875
АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА
АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА
«Бодандықтың ащы дәмін татқан, өмір бойы туған Отанын көре алмай қор болған, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазақтары қызыл империяның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құлақтарын түріп, көңілдері алаңдап, сағынышпен күн кешкен. Сондықтан қызыл империя құлап, оның отары болған ұлт республикалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда, Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялайды екен деп күн санап, ай санап, тағатсыздана күттік», – дейді Түркия, Моңғолия және Қытай қазақтары. Оспан батыр Исламұлының (1889-1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені, көзі тірі Құнанбай батыр: «Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде референдумда Қазақстан халқының 80 пайызы «КСРО сақталсын» деп дауыс беріпті деген лақап тарады, Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялап, қажып кеткендей болдық», – дейді.
Қазақстанның еркіндік алатынына бірден-бір сенген – Түркия қазақтары. Стамбұлдың көшесінде немересімен келе жатқан Халифа Алтай Қазақстан тәуелсіздік алды дегенді естігенде сол жерде отыра қалып жайнамазын жайып жіберіп, Құран оқиды. 1991 жылы 25 қыркүйекте Анкараның Есенбұға алаңында 200-ден астам қазақтар ұлттық киім киіп шығып: «Қазақстан Жұмһурбашканы Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қазақтың жалғыз көсемі «Көсегең көгерсін» деген сөздер жазылған плакаттар ұстап қарсы алды», – дейді осы оқиғаны көзімен көрген делегация мүшесі Оқап Қыдырханов. Түркиялық қазақ ағайындар Назарбаевты – «Жұмһурбашкан», яғни Президент деп қарсы алуы Қазақстан егемен ел дегеннің белгісі еді. Делегация мүшелері Жазушылар одағының басшысы Қ.Найманбаев «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Т.Әбдіковпен, Құранды қазақ тіліне тұңғыш аударған О.Қыдырхановпен әңгімесінде 80-нен асқан Ұядан Ақай қария былай деген: – Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам айып етпеңіздер. Қазақстан Президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі ең зор қуанышым. Бұған жеткізген тәңірге мың шүкіршілік. Әттең, жаңағы жерде «Истихлал Маршынан» (Түрік гимнінен) соң қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса біздің бойымыздағы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау.
Шетелдердегі қазақтармен қоян-қолтық араласып, өмір тұрмыстарын көріп әңгіме-дүкен құрғанда, ешкімнің қас-қабағына қарап жалтақтамай, өз еліндегідей емін-еркін өмір сүріп жатқан Түркия қазақтары ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын шетелдегі қазақтарда жоқ. Біраз жылдар қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім.
–Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естіген Пекиндегі жүздеген қазақ студенттері жиналып бұрынғы гимннен «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бірін-бірі құттықтап, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқайды...
Қазақстан Тәуелсіздік алып, өзінің бостандығын жариялап, Н.Назарбаевтың сөзін радиодан естігенде Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ, – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса менің әкем қуанды, 90-нан асып көзі көрмей қалған болатын. Көзім көрмесе де, көңілім сенді, мен бақытты екем, қазір өліп кетсем де арманым жоқ, – деді әкем. Екі жылдан соң қайтыс болды. Назарбаевтың сөзін естіген соң «Алтай аясында» журналының мекемесіне бардым. Журналдың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: «Аға, Қадыс Уәли Алтай аймағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялылар мен кадрлар түгел қатысады, сіз замандасыңыз ғой Ғалағанды шақырып келіңізші, біздің шақырғанымызға келмейді, – деді. Ғалымбек деген кәрі төңкерісші түрмеден келген, үйінде жатып алады, қызметіне көп келмейді, зейнетке шығуға таяп жүрген. «Мақұл» дедім де үйіне барып, есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалымбектің өзі ашты. Үй арақ сасиды, үстелдің үстінде жарты бөтелке арақ тұр.
– Ай Ғалымбек дедім, сенің әкең Әует арақтан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мынауың не, таң атпай істегенің, үйің арақ сасиды.
Ғалымбек: – Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне, сол үшін ішіп отырмын. Сен отыр, мен әңгіме айтып берейін. Жиырма жыл түрмеде отырып келдім, келгеннен кейін үкімет сенде қылмыс жоқ екен, сен «ақ адам» екенсің деп мені қызметке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп, директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, жаңағы 20 жыл бейнет ұмытылып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қатып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп, бүгін түні еріді. Ақдалада айдауда соңғы жылдары жүргенде аздап еркіндікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. Түскі тамақ ішіп келейін, – деп суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің аузына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау деп біреудің кезегін алайын десем, ешкім кезегін бере қоятын емес, кезектің артына тұрсам суым қашып кететін түрі бар. Тұрғандарды жағалап келсем 6-қатарда өзіммен қалжыңдасып жүретін бір мұңғұл бар еді, қолында ыдысы бар әлгі жайбарақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп қолындағы ыдысы ұшып түсті.
– Жаман қалмақ, бұл сен тұратын жер емес, мен тұратын жер. Мұңғұл жерге түскен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүртіп тұрып:
– Ай Ғалымбек, сен қазақтың оқыған зиялысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келгенсің. Мен үкіметтің бір қойын ұрлап жеп қойған Балғанжап атты қойшымын, өзім ұры, өзім надан. Сен жаман Балғанжап десең, оның дұрыс, мен мойындаймын, енді жаман қалмақ дегеніңе келіспеймін. Жаман қалмақ дегенше, 500 жыл төбеме шай қайнатқан қалмақ де. Қазақ, сенің нең бар, менің жаман да болса мемлекетім бар.
Әлгі сөзді естігенде, көзімнен жас шығып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қарамай кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып қалды, ойымнан кетпей қойды. Бүгінгі күні дербестік алғанда сол мұз еріді.
Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын», «Қазақстан жасасын», « Қазақстан мемлекет болды» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосылып, Қабылдың өзін қосып алып, түнде жиналысқа бардық. Жиналыстан рухтанып шығып үш күн тойладық.
«Қазақстан қашан тәуелсіздік алады» деп күн санап күтіп жүрдік дейді Моңғолияның бұрынғы вице-премьері Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиялық қызметтес әріптестер: «Сендер қазақтар орыстың құшағынан шықпай қойдыңдар ғой, сірә?» деп әзіл-қалжыңы аралас сөздермен күнде қажайды. Бір күні Министрлер кабинетінің мәжілісінде отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де аяғын тез басып премьер-министрдің жанына келіп алдына бір қағазды қойып кетті, Премьер қағазды қарады да менің алдыма қарай ысырды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» деген телеграмма екен. Көзімнен жас шығып кетті.
Моңғолия қазақтарында Қазақстанның тәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәстүрімен сәйкес келеді. Дастарқанға жиналған халықтың қыстың ұзақ сары таңында бірден-бір әңгімелері Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасылар арнайы ақсарбас сойып, Қазақстаннның тәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз деген сияқты сөздер айтылып, моңғолдың ақшасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағдайлар да болыпты.
Қазақстанның туына, туының түсіне, көк байраққа өздерінің ойларын айтып пікірлерін білдірген монғолиялық қазақ, қалқа, тува, дөрбет халықтары «Тудың түсі өте дұрыс таңдалған», «Ежелгі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой» деп қазақтардан, «көк аспандай, кең аспандай түстес екен, Көк тәңірінің қасиетті көк түсі емес пе?» деген сөздерді моңғолдар мен тувалықтардың аузынан естідім.
Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптестеріміз мынадай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті Синьцзянның Қашғар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақтың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасына сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салды. Даусы ерекше ашық, әннің қайырмасын созғаны сонша кәсіби әнші ме деп қалдық. Бүкіл тойшы қауым риза болып қол соқты. Сонда өзбектің елағасы жасындағы Турсын ака деген бір азаматы, асабаның қолынан микрофонды жұлып ап: Қазағым жасасын! Қазақстан жасасын! Мен де Қазақпын! – деп айқай салды.
Асаба: Турсын ака, сізге не болды, өмір бойы өзбек болып, енді қазақ болғаныңыз дегенде, Турсын ака: «Менің түбім де қазақ, қаным да қазақ, жаным да қазақ, жетпіс жыл өзбек болғаным жетеді» дегені бар-ды.
Турсын аканы, Тұрсын аға қылған қазақ әнінің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыз дауысы демекпіз.
Қай заманда, қай халықтың өнер тарихына көз салсақ үздік өнер шығармалары белгілі бір тарихи толғағы жеткен оқиғалар шегіне жетіп, талантты өнерпаздар оны бірден байқап, мәңгілік қайталанбас өнер туындыларын өмірге келтірген. Мысалы, Бетховеннің 9-симфониясын алайық. Бетховен алдына мынадай мақсат қойған: Наполеон бүкіл Еуропаны әскери талантының арқасында жаулап алса, ағылшындар бүкіл әлемнің теңіздері мен мұхиттарын бағындырса, мен музыкамен бүкіл әлемді жаулап алам деген екен. Бетховен мақсатына жетті, ал Бетховенді қамшылаған, сөйтіп, мәңгі өлмес шығарма жасатқан Наполеонның әскери таланты, ағылшындардың соғыс теңіз флоты, Шостаковичтің «Ленинградтық» деп аталатын 7-симфониясы Ленинград блокадасының қайғы-қасіретіне миллиондаған аштан қырылғандардың аруағына мәңгілік ескерткіш есебінде жазылған. Егер де Ленинград қоршауы болмаса, ХХ ғасырдың ұлы сазгері бұл шығарманы жазбас еді.
Қазақтың бостандық алған, егеменді ел болған сәтін музыкамен көркемдеген, бүкіл халықтың сүйіп айтатын әніне, керек десеңіз гимніне айналған «Көк тудың желбірегені». Авторлары Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының тумасы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Іле аймағы Күнес ауданының тумасы, сазгер Ермұрат Зейіпхан. Бұл азаматтардың жүрегінде бодандықтың қамытынан құтылып, бостандыққа деген арманы, отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркіндік үшін төккен қан мен тері, егемендік алған елінің қуанышы түйісе келе, адамға ерекше күш пен асқақ рух беретін өнерді өмірге келтірген. Мұндай туынды жасау шын мәнінде бостандықтың дәмін татып, қадір-қасиетін сезінген, соны ойы мен санасына тоқып өскен шын таланттардан ғана шығады.
Ұлы Француз революциясы ақын Ежен Потье мен композитор Пьер Дегейтерге «Марсельезаны» тудыруға қалай әсер етсе, Қазақстанның егеменді ел болуы Алмас Ахметбек пен Ермұрат Зейіпханға сондайлық зерде мен күш-жігер берген еді.
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір жерге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Көзінің мөлдірегені.
Шетелдік қандастарымыз Қазақстанның тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жатжұртта қаншалықты тамақтары тоқ, киімдері көк болғанымен өз елі, бостандық, егемендік деген сөздердің парқын біліп өсті. Сондықтан шетте жүрген қазақтардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жерлерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағдайда, іштерінен шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға түсіріп, бізге жіберіп жатты. Бірталай шетелдік азаматтар тәуелсіз Қазақстанға келгенде, «бір нәрсе алам деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен?» деген сезімде болды. Тәуелсіздік қашанда тәтті ұғым, барлығынан жоғары тұрады.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымының докторы,
профессор