Әбдіжәміл әлемі – қазақ руханиятының мерейі
Әбдіжәміл әлемі – қазақ руханиятының мерейі
Қазанның 22-сінде Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың әлемге танымал прозаигі, «Қазақстанның Халық жазушысы» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында алғаш сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтар жазушыға жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті. Мерейтой кешінде белгілі жазушы Смағұл Елубай классик жазушымыздың әдеби әлемі, оның ұлттық әдебиетімізде алар орны мен қазақ көркемсөзінің қуатын әлемге танытар көркемдік тереңдігі жөнінде және көрнекті тұлғаның азаматтығы жайында баяндама жасады. «Әлемнің Әбдіжәмілі» атты ол баяндама жиылған халықтың көңілінен шығып, жиі қол соғып отырды. Жиын соңы классик жазушының мерейтойына арналған қазақ өнері шеберлерінің концертіне ұласты. 22 қазан 1924 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Үшкөң ауылы, Құланды поселкесінде дүниеге келген Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов екінші дүниежүзілік соғысқа қатынасып, бір әулеттен аман қалған жалғыз тұяқ болатын. Соғыстан соңғы дәуірде қазақ әдебиетінің табалдырығынан батыл аттап, әдебиеттің басқа жанрларына барлау жасамай-ақ, бірден роман жазып танылған. «Курляндия» (кейін «Күткен күн» деген атпен шықты), «Қан мен тер» (трилогия), «Соңғы парыз» (дилогия) атты романдарын жазып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Жамбыл атындағы, Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты болды. Қазақ ПЕН клубының негізін салушы және алғашқы басшысы. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің басты шығармасы – «Қан мен тер» трилогиясы қазақ тілінде оншақты рет қайта басылып, көп тілдерге аударылған шығарма. Сонымен бірге бұл үш кітаптан тұратын роман желісімен спектакль қойылып, 1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин екі бөлімнен тұратын кино түсірген. Сондай-ақ 2008 жылдың 14 қараша күні Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған (авторы – Ерік Жауымбаев) ескерткіш қойылған. Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған бұл ескерткіш – Қазақстандағы әдеби кейіпкерлеріне арналған мүсін өнерінің алғашқы туындысы. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы туралы әлемге танымал француз жазушысы – Луи Арагон, ресейлік қаламгерлер – Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, Николай Анастасьев, испан Август Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Карим, немістер – Лео Кошут, Ральф Шредер және Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек секілді көрнекті қазақ жазушылары тебірене жазып, ойлы пікірлер білдірген. Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылған және өмір бойы өз жазғандарына сын көзімен қарап, қайта-қайта өңдеп жетілдіруден тынбайтын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қаламгерлік ерекшелігі жөнінде белгілі қаламгер Ақселеу Сейдімбек былай деген екен: «...Әбдіжәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды». Анық сөз, әділ баға осы болса керек. Тұтас бір ғасырда қазақ көркем сөзін өрге сүйреуден танбай, сол жолда талай-талай биік жетістіктерге жеткен Әбдіжәміл Нұрпейісов – бүгінгі әдебиетіміздің көшбасшысы. Оның қаламынан туған құнды шығармалар мәңгілікті бетке алған қазақ руханиятының көгінде жұлдыз болып жана берері хақ.