607
Айналайын, Арысым...
Айналайын, Арысым...
«Туған жердің топырағы үшін біз, не көрмедік үлкеніміз, кішіміз» – деп, кезінде қуғында болған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, түркі әлемінің бір бұтағы – балқар халқының атақты ақыны Қайсын Құлиев жырлағандай, айналайын Арысымның қазіргі ұрпақтары – біздер, үлкеніміз – кішіміз биылғы 24 маусымда әскери гарнизондағы алапат жарылысты бастан өткердік. 4 адам мерт болып, қаншама адам жарақат алды.
Бұл күндері жерлестерім есін жиып, жарасын таңып, бүкіл қазақ елімен бірге қираған туған қаласын қалпына келтіруді аяқтап келеді. Адам баласының басына салмасын, бейбіт күнде төбесінен оқ-дәрі жауып, еріксіз босқынға айналса да, үй-жайы қирап, мазасыз күндер кешіп жүрсе де менің жерлестерім шыдамдылық пен сабырлылықтың нағыз үлгісін көрсетуде. «Басымыз аман қалды, жанымыз түгел. Туған жерде өмір сүрудеміз» деп Аллаға шүкіршілік етуде. Туған жеріне, өз қаласына деген сүйіспеншілік осындай-ақ болсын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің әлемдік деңгейдегі жеті қырын дәйекті түрде айшықтаған. Ғаламдық өркениет, мәдени, техникалық, ғылыми жетістіктер шоғыры біздің өлкеде пайда болып, содан кейін батыс пен шығысқа, күнгей мен теріскейге таралған екен. Біздің бабаларымыз ұлы далада алғаш мемлекет құрып, төрткүл дүниеде тұрмыстық, өндірістік, жауынгерлік ең үздік технологияны, жазуды ойлап тауып, қолдана біліпті. Ұлы өркениет ордасы – туған еліміз біздерді зор сүйіспеншілікке бөлейді.
Ұлы даланың ажырамас бөлігі – қаламызың тарихы да тереңде, біздің заманымызға дейінгі сонау VII-VIII ғасырларда, тіпті одан да әріде жатыр. Мұның жарқын айғағы: тарихи ескерткіштер, мәдениеті мен тұрмысы жоғары, экономикасы сан-салалы, дамыған өңір екенін дәлелдейтін археологиялық қазбалар – біздердің мақтанышымыз.
Шаһар мен 6 ауылдық округті біріктірген қаламыздың Қожатоғай ауылдық округінде Тасқотан, Бесқотан, Дастарбасы, Айғырұшқан, Байтоғай сияқты тас дәуірінің ескерткіштері, сондай-ақ, адамдардың алғашқы тұрақтары табылған. Біздің эрамызға дейінгі І ғасыр және біздің заманымыздың VIII ғасырындағы Байырқұм ауылынан табылған инженерлік инфрақұрылымы бар қалашық және Аққала елді мекеніндегі кент археологиялық және архитектуралық ескерткіш ретінде ежелгі тарихымыздан ойып тұрып орын алады. Арыс топырағында бүкіл түркі дүниесіне кеңінен танымал «Мұңлық-Зарлық» дастанындағы оқиғалар өткен. Кейіпкерлеріне арнап кесене мен ескерткіштер тұрғызылған. Жекен-Шайық, Ақын, Жақып әулиелерге де кесенелер орнатылған. Монтайтас аумағында Монтай әулие дамыл тапқан. Сонымен қатар, өңірімізде «Қыз құлаған жар» атты және тағы басқа қасиетті де киелі орындар бар. Бұлардың бәрі біздің ата-бабаларымыздың қолымен жасалған, олардың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігінің һәм қазіргі әрі келер ұрпаққа қалдырған өшпес мұралары.
Қазақ даласына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген және туған жері үшін ұлы дала перзенттерінің ұлттық намысын жанып, жігерін қайраған, жан беріп, жан алысқан шайқастарда Тәуелсіздік туын биік ұстаған тұлғалар – Арыс өңірінен көсемдер мен шешендер, батырлар мен сыпыра жыраулар шыққан. Олардың қатарында дарабоз Алатау, Төлебай, Мұсабек, Жаманқара батырлар, Мәделі, Майлықожа, Ергөбек ақындар, Қалау датқа, Күлен, Сары, Садық, Сапақ, Әділбек билер, Әужан, Сапарбай болыс, т.б. ел азаматтары халықтың ызасы мен кегінің алдаспаны болған. Бәрімізді атақты ата-бабаларымыздың қасиетті рухы қолдап жүрсін, қадірлі ағайын!
Менің жерлестерімнің бойында бауырмашылдық, қиналған сәттерінде кім болса да көмек қолын созуға дайын тұратын қайырымдылық қасиеттер мол. Өткен ғасырдың 1919-1921 жылдары сонау Ресейден арып-ашығып зорға жеткен көген көз сары балаларды тығылып, қашып жүрген жерінен жиып, тамақтандырып, жатын орынға орналастырған. Содан, 1922 жылдары жетім балалар үйі ашылған. Ал, 1929-1932 жылдардағы қолдан жасалған нәубетте аштықтан қырылып жатқан көршілес қазақ ауылдарының балаларын жоғарыдағы аталған балалар үйіне паналатқан. Солардың арасынан бәріміздің мақтанышымыз – Кеңес Одағының Батырлары: Бейсен Оңтаев, Садық Исмайлов, Нағи Ілиясов, Иван Журба, Берген Исаханов және Ережепбай Молдабаевтар, академик, көрнекті мемлекет қайраткері Төлеген Тәжібаев, сатирик, драматург, жазушы Садықбек Адамбековтер шыққан.
Кешегі 90-шы жылдардағы өтпелі қиын кезеңде қаламызға күн көрісі ауырлап көршілес Отырар, Шардара және Ордабасы аудандарынан келген ағайындарды сол кездегі қала әкімі, қазіргі сенатор Әлімжан Құртаев және осы мақаланың авторы қалалық мәслихаттың тұңғыш хатшысы болған Оразхан Арыстанбаев бастап қалған жайларға жекешелендіруге жібермей орналастырды.
Осы бауырмалдық, мейірімділік пен рақымшылдық тек арыстықтарға ғана емес, бүкіл қазақ елінің азаматтарына тән екендігін кешегі алапат жарылыс кезінде, енді қаланы қалпына келтірудегі тірліктерді көріп, куә болып жүрміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол 24 маусымда кешке қаламызға келіп, аралап көріп, одан Эвакуациялық пунктке барып тұрғындармен кездесіп жұбатып, бәрімізге тиісті жәрдем көрсетілетінін баса айтты. Содан бері қаламызда қалпына келтіру жұмыстарын тікелей өз бақылауында ұстап отыр. Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы Мамин, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев бастап, республикамыздың барлық өңірлері үйлер мен жайларды жөндеуге белсене атсалысып келеді. Әрине, тірлік болған соң кемшіліктер де болады. Бұл жұмыс барысында жөнделуде.
Өңір тарихының жаңа белесі өлкемізге темір жолдың келуіне байланысты. Орынбор – Ташкент темір жолы құрылысы 1901 жылы басталып, 1906 жылы толық аяқталған еді. 1-Арыс вокзалы 1904 жылы пайдалануға беріліп, алғашқы паровоз 15 қаңтарда келіпті. Сонда биыл Арыстың негізі қаланғанына 115 жыл толып отыр екен. Сол кездегі салынған өнеркәсіптік және тұрғын үйлер өзіндік сәулетімен, жоғарғы сапасымен ерекшеленеді. Әлі де тұрғындар игілігіне пайдалануда.
Теміржол құрылысында негізінен өз жерін сүйе білген жергілікті тұрғындар еңбек етіпті. Олардың арасында табиғи дарынды, еңбексүйгіш, күрделі инженерлік жұмыстарды игере білген қазақ азаматтары аз болмапты. Солардың бірі «Қылыш соққан Меңейдің» баласы Намазбай Арыстан 17 шақырым жердегі «Көккөпірді» салушыларды басқарған. Аталған темір жол көпірінің сапасына риза болған комиссия мүшелері оған қолма қол ат мінгізіпті. Теміржолшылар Октябрь революциясының ықпалымен жаңа қоғамды орнатуға белсене атсалысты.
Туған жерімізде республикамыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев, Жұмабай Шаяхметов, т.б. болған екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет келген.
Темір жол торабымен өмірі өзектес болған қаламыз өз тарихында дамудың биігіне көтерілді. 1928 жылы аудан орталығы болса, 1932 жылы 11 наурызда Арыс жұмысшылар поселкесі деп аталды. Ол кезде тұрғындар саны 11000 екен. 1956 жылы 31 шілдеде оған аудандық бағыныстағы қала мәртебесі берілсе, 1965 жылы 10 қарашада облыстық бағыныстағы қала дәрежесі мәртебесін иеленді. Айтқандай, 1956 жылы қала халқы 25000-ға жуық болса, 1965 жылы 34000, қазіргі кезде 45000-нан астам адамды құрап отыр. Байқап отырғандарыңыздай, тұрғындар саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Туған жері Арыстың атын бүкіл Қазақстанға, тіптен кезінде бүкіл Кеңес Одағына танытқан небір еңбек дүлдүлдері шыққан. Олардың арасында тораптың, облыстың, республика теміржолының дамуына ерекше еңбегі сіңген Еңбек Ерлері: Арыс темір жол бөлімшесінің бастығы, қазақ темір жолы бастығының бірінші орынбасары Сырлыбек Байжановты, Шымкент темір жолы бөлімшесінің бастығы Көпжан Мұхамеджановты, Арыс станциясы мен Шымкент темір жол бөлімшесінің бастығы, «Отан» орденінің иегері, облыс пен қаланың Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Әуесхан қажы Салықбаевты, қаланың Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Әбдуәлі Балғынбековті, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан академик Боранбек Шүкірбековті мақтан тұтамыз.
Киелі де қасиетті Арыс қаласын көркейтіп-дамытуда, абаттандырып, гүлдендіруде қала әкімі Мұрат Қадырбек өзіндік өрнегімен айшықтап, көзге түсіп келеді. Іске асырылып жатқан ауқымды тірліктері қала жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленуде. Негізінен ол жұмысын өндірісті, ауыл шаруашылығы мен құрылысты өркендетуге, қаланы көріктендіруге бағыттауда. Қысқаша айтсақ, олардың арасында республикада тұңғыш толық циклда цемент және астық таситын вагон жасау зауытын салу қолға алынды. Көлік логистикалық орталықтары іске қосылды. Күн сәулесінен қуат алатын станциялар салынуда. Суғармалы жер көлемін ұлғайту, озық технологияларды өндіріске енгізу тірліктері жүргізілуде. Әлеуметтік сала объектілері және тұрғын үйлер салынуда. Тұрмыстық саладағы ең үлкен тірлік – қаланы газбен қамтамасыз ету іске асырылуда.
Қала әкімінің іскерлік, табандылық, үлкен ұйымдастырушылық игі қасиеттері әскери гарнизондағы алапат жарылыс кезінде және оның зардаптарын жою барысында ерекше көзге түсті. Өткен уақыт ішінде 20-25 жылдар ішінде атқарылатын жұмыстарға тең тірліктер жасалды десек қателеспейміз. Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар қыруар шаралар жүзеге асырылуда. Біраз цифрларды айтуға тура келеді. 7160 үй жөндеуден өткізілді. Яғни 36 мың тұрғыны бар жаңа қала пайда болды деген сөз. 474 үй сүріліп, қайта салынуда. Бұл 3 мыңдай тұрғыны бар жаңа ауылдық округ пайда болғандай. Оның ішінде көпқабатты 3 үй бар. Барыс мөлтек ауданында әрқайсысы 2 пәтерлі 50 үй салынуда. 67 әлеуметтік нысандар толықтай жаңғыртылды. Олардың 54-і білім саласында: 17 мектеп, 2 колледж, 36 балабақша, 8-і денсаулық сақтау мекемелері, олардың екеуі жаңадан салынуда, 4-і спорт саласында, олардың 2-і жаңадан тұрғызылуда. Мәдениет сарайы күрделі жөнделді. Бірінші және екінші Арыс теміржол вокзалдары жаңғыртылды. Автовокзал, халыққа қызмет көрсету орталығы және әкімдік ғимараттары жөнделді. 509 кәсіпкерлік обьектілерін қалпына келтіруге көмек көрсетілді.
Қаланы көркейту жұмыстарының ауқымы кеңейе түсті. Орталық алаң мен батырлар аллеясы жаңғыртылды. Әбдіразақов көшесіндегі №36 және Байтұрсынов көшесіндегі №110 үйлердің аумағы абаттандырылуда. Қалада «Арбат» салынуда. 2-Арыстағы Жастар үйі атанып кеткен 2 қабатты 2 үй сүріліп, орнына жаңадан салынуда. Камышовка атты 2 қабатты 4 үй сүріліп айналасындағы заңсыз салынған шаруашылық үйлері сүріліп, абаттандырылады.
Қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылды. Шаһар жылыту маусымына дайын. Зақым келген көшелер жөндеуден өтіп, 16 көшеге аяқжол төселді. Жарықтандыру бойынша да жұмыс жүргізілуде.
Атап өткен жөн, Республикалық кәсіподақтар ұйымы қаламыздың Бас қақпасын салуға 30 млн теңге бөліп қазір оның құрылысы жүргізілді. Ұлттық нақышпен салынған қақпа қаланың көркін кіргізіп тұр. Аталған ұйым 40 ардагерге демалыс үйіне жолдама сыйлады.
Айтқандай қаламыздың жүздеген азаматтары демалыс үйлеріне, ал 5 мыңға жуық мектеп оқушылары жазғы лагерлерде тегін демалып қайтты.
Қала әкімі Болатұлы десе дегендей екен. Алапат жарылыстан бері бір күн тыным таппай тікелей қалпына келтіру жұмыстарының басы қасында жүр. Әлі жарасы жазылып үлгермеген, ашу-ызаға бой алдырған тұрғындардың талап-арыздарын байсалдылықпен тыңдап, сабырлылық танытуда.
Сөзімді атақты ақын Қадыр Мырзалиевтің аудармасындағы сол Қайсын Құлиевтің өлеңіндегі үзіндімен аяқтағым келеді:
Жұртым менің жерұйықты ұрған ба,
Туған жердің топырағы тұрғанда!
Оразхан Арыстанбаев,
Арыс қаласының
Құрметті азаматы