279
Ауыл тұрғындарына ауқымды мүмкіндік
Ауыл тұрғындарына ауқымды мүмкіндік
Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асыру мәселелеріне арналған алғашқы семинар-кеңес өтті.
Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, еліміздің бес өңірінен келген делегаттар және ақпарат өкілдері қатысты. Бұл жиында ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін шағын несиемен қамтудың механизмдері, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында мал шаруашылығын дамыту жолдары, мал шаруашылығын дамытуда ауылшаруашылығы кооперацияларын құру мәселелері талқыланды. Күнгейдегі келелі жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев: «Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партия жұмыссыздық мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Бұл партия қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Ауылды жерлердегі жұмыссыздық мәселесін шешу – көкейтесті мәселе. Партияның орталық аппарат жанындағы қоғамдық зерттеу институты әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, ауыл тұрғындарының 70 пайызға жуығын жұмыссыздық толғандыратынын анықтады. Біз осы мәселені шешу үшін ауыл азаматтарын жұмыспен қамту жобасын жүзеге асырамыз деп шештік. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстанда соңғы жылдары жергілікті деңгейде жүзеге асып келеді. Яғни, оның өңірдегі оң тәжірибесі қызықтырып, республика көлемінде жүзеге асыруды жоспарладық», – деді.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында ауылдық жерлерде жұмыспен қамту саясатын белсенді жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасында бірлескен түрде арнайы меморандумға қол қойылған болатын. Сонымен қатар, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасының маңыздылығы Мемлекет басшысының жуырда республикалық басылымдарда жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында қамтылған. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету арқылы олардың тұрмыс деңгейін жақсарту.
Шағын тауарлық өндірісті дамытуға қаражат бөлу жөніндегі меморандум 5 пилоттық өңір – Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, облыстарында жүзеге асады. Оңтүстік Қазақстан өңірінен бастау алған бағдарламаны Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, қызылорда облыстарында жалғасады. Бұл бағытқа қазынадан 11 миллиард теңге бөлініп отыр.
«Нұр Отан» партиясы бас болған жоба нақ осы қарапайым ауыл азаматтарының төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін ашуына мүмкіндік беретін болады. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 6 миллион теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Партия ұстынған жобада ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға басты назар аударылады. Тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобаның қаржыландырылуы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Жоба аясында отбасылық кооперация мен ауылда өндірілетін өнімді тиімді жылжытудың логистикасын дамыту көзделіп отыр. «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы 2014-2016 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының тәжірибесі негізінде жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама іске асқалы бері 26,4 мың тонна ет, 13,2 мың тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған болатын. Үш жылдың көлемінде бағдарлама аясындағы қосымша өнім 87,3 миллиард теңгені, яғни жалпы ауыл шаруашылығы өндірісі көлемінің 10 пайызға жуығын немесе облыстың мал шаруашылығы өнімінің 20 пайызын құрайды.
Семинар-кеңеске қатысқан мамандар әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарын араламақ. Сапар барысында несие алушы фермерлермен кездесіп, өңірдегі қосалқы шаруашылықтардың жұмысымен танысатын болады.
Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ