1086
Ғылым мен саясатты сәтті ұштастырған – Мүслім Базарбаев
Ғылым мен саясатты сәтті ұштастырған – Мүслім Базарбаев
Ұлы тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерттеп, И.С.Тургеневтің туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен өзі әдебиеттанушы, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы, КСР сыртқы істер министрі болған Мүслім Базарбаевтың есімі ерекше.
1927 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген М.Базарбаев қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлғалардың бірі. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, Қазақ КСР ғылым академиясы жанындағы тіл және әдебиет институтының аспирантурасына қабылданады. 1955 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ал 1956 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдайды.
1961 жылы Мүслім Базарбаев Қазақ КСР ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімінде қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов хақында анық әрі тұжырымды ой айтып, мәлімдеме жасауы институтқа Мұхтар Омарханұлының есімін беруге септігін тигізген еді. Аталған институттың тұңғыш басшысы да Мүслім Базарбаев болды. Базарбаев Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолын танытуға көп күш салды. Мәселен, 1967 жылы Әуезов атындағы мұражай үйдің ашылуына да ат салысып, жазушының он екі томдық шығармаларының кітап болып басылып шығуын да қолға алды. Әуезовтен өзге Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын алғаш болып зерттеген ғалымдардың бірі. Шәкәрімнің шығармаларын жинақтарға біріктіріп, Мәскеуде Шәкәрім туралы диссертация қорғады.
Өз заманының білгірі бола білген, талантты ұйымдастырушы, ғалым Мүслім Базарбайұлы мәдениет пен әдебиеттің әрі қарай дамуының жол-белестерін алдын ала сезініп, түйсіне алған еді. 1970-1976 жылдары мәдениет министрі, ал 1976-1981 жылдары сыртқы істер министрі лауазымын атқара отырып, дипломатия, академиялық ғылым, әдебиеттану және әдебиет сынының өресінің өсіп, өрісінің кеңуіне мол еңбек сіңірді. Сыртқы саясатта білікті маман бола отырып өзінің шығармашылық пен ғылымға құрылған жолын тәрк етпеді. Ғалымның қаламынан жиырмаға жуық ірі зерттеулер мен монографиялық еңбектер туындады. Оның ішінде «Жанды дәстүрлер», «Әдебиет және дәуір», «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрлер мен жаңашылдық», «Біздің әдебиеттің эстетикалық байлығы», «Көрікті ойдан – көркем сөз», «Замана тудырған әдебиет» т.б деп атап өтуге болады. Әсіресе Абай мен Жамбылдың шығармашылығын зерттеуде, қазақ әдебиетін сонау лиро-эпостық жырлар дәуірінен ХХ ғасырға дейін қарастыруда ғалым өзінше тың көзқарастар танытты. «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрлер мен жаңашылдық» тақырыбында 1971 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
Ғалымның аудармашылық қызметі де бір төбе. Аристофанның шығармаларын, Тургеневтің хикаяттарын қазақ тілінде еш мүдірместен сөйлетті. Ұлы Отан соғысы тұсындағы Қазақстан мәдениетінің дамуына орасан зор үлес қосқан орыс және украин театрларының, «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» үлесін, сондай-ақ С.Эйзенштейн, А.Пудовкин, И.Пырьевтің, К.Паустовскийдің, М.Шолоховтың еңбектерін таныта білді. 300-ге жуық қазақ және орыс тілдерінде ғылыми мақалалары жарияланған.
Өмірінің соңына дейін ғылым жолында да, өзінің мемлекеттік қызметінде де өте абыройлы бола білген Мүслім Базарбаев көзі тірісінде ғылымның ұшпағына шыға білген, ел үшін аянбай еңбек те ете білген көрнекті тұлға.
Олжас БЕРКІНБАЕВ