471
Білім берудегі парадокс: дипломды маман көп, кадр тапшы
Білім берудегі парадокс: дипломды маман көп, кадр тапшы
Жыл сайын жалпы саны 100 мыңнан астам мектеп түлегі студент атанады екен. Мысалы, биыл 53 785 түлек грант иегері болды. Ал қалғаны ақылы бөлімге түскендер. Былай қарасаңыз, бұл Қазақстанның болашағына құйылған инвестиция. Осы түлектер төрт жыл білім алып, еліміздің еңбек нарығын жас мамандармен толықтырады.
Елімізде 130-ға жуық ЖОО бар, оның 85-і университет мәртебесін алған. Жоғары білім алып жүрген жалпы студенттердің саны 500 мыңдай. Сонда бір оқу орнына шамамен 3800 студенттен келеді екен. Көріп отырғанымыздай, біздің елімізде ЖОО саны көп. Бірақ саны көп болғанына қарамастан, білімнің сапасы жоғары дей алмаймыз. Оған әр түрлі себеп бар.
Ең басты мәселе, біздің елімізде еңбек нарығында қандай мамандардың қажет екендігі анықталмаған. Ал университеттердегі мамандықтардың 60 пайызы бірін-бірі қайталайды екен. Оқу бітіргеннен кейін олардың бәріне бірдей жұмыс табылмауы да әбден мүмкін. Өйткені кей мамандықтарды тым көп даярлаймыз. Нарыққа қажет емес мыңдаған мамандарды ата-аналар ақылы оқытып, ақшаны көздегендердің қалтасын қампайтып отырған жайы бар. Елімізде әлі күнге дейін белгілі бір салаларға келгенде, мамандар тапшы. Инженерлер, IT мамандары, телекоммуникация, банк, инвестиция, лизинг, машина жасау, тамақ өндірісі, электроника, биотехнология, жарнама, маркетинг, логистика, радиотехника, металлургия сынды салаларға мамандар көптеп керек екенін уақыттың өзі дәлелдеуде. Осы мәселенің түйіні де, тиімді тұсы да біреу. Ол – еңбек нарығын зерттеп, қажетті мамандықтарға грант санын арттыру болып отыр.
Бұл турасында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек», – деп атап өткен болатын.
Ендігі мәселе, жеке оқу орындары туралы. ҰБТ нәтижесі төмен болған түлектер беделді ЖОО-ға оқуға түсе алмаған соң, олар жеке оқу орындарын жағалайтыны түсінікті. Білім беру ақша табудың көзіне айналып кеткелі қашан. Егер берілген білім нақты әрі жан-жақты болса, құба-құп. Ал құр дипломы бар, бірақ білім-білігі төмен маманды қаптата бергеннен не ұтамыз? Осы ретте оқу орындарының арасында талапқа сай келмейтін білім беретін оқу орындарын қысқарту дұрыс шешім. Десе де, бір оқу орны жабылса, соңынан бірнешеуінің ашылып жатқанын көріп жүрміз. Жоғары оқу орнын ашуға тиісті талаптарды қатаңдатпайынша, жеке оқу орындарының білім сапасы осы күйінде қала береді.
Жоғары оқу орындарының басты міндеті – білім беру ғана емес, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, яғни жұмыс табуына жағдай жасау болуы тиіс. Біздегі көп оқу орындары түлектер диплом қорғап жатқанда «жұмыс істеймін» деген бір тілім анықтама қағазын алып келуді сұрайды. Студент әлі жұмысқа орналаспаса да әлгі анықтаманы өткізуі керек. Бұл – оқу орнының түлектері сұранысқа ие, жұмыспен толық қамтамасыз етілген деген имидж қалыптастыру үшін қажет.
Өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған түлек амалсыз өзге салада еңбектенуге мәжбүр. Осылайша, бойындағы бар білімін қажет салаға жұмсай алмайды және өзге саланың жұмысын игеріп кете алмайды, оған уақыт қажет. Бұл өз кезегінде жалпы жұмыстың сапасына әсер ететіні заңды.
Елімізде жоғары білім беру процесіне өте жоғары мән беріліп отырғаны да жасырын емес. Ал кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында білім алып жатқан студенттердің үлесі небәрі 17 пайыз екен. Қоғам санаға сіңіретін «жоғары білімді маман болу» қағидаты көп жастарды кәсіптік және техникалық сала маманы болуға кедергі болып отыр. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрмыстық қызмет көрсету саласына оқуға көп жастардың барғысы жоқ. Ал шынында, олардың табысы жоғары білімді мамандардан да жоғары екенін көріп жүрміз. Жоғары білімді маман болуға бәрінің құқығы бар, оны шектей алмаймыз, бірақ бүгінде осы техникалық бағыттағы колледждер нарыққа қажетті мамандар даярлап отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуі бойынша, қазіргі жұмыс беру нарығы 30 пайыз жоғары білімді маманды, ал 70 пайыз колледж бітірушілерді қалайды екен. Біздің еңбек нарығының неден ұтылып жатқанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Елімізде 2021 жылдан бастап әр университет өз үлгісіндегі диплом беретін болады. Осыған дейін түлектердің дипломына мемлекет кепілдік беріп келсе, ендігі жерде университет диплом үшін жауапкершілік алады. Жұмыс берушілер де ЖОО білім сапасы мен студенттің кәсіби білім деңгейіне қарап жұмысқа қабылдайтын болады.
Қазақстанның 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы алға қойған маңызды міндеттерінің бірі – әлемдік рейтинг қатарына кемінде қазақстандық 2 университетті енгізу болатын. Бүгінде қазақстандық ЖОО-лар әлемдік рейтингтерге белсенді қатысып, QS рейтингі бойынша жақсы нәтижелерге ие болып жүр.
Мысалы, Quacquarelli Symonds (QS) жаһандық талдау агенттігі нұсқасы бойынша үздік университеттер рейтингісінде 2019 жылы қазақстандық 10 университет анықталды. Ұзын-сонар 1000 университет ішінен ең үздік оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 220, Варшава университетімен қатар Л.Гумилев атындағы ЕҰУ 394 орында, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ 464 орында.
Ал еліміз бойынша Білім берудің сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігі (IQAA-Ranking) 2008 жылдан бастап Қазақстандағы жоғары оқу орындарының рейтингін ұсынып келеді. Жоғары оқу орындарын халықаралық талаптарға сай саралайтын агенттік биылғы жылы он бірінші рет үздік университеттер тізімін жасады. Академиялық статистикалық көрсеткіштер, сарапшылар бағасы мен жұмыс берушілердің сауалнамасы профессорлық-оқытушылық құрам қызметінің сапасын, студенттер құрамы мен олардың оқуының нәтижесін, ЖОО-ның ғылыми және инновациялық қызметі, халықаралық әріптестік, сонымен қатар университеттің сайтына баға береді.
Аталған талаптарға толықтай жауап беретін университеттер осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, жан-жақты дамудың жолына түскен. Бұл – жеке және аймақтардағы жоғары оқу орындарына үлгі боларлық қадам. Өйткені жаһандану заманы бүгінгі мамандардан тіл білуді, білімді ғылыми тұрғыда үйлестіруді, жаңаша ойлауды, қашықтықта отырып жұмыс істей білуді талап етіп отыр.
Арайлым Жолдасбекқызы