Шетелде емделу сән бе екен?...

Шетелде емделу сән бе екен?...

Шетелде емделу сән бе екен?...
ашық дереккөзі
693

Отандастарымыз жылына 200 млн. долларды өзге елдердің медицинасына жұмсайды

Қазақстандықтар шет мемлекеттерде емделу үшін жылына 200 миллион доллар қаражат жұмсайды екен. Мұны Havard Medical International ұйымы анықтады. Таяуда еліміздің вице-премьері Дариға Назарбаева да шет мемлекеттердің медициналық қызметіне жүгінетін отандастарымыздың қатары көбейгендігін тілге тиек еткен еді. Дертіне дауаны шетелден іздейтіндердің қатары неге көп?

Havard Medical International ұйымының деректері сырқат жандардың басым бөлігі емделу үшін Германия, Израиль, Оңтүстік Корея және Қытай елдерін таңдайтындығын көрсетіп отыр. АҚШ азаматтары Латын Америка елдерінде, ал Еуропа тұрғындары Азия елдерінде жиі емделеді. Шетелге барып емделетін ауқатты қазақстандықтар көбінесе Американың медициналық қызметіне жүгінгенді жөн көреді екен.

Ақ халаттыларға сенім неге төмен?

Жалпы, Үкімет «ҚР азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу ережесін бекіту туралы» 2009 жылы қаулы шығарған. Бұл қаулыға 2011 жылы өзгеріс енгізілді. Онда шетелге жіберілуге тиіс аурулар мен республиканың жеке санаттағы азаматтарының тізбесі жасалған болатын. Яғни, елімізде емдеу мүмкіндігі жоқ сырқат түрлері бойынша отандастарымыз үшін мемлекет қазынасынан арнайы жеңілдіктер қарастырылады. Әрине, бұл квотаға қол жетізу үшін барлық құжаттар талапқа сай болуы тиіс. Электронды үкімет парақшасында шетелде емделу үшін берілетін квота бойынша шетелдік медицина ұйымдарына науқастарды жіберу шығындарын төлеу мемлекет есебінен жүргізіледі деп көрсетілген. Ең алдымен, ҚР азаматтарына медициналық қызметтерді ұсынуға шетелдік ұйыммен шарт жасалады. Науқастың емделу шығындарын төлеу осы шарт негізінде жүзеге асырылады. Қазақстандықтар көбінесе Батыс Еуропада, Израильде, Ресейде және Белоруссияда емделеді. Ал Қытай мен Пәкістанда емделуге тілек білдірген азаматтардың ұсынысынан мемлекет бас тартады. Өйткені аталған елдердің медициналық стандарттары Қазақстаннан мүлдем бөлек.

Алайда бұл квотаға қол жеткізу оңай емес. Шетелде емделу үшін квота бір жылда 50-100 адамға ғана бөлінеді. Себебі мемлекет одан артық науқастардың емделу ақысын мойнына ала алмайды. Әсіресе, мұндай жеңілдіктер балаларға көбірек беріледі. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге қол жеткізе алмаған сырқат балдырғандар мен өзге де науқастар қайырымды жандардың қолдауына зәру.

Статистикалық деректер бойынша Қазақстанда науқастарды шетелдерге емдеуге жіберу үшін бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Мысалы, 2012 жылы 678,5 миллион теңге бөлініпті. Сол қаржыға 55 науқас, оның ішінде 34 бала емделген. 2012 жылы органдар мен тіндерді транспланттауға 30 адам жіберілді. Қалған 25 адам онкологиялық, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және өзге ауру түрлері бойынша емдеуге бағытталды. Ал 2013 жылы азаматтарды шетелде емдеуге 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрлігі 2013 жылы VI Астана экономикалық форумы аясында өткен «Ұлттық саясат. Денсаулық сақтауды әлеуметтік жаңғырту» сессиясында шетелдік емханаларда емдеуді қажет ететін ауру түрлерінің күрт қысқарғандығын айтып қуантқан. «Отандық медицинаның дамуы бұрындары шет мемлекеттерге жіберіліп келген ауру түрлерін қысқартуға мүмкіндік берді» деген хабар көптің көңіліне майдай жаққан. Сол кездегі Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Байжүнісов: «Ертеректе біздер ол жаққа 20-дан астам ауру түрлері бойынша науқастар жіберетін едік. Қазіргі таңда 8 ауру түріне шалдыққандарды ғана жібереміз. Олар: жілік майын ауыстыру, аққан ауруынан емдеу, тамақ және кеңірдек аурулары және пластикалық ота. Меніңше, таяуда азаматтарды емдеуге шетелге жіберу қажеттілігі болмайды. Себебі біз барша науқастарды елімізде емдейтін деңгейге жетеміз», – деген еді.

Еліміздегі медицина саласы қанша алға қадам басса да, халықтың ақ халаттыларға деген сенімі әлі де қалыптасып үлгермеген тәрізді. Отандық медицинаның қазақстандықтарды емдеуге қауқары жетеді дегенімізбен, шетелге ешқандай мемлекеттің квотасынсыз, өз қаражатымен емделетіндер саны азаймай отыр. Неге? Өткен аптада Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева: «Мемлекет медицина және денсаулық сақтауға өте көп қаржы салды. Сондықтан көршілес аймақтар – Ресей мен Қытай тәрізді бүгінгі таңда бізде де медициналық қызмет сапасын көтерудің орасан зор мүмкіндіктері бар. Бізге медициналық көмектің қолжетімділігіне, сондай-ақ медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдар көп түседі. Жалпылай айтқанда, көңіл толмаушылық деңгейі жоғары екені байқалады. Бұл қос тарапқа – дәрігерлер мен азаматтарға да тән болып отыр. Сіздер де жақсы білесіздер, шетелдерде медициналық қызметті пайдаланатындар саны артып барады», – деген еді. Вице-премьер ханымның сөзіне сүйенсек, отандастарымыз еліміздегі ақ халаттылардың және медициналық қызмет сапасына көңілі толмағандықтан шетелде ем қабылдауды құп көреді екен. Ал Дариға Нұрсұлтанқызы елімізде енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі осы олқылықтың орнын толтыруға көмектесетіндігіне сенімді. Өйткені аталмыш жүйе медицина саласындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасының жоғарылауына ықпал етпек.

Қазақстанда да шетелдіктер емделеді  

Әрине, бұл мәселеге бір жақты көзқарас қалыптастырудан аулақпыз. Өйткені бүгінде қанатын кеңге жайып келе жатқан елордадағы медициналық нысандардың қызмет сапасын жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта бір ғана Астана қаласының өзінде сан түрлі жаңа медициналық орталықтар ашылды. Астана қаласындағы Ұлттық медициналық холдинг құрамындағы заманауи құрылғылармен жабдықталған клиникалар мен кардиохирургиялық және нейрохирургиялық көмектің дамуы қазақстандықтардың өз елімізде емделуіне жол ашты. Заманауи технологияларды енгізу арқылы көптеген күрделі оталар Қазақстанда жасалуда. Мысалы, 2012 жылы шетелге жөнелтілуі тиіс болған 99 науқас отандық клиникаларда емделіп шықты. Мұның басым бөлігі – бүйрек, жүрек, кемік майы трансплантациясы. Сонымен қатар, шетелдік мамандардың қатысуымен 12 балаға өз елімізде ота жасалды. Қазір жүрек патологиясы бойынша науқастар шетелге жіберілмейді, барлығы Қазақстанда емделеді. Ал бұл ауру түрі бұрын шетелге баратын емделушілердің басым бөлігін құрайтын еді. Өткен жылғы мәліметтер де шетелге емделу үшін жөнелтілген азаматтар санының азайғандығын көрсетуде. «Бізде жоғары технологияларды енгізе бастаудың арқасында азаматтарымызды шетелге емдеуге аз жібере бастадық. Айталық, бүйрек алмастыру шетелде 4,5 миллион теңгені құрайды. Ал бүгінде Қазақстанда біз мұндай операцияны өзіміздің килиникаларда жасап, 2,1 миллион теңге төлейміз. Яғни, ешқайда барудың қажеті жоқ. Бір адамды шетелге жіберіп емдеткеннен, Қазақстанда бірнеше адам емдеуге болады», – деген болатын 2014 жылы бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова. Демек, экс-министр Қазақстанда емделу шетелге қарағанда 2 есе арзан екендігін айтқан.

Тіпті, соңғы жылдары Қазақстанда шетелдіктер үшін де халықаралық талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуге де мүмкіндік пайда болды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2011-2014 жылдары Астана қаласындағы ұлттық медициналық холдингтің клиникаларында, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтан әлемнің 30-дан астам елінен 5 мыңға жуық азаматқа медициналық көмек көрсетіліпті. Елімізде ем алу үшін келген емделушілер қатарында Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Түркия, Болгария, Шри-Ланка, Филиппин, Қырғызстан азаматтары бар. Қазақстанда шетелдік азаматтар көбіне экстракорпоральды ұрықтандыру, жүректегі қан жолы тетігіне кардиохирургиялық ота жасау, жатыр артериясын эмболизациялау сынды медициналық қызмет түрлеріне жүгінеді. Ал мұндай оталардың құны Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда арзан. Бүгінде отандастарымыз шетелге медициналық көмек іздеп бармас үшін жағдайлар жасалуда. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қол қусырып қарап отыр дей алмаймыз. Жоғарыда аты аталған елордадағы үздік медициналық нысандар соның айғағы болса керек. Сонымен қатар, мамандарды даярлауға, оларды шетелде оқытып, шетелдік танымал медицина қызметкерлерін елімізге шақыруға баса назар аударылуда.

Медициналық туризм оңалмай тұр

Дертіне шипа іздеп шекара асатын жандардың кейбірі шет мемлекеттердегі медицина қызметіне арзандығы үшін жүгінсе, енді бірі Қазақстаннан ауруына ем таба алмай амалсыздан көрші елдердегі ақ халаттылар қызметіне жүгінеді. Бұл еліміздегі медициналық туризмнің ақсап тұрғанының дәлелі болса керек. Қазіргі уақытта Азия елдері арасынан медициналық туризм бойынша Қытай, Сингапур елдері көш бастап тұр. Бүгінде отандастарымыздың таңдауы Сингапур, Корея, Қытай, Израиль елдеріне түсіп отыр. Тіпті, бұл тізімге көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан да енеді. Аталмыш елдерде стоматологиялық қызмет Қазақстанға қарағанда арзан. Сингапурға туристерден келетін қаржылық пайда өте жоғары деңгейде. Ал бұл елде емделу өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, АҚШ пен Германиядағы медициналық қызметтен 40, Ұлыбританиядан 60 пайызға арзан. Сондай-ақ, Сингапурдағы клиникалар әлемдегі ең үздік емдеу мекемелерінің қатарында. Мұндағы клиникалар сапалы көпсалалы медициналық көмек көрсетуге негізделген. Медициналық туризмнің орталығына айналған елдерде шетелдіктердің емделу үрдісін жеңілдететін құрылымдар қалыптастырылған. Емделушілерге орнығу үшін арнайы орындар беру, аурухана мен дәрігерлер арасында байланыс орнатуды жүзеге асыратын және тұрмыстық мәселелерді шешуге көмек беретін аудармашы мен координатор дайындау ісі еш қиындық тудырмайды. Қазақстанда да осы мәселелердің тез шешілуі үшін әрекет ету қажет.

Негізінен, медициналық туризм тасқынында екі бағыт көрініс тапқан. Біріншісі, қызмет көрсету ақысы жоғары елдерден бағасы қолжетімді мемлекетке барып емделушілер. Екіншісі, медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге баратын азаматтар. Алғашқысына мысал ретінде Американы атауға болады. Онда медициналық тур бойынша сапар шегушілер саны 2012-2013 жылдары 750 мыңнан 3 миллион адамға дейін өсіп, бұдан өзге елдер 1 миллиард доллар табыс тауыпты. Ал екіншісіне бұрынғы кеңестік кеңістікте болған елдерді қосуымызға әбден болады. Соңғы жылдары өз еліндегі емдеу мекемелерінің шамасы жететін жай емдеу түрлерін де шетелден алуға әуестенушілер шоғыры қалыптаса бастады. Тіпті, шетелде босануды сәнге айналдырғандарды да жиі кездестіріп жүрміз.

Елімізде медицина саласын дамыту үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ... Шетел асып ем іздеген халық саны да азая қоймады, отандық медицинаның ахуалы да жоғары деңгейге жете қоймады. Егер бүгінде медициналық қызмет сапалы әрі арзанырақ болғанда жыл сайын шет мемлекеттердің қазынасына құйылып жатқан милллиондаған доллар өз еншімізде қалар еді. Қазақстандықтардың шетелде ем алуға да, дем алуға да жұмсайтын қаржысы өзгелердің біздің  Өзге елдің қазынасын өз қолымызбен толтырып отырсақ та, еліміздегі медициналық туризмді дамытуды әлі де жүйелі жүргізілер емес. Ал қазақстандықтардың ем алу үшін шетел асуы отандық медицина саласына үлкен сын екені сөзсіз.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары