527
Қазақстандағы ең ірі үш түрме жабылуы мүмкін
Қазақстандағы ең ірі үш түрме жабылуы мүмкін
2016 жылдан бастап Қазақстандағы ең ірі үш түрме жабылуы мүмкін. Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында орналасқан абақтылардың жұмысын тоқтатуы мүмкін екендігін хабарлаған еліміздің Бас прокуратурасы ондағы жазасын өтеушілер өзге колонияларға ауыстырылады деп отыр. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, түрмелерді жабудағы басты мақсат – сотталғандардың санын азайту. Сондай-ақ, осы арқылы қазына қаржысын біршама үнемдеуге де мүмкіндік тумақ. Бірақ бұл еліміздегі қылмыстың өршуіне жол ашпай ма деушілер де жоқ емес.
Түрмені жабу қылмысты азайта ала ма?
Еліміздегі ең ірі үш бірдей түзету мекемесін жабу туралы жаңалықтың шетін шығарған Бас прокуратура аталмыш түрмелердің әрқайсысында жазасын өтеп жатқан 600-дей сотталушы өзге облыстардағы 8 абақтыға бөлінетіндігін айтты. Мұндай хабарламаны естіген көпшілік дағдарыс алқымнан алған шақта абақтыны жабу жұмыссыздықты арттырып, қылмысты көбейтіп жіберуі мүмкін деп күдіктеніп отыр. Бірақ Бас прокуратура өкілдері абақтыда жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргендерді жұмысқа орналастыру жауапкершілігін Қаржы комитетінің мойнына артып қойды. Енді есігі тарс жабылатын түрме қызметкерлерін басқа жұмысқа орналастыру, өзге жұмыс тауып беру мәселелерін Қаржы комитеті қарастыратын болады. Дегенмен, Қаржы комитеті үш түрменің барлық қызметкерлеріне жаңа жұмыс тауып береді дегенге сену де қиын. Өйткені экономикалық дағдарыстың салқыны тиіп отырған бүгінгі уақытта жаңа қызметке орналасу қиындық тудырып тұрғаны жасырын емес. Түрме қызметкерлері екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін деп дабыл қаққанымызбен, Бас прокуратура абақтылардың есігіне қара құлып салудың оң ықпалын айтудан жалығар емес. Мәселен, үстіміздегі жылы еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне 54 миллиард теңге жұмсалса, келер жылы 42 миллиард теңге бөлінбек. Сөйтіп, 2016 жылы биылғыға қарағанда 12 миллиард теңге мемлекет қазынасында қалады. Ал Қазақстанда түрмедегілерді ұстап отыру үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді екен. Жыл сайын түрмедегі әр адамға мемлекет 750 мың теңге жұмсайды. 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша, еліміздегі 75 түзету мекемесінде 40159 бас бостандығынан айрылғандар отыр. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, 40 мың сотталушыны абақтыда ұстап отыруға үлкен көлемде қаржы керек. Сондықтан, бүгінгідей экономикалық тұрақсыздық орын алған уақытта түрмелерді жабу арқылы мемлекет қазынасындағы қаржыға біршама үнем жасалмақ. Десек те, түзету мекемелерінің есігіне қара құлып салуға жалғыз себеп болған бұл ғана емес. Құзырлы орган өкілдерінің сөзіне қарағанда, Маңғыстаудағы қатаң режимдегі колонияның әбден тозығы жеткен, ал Қарағанды облысындағы түзету мекемесінің әлеуметтік жағдайы сын көтермейді екен. 1995 жылы Қазақстан түрме индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында болған. 2012 жылы біздің еліміз бұл көрсеткіш бойынша 33-орынға шықты. Бүгінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингінің көрсеткіші бойынша 57-орында. Осылайша, Қазақстан көрсеткіштері халықаралық сарапшылар тарапынан ешқашан сын тудырмаған Латвия, Эстония, Сингапур секілді мемлекеттердің қатарына көтерілді. Соңғы үш жыл ішінде еліміздегі сотталғандардың саны 25 пайызға кеміді. Бүгін олардың саны 90-жылдарға қарағанда 2 есе, ал 80-жылдарға қарағанда 3 есе аз. Биылғы жылы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет түрмедегілер саны 40 мың адамға дейін азайыпты. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Қазақстан мұндай нәтижеге рақымшылық қолдану арқылы емес, жүйелі әрі жан-жақты ойластырылған қайта құрулардың арқасында қол жеткізген. Жалпы, халықаралық стандарт бойынша салыстырмалы түрде алғанда 100 мың тұрғынға 150 сотталушыдан келуі керек. Сонда ғана мемлекетте қылмыстық сот төрелігі және түрме менеджменті дұрыс ұйымдастырылған деп санауға болады. Мәселен, Тәжікстанда түрме индексі 130 болса, Англияда – 150, Францияда – 101, Германияда – 80, Ресейде – 487, ал алпауыт АҚШ-та – 716. Ал Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша алғашқы елуліктің ішінде болған еді. Сондықтан, елімізде түрме реформасын жасау қажеттігі туындады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түрме реформасына толықтырулар енгізіп, түрме индексі бойынша көш бастаған 50 елдің қатарынан шығу туралы тапсырма берген болатын. Елбасының пәрменінен кейін түрмедегілер саны біраз төмендеді. Мәселен, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда қылмыс саны 11,5 пайызға азайған. «2013 жылы «Түрме орнына – пробация және электронды білезіктер» тақырыбымен өткен Бірінші форумның аясында біздің «Түрме халқын» азайту жөніндегі 10 шара» жобасын ұсынғанымыз естеріңізде болар. Онда біз Қазақстанды 4 жылдың ішінде түрме индексі бойынша алда тұрған 50 елдің қатарынан алып шығу туралы батыл міндет алған едік. Бұл міндетті біз мерзімінен бұрын орындап шықтық», – деді еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Астана қаласында өткен Түрме реформаларының ІІІ форумында. Елбасының пәрмені бойынша жұмыс жасаған құзырлы органдар Қазақстанды түрме индексі бойынша алдыңғы орында тұрған елдер тізімінен шығарды. Ресми деректер елімізде қылмыс санының азайғанын айтады. Алайда бұл деректерге сенуден гөрі күмәнмен қарайтындар қатары көп.Түрмедегі жан да жұмыс істегісі келеді
Кейбір деректерге сүйенсек, еліміздегі қылмыстың 78,6 пайызын жұмыссыздар жасайды екен. Ал олардың көпшілігі бостандыққа шыққаннан кейін барар жер, басар тауы болмай, қайтадан қылмыстық әрекеттерге барып, темір торға қайта оралуы жиі кездеседі. Қайтадан қылмыс жасаушылардың қатары 8,8 пайызды құраса, ал қылмыс жасаушылардың өзге 91,2 пайызы бірінші рет қылмыстық іске барғандар. Абақтыда отырғандардың қазіргі уақытта 63 пайызы қазақтар екен. Ал сол азаматтар түрмеден шыққаннан кейін тағы да қылмыс әлеміне бойлап, «үйреншікті жеріне» қайтып оралмасына кім кепіл?! Десек те, Бас прокуратура өкілдері қылмыскерлерді абақтыдан шығармас бұрын оларға түрмеде жұмыс берілетіндігін айтуда. Бүгінде колонияларда кәсіпкерлер қатары 8 есеге артып, 133 кәсіп иесінің қолында мыңға жуық сотталушы еңбек етіп жатқан көрінеді. Құзырлы органдардың айтуынша, бұл сотталушыларды бостандыққа бейімдеудің бір тәсілі. «Қылмыскерлерді азаттыққа жібермес бұрын үлкен сынақтан өткіземіз. Олар түзеу мекемелерінде жұмыс істейді. Бостандыққа шыққаннан кейін де сол мамандықпен жұмысын жалғастыра береді. Бастысы, түрмеден шыққаннан кейін ортаға тез бейімделіп кетеді», – дейді ҚР Бас прокуратура департаментінің бөлім басшысы Нұрлыбек Әбдірайымов. Сотталушының еңбекке деген ұмтылысы ұзақ зерттеледі екен. Ал сотталғандарды еңбекке тарту қайта әлеуметтендіруді тиімді түрде жүргізуге ықпал етеді. Бас пркурор Асхат Дауылбаев: «Бүгіннің өзінде біздер еңбекпен қамтылғандар санының 54 пайызға дейін артқанын көріп отырмыз (23,4 мың адамның 12,6 мыңы еңбекпен қамтылған). Осы мақсаттарда колонияларға жеке кәсіпкерлік субъектілері тартылды, олар өз кезегінде жазасын өтеп жатқан 1800 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткіш «Еңбек» РМК-нің 15 жылдан астам уақыт ішінде ашқан жұмыс орындарының үштен бірін құрайды (бүгінде РМК-де 6 626 адам жұмыспен қамтылған). 1997 жылдан бастап жазасын өтеушілерді жекеше жұмыс істеуге тарту тетігі алғаш рет іске қосылды», – деп отыр. Бас прокурордың айтуынша, бүгінгі күні 20 жазасын өтеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгеріпті. Олар мал шаруашылығымен, ыдыс жасаумен, аяқ киім тігумен айналысады. Мемлекет басшысы қылмыс жасады деп танылған адамдарға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы мүлдем тағайындалмай, негізінен бас бостандығынан айыру жазасы кеңінен қолданылып, босатылғандарды оңалту мәселесі ешкімді толғандырмайтыны, нәтижесінде олардың қайта қылмыс жасап, қылмыскерлердің санын толықтырып отырғандығын айтқан болатын. Осы орайда, елімізде «Колонияларда сотталғандарды жұмыспен қамту – 2017» жобасы қолға алынды. Аталмыш жобаның мақсаты – сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткішін 2018 жылға қарай 75 пайызға дейін жеткізу. Сондай-ақ, еліміздегі құқықтық саясаттың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да сотталғандарды қоғамдық еңбекке тарту жолымен оларды жұмыспен қамту мәселесін шешуге негізделген. Қазіргі уақытта жаза мерзімін өтеушілерге орта және кәсіптік білім беру басты назарда. Кешкі мектеп деңгейінде куәлік және аттестатқа, кәсіби мамандық бойынша да оқытылады. Түрмедегілердің жұмыспен қамтылуы турасында халық қалаулылары да үстіміздегі жылдың көктемінде мәселе көтерген еді. Сонда депутат Светлана Бычкова: «Сотталушылар өздері келтірген шығынның орнын толтырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігіне ие болуы керек. Сотталғандарды жұмыспен қамту олардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жүріп жасайтын қылмыстарының үлес салмағын азайтуға да әсер етеді. Сонымен қатар, жазасын өтейтін тұлғалар қоғамға кәсіби тұрғыдан сұранысқа ие, материалдық жинағы қамтылған толыққанды мүше болып оралуы да маңызды, бұл рецидивтік қылмыстың қысқаруына да кепіл болады. Алайда, бүгінгі таңда мұндай міндетті қамтамасыз ету заңнамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар кемшіліктердің орын алуына байланысты күрделі күйінде қалып отыр», – деген болатын. Депутаттың деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні еңбекке қабілетті сотталғандардың тек 48,1 пайызы ғана жалақысы төленетін жұмысқа ие. Сонымен қатар, 2015 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталған жалпы саны 41 360 адамды құрайтын сотталушының 25212-сі еңбекке қабілетті болса, соның тек 12116-сы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып, олардың қоғамға пайдасы тисін деген құзырлы органдар қазір қызу жұмыс жүргізу үстінде. Биліктегілердің биылғы жылы жазасын өтеушілерге қатысты енгізген тағы бір жаңалығы бар. Биылғы жылы еліміздегі түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге орай жаңа бір мүмкіндікке ие болды. Қалған өтелмеген күндері үшін ақша төлеу арқылы сотталушылар түрмеден босап шығуға мүмкіндік алды. Яғни, жазасын өтеушілер әрбір өтелмеген төрт күн үшін бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша төлеу керек. Ал бұл жеңілдік мерзімінің үштен екісін өтегендерге ғана беріледі. Өз кезегінде ақша төлеп, түрмеден босап шыққан жан толығымен жазасын өтеген болып саналады. Аса ауыр және бірнеше қайтара қылмыс жасағандарға мұндай мүмкіндік бұйырмайтындығын да айта кеткен жөн. Қалай десек те, қоғамда қылмысты да, қылмыскерді де азайтуды қолға алғанның еш айыбы жоқ. Егер еліміздегі ең ірі үш абақтыны жабу арқылы, мемлекет қазынасындағы қаржыны сақтап, қылмыскерлер санын төмендетуге мүмкіндік туар болса, Бас прокуратураның бастамасына қарсылық таныту әбестік болар. Бірақ әзірге құзырлы органдардың жаңалығы қаншалықты жақсылығымен келері белгісіз.