578
«Қазақстан темір жолы» 15 мыңдай қосымша жұмыс орнын ашады
«Қазақстан темір жолы» 15 мыңдай қосымша жұмыс орнын ашады
Апта басында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш жиын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, транзиттік әлеуетті дамыту және «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы жылдағы қорытындысына арналды.
Компания басшысы бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, Мемлекет басшысы ұсынған «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты туралы сөз қозғады. «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтың сауда-логистикалық және іскерлік хабына айналдыру туралы тапсырма бергені мәлім. Мұнда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы инфрақұрылымдық даму бағдарламасының негізгі операторы болып белгіленді», – деді Асқар Мамин. Әрі қарай ұлттық компания басшысы аталмыш бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Асқар Маминнің айтуынша, елімізді сауда, іскерлік логистикалық аймаққа айналдыру мақсатында ресейлік және белоруссиялық әріптестермен нәтижелі келіссөздер жүргізілуде. «Алдағы уақытта миллиондаған тұрғыны бар Қытайдың ішкі қалаларын қамтитын теміржол дәлізі Қазақстан арқылы Ресейге, Беларусьқа, ары қарай Еуропа елдеріне жететін болады. Бұл жоспар жүзеге асқанда, 15 мыңдай қосымша жұмыс орны ашылады. Ал жүк тасымалын бірнеше есе өсіреміз», – деп атап өтті «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті. «Нұрлы Жол» – ел экономикасын дамытуда үлкен рөл атқаратын бағдарлама. Аталмыш бағдарлама бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратындығын атап өткен жөн. Соңғы 6-7 жыл ішінде жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде еліміздегі транзиттік тасымалдың ірісі жалпы табыстың 25 пайызын құрап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан көліктік-логистикалық әлеуетінің даму қарқыны жоғары болып тұрғаны қуантады. 2017 жылға қарай Астанадан Үрімшіге күн сайын пойыз қатынайтын болады. Жүрдек пойыздардың да қатары бірнеше есеге артады. Осылайша алдағы 3-4 жылдың ішінде ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақыт үштен бірге қысқармақ.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының атқарып жатқан жұмыстары қатарында еліміздің бас қаласында салынатын жаңа темір жол вокзалын айтпай кетуге болмас. Елордада бой көтеретін жаңа вокзалдың құрылысына жұмсалатын қаражат туралы ұлттық компания басшысы: «Вокзал ғимаратының құны шамамен 50-60 миллиард теңгеге бағалануда. Дегенмен, қазіргі уақытта біз оны әлі де болса нақтылайтын боламыз. Сондықтан нақты мәліметтерді айта алмаймын», – деді. Оның атап өтуінше, жаңа вокзал кешені «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында пайдалануға берілетін болады. Ал вокзал құрылысының негізгі жұмыстары 2016 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшысының айтуынша, елорданың ескі вокзалы жүк тасымалдаудың артуына және жүрдек жолаушылар пойызы қозғалысының дамуына, сонымен қатар жолаушылар ағыны көлемінің өсуіне байланысты өз қуатын тауысқан. «Жаңа вокзал Мыңжылдық аллеясында, Бейбітшілік пен келісім, Тәуелсіздік сарайларының артқы жағында болады. Бұл аллея бойының болашағы зор. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қаңқасы тұрғызылды. Өткен сенбіде ғана мен бұл нысанға орай кеңес өткіздім», – деген Асқар Мамин Астана қаласындағы жаңа вокзалдың заманауи талаптарға толығымен сай болатынын қадап айтты.
Еліміздегі жаңа теміржол магистральдары да Асқар Маминнің назарынан тыс қалған жоқ. «Біз 1700 шақырымдық жаңа теміржол желісін салу арқылы оңтайлы магистральдық желі байланысын жасай білдік. Қазірдің өзінде жаңа Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржолдарымен 10 миллион тонна жүк тасылды. Бұл 2017 жылға жоспарланған көрсеткіштің 70 пайызын құрайды», – деді Асқар Ұзақбайұлы. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазір бірқатар жобаларды қолға алып, жүзеге асыру үстінде. Мәселен, Маңғыстау облысы аумағында 14 шақырымды жалғайтын «Боржақты-Ерсай» темір жол желісі төселіп жатыр. Бұл темір жол желісі Құрық жолаушы және жүк арту паромына жол ашады. Құрылыс жұмыстары биыл ғана басталған кешен 2016 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Қазір 24 гектар аумақты алып жатқан құрылыс аймағында 500 адам жұмыс істеуде. Кешен толық іске қосылғаннан кейін мұнда 238 адам тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, паромның жылдық жүк жөнелту мүмкіндігі 4 миллион тоннаға артады деп жоспарланып отыр. Ұлттық компания қолға алған екінші ірі жоба – Алматы-1 – Шу аралығындағы 11 шақырымдық темір жол құрылысы. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Қазір құрылыс аумағында 1490 адам еңбек етуде. Темір жол желісі келер жылдың соңында толық іске қосылады. Жаңа темір жол желісі тәулігіне жүк пойыздарын өткізуді 4 есеге дейін ұлғайтатын болады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағына баса мән беріп отыр. 2014 жылы құрылысы басталған экономикалық аймақ 579 гектар аумақты алып жатыр. Қазір 2000-дай адамды жұмыспен қамтып отырған аймақ толық іске қосылғанда 10-мыңнан астам жанның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Елдің шығысындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» экономикалық аймағында қазір құрғақ порттың құрылысы аяқталды, ол 2020 жылға қарай 4 миллионнан астам түрлі жүкті өңдейтін болады.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында биыл теміржолдағы жүк тасымалының өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға азайғаны да айтылды. Жүк тасымалдау көрсеткішінің төмендеуіне жаһанды жайлаған экономикалық қиындықтар ықпал етіп отыр. «Өкінішке қарай, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда жүк тасымалы 12 пайызға төмендеді. Негізінен, экспорттық бағытта жүк айналымы 25 пайызға азайды. Бұл темір рудасы мен көмір тасымалының төмендеуіне байланысты. Бұл жағдай компания табысына айтарлықтай ықпал ететінін жасырмаймыз. Дегенмен, бұл шығынның орнын қосымша транзиттік жүк айналымын тарту арқылы толтыруды ойластырып отырмыз. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын транзиттік жүк тасымалын дамыту міндеті қойылған болатын. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы бізге жүктеп, «Жібек жолы» бағдарламасының бірыңғай операторы етіп бекітті. Бүгінгі күні бұл бағыттың дұрыс болғанына көзіміз жетті», – деп отыр компания жетекшісі. Десек те, «Қазақстан темір жолы» компаниясы арқылы тасымалданатын астық экспортының көлемі артуда. Үстіміздегі жылы 2 миллион 300 мың тоннадан астам бидай экспортталған. Сондай-ақ, 1 миллион 300 мың тонна астық аймақтар арасында тасымалданыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Компания президентінің айтуынша, өткен жылы бұл уақытта 1 миллион 800 мың тонна астық экспортқа шығарылған.
«Ешқандай мәселе жоқ, біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, экспорттаушылар, Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Астық тасымалдайтын вагондармен қамтамасыз ету бойынша да еш қиындық жоқ», – деді Асқар Ұзақбайұлы.
Сондай-ақ, жиында Асқар Мамин «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі жекешелендіруден кейін тиімдірек бола түсетіндігін айтып өтті. «Үкімет отырысында жекешелендірілетін нысандардың тізімі бекітіледі. Үкіметпен бірге сатылымға шығарылатын компаниялардың тізімін айқындадық. Бұл негізінен профильдік емес активтер. Біз ендігі уақытта негізгі қызметімізге – көліктік-логистикалық қызметтер көрсетуге күш салатын боламыз. Үкімет, Экономика министрлігі, «Самұрық-Қазына» қорымен бірге барлық сұрақтарды жіті қарастырдық. Компаниялардың бір тобы аутсорсингке беріліп, бірқатарының жұмысы тоқтатылғаннан кейін, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі тиімдірек бола түседі. Сөйтіп, компания алдында тұрған сын-қатерлерге тиісті деңгейде тойтарыс бере аламыз», – дейді ұлттық компания басшысы. Оның айтуынша, жекешелендіруге байланысты компанияның алдағы уақыттағы жұмысында ешқандай қиындықтар болмайды.
Шара барысында 125 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын ұлттық компания өкілдері келер жылы еліміздегі темір жол билеттерінің бағасы қымбаттамайтындығын, керісінше, жолаушылар билеті құнының қолжетімді бола түсетінін айтты. Ал темір жол билеттерінің бүгінгі бағасы Ресей мен Өзбекстанға қарағанда екі есеге арзан екен. Себебі ішкі бағыттардың құны бюджеттің есебінен субсидияланып келеді әрі бүгінгі тариф деңгейі барлық шығындарды жаппайды. Қазір Үкімет билет бағасын мейлінше қолжетімді етіп белгілеп отыр. Айта кетейік, темір жол билеттерінің бағасы 2014 жылы қымбаттаған болатын. Ұлттық компания вице-президенті Берік Қамалиев 2016 жылы билет бағасын өсіру туралы жоспар жоқтығын нықтап айтты. «Халықаралық тасымал бойынша да билет бағасы қымбаттамайды. Бұл ретте Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасында 45 пайызға дейін жеңілдік бар екенін айтып өту керек. 2016 жылы бұл келісім жалғасады. «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарының билет бағасын көтеру де көзделіп отырған жоқ», – дейді вице-президент.
Әсел ӘНУАРБЕК