336
Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев ағынан жарылды
Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев ағынан жарылды
Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев Жаңа жыл алдында өтіп бара жатқан жылды қорытындылайтын, салтқа айналған баспасөз мәслихатын 24 желтоқсанда өткізді.
Аздап тұмауратып қалса да, белгіленген мерзімді созған жоқ. Көкейлеріндегі сауалдарына жауапты өлкенің бірінші адамынан алу үшін мемлекеттік «Ала арша» резиденциясына елуден астам қырғызстандық және шетелдік БАҚ-тың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, барлығы 130-дан астам адам келді. Мемлекет басшысы журналистердің сауалдарына, әдеттегідей, ашық-айқын жауап берді.
Су-энергетика құрылысы қаржыға сусап отыр
Қырғызстан Ресейдің жәрдемімен екі су-электр станциясының – республиканың оңтүстігінде Қамбар Ата ГЭС-інің және шығысында Жоғарғы Нарын сарқырамасында бірнеше ГЭС-тер кешенінің құрылыстарын бастаған. Ресейдегі экономикалық жағдайға байланысты қазір оны қаржыландыру тоқтап тұр. – Біз енді басқа демеушілерді іздейміз, – деді қырғыз президенті. Бұл бойынша Ресей президенті В. Путинмен сөйлесіпті. Бірақ, Ресей президентінің баспасөз хатшысы «мәселе толық шешілген жоқ» деп Мәскеуден дереу тіл қатты. А.Атамбаевтың бұл сөзіне сол күні президенттің аппараты жетекшісінің орынбасары дәрежесіндегі сыртқы саясат бөлімінің басшысы Сапар Исақов түсініктеме жасады. Оның сөзінің астарынан байқалғаны – А. Атамбаев осы екі үлкен стратегиялық құрылысты өзі президент болып отырған алдағы екі жылда бітіріп кеткенді қалап отырғандай. Бұл екі құрылысты жүргізуге 3,2 миллиард доллар керек. Доллар демекші, А. Атамбаевтың төрт жылдық билігі кезінде республиканың қазынасына 4 миллиард доллар көлемінде қайтарымсыз (гранттық) инвестициялық қаржы келіп түскен.Дін, лаңкестік және «Таблиғи жамағат»
Діндегі алауыздыққа қарсы күресу үшін былтыр осы уақытта Қырғызстанда үстіміздегі онжылдықтың аяғына дейінгі уақытты қамтыған дін саласындағы саясаттың мемлекеттік тұжырымдамасы қабылданған. Президент бұл бағытта әрекеттер жүріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жаз айларында Бішкекте ДАИШке (ИГИЛ) қатысы бар лаңкестік топтың жоқ етілгені атап өтіліп, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік қызметінің (ҰҚМК) әрекеттеріне жоғары баға берілді. «Таблиғи жамағат» ұйымы Қырғызстанда тіркелген де емес және оған тыйым салынған да емес.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
«Сыбайлас жемқорлық тіпті Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметін де шарпыған болатын», – деп пікір білдірген А. Атамбаев оппозицияшыл журналист Геннадий Павлюкті Алматы қаласына дейін аңдып барып, терезеден лақтырып жібергендер ҰҚМҚ-ының сол кездегі қызметкерлері екендігін айтып, Марат және Жаныш Бакиевтердің билікке қарсы шыққан адамдарды қинауына және өлтірілуіне ҰҚМҚ-ның қызметкерлері жәрдем бергенін де жасырған жоқ. Атын атап, түсін түстемесе де президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы, бауырласымыз Медет Садырқұлов сондай жағдайда қаза тапқан еді. А. Атамбаев қызуланып, 2010 жылғы сәуір революциясы кезінде ҰҚМҚ-ның қызметкерлері жайында, олардың ішіндегі штатта болмағандар туралы ақпараттар жоқ етілгенін айтып, «сол кездегі сондай қызметкерлердің біреуі қазір депутат» деп те айтып қалды. Әлбетте, президенттің баспасөз мәслихаты бойынша материалдар интернетке жарияланған соң-ақ, оның кім екенін пікір білдірушілер дереу тауып алды. Айта кеткен жөн, Қырғызстанда сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын қырқу үдерісі азды-көпті жүріп жатыр. Президент әкімшілігінің басшысы қызметінде жүріп пара алған Данияр Нарымбаев әшкереленіп, өткен айда соттың өкімімен бірнеше жылға сотталды. Тілшіге бәле – тілінен – Сіз соттасып, сот 2 миллион сом айыппұл салған журналист Дайырбек Орынбековтің бұдан арғы тағдыры не болады, – деп сұраған Махинур Ниязова деген журналист қызға Алмазбек Атамбаев: – Мен туралы бес жыл бойы өсек-аяң таратып, ауыр жала жапқан тілшіні кешірмеймін, мүмкін, оған біреулер тапсырыс берген шығар, тілші соларға шағымданып, соттың өкімін орындасын. Адамда кішкентай болса да ар-ұждан болуы керек. Сөзбен адамды өлтіруге де болады. Сіздер орнықты елде тұрғыларыңыз келсе, өз сөздеріңізге жауап беруге дағдыланыңыздар. Журналистің міндеті біреуді мақтау, енді біреуді қаралау емес, ол нақты жайтты жазуы керек, – деп жауап берді. Сауалдарға бірде қырғызша, бірде орысша жауап беріп отырған А. Атамбаев Дайырбек Орынбековты үрегеш итке теңеп салды. Әсілі, президенттің есіне «Ит үре береді, керуен жүре береді» деген мақал түссе керек. Президент қызмет мерзімі аяқталған соң зейнеткерлікке шығатынын жариялады. – Пианинода ойнағанды үйренсем деп армандаушы едім, мүмкін соған уақыт болар, – деп ол ел ішінде әділетсіздік белең алса, қарап жата алмайтынын мәлім етті.Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі