ЭКСПО-2017: Астана – жаһандық әңгіменің арқауына айналады 

ЭКСПО-2017: Астана – жаһандық әңгіменің арқауына айналады 

ЭКСПО-2017: Астана – жаһандық әңгіменің арқауына айналады 
ашық дереккөзі
563
Адамзат алдындағы аса маңызды міндет – экономикалық және әлеуметтік дамуға ден қоя отырып, Жер ғаламшарының экологиясына қамқорлықты арттыру. Жақында ғана Франция астанасында өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммит те бұл ойымызды құптай түседі. Адамзат тағдырына алаңдаушылық білдірген әлемдік басқосудың нәтижесіне Қазақстан да қолдау білдірді. Қолдап қана қоймайды, Климаттық өзгерістерге қатысты Қазақстан өзіне алған міндеттемелерін орындап, парниктік қалдықтарды азайту жөніндегі Парижде қабылданған жаңа келісімді имплементация­лау ісіне өз үлесін қосуға әзір. Ал ол үлес қандай? Халықаралық уағдаластық аясындағы ұлттық міндеттемелер өз алдына, дегенмен, сол үлестің сүбелісі Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болып табылатыны да анық. Шындығында, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – тәуелсіз Қазақстанның жаһандық дәрежедегі аса ірі жоба­ларының біріне айналғалы отыр. Ендеше, «Болашақ энергиясы» атты адамзат дамуындағы бірегей тақырыпқа бойламас бұрын, дүние елдері көз тігетін айтулы көрменің тарихына зер салсақ. Әлемдік ауқымдағы көрмелер бастауы 1851 жылы дүниеге келіп, тарихта алғаш рет Лондонда ұйымдастырылды. Бес айға жалғасқан сол көрмеге 6 миллионға тарта адам қатысқан деген дерек бар. Бұның өзі сол кездің өлшемімен алғанда мейлінше зор көрсеткіш. Содан бергі кезеңде халықаралық көрме әлемнің 65 елінде өткен. Енді Қазақстандағы өтетін көрменің ерекшелігі қандай дегенге келсек, Астана ТМД кеңістігіндегі ғана емес, күллі түркі дүниесінің, сонымен қатар, бүкіл мұсылман мемлекеттерінің ішінде алғашқы ЭКСПО өткізетін ел атанып отыр. Айта кетерлігі, Азияның өзінде ЭКСПО халықаралық көрмесі 6 рет қана өткізілген екен, олар: 1970 жылы – Осакада (Жапония), 1975 жылы – Окинавада (Жапония), 1993 жылы – Тэджонда (Оңтүстік Корея), 2005 жылы – Нагакутеде (Жапония), 2010 жылы – Шанхайда (Қытай), 2012 жылы Ёсуда (Оңтүстік Корея) өткізілген. Осының өзі Астана үшін үлкен жауапкершілікті сездіреді. Екіншіден, жаһандық деңгейдегі шараның артықшылықтарын қай бағытта болса да ұтымды пайдалануға тиіспіз. Бұл үшін ең алдымен Қазақстан көрме арқылы қаржы-қаражатпен өлшенбейтін жетістіктерге қол жеткізе алса, жаһандық көрменің бірден бір пайдасы осы емес пе? Бұдан бөлек, Қазақстанның Ор­та­лық Азиядағы көшбасшылық ұста­нымы осындай ауқымды халық­аралық дүниелер арқылы нығаятыны белгілі. Халықаралық көрме 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады.  Қазіргі болжамдарға сүйенсек, көрмеге 100-ге тарта мемлекет қатысады. Жоспарланған келушілер саны – бес  миллион адамды құрайды. Келушілердің басым бөлігі қазақстандықтар болғанымен, негізгі салмақ шетелдік туристерге түсетіні де анық. Өйткені бұндай шара арқылы Қазақстан өзін әлемге жаңа қырынан танытуы тиіс. Айта кетерлік және бір жайт, халықаралық тәжірибе бойынша ЭКСПО көрмесі секілді ау­қымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, сонымен бірге, экономиканың басқа да са­лаларының дамуына қозғау салады. Статистикалық есептеулер бойынша 1 ту­рист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржыны жұм­сап, шамамен 6-12 адамды жұ­мыс­пен қамтамасыз етеді екен. Осы­лай­ша көрмені өткізуден келетін экономикалық нәтиже де баршылық. Халықаралық көрменің Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджіне де әсері болатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда аса бір өзекті дүние – бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбымен тұтастай бай­ланысты. «Болашақ энергиясы» атты тақырыппен өтетін көрмеге әлемдегі баламалы қуат көздерінің озық үлгілері, «жасыл даму» ғылымындағы соңғы жетістіктері, тың технологиялар мейлінше қамтылады. Ендеше, «жасыл даму» даңғылына ден қойған Қазақстан жеріне де тың технологиялар келеді деген сөз. Ондай технологиялар келіп кетпейді, осында қалады, түйіндей айтқанда Ұлы далада «болашақ энергиясы» дүниеге келеді. Әлбетте, мұның Қазақ елі үшін тигізер пайдасын көз жүгірте салмақтаған жан түсінер еді. Өйткені көрмені ұйымдастыру арқылы мемлекеттің атағы халықаралық күн тәртібіне қайта көтерілетін болады. Ауқымды шаралар арқылы іскерлік байланыстар орнайды, ел-елмен, жер-жермен ресмиден бастап, бейресми әңгімелер қызады. Шындығында, қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан алсақ та, энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан сараласақ та «болашақтың энергиясы» атты мәселе дүние елдері үшін таусылмайтын тақырып. Мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растап әлемнің 60-тан астам мемлекеті мен 13 халықаралық ұйым қолдау білдірген. Осының өзі «Болашақ энергиясы» мәселесінің маңыздылығын айғақтап отыр. Тақырыптың негіз­гі мақсаты – жаһандық дәре­жеде энергетикалық қауіпсіздікті арттырып, ХХІ ғасырда адамзат алдында тұрған қатерлердің алдын алу болып табылады. Өйткені, баршаға бірдей энергия қуатына қол жеткізу, ауаға таралатын көмірқышқыл газының мөлшерін азайту, климаттың өзгеруін шектеу мәселелерінде ЭКСПО-2017 көрмесі халықаралық үнқатысудың баламасыз алаңына айналмақ. Табиғи қазба байлықтарға бай болғанымен Қазақстан үшін де жаңартылатын қуатты дамыту, баламалы энергетиканы қолдау мемлекет белгілеген стратегиялық басым бағыттарға айналып отыр. Түрлі бағалауларға көз жүгіртсек, еліміздегі көмірсутек қорлары ары кеткенде 150 жылға жетеді екен. Бұл дегеніңіз бүгінгі қолдағы энергия көздері ендігі үш ұрпақтың еншісінен арыға аспайды дегенді білдіреді. Сонда одан кейінгі ұрпаққа не бұйырады? Дәл осы сұрақ әлем назарында. Баламалы һәм жаңартылатын энергетиканың әлемдік тенденцияға ұласып, елдердің экономикалық стратегиясына айналып отырғаны да сондықтан. Дүние елдері нақ осы бағытқа қаржыны сарп етіп, ғылыми ізденістерге кеңінен қолдау көрсетуі де соның айғағы. Мұндай ізденістер арқасында инновациялық «жасыл» технологиялар құны да, қолжетімділігі де жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, күн энергетикасын пайдалану көрсеткіші соңғы бес жыл ішінде 55 пайызға артса, оның құрылғылары мен осыған қатысты қызмет көрсетулер құны 3 есеге төмендеген. Бұл осы салаға инвестицияның қысқаруына қарамастан қарқынды дамудың қамтылып отырғанын айғақтайды. Айталық, 2013 жылы әлем бойынша күн энергетикасына салынған әлемдік инвестиция 22 пайызға дейін төмендеген, алайда соған қарамастан күннен қуат алатын қолданысқа енген қондырғылар саны 32 пайызға артып отыр. Күн ғана емес, жел энергетикасындағы жағдай да сондай жағымды қарқын үстінде. «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін көрмені қолдаушы мемлекеттердің баламалы энергетика төңірегіндегі жетістіктері де аз емес. Мәселен, Ұлыбритания өз елінде тұтынылатын энергияның 19 пайызын жаңартылатын қуаттан алады екен. Сосын ағылшындар балама энергетика үлесін алдағы 10 жыл ішінде 60 пайызға дейін арттыруды көздейді. Ал Коста-Рика бұл көрсеткішті қазірдің өзінде 90 пайызға дейін жеткізіп, жаңартылатын энергия саласында жетекші мемлекетке айналып отыр. Бұл ғана емес, Коста-Рика энергетикалық матрицалар төңірегіндегі ізденістерге дем бере отырып, 2021 жылға қарай әлемдегі көмірсутек шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізген тұңғыш мемлекет атануды мақсатқа айналдырған. Тұтастай алғанда, 2017 жылы Астанада баламалы энергетика және «жасыл» экономиканы енгізу мен дамыту мәселелерімен айналысатын ғалымдардың, ізденушілердің әлемдік пулы басқосады. Ал ЭКСПО секілді айтулы шараның бұндағы басты міндеті – көрмеден соң Астананы баламалы энергетика жөніндегі халықаралық хабқа, жаһандық орталыққа айналдыру. Халықаралық көрме тарихында бұндай тәжірибе де жоқ емес. Мәселен, 2008 жылы Испанияның Сарагоса қаласында өткен ЭКСПО тақырыбы су проблемаларына арналған болатын, ал көрмеден соң бұнда Халықаралық су орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ендеше Астананың да халықаралық болашақ энергия орталығына айналатын мүмкіндігі зор. Мүмкіндік қана емес, бұған еліміздің жағдайы да толық келеді деуге болады. Мәселен, Қазақстанның Алтайдан Атырауға дейінгі алып жатқан ұлы даласынан баламалы энергетиканың түрлі зертханаларын, сынақ полигондарын ашуға да болатын еді. Кең байтақ далада күн мен жел әлеуетін игеруге толық мүмкіндіктер де баршылық. Тіпті, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның осы саладағы әлеуеті 1 трлн. кВт/сағатты құрайды екен. Соның ішінде күннен жылына 2,5 млрд. киловатт сағат алуға болады. Судан алынатын қуаттан да кенде емеспіз – техникалық мүмкіндіктер 62 млрд. кВт/сағатқа бағаланады. Бұған Арқада ұдайы азынайтын желді, Жоңғар қақпасындағы үздіксіз соғатын желдің бере алатын қуаттарын қосыңыз. Түйіндей айтсақ, Коста-Риканың тәжірибесіне сүйеніп, баламалы энергетикаға толығымен көшу – бұл қол жетпейтін дүние емес. Тек бұған тың технологиялар мен инвестициялар қажет. Ал ондай технологиялар мен инвестицияларға Астананың әлемге айқара ашылатын ЭКСПО-2017 халық-аралық көрмесі үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Түйіндей айтқанда, ЭКСПО арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың баламалы энергетикаға көшуіне қатысты проблемаларға инновациялық қадам жасайтын хабқа айналуы шарт. Сондықтан да, Қазақстан «жасыл» дамуды стратегиялық мақсат еткен ел ретінде осы тарихи оқиғаға айрықша мән береді.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары