1406
Қазақ білімін қарыштатқан – Қатаев
Қазақ білімін қарыштатқан – Қатаев
Бүгінгі күні туғанына 100 жыл толып отырған қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевтың бүкіл саналы ғұмыры ел тарихының кеңестік кезеңімен тікелей байланысты. «Тұлғаны тану үшін, алдымен ол өмір сүрген заманды білу керек» деген қағидаға сай, біз бұл мақаламызда басты кейіпкеріміздің өмір жолын, тұлғалық болмысын танып-білу үшін, ол өмір сүрген дәуірдің кезеңдерімен байланыстыра қарастырамыз.
Тұрғанбек Қатаев 1919 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Іле ауданы, Әли ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бұл кез – Кеңестік биліктің Қазақстанда жаңадан орнап, азамат соғысының өрті лаулап тұрған жылдар болатын. Бұл жылдар әрине, жас сәбидің есінде жоқ және оның санасына әсер ете қоймайды. Әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде болады, жетімдіктің ащы дәмін татады. Отбасының тұңғышы болғандықтан, даланың және үйдің қара жұмыстарына ерте араласып, балалық шақтың не екенін білмей өседі. Т.Қатаев өзінің естелік кітабында: «Маған 8 жасымнан бастап жұмыс істеуіме тура келді. Байлардың қозылары мен бұзауларын бағып, өз нанымды өзім тауып жедім, анама көмектестім», – деп еске алады. Бұл 1927 жылдар болатын.
Тұрекеңнің жастайынан табандылығы мен қайсарлығы, алға қарай ұмтылысы оны 12-13 жасында Қазақ АКСР-ның төрағасы Ораз Исаевқа алып барады. Бірнеше күн төрағаға кіргізбесе де, ол алған бетінен қайтпайды. Ақыры оны төраға көмекшілерінің бірі қабылдап, ауылшаруашылық техникумының дайындық бөліміне түсуге жолдама береді. 1933 жылдан кейін бүкіл елдегі сияқты «Әли» ауылында да жағдай тұрақтала бастайды.
1937 жылы Тұрекең мектепті бітіріп, туған ауылында бухгалтер болып еңбек жолын бастайды. Тұрекеңнің тағы бір есінде сақталып қалған жағдайға – жаппай репрессияның «Әли» ауылында да жүруі жатты. 1937-1939 жылдары ешқандай кінәсі жоқ, бірнеше өте қарапайым ауылдастары репрессияның құрбанына айналады.
Тұрғанбек Қатаевтың азамат, тұлға болып қалыптасуына әсер еткен жағдай – оның өміріндегі келесі белестер болды. Ол белестерге – 1939 -1941жылдар аралығында әскер қатарында қызмет етуі мен 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысының алапат майданының алдыңғы шебінде жаумен бетпе-бет келіп, жан алысып, жан беріскен кездері жатты.
Тұрекең өзінің құрдастарымен бірге 1939 жылы іскер қатарына шақырылып, Ташкент түбіндегі Шыршық қаласында артиллериялық бөлімде қызмет атқарады. Екі жылдық әскери қызмет 20 жасар жас жігітті әбден ширықтырады, саяси сауаты өседі, моральдық-психологиялық жағынан пісіп жетіледі. Ол ефрейтор атағын алып, ВКП(б) қатарына кандидат болып қабылданады. Бұл сол жылдардағы жас жігіт үшін үлкен жетістік болатын.
Осындай қысылтаяң тұста Тұрекең қызмет атқаратын әскери бөлім шұғыл түрде 1941 жылдың шілде айында Ташкентте эшелонға отырғызылып, Мәскеу бағытымен батысқа аттанады. Шілде айының соңында Смоленск түбінде жаумен бетпе-бет келіп, ашық айқасқа түседі.
Тұрекең қан майданға ефрейтор атағымен атқыштар ротасы командирінің саяси істер бойынша орынбасары (замполит) міндетін атқарушы ретінде кіреді. Көп ұзамай Т.Қатаев взвод командирі ретінде қызмет ете бастайды.
1942 жылдың 14-15 тамызындағы Ржев бағытындағы шайқас Т.Қатаевтың өмірінде ерекше орын алады. Осы шайқас барысында политрук ротаны шабуылға көтеріп, немістермен қоян-қолтық айқасқа түседі. Әскер тапсырма орындалып, деревняда жаудан азат етіледі. Жараланғанына қарамастан ротаны басқарады. Осы ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапаталады. Политрук Т.Қатаев ротадағы жалғыз қазақ ұлтының өкілі болып, қайсарлығы мен өжеттілігі үшін бүкіл ротаның жеке құрамы арасында жоғары беделге ие болады.
Көп ұзамай Т.Қатаевты жоғары басшылық атқыштар батальонының комиссарларын даярлайтын курсқа жібереді. 1943 жылдың көктемінде оны аяқтап, аға лейтенант атағымен Т.Қатаев Батыс майданындағы 25-танк армиясының жеке барлау батальонының комсоргы болып тағайындалады. Бүкіл II Екінші дүниежүзілік соғыс барысында түбегейлі бетбұрыс әкелген атақты Курск иініндегі шайқасқа да қатысады.
1943 жылдың жазының соңында Т.Қатаев тағы да оқуға, бұл жолы танк және танк әскери бөлімдерін басқару курсына, Ташкентке жіберіледі. Оқудан соң тағы да майдан, ұрыстар күтіп тұрды. 1944 жылы екінші ауыр жарақаттан соң госпитальда ұзақ емделеді. Ақыры, әскери медкомиссия оны 1944 жылы еліне қайтарады.
Капитан атағы бар, орденді жас жігітті жергілікті аудандық партия ұйымы бірден жұмысқа шақырып, алдымен үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы, одан кейін парткабинет жетекшісі, одан кейін аудандық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды.
Қайда жүрсе де көпшіліктің көңілін тауып, олармен тіл табысып, жұмыстың көзін аша білетін жас маманды жоғарыдағылар тез аңғарып, Қазақстан Компартиясы жанындағы партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітірісімен Т.Қатаев Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы салада Т.Қатаев Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында обком партияның үгіт-насихат бөлімдерін басқарады. Жұмыс істей жүре, оқуын тоқтатпайды. 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірсе, 1960-1963 жылдары КОКП ОК жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғайды.
Терең білім мен өмірлік тәжірибе артқан сайын Т.Қатаевтың да қызметі жоғарылай түседі. 1963-1968 жж. Т.Қатаев Қазақстан КП ОК үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1968-1973 жж. Алматы облыстық партия ұйымының хатшысы, 1973-1974 жж. Қазақстан КП ОК ғылым мен білім беру мекемелері бөлімінің меңгерушісі, ал 1974-1983 жж. ол ҚазКССР жоғары және арнаулы білім беру министрі болып, өте жауапты жұмыстарды орындайды.
Т.Қатаевтың мемлекеттік қайраткерлігі мен өте шебер ұйымдастырушылық қабілеті 1974-1983 жылдары ҚазКСР Жоғары және арнаулы білім беру министрі болып тұрған кезінде айқын көрінеді. Бұл жылдар отандық тарихнамада «тоқырау» жылдары деп аталғанымен, оның басты белгілері Қазақстандағы Жоғары білім мен арнаулы орта білім саласының дамуына сәйкес келе бермейді. Керісінше, Т.Қатаев министр болған жылдары елімізде жоғары білім мен арнаулы білім беру мекемелерінің сан жағынан, олардағы профессорлық-оқытушылық құрамның (ППС) саны мен сапасы жағынан, білім мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жағынан, университеттер мен институттар жанындағы ғылыми-зерттеу базаларының сол кезеңдегі заманауи құрал–жабдықтармен жабдықталуы жағынан Қазақстан Республикасы одақтағы республикалар ішінде алдыңғы орындардың біріне көтеріледі. Оны мынадай статистикалық мәліметтермен дәлелдеп көрсетуге болады.
1974-1980 жылдары Қазақстанда ашылған ЖОО:
- 1975 жыл – Алматы Энергетика институты, қазір Алматы энергетика және байланыс университеті.
- 1976 жыл – Алматы транспорт инженерлері институты мен Ақтаудағы технология және инженеринг университеті.
- 1977 жылы – Рудный Индустриалды институты.
- 1978 жыл – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен– Көркем – Театр академиясы.
- 1979 жыл – Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясы.
- 1980 жыл – Атырау мұнай және газ институты мен Архитектура –Құрылыс институты.
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
тарих ғылымдарының докторы.
Алматы қаласы