Қозы-Көрпеш Баян сұлудың мазарын кім салған?

Қозы-Көрпеш Баян сұлудың мазарын кім салған?

Қозы-Көрпеш Баян сұлудың мазарын кім салған?
ашық дереккөзі
1724
Қозы Көрпеш — Баян сұлу  мазары Аягөз өзенінің оң жағалауында. Таңсық станциясынан 5 шақырым жерде. Поезға мінген жолаушыларға шошайып көрініп тұрады. Бұл жерде бұрында «Таңсық» совхозы орналасқан. 70-жылдары осы жердің Е.Омаров деген тұрғыны болды. Отыз атаны таратып отырушы еді. Бірақ Қарабайдың, не Қозы Көрпештің қай елден екенін білмейтін. Ал Қозы Көрпеш — Баянның мазарын салған Болат деген елдің Сарыұста деген адамы деп отыратын деген еді. Содан бері отыз жылдан асты. Сарыұста деген кім, үрім-бұтақтары бар ма, Болат қай ел деп, құлағымызды түріп, жүрген жерлерден сұрап, тарихи шығармалардан  оқып келеміз. Там-тұмдап жинағаным бар. Сарыұста Шекенұлы 1500-1600 жылдары өмір сүрген. Ол кезде қазақ хандығының әбден қалыптасқан кезі еді. Жоңғар мемлекеті әлі пайда болған жоқ. Қазақ хандығын нығайтуға сол кездегі хандары Қасым (1511-1522), Хақназар (1538-1580), Тәуекел (1582-1598 ж.ж.), Есім елеулі үлестерін қосқан. Осы кездерде әсіресе, сәулет өнеріне айырықша мән беріліп, өркендетуге күш салған. Жаңадан қалалар салынып, ескі қалалар одан әрі көркейген еді. Шет елдермен (Қытай, Ресей,  Иран, Ауған, Араб)  ішкі сауда күшейген, айналымға шыға бастаған. Мазарлар мен мавзолейлер көптеп салына бастаған. Соның бірі Қозы Көрпеш — Баян сұлу мазары. Бұл ма­зардың Сарыұста заманында салынғанын Қазақстан археологтары да дәлелдеген. П.Агапов, М.Кадырбаев «Сокровища древнего Казахстана» (А.А.1997 г.) деген кітап-альбомында «Мавзолей Козы Корпеш — Баян сулу XVI-XVIII в.в. Памятник своеобразной формы и конструкции» деген.   Ел арасында мынандай аңыз қалған. Сарыұстаның шын аты Бердібек екен. Арғы аталарының бірі — Алтын Орда ханы Бердібек деген болып тұрғанда сол хан ордасында қызмет етіпті. Сондықтан ханның атын берген. Аталары қыста Қаратал өзенінің оң жағалауы Үшқара тауларын, кейде Балқашты жағалап Арқарлы, Арғанаты тауларын мекендейді екен. Жазда Шыңғыстау, Тарбағатай тауларын жайласа, бірде тіпті Емілді өрлеп Сәуір тауларына шығады екен. Қыс қатты жылдары Сарысу бойларын мекендеп, Бетпақтың ішіне терең бойлайтын жылдары да болған. Сарыұста жас кезінен ағаш шеберлігі, үй қалау, қылыш, айбалта, сауыт-сайман соғу мамандығын меңгерген. Жетісуда, Сарыарқада мазарлар салуға қатысады. Сол ескі салтпен ХV-ХVІ ғасырларда қазақ хандары да өз белгілерін тұрғыза бастайды. Соның бірі 1500-1600 жылдары салынған Қозы Көрпеш — Баян сұлу мазары. Бұл мазар көне сауда жолы – Жібек жолының бір тармағы оңтүстіктен солтүстікке баратын жол жағалауына салынған. Дәл осы жерден жол екіге бөлініп, бір тармағы шығысқа, Алакөлді жағалап Қытайға қарай кетеді. Бұл жолдармен үздіксіз саудагерлер де, әскери жасақтар да, жай шаруамен жүрген жолаушылар да, көшіп-қонған көш те үздіксіз жүрген. Осы жерге Қозы мен Баянның мазарын салуды хан Сарыұстаға жүктеген дейді. Мазар салуға көп халық жинайды. Алғашқы жоба бойынша мазарды қазіргі тұрысынан басқаша, әлдеқайда үлкен етіп салмақшы болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мазарға тасты Арғанаты тауынан төртбұрышты қылып  дайындайды. Мазарды алғашында Аягөз өзенінің сол жағалауына салмақшы болып, тасты жинай береді. Қанша уақыт тасып жинағаны белгісіз. Ал Арғанаты   мен   мазардың арасы 70-80 шақырым. Дегенмен ма­зар салмай тұрып мынандай оқиға болады. Мазарды   келесі   жылы бастаймыз де­ген қыста қар қалың жауады. Көктемде Аягөз өзені бастау алатын Тарбағатай тауының қары ерте бұзылып, тасқын болады. Оның үстіне тақауда тұрған кө­гіл­дір тауларының еріген сулары  қосылады. Ал тас ойпаң жерге жиналған. Келесі жылы және тасқын болып, жиналған тас су астында екі рет қалып, қалың лай басып, топырақ құм жауып тастапты. Содан мазар салу кейінге қалады. Арада жылдар өткен соң мазарды өзеннің оң жағалауына бір дөңгелек жоталы жерге сала бастайды. Тасты топырақ, құм арасынан аршып арғы жағалауға тасиды. Екі ара жақын. Осы кезде халық жиналып қолдан-қолға беріп тұрыпты. Мазар дөңгеленіп, төбесі күмбезденіп, бұрынғы ойлағаннан кішірек болып салынады. Мазарды сақтау мақсатымен 1950 жылдары «Таңсық» совхозының басшылары мазарды сыртынан таспен қоршаған. Ал мазар бұрынғы бейнесін өзгертіп, басы үшкілденіп кетеді. Биіктігі бұрын 12 метр болса, қазір 14 метр. Қазір ол жер теп-тегіс жазық. Бетін 15-20 см қазса, астынан алғашқы жинаған төрт бұрышты, құрылысқа дайын тастар шығады. Жіктеліп жиналған тастардың тереңдігі 3 метрге дейін барады және қатарындағы жиналған тастардың жігі көрініп тұрады. Бұл жерді жергілікті халық қазір «тас қала» дейді. Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде Қозы Көрпеш — Баян сұлу мазарына Аягөз өзе­ні тасып жатқандықтан бара алмағанын жазып қалдырған. Бірақ Қозының, Баянның және жолдас қыздарының тастан жасалған мүсінінің суретін салып кеткен. Ал мүсіннің қай жерде тұрғанын айтпайды. Сарыұста Қозы мен Баянның мүсінін салуға кіріседі. Ол үшін керекті тас іздейді. Қажетті қызғылт мәрмәр тасты Тарбағатайдың Ақшәулі шыңының етегіне жақын жерден табады. Қазір ол жерге Знаменка селосы орналасқан. Өзінің қарамағындағы адамдардан қырық шақтысын таңдап алып, Ақшәулі мен Қоңыршәулі тауларының арасына, Қаракөл мен Ай өзендерінің жақындаған бас жағына көшіп келеді. Бұл жер күре жолдардан алыс, мал ұстау мен егін салуға өте қолайлы болып шығады. Таудан ағатын кішкене өзеннің бойына үй салып алады. Солтүстіктің суық желінен Ақ­шәу­лі, оңтүстіктің, шығыстың желдерінен Қоңыршәулі қорғайды. Сол жерден ұсталық  дүкен ашады да оған Шәкірті деген өзеннің бойынан ескі көмір кенішінен таскөмір жағып пайдаланады. Шеберлер тас қашауға құрал-саймандар, күнделікті өмірге үзеңгі, таға, шеге, пышақ сияқты заттар жасайды. Біраз адамдар мал бағып, сауын сауса, біразы Ақшәулінің бауырына егін егеді. Өзі бастаған бірнеше адамдар мүсінге керекті сом тастар шабады. Осылардың бә­рі алыс емес, өздері қоныстанған жер­дің төңірегінде болады. Бұлар мұнда қанша жыл отырғаны айтылмайды. Бірақ бірнеше жыл ішінде үш адамның кісі бойынан биік мүсіндерін даярлайды. Бірі Қозы Көрпеш, екіншісі Баян, үшіншісі оның жолдас қызы Айқыз дейді. Бұл мүсіндерді жасап болғаннан кейін, сүйретпе деген жасап, соған салып жеке-жеке Аягөз өзенінің бойына тасиды. Бұлар отырған жер алғашында «Мың­бұ­лақ» кейіннен жиырма бесінші партия атындағы совхозға беріледі. Жердің аты әлі күнге дейін «Қырық үй» деп аталады. Ескі үйдің орны әлі бар. Ал Сарыұстамен бірге болған адамдар үй-ішімен болады. Олар өздерін «қырық үй қарамыз» деп атаған. Қырық үй қара дегені бұлардың арасында сұлтан мен төрелер болмаған. Өздерін-өздері, яғни Сарыұста (Бердібек) басқарған. Бәрі де қара, қарапайым қазақтар болған. Қазіргі кезде Үржар аймағында «еліміз қырық үй қара» деген кішкене тап бар. Олар өздерін Балташымыз, одан Сарыұстамыз, одан қырық үй қарамыз. Аталарымыз шебер, ұста болған. Үй салған, қару-жарақ соққан дейді. Қазір қырық үй қара бір жүз жиырма шаңырақ деп айтып отырады. Тас мүсіндерді сүйретпеге салып, Аягөз өзеніне әкелгеннен кейін, алдымен мүсіндерді орналастырып, одан кейін мазардың қабырғасын қалайды. Ішінде тас мүсіндер қойылған мазар тұрады, Семей қаласының қорғанын және шіркеуін салдырған басқа сәулетші архитектор И.Г.Андреев деген өзінің 1752 жылы жазылған «Описание средней орды киргиз-кайсаков» деген кітабында «При реке Аягузе находится древнее строение, построенное из дикого плиточного камня, наподобие пирамиды; стены внутри убраны, ровно как вытесены... и все строение укреплено по древнему азиатскому обыкновению деревянными связами. Внутри поставлены три статуи; одна мужская, а другая-женская рядом, их коих мужская с опущенными вниз руками, а у женской одна опущенная, а другая приложена к груди, как бы что принимала, коим статуям киргизцы, по суеверию своему, в руку сию кладут приношения. Третья стоит плодаль у стены, смотрящая в окно; величиною все в совершенной человеческой рост, иссеченные из камня. О мужской статуе сказывают что то хан древний Кузукурпеч, а женщине его жена Баян, а третья — их слуга». Бұл жазғанға қарағанда бір сәулетші екінші суретшінің өнерін дәл таныған. Бұл мүсіндер қырғыздар, яғни қазақтар екенін ажыратқан. Бірақ еркек пен әйелдің аттарын алмастырып алған. Ескі құрылыс дегені қанша ескі екенін айтпаған. Біздің шамалауымызша, мазарға ол кезде 200 жылдан аспаған. Құрбанғали Халид 1905 жылы басылған «Тауарих хамса» (бес тарих) деген кітабында: «Ал Қозы Көрпеш күмбезі аса көнеге жатпайды, өйткені біз қариялардан естігеніміз: халық Аягөз бойына қоныстанғанда үстінің сылағы толық түсіп болмаған, іші қызыл-көк бояумен боялған еді дейді» деп жазған. Бұл халықтың Аягөз бойына жоңғар соғысынан кейін 1780-1790 жылдары келгенін айтып отыр. Қазақ ССР-інің энциклопедиясының 6-томының 586 бетінде мазарды 1858 ж. Н.Н.Абрамов, 1898 ж. Н.Н.Пантусов, 1952 ж. орталық Қазақстан экспедициясы зерттегенін айта келіп: «Мазар жанында тас мүсіндер болған. 1856 ж. Шоқан Уәлиханов қағаз бетіне нобайлаған. Қазір тас мүсін жоғалып кеткен» деп жазылған. Тас мүсіндер ешқайда жоғалмаған. Мазарға жақын орналасқан Тарлаулы ауылының тұрғындары басқаша айтады. Соғыс жылдарында ауылда еркектер жоқ. Шал мен кемпір, әйелдер қалған. Ал соғысты нанмен қамтамасыз ету мақсатындағы жоспар жоғары. Жерді суару үшін өзен байлау бермеген. Сонда бұлар да баяғыдай сүйретпемен тас мүсіндерді алып келіп, еріксіз судың көмейіне салып егістікке су шығарған. Нан үшін істелген. Сол тас мүсін қазір сол су көмейін алған жерде, өзеннің тасы мен құмының астында жатыр. Іздеген кісі тауып алуға болады.  

Жексембі  ЖЫЛҚЫШЫ,

ШҚО, Үржар ауданы

«Түркістан»  № 394

Серіктес жаңалықтары