602
Түн асқан тамаққа құмарлық
Түн асқан тамаққа құмарлық
Ас – адамның арқауы. Ал дұрыс тамақтану – адам денсаулығының кепілі. Дегенмен, тамақтануға баса мән бермейтіндер де жоқ емес. Соның әсерінен де болар, соңғы уақытта елімізде астан улану фактілері жиі тіркелуде. Үйде де, білім беру мекемелерінде де, арнайы тамақтану орындарында да тағамнан уланып, ауруханаға түсіп жатқандар қатары артып барады. Мұндай жағдайдың әсіресе, мереке қарсаңында жиілеп кететіні жасырын емес.
Сауық-сайран өтті, ас қалды...
Қазір дүкен сөрелерінен азық-түліктің түр-түрін табуға болады. Сондықтан салтанатты шаралар мен мерекелер қарсаңында үлкен дастарқан жаю ешкімге қиындық тудырмайды. Әсіресе, Жаңа жылда әрбір шаңырақта мерекелік дастарқан жайылып, әр түрлі тағам түрлері қонақтарға ұсынылатыны белгілі. Бір өкініштісі, осындай қарбалас кезде тағамды сақтау ережелері, дайындау тәсілдері мен өңдеу тәртібі назардан тыс қалып жатады. Мұның соңы адамдардың тамақтан улануына әкеліп соғады. Тіпті, Жаңа жылдан кейін тамақтан уланып, ауруханадан бір-ақ шығатын жағдайларды да естіп жатамыз. Мерекелік дастарқанда майлы және құнарлы тағамдардың көп болатындығы белгілі. Ал майлы тағамдарды бірнеше күннен соң пайдалануға болмайды. Ол адам денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Сондай-ақ, мұндай кезде тағамды дұрыс сақтауға аса мән беру керек. Мерекелік дастарқаннан қалған тағамдарды кейбіреулер көбіне келесі күнге сақтап қоюға тырысады. Көпшілік тағамдарды тоңазытқышқа салып қою жеткілікті деп ойлайды. Бірақ тоңазытқышта тағам сақтаудың да өзіндік ережелеріне назар аудара бермейді. Әрине, салқын ауа тағамның дәмін жоғалтпай, астың бастапқы қалпын сақтайды. Алайда кей кезде тоңазытқышта тұрған тағамдардың да бұзылып кетіп жататыны бар. Ең алдымен, тоңазытқышта тағамдарды бір-бірінен бөлек сақтау қажет. Кейбір тағамдарды біріктіріп сақтауға мүлдем болмайды, себебі олар бір-бірінің иісін сіңіріп алып, тез бұзылады. Мысалы, шикі ет пен балықтың жанына піскен тамақты қоюға болмайды. Мұндай жағдайда піскен тамаққа микроб түседі, ал ол өз кезегінде адам денсаулығына кесірін тигізеді. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерді бір-бірінен ажыратып қою керек. Балық пен салаттарды, шұжық пен жеміс-жидектерді де тоңазытқышта қатар орналастырмаған абзал. Тоңазытқышта сақталған азық-түлік мұздатқыш қабырғасына жабысып қалмауы тиіс. Сондықтан, азық-түліктер мен тағамдардың астына полиэтилен пленка төсеуді ұмытпау қажет. Дайын тағамды алдымен бөлменің температурасында бір деңгейде салқындатып алып, содан кейін ғана тоңазытқышқа салған жөн. Тағамдарды сақтау кезінде мұндай ережелер бұзылған жағдайда, адамдардың астан улануы жиілейді. Әлбетте, бұзылған тағамды пайдаланғандардың асқазанында ауырлық сезіледі. Ал Жаңа жыл мерекесінде қалған тағам түрлерінің көпшілігін тоңазытқышта сақтайтын болғандықтан, тамақты бұзылмаудан сақтаудың жолдарын меңгеріп алудың еш артықтығы жоқ. Жалпы, мамандар Жаңа жылдық мерекелерде майлы және құнарлы тамақтарды көп пайадаланбауға кеңес береді. Өйткені мұндай тағамдар адам ағзасына ауыр тиеді. Ал академик Төрегелді Шарманов өзінің бір сұхбатында: «Мерекелік дастарқандағы өте құнарлы және майлы тағамдардан бас тартқан жөн. Мереке өтеді де кетеді. Ал майлы тамақты көп жегеннен денсаулық сыр беруі мүмкін. Ұйқы безінің осыншама тамақты қорытуға шамасы жетпейді. Дегенмен, ферменті бар таблеткалар алып қою артықтық етпейді. Салаттарды, балықтан және құс етінен жасалған тағамдарды көбірек жасаған абзал. Және әрине бауырды ойлау керек, яғни, ішімдіктен мүлдем бас тарту керек», – деп кеңес берген екен. Қазақтың «Ауру – астан» деген сөзі де бекер айтылмаған болар. Әрбір адам өзінің асына абай болуы керек. Негізінен, адамның улануына себепкер болатын тағамдар қатарына балық, ет өнімдері, қалбырдағы ет және балық, сүт өнімдері, шұжық енеді. Аталған өнімдер дұрыс сақталмаса немесе әзірлену жолы қате болса, адам ағзасы уланады. Мұндай жағдайлар әсіресе, жаз және қыс мезгілдерінде жиі орын алады екен. Уланудың алғашқы белгісі сапасыз тағамды тұтынған соң 2-4 сағаттан кейін байқалады. Көп ұзамай құсу, іштің ауырсынуы, іш өту қосылады. Дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Аталған белгілер пайда болған жағдайда, тездетіп «жедел жәрдем» шақырту керек. Улануға себеп болуы ықтимал деген астың қалдықтарын сақтап қойып, дәрігерге көрсеткен жөн. Ал дәрігер жеткенше адам әуелі асқазанды шаюы қажет. Астан уланғанда сұйықтықты көп ішкен жөн. Дұрысы – қою, қантсыз, ыстық қара шай. Осы ем-домнан кейін науқас қалтырауы мүмкін. Сондықтан жылы оранып жату, аяқ-қолға жылытқыш басу керек. Ет немесе балықтан уланған жағдайда, уланудан кейін 1-2 тәулік бойы түк жемеген дұрыс. Тағамдық улану – бактериялар, вирустар, ұсақ жануарлар немесе өсімдіктерден (мәселен планктон саңырауқұлақтармен, паразиттермен немесе уыттармен зақымдалған шикі өнімдерді адамдар пайдалану салдарынан болуы мүмкін) болады. Улануға бактериялар және басқа да тағамдық жұқпа қоздырғыштары әртүрлі себептермен тағам өнімдеріне түсуі әсер етеді. Пластикке оралған өнімдердің өзі зақымдалуы ықтимал. Сатушылардың лас қолдары немесе өнімдер жатқан ыдыстардың таза болмауы аурудың негізгі көзі болуы мүмкін. Жеткілікті түрде термиялық өңдеуден өтпеген (шикі немесе жартылай шикі), сонымен бірге тоңазытқышта немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт бойы сақталынатын тағамдар қауіпті.Астан уланған балалар
Биылғы жылы елімізде балалардың астан улану деректері көп тіркелді. Тіпті, қазан айында Маңғыстау облысында 15 жасар қыз бала тағамнан уланып, қайтыс болды. Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау департаментінің басшысы Руслан Бектібаевтың мәлімдеуінше, 14 қазан күні 15 жасар қыз бала, оның 10 жасар інісі мен әкесі өздерін нашар сезіне бастаған. Барлығының ауру белгісі бірдей. Ал 15 қазанда қызын ұйқысынан оята алмаған анасы «жедел жәрдем» шақырады. Бірақ ақ халаттылар келгенге дейін қыз бала көз жұмған. Онаңы ағзасы уға қарсы тұра алмаған. Ал қыздың әкесі мен інісі ауруханаға жеткізіліпті. Эпидемиологиялық зерттеудің алдын ала қорытындысы бойынша, улануға консервіленген азық-түліктің дұрыс сақталмағандығы себеп болыпты. Шілде айында Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» атты сауықтыру лагерінде балалардың тамақтан уланғандығы туралы хабар тарады. Тамақтан уланғандар саны – 72. Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың инфекция бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, ауруханаға жеткізілген балалардың бәрінен ішек инфекциясының белгілері анықталыпты. Ал Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатының 127 оқушысы астан уланып, ауруханадан бір-ақ шықты. Әуелі қазан айының соңында мектеп-интернаттың оннан астам оқушысы уланып, ауруханаға түскен. Кейін олардың қатары 127-ге жетті. Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің хабарлауынша, мектеп-интернатта ас мәзір талабы сақталмаған. Осы жағдайдан кейін арнайы брифинг өткізген Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жетекшісі Мұхамед Арысбаев сол күні мектеп-интернатта оқушыларға түскі астан қалған картоп езбесі кешкі тамаққа қайта берілгенін мәлімдеді. Ал астан уланған балалар ішкен тамақтан сальмонелла бактериясы табылып, оқушыларға «сальмонелла бактериясымен астан уланған» деген диагноз қойылыпты. Сонымен қатар мектеп асханасында санитарлық-техникалық жұмыс кестесінің бұзылғаны анықталды. Алынған талдаудың 28 пайызы талапқа сай келмейді. Осыдан кейін мектеп асханасындағы аспаз бен техникалық қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Бұдан бұрын әкелінген азық-түлік тағамдары қолданыстан алынып, мектепте дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің сөзіне қарағанда, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен балалардың 114-і интернатта жатса, 12-сі мектепке үйден келіп оқиды. Олардағы ауру белгілері бірдей, яғни жоғары дене қызуы, нәжістің бұзылуы, іш пен бас ауруы болған. Қалада тұратын осы мектепте оқитын барлық балалар бақылауға алынды. Қосымша қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп, санитарлық-ағарту шаралары күшейтілді. Алайда мектеп басшылығы «Оралдағы оқушылардың жаппай ұшынып қалуына асхананың түк қатысы жоқ» деген мәлімдеме жасап, балалардың астан уланғанын теріске шығарды. «Асхана толық құрал-жабдықтармен жабдықталған. 29-ы күні оқушылар тамақтанған болса, сол күні кейбір қызметкерлер оқушылармен бірге тамақтанған болатынбыз. Соның ішінде өзім де бірге тамақ іштім. Бірақ менде ондай ешқандай аурудың белгісі байқалған жоқ. Соған байланысты біздер енді оқушылар тамақтан уланған дегеніне сене алмаймыз», – дейді дарынды балаларға арналған №11 мектеп-интернат кешені директорының орынбасары.«Сапасыз тауар саудасы үшін жауапкершілікті қатаңдату керек»
Елімізде тамақтан уланудың шектен тыс артып кетуіне алаңдаушылық білдірген Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқын қорғау комитеті үстіміздегі жылдың көктемінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Сонда комитет төрағасы Әлиақпар Мәтішев сапасыз тауар саудасы үшін жауапкершілікті қатаңдату керектігін ескертті. Шынында да азық-түлік төңірегіндегі мәселе биылғы жылы біраз асқынып кетті. Кез келген қала көшелерінде орналасқан тамақтану орындарынан да талай былық шығып жатқаны жасырын емес. Тіпті, елдің назарын аудартқан мейрамханаларда да келушілердің тамақтан улану деректері тіркеле бастады. Мысалы, елордада орналасқан «Старомодный» мейрамханасынан ас ішкен 27 адам дәрігерлер көмегіне жүгінді. Оларға «сальмонеллез» деген диагноз қойылған. «Мейрамхананың барлық қызметкерлері тексеріліп жатыр. Қазірдің өзінде 3 адам жұмыстан босатылды. Егер сот мейрамхана басшыларын, өзге де қызметкерлерін айыпты деп тапса, онда ірі көлемде айыппұл төлейді немесе қамауға алынуы да мүмкін», – деген болатын Астана қаласының бас санитар дәрігерінің орынбасары Федор Пеев. Осы оқиғаға қатысты Астана қалалық Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Астана қаласында мейрамханалар мен өзге де тамақтандыру орындарын былай қойғанда, аурухананың медицина қызметкерлеріне арналған асханасынан да шу шықты. №2 балалар ауруханасының дәмханасынан уланған 26 медицина қызметкерінің 21-і ауруханаға жатқызылған болатын. «Қазір себебі анықталуда. Шынымен де улану дерегі болды. 26 адам зардап шекті. 21-і ауруханада жатыр. Олардың барлығына алдын ала сальмонеллез диагнозы қойылып отыр», – деді ол кезде де Федор Пеев. Мұндай жағдайдан сақтанудың ең негізгі жолы сырттан тамақтануға тым құмар болмау қажет. Екіншіден, кез келген тағамның иісі арқылы оның бұзылғанын байқауға болады. Тұрып қалған тамақты ішуге мүлде болмайды. Бірақ мереке кезінде жұрттың көбісі мұны ескере бермейтіні өкінішті-ақ. Қалай болғанда да, халық арасында жиі айтылатын «ауру – астан» деген сөзді халықтың естен шығармағаны абзал.