427
Жастардың ұлттық рух императиві
Жастардың ұлттық рух императиві
Қазіргі күні отандық білім беру ісінің алдында, әсіресе оны жетілдіріп дамытуда өте ауқымды да қомақты мәселелердің тұрғаны мәлім. Әсіресе, қазақстандық гуманитарлық ғылым саласында, оның ішінде қазақ руханиятын дамыту мәселесінде түйіні шешілмей келе жатқан мәселелеріміз көп. Осы ретте, Елбасының: «Адам кешегісімен, қазіргісімен және келешегімен өмір сүреді», — деген орынды тоқтамын айтсақ та жеткілікті.
Тарихтағы талай империя ұлттық рухы көтерілгенде іргелі мемлекетке айналған, сонан айрылғанда ішінен ыдырап, берекетсіздікке ұрынып, пендешілдікке салынып әлсіреген, сонда сыртынан келген ұйымшыл жау күйреткенін бүгінгі әлемдік тәжірибе дәлелдеуде. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев көрегендік танытып, шашылған мәдени мұраларымызды жинауға қамқорлық жасап, Мәңгілік ел болу үшін Рухани жаңғыруды жолға қойғанда рух, руханияттылық мәселесін тиянақты түсіну, соларға сәйкес мәнді іс бастауға мұрындық болды.
Елбасының қазақ елін Мәңгілік ел қатарына қосу үшін де бұрын бастаған «Мәдени мұра», қазір жалғастырып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалары қазақ ұлтының рухын көтеруге арналған. Бұл келер ұрпағымыздың әлемнің озық елдері өкілдерімен өздерін тең сезінудің іргетасын тұрғызу болып табылады.
Есімізде, 2018 жылдың 12 сәуіріндегі Нұр-Сұлтан (Астана) қаласындағы арнаулы зиялылар басқосуында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан аударма ісінің алғашқы нәтижелерімен таныстырған Еліміздің тұңғыш Президенті: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс», — деп мәлімдеген болатын. Сол Елбасының әлемдік білім беру саласындағы таңдаулы туындыларды аудару арқылы бүгінгі жастарға заманауи технология талаптарына сай білім алуға мүмкіндік туғызу тұрғыдағы сындарлы саясаты қарқынды деңгейде жүзеге асырылуда. Биылғы оқу жылында тағы да 30 оқулық білім беру айналымына енгізілді. Оқулықтардың тілі ұғынықты, талдамгерлік тұстары ой ұшқырлығын жетілдіруге септігін тигізіп жатқанына куәміз және оны өз тәжірибемізден байқаймыз. Бұл бүгінгі білім алушы жас мамандарға кәсіби шыңдалу үдерісінде маңызды мағлұмат болатыны анық. Демек, оқулықтарда мысалдар арқылы талдау жасай отырып, оқырман назарын оның күрделі әлеміне енуге жол ашады. Осы арқылы жас маманның интуициясын жетілдіруге бағыт сілтей отырып, оның кәсіби функционалдық сауатын ашуға тырысады.
Осы ретте, Ұлттық аударма бюросының 2019-2020 оқу жылдары қарсаңында жоғары білім берудің оқу бағдарламаларындағы жаңартылған технологияға сәйкес ұзақ мерзімге арналған іс-шараларына куә болғанымызды айтпақпыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың шілде айының 7-13 аралығында көптеген пәндер бойынша онлайн-дәрістер оқылып, қашықтықтан бақылау тапсырмалары әзірленіп, тестік бақылау сұрақтарының базасын жасауға қатыстық.
Сонымен бірге, «100 оқулық» бағдарламасы аясында аударылған оқулықтардың онлайн-дәрістері бойынша тест-сұрақтардың жүйесін қалыптастыруға қатысқан мамандардың қатарында болдық.
Қорыта айтқанда осының бәрі ұлттық білікті маманды қалыптастырудағы, білім беру саласын цифрландыру, оны білім алушыға икемді де тиімді ету амалдары деуге болады. Сайып келгенде рухы мықты интеллектуалды ұлтты қалыптастыру жолындағы ізгілікті шара деп білеміз.
Дәулетбек Раев,
Абылай хан атындағы Халықаралық
Қатынастар және әлем тілдері университеті
профессоры, философия ғылымдарының
докторы