940
Ахмет туған үй қараусыз қалды
Ахмет туған үй қараусыз қалды
5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және 2017 жылғы 31 қазаннан бері ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы тілдері күні.
1872 жылғы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Ақкөл ауылының Сартүбек атырабында дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлы – алты алаш ұлысына аты шыққан дегдар. Сан қырлы санаткердің жазған теориялық тұжырымдары мен ойлары уақыт өткен сайын туған елінің қажетіне жарап келеді. Өзі өлсе де, сөзі өлмеген асыл бабаның рухына көрсетер перзенттік парыз жағына келгенде, бүгежектеп қалатынымыз бар. Мәселен, ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында қайтадан қалпына келтірілген Ахаң туған үйдің бүгінгі ұсқыны адам көргісіз кейіпте. Үйдің маңындағы 300 метрлік жерде Байтұрсын әулетінің қорымы бар. Сол қорымды қоршап тұрған темір шарбақтардың көбін ел-жұрт пайдасына жаратқан сияқты. Ал үйдің сылағы түсіп, ажары қашқан. Егер оразды елдің баласы болсақ, сол үйді жайнатып, бөлмелеріне сөре қойып, арнайы экспозиция жасақтайтын едік. Ахметтің балалық шағы, өскен ортасы, ата-тегі, бауырлары туралы мәліметтер топтастырылса, өркениетті мемлекеттердегі «Ашық аспан астындағы музей» дейтін сондай-ақ болар тегі.
«Өлі риза болмай, тірі байымас» дегенді ескеріп, аруағы шалқар бабаның рухына шынайы құрмет көрсетіп, оның туған үйін тағы да күрделі жөндеуден өткізіп, игілігі мол мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобалары аясында тозығы жетіп, жазуы өшкен белгітасты жаңартса және бала Ахмет пен айдауға ұшыраған Байтұрсынның өмір жолынан хабар беретін композициялық ескерткіш орнатса болар еді. Мысалы, ақынның мына бір өлеңіндегі оқиға: «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам». Бұл өлең әкесі Байтұрсынның елді қинап, жерін алған озбыр ояз Яковтың басын жарып, 15 жылға Сібірге айдалғанында жазылған екен. Бала Ахмет әкесінің айдалғанын өз көзімен көрген еді. Дәл сол тарихи үйдің маңында он үш жасар бала Ахмет пен қайсар мінезді Байтұрсынның ескерткіші тұрса қандай жақсы!
2022 жылы ұлы ағартушы, біртуар саңлақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Иек астында тұрған ертеңіміз үшін осынау тарихи үйді, оның айналасындағы ата бейітті мемлекет қорғауына алып, жанашырлық танытсақ игі еді. Сосын «Музейлер қаласы» атанған Торғай ауылы мен Сартүбек атырабын жалғап жатқан ескі жолды жөндесе, Ахмет туған топыраққа еш қиындықсыз жетер едік. Әйтпесе бұл жерге жету деген қиямет қайымның нақ өзі. Жер құрғақта ғана болмаса, ауа райы мінез танытқан басқа мезгілдерде бару мүмкін емес. Саналы ғұмырын ұлтының келешегіне бағыштаған, қара басының қамын емес, азапты елінің тағдырына алаңдаған, сол сорлы елін алып ұлысқа айналдырамын деп жүріп оқ құшқан қайран арыс туған топыраққа дүйім ел болып құрмет көрсете алмасақ, «сүйекке түскен таңба» болмайтын ба еді?!
Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласында тұрған үйінің де жағдайы мәз емес. Бүгінде тұлғаның музей-үйі болып тұрған бұл тарихи нысанның әлі күнге дейін республикалық музей мәртебесін ала алмай жүргені және мемлекеттік бюджет балансына енбей, жеке меншік болып тұруының өзі ұят! Музейдің күтушісінен басшылығына дейінгі мамандардың бәрі де осы мәселені көтерген сайын олардың жанайқайын еститін жөн болмай тұр. Өкінішті!
[caption id="attachment_85315" align="alignnone" width="1280"] Ахаң сабақ берген Қостанайдағы екі сыныптық училище ғимараты[/caption]
Жуырда Қостанай қаласында тұратын белгілі ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы университетінің профессоры Алмасбек Әбсадық: «Қостанайда Ахаң сабақ берген екі сыныптық училище ғимараты бар. Ол осы біздің оқу орнына жақын. Онда қазір көркем өнер мектебі орналасқан. Бұл ғимаратты университет балансына беру туралы қалалық әкімдікке хат жаздық. Әзірше жауап жоқ. Біздің мақсатымыз – бұл жерді Ахаңның мұражайына айналдыру. Онда жалғыз Ахаңа қатысты емес, Тобыл-Торғай өңірінің талантты тұлғаларының мұражай-галереясын жасасақ деген ой бар. Өйткені, Қостанайдан шыққан Социалистік Еңбек ері, саңлақ актер Серке Қожамқұлов, актер Қапан Бадыров, мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, оқымысты ғалымдар Манаш Қозыбаев, Асқар Закарин, композитор Әбілахат Еспаев, Бақытжан Байқадамов сияқты есіл ерлердің есімдері елеусіз жатыр» деп айтып еді. Және алаштанушы-ғалым ағамыз тарихи ғимараттың суретін де жіберген болатын. Ғимарат қаланың қақ ортасында орналасқан. Егер Қостанай облысының әкімдігі осы ғимаратты Ахмет атындағы оқу орнының балансына берсе, дәл осы үйде Ахмет және қостанайлық арыстар музейі ашылса, қала мәдениетінің келбетіне айналары сөзсіз.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек деген ауылда Ахмет ашқан мектеп әлі күнге дейін сақталып тұр. Бұл мектепте қазір ауылдық кітапхана орналасқан екен. Осы ғимаратты да мемлекет қорғауына алып, белгітас орнатып, музей ретінде ашу керек. Дәл осы мектеп Ахаңның ізі қалған, бала оқытқан жері. Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырбаянының Қарқаралы кезеңіне қатысты деректер мен мұраларды осы музейге топтастырып, жинаса бір олқылықтың орны толар еді. Әрине, бұл ойымызды Қарқаралы ауданының басшылығы ескерсе...
Осы біз Ахмет Байтұрсынұлын мыңжылдық дәуір адамы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының теориялық негізін қалаған реформатор ғалым, ойшыл, қайраткер деп дәріптейміз, мақтанамыз, бірақ неге оны іс жүзінде құрметтеуге, рухына тағзым етуге келгенде аянып-ақ қаламыз?! Бұл елдігімізге, қазақтығымызға сын болар!
Елдос ТОҚТАРБАЙ