Жалаңтөс батыр және оның өмір сүрген кезеңі

Жалаңтөс батыр және оның өмір сүрген кезеңі

Жалаңтөс батыр және оның өмір сүрген кезеңі
ашық дереккөзі
2589
Ақтөбе қаласында Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш қойылды. Ашылу салтанаты 25 қазанда болады. Түркі халықтары та­ри­хында есімін алтын әріппен жазып кеткен әмірші қолбасшыға ал­ғашқы ескерткіш 2010 жылы Қызылорда қаласында, 2018 жылы Шымкентте, 2019 жылы Самарқандта қойылған еді. Бұл төртінші монументалды ескерткіш. Жалаңтөс батыр Орта Азия мен Қазақстан тарихында өз есімін алтын әріппен жазып кеткен әйгілі би, ел ағасы. Оның заманын сараптасақ, ХVІІ ға­сыр­дың бірінші жартысында Қазақ елі та­рихында елеулі оқиғалар болғанын кө­ре­міз. Шын мәнінде Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді сол заманда. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Мысалы, Андижан өңірін Абылай сұлтан, Жизақты Алшын Бекоғлы, Самар­қанд қаласын және уәләятын Жалаң­төс батыр биледі. Қырғыз елі Қазақ мемлекетінің құрамында болды. Есім ханның сенімді серіктерінің бірі қырғыз Көкем би болды. Қазақ-қырғыз достығы мен туысқан­ды­ғының шыңы да сол кезде болды. Жоңғарларға әлденеше рет соққы берілді.

Жалаңтөс баһадүр, әмір, қолбасшы және би

 ХVII ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азия тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі – Жалаңтөс батыр (1576-1656) Сейтқұл би ұлы болатын. Оның шыққан елі Кіші жүзге қарасты Әмудария мен Сырдария, яғни екі өзен аралығындағы алқапты мекендеген алты ата Әлім руының төртқара атты бөлігі. Жалаңтөс батыр өзінің аса даңқты өмі­рінің ақырына дейін Самарқанд қаласының әмірі болды. Оның өмірі мен қызметіндегі негізгі оқиғалар мыналар: 1612 жылы Бұхар ханы Иманқұл көп әскермен Түркістан атырабына баса-көк­теп кіреді. Алдыңғы соққы қарақал­пақ­тарға берілетін болған соң, Жалаңтөс батыр өз әскерімен көмекке жетеді. Әйгілі Жалаңтөс қолынан қаймыққан Иманқұл амалсыздан, соғысты бастай алмай, келіс­сөз­ге келеді. Алайда бұл Бұхар ханының уа­қытша айласы екенін түсінген Жалаң­төс батыр әскер жиып, Иманқұлды түгел­дей талқандау үшін дайындала бастайды. Мұны білген Иманқұл Жалаңтөс тұрғанда өзінің Бұхар тағында отыра алмайтынын түсініп, оған Самарқанд қаласын және сол төңі­рек­тегі уәлаяттарды сыйға тар­тады. Сөйтіп, Жалаңтөс Самарқанд әмірі атанып, таққа отырады. Артында Қытай империясы тұрған Жоңғар қалмақтарын әлденеше рет тал­қан­дағаны үшін және басқа да көптеген ер­ліктері ескеріліп, 1625 жылы Жалаң­төске Ата­лық деген құрметті атақ-лауа­зым бе­ріледі. 1640  жылы Батур қонтайшы басқарған қалмақ­тар­дың Қазақстан мен Орта Азия­ға жасаған ке­зекті шабуылын тойтарады. Бұл шай­қас­қа Жалаңтөс Самарқандтан 30 мың әскермен шыққан екен. 1643 жылы қалмақтардың Жетісу ай­мағына кезекті шабуылы басталады. Бұл жолы олар 50 мың әскермен лап қойған еді. Сол кездегі Қазақ хандығының бір ұлысы – Қырғыз еліне үлкен қауіп төнді. Салқам Жәңгір дұшпанды тоқтату үшін бар болғаны 600 жауынгерімен асығыс аттанады. Тау шатқалында жаудың көп әскерін жан­қиярлық ерлікпен тоқтатып тұр­ғанда, жиырма мың әскерімен Жалаңтөс батыр келіп жетеді де, шайқас тағдырын шешеді. Осынау үлкен шайқаста Жоңғар шапқын­шы­лары мықтап талқандалады. Кейінірек тарихшылар мұны Орбұлақ шайқасы деп атады. Жалаңтөстің бұл үлкен ерлігі туралы көптеген тарих­шылар жазды. Ал өмірінің соңғы күніне дейін Жа­лаң­­төс батыр Орта Азияға қатысты бар­лық соғыс қимылдарына қатысып, әскер басқарып, көптеген жеңістерге жеткен, яғни түрік халықтарының тағдырында ол әрқашан шешуші рөл атқарған. Ол ба­тыр ғана емес, баһадүр, әмір және би де­ген атаққа ие болған. Қазақ тарихында «би» деген атақ – ең жоғары дәреже. Себе­бі, мұндай құрметті атаққа батырлар мен хандардың ие болуы өте сирек жағдай.

Жалаңтөс батыр заманы тарихын зерттеу проблемалары

 Жалаңтөс батырдың өмірі мен қызметін жан-жақты түсіну үшін ол өмір сүр­ген XVII ғасырдың бірінші жарты­сындағы Қазақстан мен Орта Азияның әлеуметтік жағдайы мен саяси тарихына қысқаша шолу жасайық. XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында (яғни Жалаңтөс батыр за­манында) Қазақ мемлекеті сыртқы жау­ларымен аянбай соғысып жатса да, кө­п­теген түйінді мәселелері бола тұрса да, сол кездегі іргелі мемлекеттің бірі еді. Сол кезде Орта Азия мен Қазақстан жерінде екі ғана мемлекет өмір сүрді. Олар Бұхар хандығы мен Қазақ мемлекеті болатын. XVII ғасырдың басында дү­ние­ден өткен тарихшы Кадырғали Жалаири Қазақ мемлекетінің іргелі ел екенін айта келіп, Тәуекел ханды (1583-1598 жж.) «Бүкіл ислам патшасы...» деп мадақтап жазған. Әрине, мұндай жазулар сол кездегі қазақ мемлекетінің жылдан жылға ны­ғай­ып бара жатқанын және Орта Азия­дағы әрбір саяси жағдай қазақ ханының қатысынсыз шешілмегенін дәлелдейді. Олай дейтініміз, сол кездегі Орта Азия­ның көп жері Қазақ хандығының қолас­тын­да болған. Мысалы: қазіргі Қырғыз жері, Ташкент уәлаяты, Қарақалпақ елі, яғни Сыр мен Әмудария арасындағы аумақтың көп бөлігі және қалмақтардың біраз жері. Міне, дәл осындай жағдайда сол кезде Орта Азия жеріндегі ең күшті мемлекет – Бұхар хандығының тағдыры да Қазақ елімен байланысты болған. Алайда Иманқұл хан, өзі қанша тәу­елді болғанмен, Қазақ хандығын ыды­ратып, билікті қолына алуды ойламай қалған жоқ. Осыған байланысты оның бірінші әрекеті Ташкент әмірі Тұрсын сұлтанды өз құрығына ілдірумен бітті. Бұл оқиға былай болған еді. Ташкент әмірі Тұрсын сұлтан Қазақ елінің аты аңызға айналған ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің туысы болатын. Ташкент уәлаяты халық тығыз орналасқан бай өлке еді. Иман­құл хан Тұрсынды осынау бай өл­кенің әмірі Есім ханға тәуелсіз, өз алдына хан болуға азғырған. Өзімшіл Тұрсынға бұл пиғыл ұнап қалады. Еңсегей бойлы Ер Есім жоңғар шапқыншыларымен со­ғы­сып жатқанда, Тұрсын өзін Ташкенттің ханы деп жариялайды. Сондай-ақ хандық белгісі ретінде өз аты жазылған ақша да шығара бастаған. 1627 жылы ел шетіне Жоңғар қалмақ­та­ры шабуыл жасаған кезде бұрыннан да­йын­далып жүрген Есім хан көп әс­кермен шығысқа асығыс аттанады. Мық­ты дайындықпен барған қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңгені тарихтан белгілі. Осынау үлкен соғысқа Тұрсынның өзі бармағанын және әскер жібермегенін былай қойғанда, ол адам ойламаған қас­тандық пен қанішерлік және Қазақ мемлекеті тарихында үлкен сатқындық жасайды. Ташкент уәлаятындағы қалың қазақтың сайдың тасындай көп әскерін жібермей қалған Тұрсын сұлтан Есім ханды қалмақтан жеңіліс табады деп топшыласа керек. Есім хан жоңғарларға қарсы жанқиярлықпен соғысып жат­қан­да, Тұрсын Қазақ елінің астанасы Түркіс­тан­ға қалың әскермен шабуыл жасайды. Жауынгерлері алыстағы соғыста жүрген қарусыз қатын-қалашты қанға бояп, Есім ханның әйелдері мен балаларын тұтқын­дап, Ташкентке жөнелтеді. Есім хан көп әскермен жоңғарларды талқандауға бара жатқанда қазіргі Қыр­ғыз­стан жеріндегі Ыстықкөлдің шығыс жағында тұрған ертедегі сақ заманынан қалған Сантас қорғанының жанында бір күн аялдайды. Сол жерде оған Көкем би басқарған қырғыз жігіттерінің әскері келіп қосылады. Осынау тастан үйілген Сантас қор­ға­нының тасын алғаш рет Есім хан өз әскерінің санын анықтау үшін пайдала­на­ды. Себебі, даладан тас жинап жүруге уақыт тығыз болғандықтан, үюлі жатқан дайын тасты пайдаланған. Әрбір жауын­гер бір тастан алып, басқа жерге тастап, әрі қарай жүре береді. Сонда басқа жерге үйілген тастың өзі кішігірім үйіндіге, яғни қорғанға айналған. Жауды жеңіп келе жатқанда әлгі үйілген тастан жауынгерлер бір-бірден алып бұрынғы орнына, яғни Сантас қорғанына қайтадан тастаған. Еңсегей бойлы Ер Есім сонда қалған тастар арқылы өзінің құрбан болған яғни шахит, қаза тапқан жауынгерлерінің санын шамалаған екен. Есім хан өз еліндегі адам ойламаған қайғылы хабарды Сантас қорғаны жанында есіткен дейді. Ашуға булыққаны соншалық көзі қанталаған Еңсегей бойлы Ер Есім жеңіспен оралған бар әскерін атқа қондырып, асығыс Ташкентке бет алады. Сонда оған Көкем би басқарған қыр­ғыз әскері де өз жерінде қалып қой­май, Ташкентке бірге аттанады. Тұрсын сұлтан Есім ханды оны ізіне ерген көп әскермен Сайрам (кейбір деректерде Чиназ) түбінде қарсы алады. Осылай алғаш рет қазақ әскерлері бір-біріне қарсы үлкен шайқасты басынан кешіреді. Ташкент түбіндегі шайқаста Тұрсын әскері түгелдей талқандалады. Өзі қа­шып, Ташкентке тығылып, сонда өз нөкерлері осынау қанішерді тұтқындап, Есім хан қолына тапсырады. Ашуға булыққан Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сынды сатқынды, яғни өзі асыраған күшігін, басын кесіп алып, Бұхар ханы Иманқұлға жөнелтеді. Бұл сәлемдеме «Жақында сенің де басың кесіледі» деген үстем хабар еді. Қазақ еліндегі қайғылы жағдай мұны­мен біткен жоқ. Көп жылғы қалмақтармен болған соғыста әбден шаршаған және оның үстіне Тұрсын сынды қанішерге қат­ты ашуланған Есім хан оны жақтаған әскерлерді де түгел қырып жібереді. Негізінен Ташкент уәлаятын ертеден мекендейтін қалың елдің көп бөлігі Қатаған болатын. Қадырғали Жалаири: «Алаш мыңы үш сан, Қатаған қауымы екі сан...» – деп жазған еді дәл сол оқиғадан 25 жыл бұрын. Осынау қалың ел Қатағанның азғантай бөлігі, яғни Есім хан әскері құрамына кіргендері ғана аман қалады. Ташкент уәлаятындағы Шаныш­қы­лы елі сол қалың қатағандардың бір бөлігі ғана. 1644 жылы Бұхар ханы Иманқұл өле­ді, оның тағын Нәдір Мұхамедхан ие­ле­неді. Сол жылы құрамына Пәкистан, Ауғанстан, Үндістан кіретін Ұлы Моғол империясы мен Бұхар хандығы арасында соғыс басталады. Міне, осы үлкен соғыста Жалаңтөс батыр шешуші рөл атқарған­дар­дың бірі. Ал сол кездегі Қазақ мем­ле­кетінің басшысы Салқам Жәңгір көмекке жүз мың әскер шығарады. Осынау біз қараған кезең, яғни Жалаң­төс заманындағы Қазақ елінің ме­рейі сыртқы жауларын қиратумен көте­ріл­гені белгілі. Сонау 1643 жылғы Ор­бұлақ шайқасы кезінде Жалаңтөс батыр 68 жаста екен. Еңсегей бойлы Ер Есімнің де жасы үлкен еді. Ал оның баласы Жәңгір хан бар өмірін қазақ елін қорғауға ба­ғыштап, ақыры шайқас үстінде қаза болды (1652). Қорыта айтқанда, осынау қазақ ба­тыр­ларының, билері мен сұлтандарының Бұхар хандығы жерінде әмір болуы және үстемдік жүргізіп, билік құруы, әрине, Қазақ мемлекетінің күшейген, нығайған кезін көрсетеді. Көптеген зерттеушілер Бұхар хандығының әлсіреуін Жалаңтөс би, Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы және 1643-1663 жылдардағы Хиуа ханы болған Әбілғазы сияқты жергілікті феодалдардың күшеюінен деп көрсетеді. Ал Әбілғазының өзіне таққа отыру үшін қазақ хандары көп жәрдем бергені белгілі. Жалаңтөс батырдың әлем сәулет (архитектура) өнеріндегі орны  Жалпы айтқанда, Жалаңтөс батыр – Самарқанд тарихын­дағы үш ірі тұлғаның бірі. Олар: Әмір Темір, Ұлық­бек, Жалаңтөс батыр. Осы үш тарихи тұлға Самарқанды көркейткен, яғни Шығыс архитектура тарихында теңдесі жоқ ғимараттарды тұрғызған жандар. «Ширдар», яғни «Арыстанды медре­се­ні» Жалаңтөс 1619 жылы тұрғызған екен. Осынау әсем медресе порталының ішкі қа­бырғасында Жалаңтөс батырға ар­нал­ған парсы тілінде мақтау жазулар бар. Оның мағынасын қазақ тіліне Х.Дос­мұ­ха­медұлы аударған болатын. Ол мы­нандай: «...Әмір қолбасшы, турашыл Жа­лаң­төс; оның кемелдігін жеткізе мақ­тай­тын қызыл тіл інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі сон­ша­лық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қақса да, жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұ­на­ра­сының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан бар­мағын тістегендей (таңданыс, қыз­ғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қала­ған­дықтан, ғимараттың тұрғызылған жы­лы «Жалаңтөс баһадүр жылы» деп аталады....». Жалаңтөс батыр тұрғызған және тең­десі жоқ медресенің бірі – «Тилла-Кари» («Алтынмен апталған»). Әлемдік сәулет өнерінде ерекше орын алатын бұл ғи­ма­рат­тың құрылысы 1646 жылы басталып, 1659 жылы біткен. Яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң үш жылдан кейін. Осындай әлем мәдениетінде ерекше орын алатын ғимараттар құрылысы Жалаңтөс батыр есімін тарих бетіне алтын әріппен жазып қалдырады. Мақала соңында Х.Досмұхамбетұлы жа­саған шежіреден оқырмандарға мәлі­мет ұсынып отырмыз. Халекең бұл шежі­рені жариялағанда, И.Қасымов деген мұғалімнен алғанын ескертіп, алғыс айтыпты. Ал Қасымовтың өзі осы мәлі­мет­терді 1920 жылы аса білгір шежіреші Молиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазып алған екен . Жалпы, Халекең Жалаңтөс батыр та­ри­хын зерттей жүріп, алты ата Әлім руының үш шежіресін пайдаланыпты. Солардың бәрінде де Жалаңтөс батырдың ата-бабалары мен үрім бұтақтары бір­ыңғай таратылатынын айтыпты. Осы ше­жіреде Жалаңтөстің үш баласы бол­ға­ны айтылса, М.Есләмғалиұлы жи­наған мә­ліметтерде төрт баласы болғаны ай­ты­лады, яғни Раңбайдан туған немересі Құдай­назарды төрт ұлының бірі деп көрсеткен. Шежіреде асты сызылып қойылған­дар­дың бірі – Ақша би өз заманында атақ­ты би болған. Ал оның немересі әйгілі Әйтеке би (1700 жылы өлген) біздің тарихымызда бұрыннан белгілі тарихи тұлға.  

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

Мадрид және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттері профессоры

Серіктес жаңалықтары