Абай музейі: Құрметті қонақтардың лебіздері

Абай музейі: Құрметті қонақтардың лебіздері

Абай музейі: Құрметті қонақтардың лебіздері
ашық дереккөзі
1062
Абайдың өлмес мұрасын, туыстық-өнер айналасын 75 жыл кеңінен насихаттап келе жатқан ұлы ақын мұражайы – еліміздің қасиетті рухани ордасы. Мұражай – елдің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын тәрбиелік орын. Сондықтан да ол қоғам өмірінде ерекше орынға ие. Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, Абай мұрасын тереңдей танытатын, ұлы тұлғалар мен олар өмір сүрген ортаны елестететін тарихи жәдігерлердің орны орасан зор. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ұлттық мұраларымызды саралап, бүгінгі биіктен бағалау аса қажет. Бүгініміз – ертеңгі тарих екені ақиқат. Бүгінгі таңда Қазақстан Респуб­ли­касында ел өмірін, тұрмыс-салтын, тарихы мен мәдениетін, білімі мен ғылымын және басқа салаларды қамтитын мұражайлар жетерлік. Солардың ішінде Абай мұражайының орны бөлек. Абай мұражайы бүгінде Абай мұрасын, оның ақындық айналасын жан-жақты насихаттап, сан жылдар бойы асыл сөздің атасы Абайдан қалған асыл қазынаны барша ұрпаққа дәріптеп, ел назарына ұсынуда. Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы – құрылымы мен мазмұны жағынан дара музейлердің бірі. Іргесі сонау 1940 жылы қаланған ұлы ақын мұражайына елі мен жерін аңсаған қандастарымыз, алыстан ат терлетіп, жақыннан жан ұшыра жеткен қонақтар көптеп келеді. Абай, Шәкәрім, Мұхтардай үш алыпты туған елге келген мәртебелі меймандар, еліміздің түпкір-түпкірінен, қала берді алыс-жақын шет елдерден келетін қонақтар Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайына, Жидебайдағы «Абай мұражай-үйіне» соқпай кете алмайды. Бұл дегеніміз ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеуде, жастар арасында елге деген патриоттық сезімді қалыптастыруға, дінаралық, ұлтаралық келісімді нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Осы орайда Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының арнайы экспози­циялары еліміздің мәртебелі қонақтары, қала қонақтарының құрметі мен ілтипатына бөленіп, халқымыздың көзайымы болуда. Мұражайдың мәртебелі қонақтарына арналған «Зерде», «Күміс» лебіз-кітаптарының орны ерекше. «Зерде» кітабы Германияның Нюрнберг қаласындағы «Оуверсис Поуст Организейшн» баспасын­да даярланған. Түптелген қағазды арнаулы технологиямен құйған, сүйегіне түрлі металл ұнтақтарын қосып жасағандықтан оның парақтары талай ғасырға бүлінбей сақталады. Кітаптың салмағы 58 келі, ішіне түптелген парақ саны – 200. «Зерде» кітабына ең алғашқы қолтаңба қалдырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – ең асыл қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтынына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін», – деп жазған. Абайтану ілімінің білгірі, абайтанушы-ғалым Қ.Мұхамедхановтың қалдырған лебізі: «Қазақ халқының тарихында ұлы мәдени уақиғаның бірі – бұдан 60 жыл бұрын Абай музейінің ашылуы болды. Абай музейі ұлы ақынның мұрасын зерттеу ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу орталығына айналды. Мен осы музейдің ашылу тарихының басы-қасында болған адаммын. Музей жұмысын ұйымдастыру ісіне аянбай атсалысқан адаммын. Ендігі мақсатым: Абай музейіне және ұлы ақынға арналған еңбектерімді жинап, зерттеп, жарыққа шығару. Абай музейі өзінің тарихын толық жазатын уақыт жетті. Музей қызметкерлерінің алдында тұрған абыройлы істің бастысы: музейдің ғылыми тарихын жазу болмақ». «Абай қазақтың ұлы ақыны ғана болып қалмастан, ұлы ойшылы. Абайдың 150 жылдық тойы, Абайдың қазақ халқының көкейіндегі орны – өз ұлтының бірден бір пайғамбар екенін көрсетеді», – деп Қытай Халық Республикасының Халық жазушы Қабай «Күміс» тілек-кітабына өзінің ақ ниетін білдірген. 2010 жылдың 7 маусымында Абай мұражайының құрметті қонағы болған ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов: «Әр ұлттың әр заманда ұлы перзенттері болған. Олардың ішінде Абайдың ұлылық сипаты ерекше. Абай өсиеті – еліміздің жүретін жолы, болашақ бағыт бағдарымыз. Абайдың өз халқына деген махаббатын алаш арыстары да өмірлік бойтұмарына айналдырды. Ұлы ойшылды «Қазақтың бас ақыны» деп құрметтеді. Азат Қазақстан алаш қайраткерлерінің мәңгілік мүддесіне айналды. Сондықтан да, халық оларды ұлттың ар-ожданы деп санайды. Жер бетіндегі исі қазақ осындай ұлыларымен мақтанады. Біздің өмірлік ұстанымымыз, перзенттік парызымыз – Отанымызды, елімізді қадірлеу. 70 жылдық тарихы бар ақын мұражайы осы мүддеге қызмет етіп отыр. Мәдени-рухани орталықтағы құнды жәдігерлерді сақтап отырған мұражай ұжымына зор алғысымды білдіремін!» – деп жүрекжарды ниетін қалдырған еді. 2014 жылы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты М.Мағауин Абай қорық-мұражайына арнайы келіп, ұлы ақын рухына тағзым етті. Сол сапарында «Зерде» кітабына қалдырған ақ тілегі: «Абайдың атаулы музейі қазақ халқының рухани ордаларының бірі саналуы тиіс. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің бүгінгі қалыбының өлшемі, болашақтың нұсқасы. Абай қазақпен бірге жасайды». Ұлы ақынның ақыл парасат, көреген кемеңгерлігін, мұрасын, оның ақындық өнер-айналасын, бай тарихын тереңнен танытуда, жас ұрпақтың бойына сіңіруде Абай мұражайының орны орасан зор екенін атап өтті. Киелі қарашаңырақтың құрметті қонақтары толастаған емес. Әр жылдары мұражай экспозицияларын талай мәртебелі меймандар тамашалады. Атап айтатын болсақ: Татарстан Республикасының тұңғыш президенті М.Шаймиев, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі В.Цыбенюк, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова, Халық қаһарманы, қазақ ғарышкері-ұшқыш Т.Мұсабаев, Абай ұрпақтары, Шәкәрім ұрпақтары, М.Әуезов ұрпақтары, Көкбай ұрпақтары, халық жазушылары Қ.Мырза-әлі, Ғ.Қабышұлы, халық ақыны Ф.Оңғарсынова, халық әртістері Ә.Дінішев, М.Сүртібаев, және тағы да басқа меймандар ақын рухына тағзым етті. Бүгінде Семейдегі Абайдың мемле­кет­тік тарихи-мәдени және әдеби-мем­о­риалдық қорық-мұражайы өзін беделді ғылыми-зерттеу, мәдени орталық ретінде танытқан еліміздің бірегей мұражайларының біріне айналып отыр. Мұражайға келетін лауазымды, құрметті қонақтардың легі әлі алда.  

Г.Бейсембинова, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Серіктес жаңалықтары