707
Сұлулықты сүйгенде ғана сұлу дүние туады
Сұлулықты сүйгенде ғана сұлу дүние туады
Сұлулық қарапайымдылықтан тұрады, нәзіктікті сүйеді. Ал оны ұғыну, түйсіну үшін де нәзіктіктен, қарапайымдылықтан жаратылып, сұлулықты өлердей сүю керек. Зергер Берікті көрген сайын осы ойлар санамды шырмап, тұңғиығына тартып ала беретін. Оның алтын қолынан шыққан дүниелерді тамашалаған жан ерекше күйге бөленіп, сол сұлу дүниенің кәусарына малынғандай болатыны бар...
Берік Әлібай қарапайым ауылдың тумасы. Әулиеата өңіріндегі асқар-асқар таулары, сылдырай аққан өзендері бар, көк майса-құрағы жайқалған Меркі ауданында дүниеге келген. Кез келген табиғи талант туған топырағынан дариды. Және ізденіспен, талпыныспен өрісін кеңейтеді, көзін ашады. Оның ата-бабалары темір соққан ұста болған екен. Ал атасының інісі Әлімбай ауылға, әрісі аймаққа белгілі зергер болатын. Бала Беріктің де күнұзаққа айналшықтай беретіні қарама-қарсы үйде тұратын сол атасымен туыс шалдың кішкене шеберханасы. Ішінде көне де болса зергерге қажет құрал-сайманның бәрі бар. Берік көзін тырнап ашқаннан қас қарайғанша сонда. Ауылдың өзге балалары асық атып, доп қуып, топыраққа көміліп жүргенде Берік зергер атасының көрігін басып тұрады, шарығын айналдырады. Соның өзі өнерге құштар баланың жүрегін зор қуанышқа бөлейтін, оған үлкен мәртебе болатын.
Бірде үйіне алыстан ат сабылтып, төркіндетіп, әкесінің қарындасы Гүлсім келген. Апасын қалай қуантса екен?! Небәрі 5-6 жастағы бала зергер жуан алюмен сымды төске ары-бері соғып, қыздырып, әп-әдемі білезіктің нобайын жасап шығарды. Әлімбай шалдан көргендерін барынша пайдаланып, білезікті әрлей түсті. Гүлсім дән риза. Беріктің де кеудесін ерекше қуаныш, өзін зергердей сезінген мақтаныш кернеген. «Үлкейгенде зергер боламын!» деп алдына мақсат қойып та үлгерді сол кезде...
Бала Берік туған ауылы Қызылсайдағы үш жылдық мектепті тәмамдап, ауылдан 7-8 шақырымдай қашықтықтағы Қостоған мектеп-интернатында жатып оқыды. Берік енді интернаттың бала суретшісі атанған. Қабырға газеттері, іс-шаралардағы жалынды сөздер жазылған плакаттар, айшықты суреттер, бәрі Беріктің қолынан шығатын, қаламынан туатын. Қос танауы пысылдап, қылқаламның қызығына батып отырғанда Берік енді суретші болсам ғой деп армандайтын болды. Бала қиял сананы сан саққа жетелейді. Балаң қиялын сол сезіммен тербете беретін. Кеудедегі ұлы арман бәрінен заңғар, бәрінен биік!
Салған суреттерін конвертке орап, сол кездегі «Ақ желкен», «Балдырған», «Қазақстан пионері» секілді журнал-газеттерге де жіберді. Туындылары басылым беттерінде жарық көрмесе де редакция басшылығы тарапынан үзіліссіз хат келіп тұратын. Бірақ, хаттардың мазмұны «Берік, суреттеріңмен таныстық. Жақсы салынған. Алдағы уақыттарда басылым бетіне шығаратын боламыз. Алайда, өнеріңді тағы да шыңдай түс. Талабыңа нұр жаусын!» деген секілді болып келеді. Десе де, әр хат келген сайын қуанған Беріктің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалатын. Сол кездері бір балалар басылымының басшылығы Алматыдағы өнерге баулитын оқу орындарының біріне баруға кеңес берген еді...
Аспанмен тірескен Алатау, тау етегін жағалай өскен жасыл шыршалар, зәулім-зәулім ғимараттар, үлкен қалаға білім қуып келген жастар... Бала арманын арқалап Алматыға келген Берік Көркемсурет училищесі комиссиясының құжат тапсыру уақытынан кешігіп қалған екен.
«Ол кезде ауылда қай бір сурет сабағы болады дейсіз?! Мектепте бейнелеу өнеріне салғырт қарайтын. Қай мұғалімнің қолы бос, сол мұғалім сабақ өткізе беретін. Ал қаланың жөні бөлек. Мен құжат тапсыру уақытына үлгергеніммен емтиханнан сүрінерім сөзсіз еді. Сосын оқу орнының дайындық курсында бір жыл оқып, білмегенімді үйреніп, сурет өнерінің көптеген қыр-сырына көз жеткіздім. Бірде оқу орнының оқытушысы марқұм Дүйсен Сейдуалиев менің талантымды байқап, қасыма келіп «Бала, зергер болғың келе ме?» – деді. Құлағым елең ете қалды. Бала кезімдегі Әлімбай атамның шеберханасы есіме түсіп, Дүйсен ағайдың соңынан ере бердім», – деп еске алады сол кезді зергер.
Ақыры тынымсыз ізденіс пен қажырлы талпынысының арқасында талапкер Берік емтиханнан сүрінбей өтіп, металды көркемдеп өңдеу бөлімінің студенті атанады. Енді басқа орта, әке-шешеден, туған жерден жырақ, үлкен қалада... Сабақ та орыс тілінде өтеді. Осалдық танытуға әсте болмайды. Қасындағы қатарластарының таланттары да мықты. Өңшең «сен тұр, мен атайындар». Оның бәрі ауыл баласын шыңдай берді, қайратын жани түсті. 1989 жылы оқу орнын абыроймен тәмамдаған жас маман ауылға қайтуға қамданады. Алайда, Беріктің талантын, қолынан іс келетінін білетін оқытушылары оны жастар қаласы – Алматыда қалуға үгіттейді. Қазақстан Дизайнерлер одағынан шақырту қағазын алып беруге ықпал етіп, сонда қызметке тұрғызады.
Жас маманда қайдан баспана болсын? Баспанаға кезекке тұрып қойды. Ұстазы Бейбіт ағайдың үйінің жанынан бірлесіп шеберхананың іргетасын қалауға кірісіп кетті. Сөйтіп, ұсталықпен айналыса бастаған.
Бірде Қазақстан Дизайнерлер одағынан хабар жетті. Талантты жас маманға шеберхана бөлініпті. Бұл шеберхана көп қабатты үйде болғандықтан мұнда ұсталық өнермен айналысу қиын. Сондықтан Берік осы кезден бастап таза зергерлік өнерге мойын бұрды. Бұл 1989 жылдың желтоқсаны болатын. Өнердің қай жолы болмасын оңай емес. Тек табанды ізденісті, таусылмас төзімді қажет етеді. Маңдай теріңді сарқып, күш-жігеріңді барынша жұмсап қалу қажет. Берік енді оқыған-тоқығанын тәжірибемен ұштастырды. Көне тарихқа үңілді, кітаптар парақтады. Асыл тастарды түрлі жолдармен пайдаланудың қыр-сырын жетік меңгеруге көшті. Еңбек пен ізденіс нәтижесін берді. Ол металға алтын жалатудың химиялық жолын тапты. Бұл – өзге зергерлер үшін үлкен жаңалыққа айналды.
Шәкірт тәрбиеледі. Замана тезінен үзілуге шақ қалған ұлттық өнердің жандануына бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт мұрасын одан әрі байыта түсті, өшкенді қайта жаңғыртып, жоғалғанымызды іздеді. Берік өз биігін бағындырып та үлгерді. Ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, еңбек сіңірген қайраткері. Көз жауын алатын көркем де зерлі дүниелері кезінде Нұр-Сұлтан қаласының тап орталығында тұрған Президенттік мәдениет орталығының музейінде тұрды. Одан бөлек Қазақстан Республикасы алтын және асыл металдар музей қорларында, жеке коллекцияларда, және Түркия, Малайзия, Катар, Франция, Армения мемлекеттерінде сақтаулы. Көптеген республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелерге қатысқан.
Берік Әлібай бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ұлттық музей ішіндегі ғылыми реставрация бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Музейге келіп түскен жәдігерлерді қалпына келтіреді. Сол жерден көрме ашып, өзінің және ұлттық өнерді дамытып жүрген замандастарының туындыларын қойып қойған. Бауырларының, балаларының арасында ата жолын қуушылары бар. Үлкен қызы дизайнер мамандығын тәмамдаса, кіші ұлы Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы көркем-сурет колледжін аяқтаған.
«Әке көрген оқ жонар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Зергерлер әулетінің көші атадан балаға мирас болып, уақытқа, заманға, халыққа қызмет етіп келеді. Ұлт болмысын жоғалтпай, ізін айқындап барады.
Асхат РАЙҚҰЛ