Тарихта оңтүстіктің ұмытылмас орны бар

Тарихта оңтүстіктің ұмытылмас орны бар

Тарихта оңтүстіктің ұмытылмас орны бар
ашық дереккөзі
1114
Ежелгi дәуiрден бастап күнi бүгiнге дейiнгi қазақ халқына қатысты айтулы даталарға айналған, көне жазбаларға түскен қандай да бiр тарихи оқиғалар мен деректердi алсаңыз да, көбінің оңтүстiк өлкесiмен тығыз байланыста екенiн байқайсыз. Кәрi тарихқа ден қойсақ, осыдан 21-23 ғасыр бұрын осы күнгi қазақтардың алғашқы мемлекеттiлiгiнiң негiзiн құрған Үйсiн, Қаңлы, Алазон (Алшын), Аримаспи, Массагет жұрттарының басым бөлігі қазіргі Қазақстан- ның шартты түрде оңтүстік өлкесі деп аталатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының аумағын жайлаған. Қазақтың арғы тегі – түркі тайпаларының әу бастағы түп қонысы Алтай мен Моңғолия, батыс Қытай жері десек те, олардың кейінгі дамуы, өсіп-өну жолдары Әму мен Сыр, Ыстықкөл мен Арал, Жетісу мен Балқаш аймақтарымен байланысты.III-IV ғасырларда ыдырау жолына түскен ұлы ғұндар елiнiң жан-жаққа жөңкiген лек-лек көштерi де тура оңтүстікпен өткен. Ертедегi батыс пен шығысты, сондай-ақ ат пен түйе тұяғы жетер барлық тарапты қамтыған ұлы Жiбек жолының да негiзгi торабы да – осы аймақ. Оның қиыр-қиырға жол тартқан тiзбектi керуендерi де, жоғарыда аталған аймақтармен ары-берi сапарлаған. Тіпті, алыс елдерге айлап, жылдап жол жүретін керуендер бағыт-бағдарларын да оңтүстік тараптан айқындаған. Қазақстанның басқа өңiрлерiне қарағанда алғашқы һәм ежелгі – Испиджаб (Сайрам), Иасы (Түркiстан), Тараз, Баласағұн, Сұяб, Сау­ран, Сығанақ, Шаш, Құмкент, Құрлық, Жанкент, т. б. ортағасырлық және одан бұрынғы замандардағы қалалар да осы өлкеде пайда болған. Барлық түркi жұртының түп-тiрегi – Сақ деп аталған ұлы жұрттың да мәдени ескерткiштерi, обалары мен қорғандары оңтүстік алапта тізіліп тұр. Бұлармен қатар Ташкент пен Жаркент арасына дейін доғал түрде созылып жатқан тау етегіндегі жазық-қырлар төсінде, өзендер мен сулы аңғарлардың жағасында көне үйсін обалары да неше мыңжылдықтың тарихи куәсі ретінде күні бүгінге дейін бұзылмаған қалпын сақтап, самсап тұр. Негiзгi жұрты қазіргі қазақтардың ата-бабалары болып есептелетін тайпалар қауымдастығынан құралған Батыс Түркi қағанаты да, оңтүстiк өңiрде өмiр сүрген. Одан кейiнгi Түркеш, Қарлық, Қарахан, бес Дулу мен бес Нушибе боп бөлiнген он оқ қағанаттарының тарихы да түстiк тараппен байланыс­ты. Осылардың барлығы қазақ боп қалыптасу жолына бет бұрған түркі тайпаларының түп-қазық отаны – оңтүстік алабы болғанын айқындайтын тарихи айғақтар. ХVІІІ ғасырдан бастап бүгінгі Қазақстан жері мен күллі Орталық Азиядағы, қала берді, қазіргі Кавказ, Иран, Ирак, сондай-ақ шығыс Еуропа өлкесіндегі халықтар тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған һәм жаңа мемлекеттердің қалыптасуына зор ықпалын тигізген Шыңғыс ханның батысқа қарайғы қанқұйлы шапқыншылығы да Балқаштың түстік тарапындағы Жетісудан бастау алып, оның алғашқы шайқастары бүгінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан деп аталып жүрген облыстардың аумағында өткен. Сол шайқастарда аталмыш аумақтардағы нешеме ірілі-ұсақты қалалар жермен-жексен болды. Олардың бәрін тізбелей бермей, 1219 жылы өткен атақты Отырар соғысының уақиғасын ғана айтсақ, оңтүстіктің қазақ тарихында қандай маңызға ие болғаны – өз-өзінен әйгіленіп шыға келмек. Орта Азия мен Қазақстанда Шыңғыс хан әулеттерi билiк құрған кезде оңтүстiк өңiрi Шағатай ұлысына қараған. 1348 жылы Шағатай ұлысы ыдыраған кезде Қашқар, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент, Ферғана өңірлеріндегі ру-тайпалар жаңадан пайда болған Моғолстан хандығына қарады. Моғолстан жұртына Шағатай ұрпақтары хан болып танылғанымен, іс жүзінде барлық билік жоғарыдағы аймақтардың ежелгі тұрғындары боп саналатын қазақ руларының, әсіресе Дулат тайпасы көсемдерінің қолында болғаны тарихи шындық. Кезiнде Шыңғыс ханнан да асып түсемін деп, жарты әлемге ойран салған Ақсақ Темiр де алғашқы және басты шайқастарын дәл осы Моғолстан жерінде бастаған. Ақсақ Темір салған ылаңның кесірінен Моғолстан екіге бөлініп, Ташкент пен Жетісу, Балқаш пен Алатау аралығы Маңғылай Сүбе аталды. Маңғылай Сүбенiң орталығы һәм нақ ортасы қазiргi Оңтүстiк Қазақстанда болды және халқының бәрі қазақ руларынан тұрған. Олар – Моғолстан атын иемденiп, батыс Қытай, Қашғар мен Қырғыз жерлерiн билеп отырған хандармен де, Ақсақ Темiр қосындарымен де көп алысқа түстi. Камараддин Дулати басқарған Маңғылай Сүбе жұртының әскері 1371-72 жылдары Тараз, одан кейінгі кезеңдерде Сайрам, Арыс, Қазығұрт, Келес маңында Ақсақ Темiр қосындарына айтарлықтай тойтарыс берген. Бірақ уақыт өте келе, Ақсақ Темір басымдық алып, Ташкенттен Қаратауға дейінгі алапты түгел жау­лады. Бұдан кейін басты бағытын батыс пен солтүстікке бұрған Ақсақ Темір Тараз бен Жетісу тарапқа бас бұрмады. Дегенмен өмірінің соңында онсыз да тарихы бай оңтүстік өңірінің атын әлемге тағы бір әйгілейтін тарихи ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесін салдырып кетті. ХV ғасырдың алғашқы жартысында бұрынғы Көк Орда жерiнде билiкке жеткен Шайбан тұқымы Әбiлхайыр көшпелi өзбек хандығын құрды. Құзырындағы аумақты барынша кеңейтуге кiрiскен Әбiлхайыр Маңғылай Сүбе жерiне де бiрнеше рет шабуыл жасап, Созақ, Сығанақ, Аққорған, Өзкент қалаларын басып алды. Ақсақ Темір өлген соң Маңғылай Сүбе құрамына қайта кірген Шымқала мен Сайрам, Шаш пен Келес аймағына да ойран салып, жергiлiктi тұрғындардан жүздеген мың мал айдап әкеттi. Бiрақ Әбiлхайыр билеген көшпелi Өзбек хандығының Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi билiгi мен шапқыншылығы тұрақсыздыққа әрi баянсыздыққа ұшырады. 1455 жылы Ертiстiң оң тарапы мен Хангай тауларының етегiнде бiр ортаға ұйысқан ойраттар (қалмақтар) Iле мен Балқаштың күнгей жағын көктей өтiп, Әбiлхайыр иелiгiндегi Қаратау өңiрiндегi қазақтарды шапты. Әбiлхайыр ойраттарға жөндi қарсылық көрсете алмай, Сығанақ қаласының қамалына тығылды. Ешкiмнен тойтарыс алмаған ойраттар Тараз, Түркiстан, Шымкент, Ташкент маңайын әбден тонап, көп олжамен керi қайтты. Мiне, ойраттардың нақ осы шабуылы – келешекте екi жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ шайқасының алғашқы бастамасы едi. Жоғарыда келтiрiп өткен деректерiмiз – ХV ғасырдың алғашқы жартысына дейiн оңтүстікте болып өткен тарихи оқиғалардың тiзбегi. Әлбетте, уақыт шаңына көмiлген iлкi күндердегi тарихи оқиғалар, жоғарыдағы бiз келтiрген шолақ-шолақ мәлiметтермен ғана шектелмесi анық. Әлгiндей шолақ-шолақ мәлiметтердiң астарында қаншама сырлы дүниелер жатыр. Тағы да сондай шолақ мәліметтермен сөзімізді сабақтасақ, тап бүгiнде егемендiкке қол жеткiзген қазақ елiнiң әу бастағы өз алдына iрге көтерiп, уық бекiткен жерi де – 1936 жылға дейiн Оңтүстік Қазақстан облысы аталып, соның құрамына кірген – Шу өңiрi. Демек, елдiгiмiздiң алғашқы туы көтерілген, шаңырағы бекітілген жер – Оңтүстік алабы. 1465 жылы Жәнiбек пен Керей бастаған Алаш елi еңсе көтергелi бес ғасырдан астам уақыт iшiнде қазақ халқы, оның бiр бөлшегi саналатын оңтүстік өлкесінiң жұрты қандай замандарды бастан өткермедi десеңiзшi. Керей мен Жәнiбек мұнда Қазақ Ордасының негiзiн қалады. Жаңа орданың алғашқы ханы Керей (1456-70 жылдардың шамасында хандық құрды), одан кейін Жәнібек (хандық құрған тұсы 1471-80 жылдар) ел тізгінін ұстады. Жәнібек тұсында Қазақ ордасының ауқымын кеңейту, жан-жақтағы аймақтардағы тегі Алашқа жататын руларды бір ортаға ұйыстырып, оларды бір ханға бағынатын жеке ел ету үшін алғашқы қадамдар жасалды. Оның тұсында түп-тірегі Алаш боп саналатын тайпалар қоныстанған Сыр бойындағы қалаларды қазаққа қарату үшін Мәуреннахр және Ташкент билеушілерімен көптеген шайқастар жүргізілді. Жәнiбектен кейiн хан сайланған Бұрындық ата жұртқа қарасты аумақты одан ары кеңейтуге кiрiстi. Ол кезде Мәуреннахрда Ақсақ Темiр әулетi билiк құрған әрi Сырдың ұзына бойы мен Қаратаудың күнгейi, Қазығұрт, Түлкiбас аймағы сол әулеттiң құзырында болатұғын. Бұрындық таққа отыра салысы- мен-ақ, Жәнібектің ісін жалғастырып, аталмыш өңiрлердi Қазақ хандығының құрамына қосуға ұмтылды. Бірақ Мәуреннахр билеушілері ол аймақтарды Бұрындыққа оңайлықпен бере салмақ емес-ті. Соған қарамастан, Бұрындық өз мүддесіне жету жолында талай жыл олармен алысқа түсті. Алайда мақсатына толық қол жеткізе алмады. Десе де, ол Керей мен Жәнiбектен басталған асыл мұрат – Сыр бойы мен оңтүстiк алаптағы Алаш балаларын жаңа хандықтың туы астына кiрiктiруге жанталасып бақты және келешекте аталған аймақтар Қазақ ордасының құрамында болу керектігін өз әрекетімен меңзеп кетті. Бұдан шығатын қорытынды – Оңтүстік өлкесі ұлтымыз тұңғыш рет жеке ел ретінде ту тiккен түп-қазық мекен ғана емес, сонымен бірге оның жерi мен қонысын ұлғайту мақсатында алғашқы қаһармандық шайқастар жүргізілген қасиеттi өңiр. Көне тарих тәмсіліне ден қойсақ, көк шалғынды, табиғаты әсем, халқы бай, мәуелi оңтүстiкті сыртқы дұшпан, әсіресе Бұқар-өзбек хандығы уысынан шығармай, біржолата иелініп қалуға қатты тырысып баққан. Осы себепті Бұрындықтан кейiн хан тағын иеленген Қасым бүкiл Мәуреннахрдың тежеусiз билеушiсiне айналған Әбiлхайыр ханның немересi Мұхаммед Шайбанимен оңтүстiктегi шұрайлы қоныс пен қалалар үшiн бiрнеше рет шайқасады. Мұхаммед Шайбани алдымен қазақ хандығын экономикалық қыспаққа түсiру мақсатымен көне Жiбек жолының бойындағы – Тараз, Бұдекент, Құрлық, Сайрам, Шарапхана, Сауран, Түркiстан, Созақ, Саудакент, Сығанақ қалалары арқылы өтетiн керуендерге тосқауыл қояды. Одан соң аталған қалаларға әлденеше мәрте шабуыл жасайды. Сондай соғыстардың бiрi Шымқала iргесiнен ағатын Бадам жағасындағы Қасқа жазығында өткен (Абдулла Насруллаһ «Зубадат ал-асар»). Алайда анадан асып туған данагөй де қаһарман Қасым хан Шайбанидiң бетiн қайтарып, бұл атырапты қазақ иелiгiне қалдырады. Сонымен қатар ол, 1513-15 жылдары Жетiсу өңiрiндегі қазіргі ұлы жүз тайпаларының негізгі жұртын Қазақ хандығының құрамына қосады. Қасымнан кейiн қазақ билiгiнiң тiзгiнiн ұстаған Тайыр, Тоғым, Бұйдаш хандардың тұсында (1520-1558 ж.ж.) Алаш баласы бiрiккен Бұқар-өзбек пен Моғолстан әскерiнен жеңiлiс тауып, Ташкент пен Түркiстан уәлаятынан айрылады. 1560 жылы үш Арыстың маңдайына бақ боп бiткен Хақназар (Ақназар) хандыққа келген кезде ғана қазақ қайтадан ес жиып, Түркiстан мен Сайрам өңiрiн қайтарып алады. Ол кезде Бұқар ханы атақты Абдолламен ауыз жаласқан Баба сұлтан Ташкент уәлаятында жеке билiк құрған едi. Шымқаланың Ташкентке қараған – Қазығұрт, Келес маңы тәрiздi оңтүстiк жақ алабы сол Баба сұлтан иелiгiнде-тұғын. Хақназар бұл алаптарды қазақтар иелiгiне керi қайтарды және Бұхар шегiне аттанып бара жатқан жорық үстiнде әлгi Баба сұлтанның қолынан опасыздықпен ажал құшады. Бұл – 1550 жылдың жазында болған оқиға. Дәл сол уақытта Баба сұлтан құтырынып, қазақтың Сауран мен Созақ, Талас пен Тараз қалаларына дейiнгi жерлерiн басып алып, жергiлiктi жұртқа ауыр салықтар салады. Бiрақ опасыздың жазасын әдiл тарихтың өзi-ақ беретiн кезi болады. Хақназар өлiмiнен кейiн iле-шала таққа отырған Шығай хан бiр жылдың iшiнде баяғы Алаштың құдiретiн қайта орнына келтiрiп, Баба сұлтанға қарсы шығады. Алайда Шығай Қаратаудың батысындағы жазықта өткен соғыста Баба сұлтанды жеңгенiмен, Сыр бойындағы қалаларды қайтаруға мұршасы келмейдi. Өйткенi бұл уақытта Шығай жауға жойқын жорықтар ұйымдастырып, қол бастауға тым кәрi едi. Есесiне, 1582 жылы оның орнын басқан жас Тәуекел баһадүр Баба сұлтанды өлтіреді, Бұқардың құдiреттi әмiршiсi Абдолламен ұзақ текетiреске түседi. 1588-98 жылдар аралығында Тәуекел мәуелi оңтүстiкке қарайтын өз қалаларымыз бен даламызды қайтарып қана қоймайды, Ташкент маңындағы Абдолланың әскерiн жеңiп, Самарқан мен Бұқараға дейiн жорық жасайды. Сөйтiп Сырдарияның екi жақ қапталындағы отызға жуық қалалармен қатар бүкiл Ташкент уәлаятын иеленедi. ХVI ғасырдың аяғында ұлы Тәуекел бекiтiп берген қазақ шекарасының шетi көп кешiкпей-ақ бұзыла бастады. Тәуекелден кейiн қазақ тағына ортырған Есiм хан да, Тәуекел кезiнде елдiгiнен айырыла жаздаған, бiрақ кейiн қайта ұйысып, бұрынғы күшiне мiнген Бұқар хандығымен бiрнеше жыл үздiксiз соғысуға мәжбүр болады. Бұл соғыс жиырма жылға созылып, екі жақ жеті рет үлкен майданға түседі. Осы жылдар iшiнде оңтүстік өлкесі талай рет қолдан-қолға өтеді. Алайда қай кездегі қарымта шабуылда да қазақтардың мерейі үстем шығады, ақыры 1624 жылы Ферғана жазығында өткен үлкен соғыста Есiм хан түбегейлi жеңiске жетедi. Солай болғанмен де, оңтүстікте мамыражай кезең орнай қоймайды. Есiм хан тұсында шығыс тарапта әбден күшейген ойрат-қалмақтар Жетiсуға шабуыл жасайды. 1627 жылы өзiне қарасты жауынгердi атқа қондырған Есiм хан қалмақты жуасыту үшiн Жетiсуға аттанып, зор жеңiске жетедi. Тап осы уақытта Тәшкент уәлаятының (Ташкент уәлаятына осы күнгi Сайрам, Шымкент, Арыс, Келес өңiрi түгел кiрген) билеушiсi, қазақтың Жәнiбек ханнан тарайтын Тұрсын атты билеушiсi өзiн хан жариялап, өз бауыры – қазақ елiн, оның астанасы Түркiстанды шабады. Онымен қоймай, Жетiсу жақтағы ауыр жорықтан қалжырап келе жатқан Есiм хан бастаған қазақ қосындарын Сайрам түбiнде күтiп алып, бәрiн қырып салмаққа, содан соң күллi қазақтың билiгiне жетуге бекiнедi. Әйтсе де, ел iшiнде бүлiк шығарған екiжүздi билеушiні заманынан озып туған, дара да дана хан Есiм кешiрмек емес. Тұрсын хан қолын Сайрам мен Түркiстан түбiнен түре қуып, Ташкентке әкеп бiр-ақ қамайды. Есiм ханды қала түбiнде қарсы алған Тұрсын қазақ аламандарының тегiреуiнiне екi күн де шыдас бере алмай, басы найзаға шаншылады. Қазiргi ұрпақтар санасында берiк орныққан қазақ-қалмақ соғысының ең үлкен шайқастары да Оңтүстiк жерiнде болған. Орталық Азиядағы үстемдiк үшiн қазақ-қалмақ арасындағы кенеусiз ұрыстар сонау 1520 жылдары басталып, ара-тұра аз ғана үзiлiстермен 1756 жылға дейiн (1771 жылғы «Шаңды жорықты» есептемегенде), яғни екi ғасырдан астам уақытқа созылған. Осы екi ғасырдан астам уақыт iшiнде қай кезде болмасын, Балқаш пен Жетiсуды көктей өткен қалмақтар қиян-кескi шайқастарын осы Оңтүстiк жерiнде өткерген. Себебi түсiнiктi, бос жатқан даланы иемденуден гөрi экономикалық тұрғыда пайдасы зор қалалы өлкелердi егелену табысты. Қалмақтар ХVII ғасырдың аяғына таман Сайрам, Қаратау, Түркiстан, Келес өңiрiн әлденеше рет шауып, сансыз мал мен адамдарды олжалап әкеттi. ХVIII ғасырдың басында әртүрлi саяси жаңдайларға байланысты бұрынғы құдiретiнен айырылған қазақ елi қалмақтың келесi бiр – 1723-24 жылдардағы шабуылы кезiнде «ақтабан шұбырындыға» түсiп, босып кеттi. «Ақтабан шұбырындының» ең басты қасiретiн оңтүстiк өлкесi тартқан. Содан бастап қазiргi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Ташкент облыстарының дерлiк аумағын және Қызылорда мен Жезқазғанның, Семейдiң солтүстiк атыраптарын бiржолата бауырына басуды ойлаған қалмақтар аталмыш алаптарда 25-30 жылдай, ал Жетiсуда 50-60 жылдай орнығып, үстемдiк құрды. 1725-40 жылдар арасында бiр ғана Ташкентүшін үш рет жойқын соғыс болған. Қазақтар Ташкенттi үш рет азат етiп, үш рет қалмақ иелiгiне уақытша қалдырған. Бөген, Шаян, Қостұра, Төрткүл, Түлкiбас, Қасқасу, Қазығұрт, Арыс, Шолаққорған аймақтарында «Қалмақтұрған», «Қалмақтөбе», «Қалмақсай», «Жоңғарсiлтi», «Жоңғарсiлем» деп әлi күнге дейiн аталатын төбе-жазықтардың атауы сол кезден қалған. Айтпақшы, 1726 жылы қазақ көсемдері қалмақ басқыншыларына шешуші соққы беру үшін оңтүстіктегі Ордабасы жерінде айтулы жиын өткізген. Бұл уақиға да, біздің өлкеміздің қазақ тарихында қаншалықты маңызды рөл атқарғанының тағы бір жарқын көрінісі. Қалмақтар оңтүстік өңірден 1745-46 жылдары түпкiлiктi түрiлген. Қалмақ кеткен соң Алатау мен Өгем, Қосмола мен Шыршық, Ташкент пен Келес, Созақ пен Қаратау, Әулиета мен Шу маңайында қырық жылға созылған қазақ-қырғыз қақтығысы өршiген. Ақиқатында, бұл екi бауырлас халықтың қақтығысы 1740 жылы Ташкент төңiрегiнде басталған. 1740 жылдары басталған бұл қақтығыстың ақыры үлкендi-кiшiлi майданға ұласып, оған Барақ, Бердiқожа, Ақпан, Сұраншы, Жәпек сияқты айтулы батырлар мен Абылай сұлтанның араласуына тура келген. Қырғыз шапқыншылары да қалмақтар тәрiздi Оңтүстiк халқына көп жапа шектiрген. Тек 1779 жылы қазақ қолдарын басқарған Абылай ханның Меркі жеріндегі «Жайыл қырғыны» деген атпен қалған соғысынан кейiн ғана екi ел бiраз тынышталып, қазiргi шекаралары айқындалған. Қазаққа мейлi Бұхар-өзбек болсын, Моғолстан болсын, қалмақ болсын, ең ақыры қырғыз болсын, шабуыл жасағанда олардың қайсысы болмасын, бiр-ақ мүдденi – қазақ жерiн иелену мақсатын алға қойған. Қалмақ заманынан 1860 жылдарға таман орыс отарлаушылдары келген уақытқа дейінгі аралықта оңтүстiк өлкесi (бұған Жетiсу да қосылады) сырт қараған адамға бейтарап, бейбiт кезеңде болғандай көрiнедi. Әсілі, олай емес. Ташкент айналасы мен Оңтүстiк қазақтары қалмақтан кейiн қырғыз және әбден күшейген, Орта Азияда іргелі үш хандықтың біріне айналған Қоқан хандығының басқыншылығына ұшыраған. 1798 жылы Қоқан ханының көмегiмен қашғарлық ұйғыр Жүнiсқожа Төле бидiң баласы Қожамжардың билiгiндегi Ташкенттi тартып алады. Артынша қоқандықтар өзiнiң жақтасы Жүнiсқожаны талқандап, Ташкенттi хандық иелiгiне қаратады. 1800 жылдан бастап өз жерлерiн кеңейтудi әрi оңтүстiк қазақтарының байлығына ие болуды ойлаған Қоқан ханы Әлiм 1808 жылы Шымқалаға 20 мыңдық қолмен шеру тартады. Ортақ көсемi жоқ, әр руы өз билерiне ғана бағынышты қалыпта бытыраңқылыққа түскен оңтүстiктiң қазақтары қоқандықтарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмайды. Әлiм хан айналасы екi-үш жылдың iшiнде Шымқаладан бастап, Түркiстан, Жаңақорған, Созақ, Саудакент, Әулиеата, Ұзынағаш, Сарысу төңiрегiн және бүкiл қырғыз жерiн тұтасымен жаулап алады. Содан 55 жыл бойы Оңтүстiк Қазақстанда емiн-еркiн билiк құрады. Бiздiң қазiргi ұрпақтардың көпшiлiгiнiң санасында өткен ғасырларда қазаққа қалмақтан басқа дұшпан болмағандай ұғым орнығып қалған. Сол үшiн де базбiреулер қазақтың қырғыз бен қоқан басқыншыларына қарсы күрескен кейбiр батырларын қалмақ заманының қаһарманы етiп көрсетiп, шатасып жүр. Ақиқатына келгенде, Қоқан басқыншыларының қазақтарға көрсеткен зұлымдығы қалмақтардың қиянатынан кем емес. Қоқандықтар халыққа он екi түрлi салық салған. Бұл салықтар халықты күйзелтiп қана қоймады, моральдiк тұрғыдан да азып-тоздырды. Осыған байланысты жер-жерде жекелеген батырлар топ құрып, қоқандықтарға дүркiн-дүркiн шабуылға шығады. Бiрақ бiрiгiп, күштi әскер құра алмаған топтар үнемi жеңiлiс тауып отырады. Қоқан хандығы кезiнде Оңтүстiк Қазақстан жерiнде алғаш рет аймақтарды басқарудың хандық жүйесi пайда болады. Бұрын қазақтың әр ауылы, өз биiне, ауыл билерi ру биiне, ру билерi тайпа биiне, тайпа билерi төбе биге қарасты болатын. Ендi бұл жүйе өзгередi. Қоқандықтар далалықтарды шаһарлық билiк жүйесiне көшiредi. Ол кезде оңтүстiк өлкесiнде iрi-iрi Ақмешiт, Түркiстан, Шымқала, Әулиеата сияқты шаһарлар болатын. Сайрам, Меркi, Ұзынағаш, Созақ, Саудакент, Шолаққорған, т.б. кенттер кiшiлеу қалалар саналған. Iрi шаһарларды билеушiлер – даруға, кiшi қалалардың қожалары – хәкiм деп аталады. Шаһарлар мен қалашықтардың құзырына белгiлi бiр аумақтарға бөлiнген датқалықтар қарады. Датқалық дегендi қазiргi гографиялық ұғыммен айтсақ, бiр немесе екi ауданның халқын әрi территориясын бiрiктiрген орталық. Оны басқаратын датқаны шаһар даруғалары мен хәкiмдерi жергiлiктi қазақ руларының арасынан таңдаған. Ал оны бекiту – Ташкент билеушiсiнiң құзырына жатқан. Өйткенi Ташкент құшбегiсi хандықта далалық қазақтарды басқарушы тұлға болып табылған. 1864 жылдың күзiне қарай Ресей отаршылдары Ұзынағаштан бас­тап, оңтүстiк өңiрiн түгелдей жаулап алады. Мешеу тұрпаттағы әрі заманға сай өркениеттердің бірде-біріне қол жеткізе алмаған Қоқан хандығы заман талабына сай қарумен жарақтанған орыс әскерлерiне төтеп бере алмайды. Отаршылдарға қарсы қаншама қиян-кескi ұрыс жүргiзсе де, қоқандықтар жерiмiздегi үстемдiгiн ұстап тұра алмай, әп-сәтте күйреп түседi. 1865 жылдың 5 ақпанында отаршыл Ресей өлкемiзде жаңа әкiмшiлiк құрылым енгiздi. Яғни, бұрын Қоқан қолының астында болған қазақ жерiнде Түркiстан облысын құрды. Алғашқы алты айда Түркiстан облысының орталығы Шымкент қаласы болады. 1865 жылдың жазына таман ол Ташкентке көшiрiлдi. 1867 жылдың 17-шiлдесiнде Ресей министрлер кабинетiнiң шешiмiмен Түркiстан генерал-губернаторлығы құрылады. Оған – Сырдария, Жетiсу, Самарқан, Закас­пий, сәл кейiнiрек Ферғана облыстары кiредi. Оңтүстік өлке – қазiргi Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Жызақ, Ташкент облыстарының шығыс, шығыс-солтүстiк ауданын қамтыған Сырдария облысына қарады. Сырдария облысы – Ташқазақ (Ташкент), Жызақ, Самарқан, Ақмешiт, Түркiстан, Әулиеата, Шымкент, Қазалы атты сегiз уезден тұрған. Уездер болыстықтардан тұрған. Шымкент уезiне жиырма үш болыстық қарайды. Түркiстан тоғыз, Әулиеата он сегiз, Ташқазақ жиырма бір болыстыққа бөлiнген. Өлкенi – генерал-губернатор, облыстарды – әскери губернаторлар, уездердi әскери шенi подполковниктен кем емес орыс офицерлерi басқарған. Болыстықтарды басқаратын болыстар 1904 жылға дейiн әр үш жылда, 1905 жылдан кейiн әр төрт жылға сайланған. Патша өкiметiнiң 1897 жылғы кең көлемдегi санағы бойынша Сырдария облысында 1 млн. 413 мың халық тұрған. Соның 913 мыңы қазақтар болған. 1914 жылғы санақта 1 млн. 692 мың халық тұрса, оның 1 млн. 200 мыңын қазақтар құраған. Ал 1927 жылғы санақта мұндағы қазақтардың саны 1 млн. 300 мыңнан асқан. Оңтүстiк өңiрi Ресей құрамына өткеннен кейiн өлкемiзде тарихта таңбаланған үш ұлы жұт өткен (1888, 1898, 1917-18 ж.ж.). Әсiресе соңғысы халыққа ауыр тиген. Т.Рысқұловтың есебi бойынша 1917-18 жылдардағы «Жылантақыр» деп аталған ұлы жұт – ашаршылықта Сырдария мен Жетісу облыстарында 400 мыңға жуық қазақ опат болған. Ал бұдан бiр жыл бұрынғы, яғни 1916 жылғы патшаның айтулы жарлығына қарсы ұйымдастырылған көтерiлiсте екі облыста 100 мыңдай қазақ шейiт кеткен немесе басқа жаққа қоныс аударған. Түркiстан өлкесiнде, оның iшiнде Сырдария облысы аумағында 1918 жылдың көктемiнде кеңес өкiметi толық орнап бiткен. Сол жылы Ташкентте Түркiстан АСР-i (кейiн Түркiстан АССР-i) құрылған. Сырдария мен Жетiсу облыстары 1924 жылға дейiн Қырғыз (Қазақ) АССР-ына қосылмаған. 1924 жылдың күзiне таман өзбек және тәжiк ССР-ы құрылуына байланыс­ты, аталған екi облыс қазақ автономиясына қосылған. Бірақ Ташкент пен оның айналасын- дағы бірнеше ондаған қазақтардың ата мекені болып табылатын уездер мен болыстықтар Өзбекстанға беріліп кеткен. Сол жылы Сырдария мен Жетісу облыстарының атауы губерния болып өзгертiледi және құрамындағы уездер iрiлендi. 1928 жылы бүкiл кеңестер елiнде губерния атаулары жойылып, олар округ атына ауыс­ты. Дәл сол жылы аудандар құрылады. Сырдария округi – 21, Жетісу – 12 ауданға бөлінеді. 1930 жылы округтер тарап, аудандар тiкелей ел астанасы – Алматыға бағынады. 1932-33 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықта Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында 600 мыңдай қазақ аштан өліп, 300 мыңдайы шет ел асып кеткен. 1932 жылы бүкiл Қазақстанды алапат ашаршылық жайлап тұрған кезде ҚазАКСР орталық партия ұйымы мен атқару комитетiнiң шешiмiмен шын мәнiнде кеңестiк тұрпаттағы облыстар құрылады. Соның бiрi – қазiргi Жамбыл мен Қызылорда аумағын қоса қамтыған Оңтүстiк Қазақстан облысы едi. Одан 1938 жылы Қызылорда, 1939 жылы Жамбыл облыстары бөлiнiп шығады. 1962 жылы Оңтүстiк өлкесi құрылып, оған бұрынғы Сырдария облысына жатқан үш облыс түгелдей кiредi. 1964 жылы өлке жойылып, үш облыс өз алдына дербес үш облысқа айналады. Айтпақшы, ислам діні де қазақ жеріне Оңтүстік арқылы енген. Қазақстанның ешбір жерінде дәл Оңтүстіктегідей ислам дінін таратушы ғұламалардың кесенелері мен іздері жоқ. Бүкіл қазаққа тарап, бата жасағанда «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда бар түмен бап, Баптардың бабы – Арыстан бап, Ең үлкені – Кәлен бап, Шапағаттарыңды бере көр!» деп медет сұрайтын исламдық дәстүрге сай нанымдық ұғымға айналған сөздер де, Оңтүстік жерінің киелілігін меңзейді. Ендеше, Оңтүстік өлкесінің қазақ тарихында алар орны ерекше.

 Момбек ӘБДӘКIМҰЛЫ,  жазушы

Серіктес жаңалықтары