400
Қанат жеңді ме, жеңілді ме?
Қанат жеңді ме, жеңілді ме?
Кәсіпқой боксшы Қанат Исламның, өткен сенбіде, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жекпе-жегі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Басты дау – Қанат Ислам жеңді ме, жеңілді ме дегенге саяды. Алайда Қанаттың жеңгеніне еш күдік-күмән болмауы тиіс. Дегенмен ол туралы сәл кейіндеу айтамыз.
Біздіңше, бокс кешінде көрермен үшін ең күтпеген оқиға – шаршы топтың алдына Қытай елшісі шығып, Қанатты құттықтауы болды. Бұл әсіресе сол елден көшіп келген ағайынды таңқалдырды. Қытайдағы қазақ тағдырын көзінің жасын бұлап отырып айтқан, айта алған Қанат болатын. Бүгін ол өзгеріп шыға келгендей көрінді. «Шығыс Түркістанда қазаққа қысым көрсетіліп жатқанына» наразылар мұны мүлдем түсінгісі келмей, әлеуметтік желінің шаңын шығарып «тулады». Тіпті қалың қазақтың батырына тіл тигізуге шақ қалғандар бар.
Бұл орайда ұлтым деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтардың көңіл-күйін түсінеміз. Алайда Қанат секілді «халқымның өкшесіне қадалған тікен, маңдайыма қадалсын» дейтін ақберен азаматтың Қытайдағы 1,5 млн (ресми ақпар) бауырына жаны ашымайды деу, тым ұшқары әрі әділетсіздік болмақ. Қайта сол алпауыт елдің спорт саласына Қанаттың да белгілі дәрежеде еңбегі сіңді. Өз кезегінде қалың қазақтың ортасында беделі жоғары Қанат Исламмен ханзулар тіл табысуға ынта білдірсе, неге бас тартуы керек? Болашақ супер держава басқаны қойып, АҚШ-ты жүре тыңдайтынын, кей талаптарын тіпті құлағына ілмей қоятынын әлем халқы көріп-біліп отыр. Анығы – Қанат та, басқа да Қытайға қанша дөңайбат көрсеткенмен ештеңе өндіре алмайды. Оны батырымыз жақсы түсінеді. Елшімен елдессе, сол арқылы біраз қазақтың тарихи отанына оралуына мұрындық болса, ұлтқа қызмет етудің үлкен үлгісі сол емес пе?! Ұлтын шын сүйетін тұлғаның, олармен тіл табысуынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Демек бұл бағытта кінәлау мүлдем орынсыз.
Ал, жекпе-жекке келсек, бірден айтайық, намибиялық Каутондокваның 10 раунд бойында Қанатты есеңгірететіндей бірде-бір соққысын көрмедік. Керісінше біздің батырымыз оны 5-раундта сұлатып салды. Сондай-ақ қарсыласының салмағы ауыр, бойы, қолы ұзындығына қарамай, қаншама қатты соққылар жасағаны анық көрінді. Шынын айтқанда, бір емес, бірнеше мәрте құлай жаздады. Кездесудің белортасынан асқанда, Қанаттың шынашағы сынып, ауыр соққылар жасауға мүмкіндігі болмағаны кейін жария етілді. Сол екінші жартысында да қара бала жарытып ұра алмай, ауа қармаумен болды. Кәсіби бокста ауа қармап, дәл соққы жасай алмау да кемшілік болып есептеледі. Ал соққылардан уақытылы жалтара білу – шеберлік.
Бізді тіксінткен, қолымызға қалам алдырған әлеуметтік желідегі пайым-парасаты төмендеу ағайынның айғай-сүреңі де емес, орыс тілді ақпарат көздерінің «Позор!» деп отқа май құя түсуі. Масқара болатындай ештеңе болмағанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Керісінше, Қанат олар жақсы көретін ұлттың өкілі болса, кездесудің екінші жартысында да «мастер» деп шулар еді. Әнеки әділетсіздіктің көкесі қайда жатыр!
Рас, Қанат Ислам жүрегінің оты бар жігіттерімізді, мұхиттың арғы жағында жүргендерін де жинап-теріп ертіп келіп, демеуші тауып, бокс кештерін өткізіп жүр. Оны жас та, кәрі де тамашалайды. Талай қаракөз жеткіншек кәсіпқой бокс кештерін асыға күтетін болды. Ертең сол балалар, төрткүл дүниенің алдында еліміздің намысын қорғайды, туын көтереді. Қазақстандық патриотизмді дамыту ісі дегеніміз осы емес пе?
Ал жаңағы орыс тілді әлеуметтік желілер мен басылымдарға қазақ патриоттарының әлгіндей берекесі ұнамайды. Мұндай ала қойды бөле қырыққан бүлдіргіліктің шеті-шегі болуы тиіс. Бұл – елдің бірлігін ойлағаннан айтылып отырған сөз.
Елімізде өткізіліп жүрген сол кәсіпқой бокс кештерінде, талай талантты боксшылардың тұсауы кесілді, бағы жанды, жеңістеріне жеңіс қосылды. Болмағанда оған «бәрекелді» деудің орнына бірлік-берекесін көре алмайтындарға қосыла шапқанымызға жол болсын!..
Ұлттың бірлігі мәселесін де құр сөзбен сылап-сыйпау жеткіліксіз. Қазақ кәсіпқой бокс көшінің басында, Қытайдан көшіп келген жігіт тұруы да бәзбіреулерге ұнамайтын көрінеді. Біз оны әлеуметтік желіден анық байқадық. Мұндайды жасырып-жаппай, ашық айтсақ ұтамыз. Ішегіне қыл айналмайтын қызғаншақтық құлға тән. Алдымен Ресей патшалығы, кейін Кеңес үкіметі қазақтарға азын-аулақ билік ұсынып, өзара қырқыстырып, қызғаныш отын лаулатты. Сөйтіп өзінің қандасын жек көретін, аяқтан шалуға құмар құл етті. Сол дерттен әлі айыға алмай келеміз. Оған дәлел – Қанат 12 секундте ұрып жықса да, 10 раунд бойы тер төксе де ұнамайды.
Үлкен өнегелі ұлт боламыз десек, Қанат секілді азаматтарымыздың әрекетіне шындап қуанайық, демейік, қызғыштай қорғайық. Ауыл-үйдің айналасынан аспайтын құлдық мінез көрсетпейік. Қазақ промоутерлік компаниясын, яғни Қанат Ислам бастаған жігіттерді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қолдап келе жатқаны, біздің ілгерідегі уәждерімізді қуаттай түссе керек.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Тúrkistan»