244
Биыл 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған
Биыл 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған
Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановты қабылдады. Кездесуде «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландыруға қатысуы туралы әңгіме болды.
Сондай-ақ, Айдар Әріпханов әлеуметтік жағдайы төмен топтағы азаматтарға арналған қолжетімді тұрғын үй құрылысы, ШОБ-ты қолдау, елдің экспорттық әлеуетін және «қарапайым заттар» экономикасын дамыту, Қазақстанның Даму Банкі желісі бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі холдингтің атқарған жұмыстары туралы мағлұмат берді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда құрылыс жұмыстары 6,9 пайызға өскен. Мамандар бұл «Нұрлы жол» аясында инфрақұрылымды енгізуге байланысты дейді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері 2020 жылға қарай 4,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделіп отырғанын айтқан еді.
ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен шілде соңында өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары екенін айтты.
«Осы жылдың соңына дейін 118 мың тұрғын үй салуды жоспарладық. Жарты жылдық қорытынды бойынша 48 925 тұрғын үй берілді. Тұрғын үйді уақтылы беру үшін құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникация жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылған», – деді Р.Скляр.
Жарты жылдық қорытынды негізінде қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 36,8 млрд теңге аударылды, оның 35,8 млрд теңгесі немесе 96,1% игерілді. Көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылды. Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылды, оның 9,6 млрд теңгесі немесе 99,6% игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді. Сонымен қатар Р.Скляр жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын атап өтті. Аз қамтамасыз етілген отбасыларды жылдық 2% жеңілдікпен несиелендіру аясында «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» 50 млрд теңге бөлінді. Өңірлер арасындағы несие беру лимиттері кезектегілер санына барабар анықталған. 15 шілдеде банк төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау бойынша кезекте тұрғандардан өтініш қабылдауды бастады. Қарауға 9,9 млрд теңге сомасына 920 өтініш түсті. Несие беруге 1 млрд теңгеге 91 өтінім мақұлданды. Елбасының тапсырмаларын іске асыру аясында «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуде тұрғындарды жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде қолданыстағы және жаңа іс-шараларды қаржыландыру тетіктері пысықталуда. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа редакциясын бекіту жоспарлануда.