түрде қарсы шығып, жұртты жұмылдырып жүрген Календер Адинаевты қызметінен босатып, өз құзырына шақыртып алады. Бірақ қарсылық мұнымен тоқтай қоймай, қызу пікірталас қайта өршіп, ХКП ОК Атқару бюросы өзінің 9 шілдедегі оты­рысында К. Адинаевтың пікірін қолдап, БК(б)П ОК атына қайтадан хат жолдайды. Бәрібір Орталық өз дегенін істетіп тынады. 26 шілдеде бұрынғыдай бас болар басшысы жоқ ХПК ОК Атқару бюросы Календер Адинаев пен оның серіктерінің пікірін қате деп тауып, өзінің бұрынғы шешімінің күшін жояды және ұлттық-аумақтық межелеуді жақтап қарар қабылдайды. Сөйтіп Түркістанда түркі халықтарын біріктіретін мемлекет құру жолындағы тағы бір ұмтылыс сәтсіз аяқталады. Хорезм Республикасының жері жаңадан құрылып жатқан Өзбек КСР-іне, Түркімен КСР-іне және Қазақ АКСР құрамындағы Қарақалпақ автономиялық облысына бөліп беріледі. Осы оқиғалардан соң Орталықтың ұлттық аймақтарға қатысты отаршыл, өктем көзқарасын жете түсінген Календер Адинаев ендігі жерде осы саясаттың ыңғайын бағып, өз еліне пайдасын тигізуді ғана ойлайды. Сол кезде ол Қарақалпақ автономиялық облысын (ҚҚАО) құ­руға қатысу үшін шақыртылып, осы мақсатта арнайы құрылған Ұйымдастыру бюросы мен оның Төралқасына мүше болады. Ол осы Бюроның ұйымдастыру бөлімін басқарып жүріп, Экономикалық межелеу жөніндегі бюроның құрамында да жұмыс істейді. Хожелі округін ҚҚАО-ның құрамына қосу мәселелерін шешуге қатысады. Оның Түркістан мен Хорезм республикаларының басшылары алдындағы абырой-беделі, жақын сыйластық қарым-қатынасы даулы жер аумағы жөніндегі кейбір мәселелерді ҚҚАО-ның пайдасына шешуге көмектеседі. Сонымен, 1925 жылғы 15-19 сәуірде Қызылордада өткен Кеңестердің V Бүкілқазақ съезі Қарақалпақ Автономиялық облысын Қазақ АКСР-і құрамына енгізу туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Сөйтіп, қарақалпақ халқының тарихында тұңғыш рет тұтас аумаққа негізделген ұлттық мемлекет құрылады. Бұған Календер Адинаев та зор еңбек сіңірген еді. Қазкрайком Календер Адинаевты ұлтшыл топ құрды деген айыппен БК(б)П қатарынан шығарады. Бірақ ол көп ұзамай партия қатарына қайта алынып, 1929 жылға дейін Шымкент, Арал, Қызылорда қалаларында түрлі қызметтер атқарады. 1932 жылы Мәскеудегі Ауыл шаруашылығы (Әлеуметтік егіншілік) академиясын агроном мамандығы бойынша бітіріп, 1934 жылғы сәуірге дейін Төрткүл қаласы Мақта трестінің бастығы, кейіннен Ташкент ауыл шаруашылығы институтының директоры болып істейді. 1934 – 1937 жылдары Алматы облыстық жер істері басқармасының бастығы, Алматыдағы МТС директорының саяси істер жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарады. Әрбір іске өзіне тән ыждағаттылықпен қарап, халыққа қайырымды, ілкімді және іскер басшы ретінде танылады. Абыройдан да құр болмайды. Алайда Орталық оның Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеу саясатына көрсеткен қарсылығын кешірмеген еді.   К. Адинаев 1927-1932 жылдары қазақтың басқа ұлтжанды азаматтарымен бірге  «ұлтшыл» деп айыпталып, Орталық қадағалау комиссиясының қатаң сөгісімен құтылады. Бірақ ІІХК қызметкерлерінің ұдайы бақылауына алынады. Бұл бақылаудың соңы Қазақстан    К(б)П Алматы обкомы бюросының 1937 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен түйінделіп, Календер Адинаев Орта Азия республикаларын ұлттық негізде межелеу кезеңінде ұлтшылдық танытқаны, революцияға қарсы ұлтшыл топ құрғаны үшін БК(б)П қатарынан шығарылады. Түпкілікті жаза да көп күттіре қоймайды. Сол жылы 13 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақжібек бас басқармасын басқарып жүрген К.Адинаев Ішкі істер халық комиссариатының облыстық басқармасы тарапынан тұтқынға алынады. Бір жыл, бір айға созылған тергеу азабынан соң 1938 жылғы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы Календер Адинаевты РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-7, 58-8, 58-11-баптары бойынша айыпты деп тауып, жеке мүлкін тәркілеп, ең жоғары жаза – ату жазасына кеседі. Оның жақын-жуықтарына ұзақ жылдар бойы «халық жауының отбасы» деген қаралы ат таңылады. Бірақ «аққа құдай жақ» демекші, арадан 21 жыл өткен соң шындықтың беті ашылып, әділдік үстемдік құрады. 1959 жылғы 30 шілдеде КСРО Жоғарғы Соты Календер Адинаевты іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты толықтай ақтап, қылмыстық ісін қысқартты. Ол 1962 жылы 10 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті бюросының №17 қарарымен партиялық жағынан да ақталды. Қазір оның ұрпақтары оңтүстік өңірде өмір сүріп жатыр. Бар-жоғы 41 жыл ғұмыр кешіп, Түркістанның көп ұлтты халқын көркейтуге күш салған, түркі баласын тәуелсіз етуге талпынған Календер ағамыздың абзал аты қайта ардақталып, атқарған істері тиісті бағасын алса, жерленген жері табылып, басына белгі қойылса, алты Алаштың амандығы үшін басын бәйгеге тіккен ағамыздың рухы риза болар еді. Марат САДЫҚОВ тарихшы, заңгер

Серіктес жаңалықтары