Дипломатия жолбасшысы – Михаил Есенәлиев

Дипломатия жолбасшысы – Михаил Есенәлиев

Дипломатия жолбасшысы – Михаил Есенәлиев
ашық дереккөзі
1512
1928 жылдың 15 қыр­күйегінде Ресейдің Саратов облысында қазақ дипло­матиясының жарық жұлдызы болған Михаил Есенәлиев дүниеге келді. Тұлғаның қазақ дип­ломатиясының қарыштап дамуына сіңірген еңбегі зор. Михаил Есенәлиев КОКП ОК жанындағы Саратов заң мектебінің сырт­тай бөлімін тәмамдаған. 1945-1950 жылдары Халық сотында хатшы және сот орындаушысы болып қызмет ете­ді. 1952-1954 жылдары Мәс­кеу­дегі Орталық Комсомол мектебінде білім алады. Ал 1955-1961 жылға дейін Қазақстанда хатшылық қызмет істеп, кейіннен 1961-1964 жылдары Мәс­кеу­дегі қоғамдық ғы­лым­дар Академиясының аспиранты болып, философиядан дис­сер­та­ция­лық жұмысын қорғайды. 1964 жылы Қазақстанға қайта оралып, 69 жылға дейін Қазақстан Коммунистік партиясы Алматы қала­лық комитетінің екінші хатшысы болады. 1969 жылдан 1981 жылға дейін Қа­зақ­стан Коммунистік партиясы мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі болады. Ал 1981-ден 1989 жылға дейін Қазақ КСР сыртқы істер министрі болады. Аталған лауазымда Есенәлиевтің білікті дип­ломат ретіндегі қыры ерекше танылады. Михаил Иванович өзінің дипломат ретінде қалып­та­суы, ел дамуында дипло­мат­тардың ерекше рөлін баяндайтын, өзі­нің қызық пен жауапкершілікке толы қызмет пен өмір жо­лын­дағы сәттері туралы сипаттайтын алты кітаптың авторы. Кеңес Одағы делегациясы құрамында ол БҰҰ Бас ассам­блея­сының сессиясына қа­ты­сып, ұйымның жалпы отырысына бірнеше рет ат салысады. КСР Одақ Кеңесі Жоғары Президумының жарлығымен Михаил Есенәлиевке бірінші класты Төтенше және Өкілетті Елші атты дипломатиялық ранг беріледі. Сегіз жыл Қазақ КСР сыртқы істер министрі болған ол ұзақ уақыт Қазақстан Респуб­ликасы Сыртқы істер минис­трлігінің ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі лауазымында болды. Есенәлиев қызмет атқарған уақытта Қазақ КСР СІМ жаңа ғимаратқа көшіп, кадрлық өз­ге­рістер орын алды: сыртқы істер министрлігіндегі бар бөлімді кәсіби дипломаттар басқара­тын болды, бір жыл ішінде Есенәлиев техникалық қызмет­кер­лердің санын көбейтіп, СІМ-ді қызметтік көлікпен қамта­ма­сыз етіп, мамандар көлемін ұлғайта алды. Бәрінен бұрын Михаил Есен­әлиев дипломатиялық кадрлар дайындауда орасан зор ең­бек сіңірді. Мәселен, ол қазақ дип­ломаттарын ұзақ шетелдік іс-сапарларға аттандырып, іс-тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік жасады. Қазақстан­нан келген дипломаттар Үн­діс­тан, Йемен, Лаос, Ауған­стан, Вьет­нам, Ирактағы кеңес елшіліктерінде біліктіліктерін көтеріп, Германия, Қытай, Болгария мен Сирия және т.б елдерде тәжіри­бе­ден өте алатын жағдайға жетті. Өз естеліктерінде министр «Сол тұста бар маңызды шешімдер Мәскеуде қабылданатын еді. Сондықтан министр лауазымына тағайындалғаннан кейін рес­публика үшін дипло­ма­тиялық кадрларды даярлау мәселесін көтердім. Кеңестік Дипломатиялық академияға қосымша орын бөлу мүмкінді­гіне қол жетті, әрі тікелей, бұ­рын партиялық органдар ар­қы­лы ғана жүзеге асатын еді. Бұ­ған дейін Қазақстан дипломаттарды шетелге іс-сапарға жі­бе­ріп, тәжірибе алмасуға аттан­дыр­маған, бұл өз кезегінде рес­публиканың СІМ-дегі ма­ман­дардың біліктілігін арт­ты­руға кедергі келтірді», – деп жазады. Өзінің дипломатиялық көрегендігі мен ұмтылысы арқасында Михаил Иванович республикалық Сыртқы істер министрлігіне жеңілдік қарастыруға қол жеткізді. Осындай жауапкершілігі мол қызметті атқара жүріп Михаил Есенәлиев «За сильным духом», «Небоскрёб на Ист Ривер», «Размышления вслух», «Штри­хи к портретам», «Записки дипломата», «На грани эпоха» атты кітаптардың авторы. Сондай-ақ мерзімді басылым­дар­да мақа­ла­лар жариялап тұр­ды. Бүгінде Исиналиевтің бұл еңбектері жас дипломаттар үшін таптырмас оқу құралы саналады. Бұдан өзге жұлдызы жарық дипломат турасында «М.И.Есенәлиевтің таңдаулы еңбектері», «О чем говорят автографы», «Хаким. Михаил Иванович. Маке», «Михаил Исиналиев – политик и дипломат» сынды кітаптарда өмірі мен қызметі туралы пікірлер жарық көрді. Саналы ғұмырын мәмі­ле­гер­лік қызметке арнап, отандық дипломатияның дамуына ауыз толтырып айтарлық үлес қос­қан Михаил Иванович Есенәлиев Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет» орденімен, Ха­лық­тар достығы орденімен марапатталды. Философия ғылымдарының докторы, жас дипломаттарға ұстаз бола білген білікті дипломат Михаил Есенәлиевтің есімі қазақ дипломатия тарихында мәңгі жаңғыра берері хақ.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ, журналист

Серіктес жаңалықтары