672
Қали Сәрсенбай: Кезінде бір ауылды бір бай асырап, бір ақсақал басқаратын
Қали Сәрсенбай: Кезінде бір ауылды бір бай асырап, бір ақсақал басқаратын
Біздегі жалқаулықты екі түрге бөліп қарауға болады. Біріншісі, рухани жалқаулық. Ол әлгі Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» деп жүргені сол. Екіншісі, материалдық жалқаулық. Бұл да түсінікті мәселе. Бізге бұл жалқаулық социалистік жүйеден қалған әдет. Ол кезде барлығы тегін болды. Ауырсаң тегін емдейді, жұмыссыз болсаң жұмысқа шақырады. Барлығын үкімет өзі ұйымдастырады. Сондықтан да «үкіметім өлтірмейді» деп отыра берген. Ал шын мәнінде біздің халқымызда негізінде жалқаулық болмаған еді. Мәселен осыдан бір ғасыр бұрын Алаш орда көсемдері шықты, тарих сахнасына. Және олар бірлі-жарым емес лек-легімен, топ болып шықты. Әрқайсысы ерекше қабілетті, дара тұлғалар болды. Барлығы халқын өнер-білімге, ғылымға, өркениетке шақырды. Олар азғантай өмірлерінде артына мол мұра қалдырды. Сол сияқты 1986 жылғы дүмпу де біздің халқымыздан шықты. Егер ешбір ойсыз, ұйқыда жатқан жалқау халық болсақ, мұндай тарихи оқиғалар біздің елімізде болмаған болар еді. Сондықтан бұл жердегі аталып отырған жалқаулық шартты түрдегі нәрсе.
Біз социалистік жүйеден кейін бірден нарықтық қоғамға өттік. Және ешқандай дайындықсыз өттік. Кезінде бір ауылды бір бай асырап, бір ақсақал ақыл айтып басқаратын. Халықтың қаржылық сауатын артыруда, нарыққа бейімдеуде ұлттық буржуазия жұмыс істеу керек еді. Ұлттық идеология дұрыс жолға қойылмады. Мұның барлығы кешенді жобалар арқылы іске асатын ауқымды жұмыстар. Ал мемлекет халқының әлсіз тобына көмек қолын созады. Бұл түсінікті. Бірақ тұрғындардың 70-80 пайызы үкіметтен көмек күтетін болса бұл дұрыс түсінік емес.