1263
Қуғындалған ректор. Ағартушы Біләл Сүлейұлының үш суреті туралы сыр
Қуғындалған ректор. Ағартушы Біләл Сүлейұлының үш суреті туралы сыр
2016 жылы «Әдебиет» порталына жазушы Жанат Ақмадидің Біләл Сүлеев туралы мақаласы шыққан екен. Жақсы мақала болғанымен, берілген суреттегі тұлға – Біләл емес еді. Суреттегі кісі – Алаш оқығаны Қошке Кемеңгерұлы. Қателесті дейік десек, ғаламтор беттерінде Біләл Сүлеев болып жүрген осы – Қ. Кемеңгердің суреті екен. Сөйтсек, бүгінгі қазақ Б. Сүлейұлының суретін де білмейтін болып шықты. Ақырында, бұл тұлғаны халыққа толық таныту үшін архивке кірдік.
Тағдыр тасасында қалған тұлғалар өте көп. Архивке кіріп, құжат қараған сайын түрлі тағдырлы құжатпен танысамыз. Қаймана қазақтың игілігі үшін қиын-қыстау заманда жан-терін сығып жүріп қызмет еткен Біләл Сүлейұлы туралы құжаттар қызықтырды.
1893 жылы Баянжүрек тауының баурайында дүниеге келген бала Біләл сәби кезінен-ақ зерек те, алғыр болып өсіпті. Балдырған әкесінен тәлім алып, санауды ерте үйренеді. Қапал уезіне есімі жыға таныс, жұрт жақсысы Есенқұл Маманұлы Баянтауға ел аралап келгенде, Сүлейдің үйіне қонақ болып түскен екен. Сол кезде зерек бала өзінің алғыр қасиеттерімен мырзаның көзіне түседі. Дүниенің сырын білуге ынтық балаға құмартқан Есенқұл қажы Сүлейдің ұлын оқытуға ниет білдіріпті. Міне, содан кейін бала Біләлдің дана Біләлге айналған жұлдызды сәті туады. Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебіне оқуға қабылданып, әуелі әптиек, сауат ашу курстарын игеріп, сонсоң есептану, арифметика, жағырапия, әдебиет пен тіл ережелері, фикһ ілімін тауысады.
1911 жылы «Мамания» мектебінің сегіз сыныптық оқу жүйесін толық тәмамдаған үздік шәкіртін Есенқұл қажы Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға жібереді. «Ғалияның» ғақлиялық даналығын сіңірген Біләл тағы да оқуға ынтығып, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында ізденісін жалғастырған. Ақиқатында, Біләл Сүлейұлы – күллі қазаққа аты шыққан атақты бай, дәулетімен елінің мүддесіне қызмет еткен ақсүйек Есенқұл Маманұлы салған инвестицияның қайтарымы, жемісі. Сол өткен заманның ауқаттылары кедей-кепшіктің балаларын оқытып, азамат қылды. Еліне қызмет етер елшіл, ұлтшыл адамдар қатарын арттырды. Елінің елеулі ұлы болған Біләлдің игі істері көп екен. Алайда, арыс азаматтың өткен 2018 жылы 125 жылдық мерейтойы ескерусіз қалған. Тіпті, сол ағартушы, ақын, драматург Біләл Сүлейұлын санаулы зерттеуші ғана болмаса, көп адам біле бермейді.
[caption id="attachment_84141" align="alignnone" width="1772"] 1925 жыл[/caption]
І жаһан соғысы басталып, дүниенің астаң-кестеңі шыққанда, семинарияны үздік бітірген Біләл күншығыс майданына аттанды. Минскдегі Әлихан Бөкейхан жетекшілік еткен бұратана халықтар бөлімінде болып, оқ пен оттың арасында жүрді. Қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болған Біләл әрбір сарбаздың денсаулығына, амандығына жауапты еді.
Майданнан соң туған жеріне оралып, педагогикалық-ағартушылық қызметпен айналыса бастайды. 1916 – 1918 жылдары Қапалдағы татар мектебінің меңгерушісі қызметінде болады. Осы қызметінде жүріп, татар қызы Фатима Ғабитовамен танысып, шаңырақ көтереді. 1918 – 1927 жылдар аралығында халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу облысындағы қазақ ауылдары үшін екі жылдық бастауыш, аудан орталықтары үшін жеті жылдық орталау мектеп, облыс орталығы үшін тоғыз жылдық мектептер ашу ісіне себепкер болған. Б. Сүлеевтің бастамасымен ашылған бұл мектептердің түлектері оқуын тәмамдаған соң, советтік республикалардың жоғары оқу орындарында тегін оқуларына мүмкіндік алыпты.
Совет үкіметі орнаған тұста алашшыл Біләл Сүлейұлы оқу-ағарту саласында қайраткерлік, ұйымдастырушылық қырымен ерекшеленеді. 1927 – 1929 жылдары Ақтөбе облысының білім бөлімін басқарып жүргенінде Орынборға қоныс аударады. Орталық биліктің шешімімен Біләл Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге көшеді. Біләлдің айналасы үш жылда жеті-сегіз рет көшуі – қазақ балаларын оқытуға қолайлы арнайы оқу ұйымдарын даярлау екен. Мәскеуде айдауда жүрген Ә. Бөкейханның тікелей тапсырмасымен ағарту комиссариатына қарасты қазақтың оқу орындарын қазақ даласына көшіру ісіне жұмылдырылыпты. Бұл кезде Орынбордағы КИНО (Казахский институт Народного образование) Волга өлкесіне, Ташкенттегі КазПИ Өзбекстанға берілуіне байланысты Алаш оқығандарының араласуымен оқу орындарының педагогикалық құрамы Алматы мен Семей, Оралға көшірілген. Мәселен, қайраткердің жары Фатима Ғабитова күнделігіне «...Ағарту комиссариатының жоғары оқу орындарын ұйымдастыруда тәжірибесі бар, белді қызметкерлерінің бірі Біләл болғандықтан Орынбордағы мұғалімдер институтын Оралға, Ташкенттегі мұғалімдер институтын Алматы мен Семейге орналастыру Біләлға тапсырылған болатын. Сондықтан біз алдымен Орынбордағы мұғалімдер институтын Оралға алып барып орналастырдық та, Біләлдің өзі ректор болып белгіленген Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге августа көшіріп әкелгенбіз» деп жазыпты. Бұл естеліктегі деректер архив мәліметтерімен сәйкес келеді. Асылында, Біләл Сүлейұлы Семейде ашылған қазақ педагогикалық институтының алғашқы ректоры әрі ұйымдастырушысы еді, бірақ бүгінгі таңда сол Семейдегі оқу орынында ағартушының есімі де, өнегесі де ұмытылған. Өкінішті! Біләл 1930 жылдың тамызынан қыркүйегіне дейін ректор қызметін атқарды. Оқу орнының корпустарын жасақтады. Мұғалімдердің кадрлық құрамын бекітті. Жаңа ашылған жоғары мектепке студентті қабылдап, енді оқу жылын бастаған сәтінде «Алаш ісі» бойынша тергеуге алынып, сотталып кетті. Жазықсыз қамауға алынған қайраткер өзінің ақ екенін дәлелдеп, 1932 жылдың 5 қыркүйегінде босап, Сібірден Мәскеуге келеді. 1932 – 1934 жылдары Мәскеудегі оқу-ағарту басқармасында қызмет етіп, Қарақалпақстан АКСР – не басшылық қызметке тағайындалады.
[caption id="attachment_84142" align="alignnone" width="1871"] 1930 жыл[/caption]
1934 – 1937 жылдары Қарақалпақстанның оқу ісі бойынша халық комиссиары қызметін атқарған. 1937 жылдың қарашасында Нүкісте қызметте жүрген Біләл Қазақ АКСР – нің шақыруымен Алматыдағы КазПИ-ге оқытушылық қызметке келеді. Туған еліне келуді жаны қаламаса да, қайраткер саяси жүйенің қысымымен амалсыз Алматыға қоныс аударады. Сөйтсе, қызыл билік ағартушы Біләлді Ахмет Байтұрсынұлының орнына қызметке шақырған екен. Анығында, бұл уақытта Ахмет Байтұрсынұлы қамауға алынып, тергеуде жатқан еді. Амал не, желтоқсан айының басында КазПИ -де профессор болып жүрген жерінен екінші рет қамауға алынады. Біртуар перзент 15 Желтоқсанда ату жазасына кесілген екен. Ату жазасына кесілгендегі бар айыбы – алашшылдығы, Алаш қозғалысының құрамындағы саяси үгіт-насихаты және 1926 жылы Бакудегі Түркі халықтары лингвистерінің сиезіне қатысуы екен.
Қолымызға Біләл Сүлейұлының 1912, 1925, 1930 жылдары түскен үш суреті түсті. Бұл суреттер бұрын-соңды жарияланып, ғылыми айналымға түспеген болатын. 1912 жылғы сурет – азаматтың Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған сәті, ал 1925 жылғы сурет – Жетісу облыстық білім бөлімінде қызметте жүрген шағы екен. Осы суреттегі екінші адамның аты-жөнін анықтай алмадық. Соңғы сурет – 1930 жылы Семейде түсіріліпті. Семей пединститутына ректор болып тағайындалған тұсы болса керек. Ендігіде оқырман қауым, зерттеушілер Біләлдай қайраткердің суретімен жіті танысып, оның бет-әлпетін айыра алады деп сенеміз. Біләлдің үш суреті халықтың кәдесіне жарасын деп оқырманға ұсындық.
Болашақта тағы басқа архивтерден Алаш тұлғасына қатысты тың деректер табыларына бек сенімдіміз. Совет заманында жазықсыз жапа шегіп, қуғындалған ректордың әдеби-ғылыми шығармашылық мұрасы жинақталып, жеке кітап ретінде жарыққа шығуы тиіс. Өткенін қастерлеген, тарихи тұлғасын ұлықтаған елдің болашағы жарқын, тарихы шынайы болатынын естен шығармаған абзал...
Елдос ТОҚТАРБАЙҰЛЫ,
ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Фотолар автордың жеке мұрғатынан