Әлемнің 1 миллиард халқын азық-түлікпен қамти аламыз

Әлемнің 1 миллиард халқын азық-түлікпен қамти аламыз

Әлемнің 1 миллиард халқын азық-түлікпен қамти аламыз
ашық дереккөзі
742
Нарықтық экономика жағдайында еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайын тұрақтандыратын бірден-бір сала – ауыл ша­руашылығы. Қазақстан стратегиялық даму бағдарламасы бо­йын­ша әлемдегі азық-түлік өнімін өндірушілер арасында же­текші елдердің бірі болу мақсаты тұр. Бұл туралы мемлекеттің 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдар­ла­масында да кеңінен қамтылған. Былтыр Буэнос-Айресте өткен Үл­кен жиырмалық елдері G20 ауыл шаруа­шы­лығы министрлерінің кезде­суін­де «бірнеше жылдық әлсіреуден кейін, 2016 жылы әлемдегі аштық күшейіп, қазіргі уақытта одан 815 млн. адам зардап шексе, 2 миллиард адам күнделікті тұтынуға қажетті өнімдердің тапшы­лы­ғын сезініп отыр» деген қорытынды мәлімдеме жасалған болатын. Қазіргі таңда жер шарының әрбір жетінші тұрғыны аштықтан зардап шегіп отыр. Бұл мәселе жүздеген миллион адам­ды тарықтырғанымен қоймай, адам­дар­дың денсаулығы мен өміріне ай­тар­лықтай қауіп төндіреді. БҰҰ есептеуі бойынша әлемдегі аш­тық пен кедейшілікті түп-тамырымен жою, білім беру мен денсаулыққа теңдей қолжетімділікті арттыру және тұрақты экономикалық өсімді қалыптастыру үшін жылына 4,5 млрд доллар қаражат қажет екен. Қазіргі таңда әлем халқы 7 млрд-қа жетсе, 2040 жылы 9 млрд-қа дейін өседі деген болжам бар. 2030 жылға қарай қазіргі кезеңмен салыстырғанда азық-түлікке қажеттілік 50%-ға, ал энергияға сұраныс 45%-ға өседі. Осы ретте ғалымдар 3 млрд адам аштық пен кедейшілікке ұшы­­райды деп дабыл қағып отыр. Бүгін­гідей беталыспен ауыл шаруашылығы өнімде­ріне деген сұраныс 2030 жылы 1,3 есе өседі. Ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың артуы әлем бойынша жаңа ауылшаруашылық жерлерді пайдалануды талап етіп отыр. 1980-2010 жылдары жер ресурстарының тапшылығы тыңайтқыш пен пестицидтерді қолдануды арттыру ар­қылы қалпына келтіріліп отырды. Ал әрі қа­рай ауылшаруашылық жерлерді кеңейту көптеген елдерде шектеулі болып отыр, яғни егін және мал шаруашылығына қа­жет­ті жерлер барған сайын азайып барады. Осы мақсатта ҚазҰАУ-дың Анимо­ло­гия мәселелері ҒЗИ директоры, ветери­на­рия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Сансызбай Абылай Рысбайұлы зерттеу жасаған бо­латын. Сол зерттеу нәтижесінде Қазақ­стан Жер шарының 1 млрд тұрғынын азық-түлікпен қамтамасыз ете алады деген тұжырым жасады. Кез-келген жоба инвестиция тартудан бас­талады. Бір кереметі – Израиль мем­ле­кеті осы идеяны жүзеге асыруға, қар­жы­лай қолдау көрсетуге қатты қызығушылық танытып отыр. VP Group басшысы Вла­димир Полевой БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Қазақ­стан Республикасындағы органи­ка­лық ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мүм­кін­дік­тері туралы тұжырым­да­ма­сымен та­нысып, VP Group консорциумы өзін атал­мыш жобаға қажетті озық техно­ло­гиялар мен қаржы ресурстарын табуға мүм­кін­дік­тері бар екендігін жет­кіз­ген. Ендігі жерде шет­елдік компания осы жобаны жүзеге асыруға қазақстандық ғалымдар мен мем­лекет тарапынан қол­дау күтіп отыр. Профессор Абылай Рысбайұлының айтуынша, Қазақстан айналымға игеріл­ме­ген, яғни химиялық өңдеуден өтпеген және тиімсіз қолданылған 100 млн гектар жер­ді ұсына алады. Бұл – жерді сату емес, жалға беру де емес. Жергілікті фер­мер­лерге субсидия беріледі, келесі жылға егу үшін тұқымды инвесторлар әкеліп береді. Бұл бағытта шетелдіктер зондтау техно­логиясын қолданатынын да ескеруіміз керек. Ғарыштан жердің ылғалдылығы қандай, не ексе болады, қандай өнім жақсы шығады, қанша өнім береді деген мәселелерді анықтайтын технология бар. Бұл – егін шаруашылығын дамытуда өте қажетті технология. Ал мал шаруашы­лы­ғымен айналысушыларға келсек, қандай және қанша мал қажеттігін фермерлер айтады, мал басын инвесторлар әкеледі. Бір жылдан кейін жаңа туған еркек бұзау­ларын етке алады, ал ұрғашы бастары ке­лесі жылға мал басын көбейтуге қалады. Бұл асылтұқымды мал шаруашылығымен ай­налысуға да өте тиімді, әсіресе Қазақ­стан үшін маңызды – сүтті бағытты да­мытуға мүмкіндік береді. Біз жоғарыда инвестордың дайын екен­дігін айтып өттік. Ендігі кезек мал жә­не егін шаруашылығына арналған жерді анықтау және дайындау. Осыдан соң инфрақұрылымы жасалып, құжат­та­ры рәсімделіп, жергілікті фермерлер іріктеліп, оқудан өтеді. Енді бұл жоба Қазақстанға не береді де­ген мәселеге тоқталсақ. Ең алдымен, жобаны іске асырудан түскен жылдық табыстың 10%-ы аштық пен кедейшілікті жою мәселелерімен айналысатын Халық­ара­лық Қорларға аударылады. Ал ең бас­тысы, Қазақстанның 100 млн гектар ауылшаруашылыққа пайдалы жері игері­ле­ді. Игеріледі дегеніміз, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Осыдан келіп еліміздің аграрлық сала­сы­на инвестиция тарту жеңілдейді. Сонымен қатар елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруа­шы­лығының үлесі артып, республикалық және жергілікті бюджет салық есебінен көбейеді. Мұндай жағдайда Қазақстан шетелдік біліктілігі жоғары мамандарды да жұмысқа тарта алады. Келе-келе жоба­ға көмекші шаруашылық, диқандық және фермерлік шаруашылықтар тартылады. Бұл өз кезегінде урбанизацияны тежеп, шаруашылықпен, кәсіппен айналысам деген жастарға жаңа мүмкіндіктер береді. Жобаны жүзеге асыру аясында сапасы жоғары, экологиялық таза, ұзақмерзімді негіздегі әлемдік стандарттарға сай қазақ­стандық өнімдер бренді қалыптасады. Елімізде бос игерілмей жатқан жерлер туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде егістікке жарамды 16 миллион гектардан артық алқап игерілмей жатыр. Ал жайылымдық жерлердің тек 40 пайы­зы ғана мақсатты пайдаланылуда», – де­ген болатын. Игерілмей жатқан жерді тиімді пай­далану Қазақстанның әлемдік нарық­тағы орнын айқындай түседі. Сонымен қатар бұл Қазақстанның ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз етеді де, отандық өнімдердің екінші тынысы ашылып, ен­дігі жерде экспорттық әлеуетті дамытуға бо­лады. 100 млн гектар жерді тиімді пайдалану жүзеге асырылса, ірімшік, сүзбе, шұжық өнімдері, етті және етті-өсімдік консер­ві­лер, сары май, қант, жеміс-көкөністі консервілер, май өнімдері, мұздатылған балықтар, көкөніс пен жеміс-жидектерді өсіру және картопты, жералмұртты өсіру және қайта өңдеу жүзеге асырылады. Сиыр, қой, шошқа, сорпалық өнім, ірімшік және құрғақ сүт, дән, майлы дәндер, картоп және оның қайта өңдеуден шық­қан өнімдері соя бұршағы, жүгері, же­містері толықтай өзімізде өсіріп шы­ға­рылады. Қорыта айтқанда, әлем халқын азық-түлік жетіспеушілігі мен кедейшіліктен сақтау сынды ауқымды ғаламдық мәсе­ле­ні Қазақстан Үкіметі әлемдік деңгейдегі экономикалық, қаржы және техно­ло­гиялық институттармен тығыз қарым-қатынас орната отырып шешуі тиіс.  

Арайлым БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары