Білім несиесімен оқыған студенттердің біразы қарызын қайтармаған

Білім несиесімен оқыған студенттердің біразы қарызын қайтармаған

Білім несиесімен оқыған студенттердің біразы қарызын қайтармаған
ашық дереккөзі
534

Білімді ұрпақ, саналы азамат тәрбиелеу әрбір мемлекет үшін маңызды. Қазақстанда да жастардың толыққанды білім алуы үшін барлық жағдай жасалып, мүмкіндіктер қарастырылған. Жастар сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елдің дамуына өз үлестерін қосса болғаны. Елімізде жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін мемлекеттік гранттар бөлінген. Бірақ бұл барлығына бірдей жеткілікті емес. Сондықтан, талапкерлердің көпшілігі ақылы негізде білім алуға мәжбүр. Тіпті, оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ ынталы жастар үшін білім несиесі де қарастырылған. Білім несиесі қалай беріледі?

Білім несиесі – талапкерлер үшін білім алуды жеңілдетудің бір тәсілі. Мемлекеттік білім беру грантынан қағылып, ақылы негізде оқуды қалтасы көтермейтін қарапайым талапкерлер үшін жоғары білім алудың бір мүмкіндігі ретінде білім беру несиесін алуға мүмкіндік бар. Аталған несие алғашқы кезде сұранысқа ие жаратылыстану, медицина және техникалық мамандықтар бойынша ақылы негізде оқып жатқан әлеуметтік жағдайы нашар студенттерге берілуі тиіс болды. Кейіннен білім беру несиесі барлық мамандықтар бойынша беріледі деген шешім шығарылды. Техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен талапкерлерге несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Несие алуға үміткер студенттерге қойылатын арнайы талаптары да бар. Несие әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-аналары мүгедек немесе ата-анасы зейнеткерлік жасына жеткен және көп балалы отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Сонымен қатар оқу үлгерімі жақсы болуы тиіс. Ал білім беру несиесін алу үшін талапкер кепіл қоюға міндетті емес. Өйткені білім несиелері Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның кепілдігі бойынша беріледі. Сонымен қатар, «Қаржы орталығы» білім несиелерін қайтаруды қамтамасыз ету, «Мемлекеттік білімді жинақтау жүйесі» бағдарламасын үйлестіру, орта білімді жан басына нормативтік қаржыландыру, «Білім туралы» Заңға сәйкес түлектерді жұмысқа орналастыру міндеттерін де қоса атқарады. Қазір «Қаржы орталығымен» бірлесіп жұмыс істеп жатқан 3 банк бар. Олар: «Халық Банкі», «Форте Банк»,  «Ресейдің жинақтаушы банкі». Несиенің жылдық пайыздық ставкасы және өтеу мерзімі әр банкте әртүрлі. Білім кредиті «Форте банкте» тұрақты 10 жылға дейінгі мерзімге 10 пайызды құраса, «Халық банкі» 15 пайыздық ставкамен 10 жылға береді. «Ресейдің жинақтаушы банкі» 22 пайызбен 12 жылға дейін береді. «Қаржы орталығының» сайтында банктердің несие беру ережелері осылай көрсетілген. Мемлекеттік білім беру несиесі білімгерлерге 15 жылға дейінгі мерзіммен білім алу ақысын төлеу үшін берілсе, мемлекеттік студенттік кредит білім алушыларға тамақтану, қоныстану және оқу әдебиеттерін сатып алуға кететін шығындарды өтеу үшін 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Мұндай несиелер талапкерлерге конкурстық негізде, яғни, кешенді тестілеу нәтижелері бойынша беріледі. Кепілді білім несиесі бойынша құжат қабылдаудағы басты шарт – талапкердің ҰБТ нәтижесі бойынша көрсеткіші 65 балдан кем болмауы керек. Сонымен бірге, студент оқу барысында да үлгерімін төмендетпеуге міндетті. Себебі несие толық оқу жылына бөлінгенімен, әр оқу семестрі сайын беріліп отырады. Ал студент өзінің оқу үлгерімі туралы анықтаманы әр семестр сайын банкке өткізуі керек. Демек, білім беру несиесі жастардың білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды үздік студент атануға ынталандырады. Несие шарты бойынша ең алдымен талапкер мен банк арасында ақылы негізде оқу үшін несие алу туралы келісімшарт жасалады. Содан кейін банк талапкер таңдаған жоғары оқу орнына несие берілетіндігі жөнінде анықтама жолдайды. Мемлекеттің кепілдігімен берілген несиені студент оқу бітіріп, дипломды қолға алғаннан кейінгі 6 айдан бастап қана төлеуге міндеттеледі. Банктер талапкерге несиені ұсынғанда оны қайтарудың нақты мерзімі мен шарттарын көрсетеді. Ал қарыз алушы несиені өтеуді банктің талаптарына сай жүзеге асыруы тиіс. Білім несиесін алған талапкерлерге жеңілдік кезеңі де ұсынылады. Яғни, студент жоғары оқу орнында оқыған жылдарында және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға жұмсалатын 6 ай ішінде қарызды өтеу міндетті емес. Бұл уақыт аралығында қарыз алушы тек пайыздарды ғана төлесе жеткілікті, ал жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін негізгі қарызды төлеу мерзімі басталады. Егер қарыз алушы несиені өтеу міндеттемелерін орындамаса, банк несиенің кепілдендірілген сомасын төлеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ, қарыз алушының несиені өтеу міндеттемелерін орындамағаны туралы «Қаржы орталығына» хабар жолдайды. Бұл жағдайда «Қаржы орталығы» банкке кепілдік міндеттемелер сомасын төлейді. Ал банк «Қаржы орталығына» несие қарызын өтеу құқығын береді. Осыдан кейін несие бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған қарыз берушіге қатысты «Қаржы орталығы» заңға сай шаралар қабылдайды. Ең алдымен, «Қаржы орталығы» қарыз алушының мерзімі өткен борышы туралы ескерту жасайды. Ал борышкер қарызды өз еркімен төлемесе, «Қаржы орталығының» бұл қарызды сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда төлемдерді кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыппұлын негізгі қарызбен бірге төлеу қажет.

Білім несиесін өтемегендер қара тізімге ілігеді

Елімізде мемлекеттік білім несиесі бағдарламасы бойынша 1999-2005 жылдар аралығында 60 мыңға жуық студент 15 миллиард теңгеден астам несие алған. Ал 2005 жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру жолында» атты Жолдауына сәйкес мемлекеттік білім беру несиесі бойынша оқып жүрген студенттердің барлығы мемлекеттік білім грантына ауыстырылды. Ол кезде білім беру несиесі бойынша студент атанғандардың саны 58360 адам болатын. Мемлекеттік білім грантына ауысқан студенттердің басым көпшілігі ережені дұрыс түсінбей, бұрынғы несиені төлеу міндеттемелерін естен шығарып алған еді. Яғни, мемлекеттік білім беру несиесінен грантқа ауысқан студенттер өздерінің бұрынғы несиелерін төлеуді ұмыт қалдырған. Алайда кредиттік оқу нысанынан грантқа ауыстырылуы борышкердің 2005 жылғы 1 қыркүйекке дейін алған қарызын қайтару міндеттемесінен босатпайды. Сондықтан, қарыз студент грантқа ауыстырылғанға дейін оны оқытуға жұмсалған несие сомасын өтеуге міндетті. Алайда 10 жыл уақыт бұрын мемлекеттің қолдауымен диплом алған түлектер несие қарыздарын өтеуге әлі де асығатын емес. Барлығы бірдей грантқа ауысып, кейін ешбір сұрау салынбағандықтан, білім алу үшін алған қарыздарын мемлекет ұмытты деп ойлаған түлектердің қатары әлі де көп. Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» түлектердің өтемей кеткен бұл қарыздарын биылғы жылы қайтадан іздестіре бастады. Соның нәтижесінде қазір білім беру несиесінің қарызын өтемеген түлектерге жиі-жиі соттан жолданған хаттар жетуде. «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры Мәди Шабаров: «Келісімге сай диплом алған мерзімнен 6 ай өткенде студенттер несиелерін төлей бастауы тиіс. Ол сома өспейді, өзгермейді, тек 10 жыл ішінде оны өтеп аяқтау қажет. Алайда бүгінге дейін 58 мыңның 15 мыңы ғана төледі. Сондықтан, біз оларды сотқа тартуға мәжбүрміз. Білімге бөлінген 15 миллиард теңгеден қазынаға 6 миллиардқа жетер-жетпес қаржы қайтарылды. Оның 30 пайызы соттың көмегімен өтелген. Сол қилы кезеңнің түлектері болса, дер кезінде әрі анық ақпарат бермеді деп кінәні мемлекеттің өзіне тағып отыр», – дейді. Мемлекет алдындағы қарызын өтеуден қашқан борышкерлердің несие өтеуін қайтаруға белсене кіріскен «Қаржы орталығы» биылғы жылдың күзінде тағы бір мәлімдеме жасады. Орталықтың мәліметіне сүйенсек, енді білім несиесін төлемегендердің деректері несие тарихына енгізілетін болады. Сөйтіп, мемлекет алдында несиесін өтемеген студенттер қара тізімге ілігеді. Заң жүзінде 180 күннің ішінде білім алу үшін берілген несиені төлемегендер туралы дерек тез арада несие бюросына жөнелтіледі. Содан кейін несие алуға ниеттенгендер банктің есігінен де сығалай алмайды. Студенттерден несие қарызын өндірудің жаңа жүйесі қыркүйек айында басталғанымен, өз жұмысын қарашадан бері қарқынды түрде жүргізуде. Мәселен, қазіргі уақытта 7 мың студенттің тізімі несие бюросының базасына енгізіліп үлгерді. «Бүгінгі күні 16 мың студент өз еріктерімен несиелерін жапты. Бұл жұмыс биыл да, келесі жылы да жалғасын табады. Несие бюросына келесі жылдың аяғына дейін шамамен қарызын қайтармаған 30 мың студент туралы мәлімет жібереміз. Сондықтан, студенттер уақытында несие жаппау ертеңгі күні несие алғанда қиындық туғызатынын түсінуі керек», – деп ескертті «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры Мәди Шабаров. Жалпы, несиелендіру бағдарламасы бойынша оқыған алғашқы студенттердің қарызды төлеу мерзімі 2014 жылы аяқталған болатын. Алайда олардың кейбірі мемлекет алдында қарызы бар екенін әлі күнге дейін білмейді. «Бізге мемлекет несиені өтеуге тиіс екенімізді неге дер кезінде ескертпеді?» деп кінәні білім алуға мүмкіндік берген «Қаржы орталығын» жазғырып отырған түлектердің қатары артуда. Әрине, білім несиесінің қарызын қайтармау себептері де әр түрлі. Кейбір қарызгерлер қаржылай мүмкіндіктері болмағандықтан несиені өтемесе, енді бірі несие бойынша міндеттерді орындау жөнінде хабардар болмаған. Тіпті, қарызын төлегісі келмей жүрген түлектер де кездеседі. Мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, қолдарына диплом алған мамандардың мұндай әрекетіне несие берушілер де өкпелі. Өйткені алғаш несие берілген тұста жасалған келісімшартта барлық ережелер мен талаптар анық көрсетілген. Ал мемлекет қаржысына оқығандар мұны неге естен шығарып алғаны түсініксіз. Бүгінде борышкерлердің несие қарызын қайтаруды мықтап қолға алған «Қаржы орталығы» барлық қарыздың өтелетініне сеніп отыр. Қазірдің өзінде қарызгерлердің көпшілігі сот алдында жауапқа тартылып, мемлекет алдындағы қарызы өндірілуде. Борышкерлердің мемлекет алдындағы қарызын өндіру жұмыстары мұнымен де шектелмейді, «Қаржы орталығы» білім несиесі арқылы оқыған студенттердің барлық борышын қайтаруды әрі қарай да жалғастыра бермек. Жасыратыны жоқ, білім беру несиесі жоғары білімді маман боламын деген талапкер үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған бір мүмкіндік, бір қамқорлық. Тек осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білген жөн. Алайда 2005 жылдан бастап 2013 жылға дейін білім беру несиесін алған студенттердің саны 3 мыңға жетер-жетпес болыпты. Оларға ұсынылған несиенің көлемі 1,4 миилиард теңгені құрайды. Білім беру несиесі арқылы оқуға ниетті жандардың санының аздығына қарағанда, білім несиесі туралы әлі де бейхабар жандар көп секілді. Оның үстіне, бүгінге дейін баласын оқуға түсіру үшін қорасындағы соңғы малын базарға сүйрейтін ата-аналар қатары әлі де аз емес. Ал мемлекет ұсынып отырған білім несиесі ата-ананың қалтасына ешқандай салмақ салмас еді. Бірақ несие арқылы оқыған студенттер «әр нәрсенің де өтеуі болатынын» естен шығармағандары абзал.

Серіктес жаңалықтары