1735
Құрама халқы жөнінде не білеміз?
Құрама халқы жөнінде не білеміз?
Бүгінде әлемде неше түрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүруде. Бірақ солардың бірі ірі мемлекеттердің төл халқын құраса, енді бірі макроэтностың құрсауында ассимиляцияға түсіп жұтылып кетуде. Әрине, олардың негізін этнос яғни халық құрайтыны белгілі. Этнос адамзаттың этникалық құрылымында маңызды орын алады. Бұл құрылымның күрделілігі сонда, басқа да этникалық құрылымдардың пайда болуымен байланысты. Мәселен, субэтнос деп халықтың бір бөлігі белгілі бір территорияда орныққан және мәдени-лингвистикалық ерекшелігімен бірге жалпы этникалық өзіндік сана элементтеріне ие болған халықты айтады. Субэтникалық топтарда негізгі этникалық қауымға қарағанда этникалық ерекше қасиеттер аз. Субэтностың өзіндік ерекшелігі оның шығу тегімен байланысты. Кей жағдайда олар біртіндеп негізгі этникалық бірлігін жоғалтқан бұрынғы этностар, енді бірде басқалармен бір қауымда екенін мойындайтын этникалық топтар, үшіншіден, өзіндік мәдениет белгілері бар (мәселен казактар) әлеуметтік қауым. Дегенмен де олардың бөліну критерийлеріне барлық уақытта мінез-құлық ерекшелігі жатады және этникалық топтардың белгілі бір этникалық топқа қатынасын сақтау кезінде қоршаған ортаға аса ұқсамайтынымен көзге түседі. Сонымен, этностың құрылымдық ұйымынан шығатын қорытынды, бір адам бір кезеңде әртүрлі деңгейдегі бірнеше этникалық қауымға кіреді. Мәселен, орыс (негізгі этникалық қауым), дон казагы (субэтнос) және славян (метаэтникалық қауым) барлығы өздерін орысқа жатқызуы мүмкін.
Осындай субэтностың бірі — құрама халқы. Құрама халқы негізінен Ташкент облысының оңтүстік шығысы бөлігіндегі Ахангаран аңғарындағы Ангрен өзені бойында шоғырланған. Сондай-ақ ақпарат беруші А.Раззақовтың айтуынша Әндіжан облысының кейбір қыстақтарында, Жызақ облысы Бахмал аумағында да мекендейді. Олардың шығу тегіне байланысты зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Радлов, құрамалықтар (өзбекше – qurama; тура мағынасында құралған, жиналған деген ұғымды білдіреді) шығу тегі бойынша өзбек және қазақ тайпалары мен руларынан пайда болған, далалық отырықшылар болып саналатын, көшпелілер мен сарттардың мекендеу аймағын бөлетін, аралық аймақта өмір сүрген, халықтар деп көрсетеді. Антропологиялық типі бойынша және тұрмысының кейбір ерекшелігіне қарай құрамалардың бір бөлігі қазақтарға ұқсастығы бар. Тіпті тілі де мазмұны мен морфологиясы бойынша көбіне қазақ тіліне жақындығын сонау ХХ ғ. 90-жылдары Ангрен қаласы, Ахангаран аудандарына жүргізілген зерттеулерде байқаған болатынбыз.
Құрамалардың шығу тегіне байланысты XVIII ғ. орыс зерттеушісі И.Андреев те өзінің еңбегінде: «Жаңадан пайда болған бұл құрама халқы туралы ештеңе айта алмаймыз. Бір білетініміз, ташкенттіктер, қашқарлықтар мен бұқаралықтар оларды «жаңа қауым» деп таниды. Осыған қарағанда олар басқа жерлерден ауа көшіп келгенге ұқсайды, кейбіреулерінің айтуынша, олардың қауымдастығы хиуалықтар мен қарақалпақтардан құралған, көпшілігі қашып келген қарақшылар деп санайды. Олар көбейе келе не әскері, не билеушісі жоқ Бұқар қалаларын иемденіп алған. Сырдарияға құйып жатқан Шыршық өзенінің ар жағындағы Ангрен аумағы Ташкент және Қоқан қаласымен шектесіп жатыр. Олардың саны он мың адамнан аспайды, малы да егістігі де жеткілікті. Қоқан бегінің қол астында Ташкент қаласынан 50 шақырым қашықтықта жатқан тоғыз қаласы бар, олар: 1) Пскент, онда сегіз жүз түтін;
2) Кереуші, бекініс есебіндегі қала; 3) Шарукия, Ходжент қаласының билігіне бағынады; 4) Боқа, онда мың түтін бар; 5) Мұратәлі; 6) Кирейт Бақсу; 7) Қарақтай; 8) Қалай-мөр; 9) Пангас. Бұл қалаларда құрамалардың қыста тұратын баспаналары бар. Ал жаз уақытында олар егін егіп, мал ұстау үшін қала маңына көшеді, өздерінің қалаларына жеткілікті түрде күшті күзет қояды. Бұлар да қырғыздар (қазақтар) сияқты асау халық. Бұқар керуендеріне үнемі зиян тигізіп келеді. Шығу тегі беріден, осы ғасырдан басталады. Мұхаммед пайғамбардың «Қазір олар қуаттанып алғаны сондай, қытайлар да, қырғыз-қайсақтар да және оларға жақын тұратын жабайы қырғыздар да оларға шапқыншылық жасай алмайды» деп жазды. Бұл жерде автор оларды басқа жақтан ауып көшіп келген этникалық қауым ретінде қараса, жергілікті халықтардың құрамаларды хиуалықтар мен қарақалпақтар не қашқындар деп санайтынын айтады. Ол құрамалардың шығу тегіне қатысты нақты деректерді көрсете алмаған, тек олардың орналасқан жерлері мен қалаларын, мінез-құлық сипаты жөнінде ғана мәліметтерді келтіреді.
Құрама халқының шығу тегі жөнінде М.Терентьев өз еңбегінде: «Қырғыз» (қазақ) халқы 600 жыл бұрын Ангрен аңғарына төмен түсіп, көшпелі өмір салтын тастап, отырықшылыққа көшті. Олар отырықшылықпен айналысып, хутор түрінде емес, тұтас село болып орналасқан. Біртіндеп өздерінің рулық шежіресін ұмытып, қазір жалпы «құрама» атауын алып отыр. Көріп отырғанымыздай, М.Терентьев мұнда құрамалардың пайда болуын қазақтардың отырықшылыққа айналуымен байланыстырады. Қазақтың ертеден келе жатқан ру-тайпалық құрылымымен бірге көшіп-қону, қоныстану үрдісінен айырылып, отырықшылыққа көшуі рулық шежіресінен айырылуына, отырықшы жергілікті халықтың мәдениетін сіңіруіне әкеліп, басқа этникалық қауым – құрама халқын тудырды деген пікірді айтады. Әрине, қандай да болсын белгілі бір этникалық қауымның қалыптасуы біршама мерзімді қамтиды.
Құрама халқының шығу тегінің бастауын қазақтардан таратып, кейін сарт, өзбектермен араласуы нәтижесінде құрама халық атауын алғаны жөнінде жазатын зерттеушілердің бірі А.Макшеев болды. Ол өзінің «Географические, этнографические и статистические материалы о Туркестанском крае» деген еңбегінде: «Құрамалар Ангрен өзені бойындағы қоныстарды мекен етеді. Құрамалар осыдан жүз жыл бұрын, көшпелі қазақтың үш жүз руларынан құралған делінеді. Бұл қырғыздар (қазақтар-автор) әбден кедейшілікке ұшырап, көші-қонға ешқандай мүмкіндігі болмағандықтан сарттарға жақын «қораларда» немесе қала сыртына орнығып, мүмкіндігінше егін салумен айналысады. Олардың сарттармен, мүмкін өзбектермен араласуының нәтижесінде әртекті халықтар пайда болды, соның нәтижесінде оларды «құралған» немесе құрама деп атаған. Соңғы бірігулері жергілікті халықтардың айтуы бойынша 50 жыл бұрын болған. Ташкенттен алынған менің деректерім бойынша құрама халқы келесі қазақ руларынан Тама – Алшын руынан тарайды, Кердері, Жағалбайлы Керейт, Телеу, Арғын (Қанжығалы), Дулат (Үйсін) және Бестамғалы (Жалайыр бөлімі) руларынан құралған», – деп көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, Макшеев те өз еңбегінде құрамалардың арғы тегін қазақтардан таратып, ары қарай олардың өзбектермен араласуынан қалыптасқанын айтады. Ал құрама этникалық қауымының пайда болуының бастамасын Н.Аристов құрамалардың бастауын Ұлы жүз қазақтарымен Ташкентті жоңғарлардың басып алуымен байланыстырып, XVIII ғ. бірінші ширегінің аяғына жатқызады. Ол өзінің еңбегінде былай дейді: «... 1723 жылы Цеван-Рабтанның шабуылы Ұлы жүз бен Ташкентті өзіне қаратқан соң, қазақтың тек ұлы жүзі ғана емес, басқа да жүздері қалмақтардың қысымынан Ташкент пен Сырдарияның арғы жағындағы елден пана іздейді. Көптеген малынан айырылған кедейлер өздерінің руларының көшіне ілесе алмай Шыршық пен Ангренде қалып қояды, осы жерде олар сарттармен өзбектерге қосылып, бірігіп, жайылым жер мен малдың аздығынан егіншілікпен айналысады. Белгілі зерттеуші М.Тынышпаев өзінің еңбегінде құрамалардың шығу тегі жөнінде былай дейді: «Тарихта қазақ және өзбек деген екі туысқан халық жөнінде айтылады да ал, құрама халқы жөнінде еш жерде айтылмайды. Қазақтар мен өзбектердің арасында жекелей тайпалар: үйсін, қаңлы, жалайыр, арғын, керей, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын, т.б. (қазақ) юз, қырқ, минг, кенегес, барлас, дурмен, барин, қатаған (өзбек), аяғында қазақтың қыпшақ, найман, қоңырат, жалайыр тайпаларының жарықшақтары өзбектерде, ал өзбектердің кейбір тайпаларының жарықшақтары қазақтарда кездеседі. Түркі және монғол тайпаларының негізгілерінің санынан бір жағынан қазақтар, екінші жағынан өзбектер пайда болды, бұл кезеңде де құрамалар айтылмайды» деп көрсетеді. Жалпы, құрама дербес халық, жекелей түркі не монғол тайпасы екендігі негізделмеген. Тіпті, оның құрамындағы тайпалардың негізгі бөлігінің өзі қазақ рулары атауымен аталады. М.Тынышпаев «құрама» сөзін аударғанда құрақ, аралас, қосылған деген мағынаны білдіретіндігін айта келіп, қазақтардың арасында да құралған атаулардан пайда болған рулар жөнінде: «Мәселен кіші жүзден жетіру, жетімдер, қырық ру, қырық шата рулары. Құраманың құрамын қарайтын болсақ, шындығында әртүрлі тайпалардың құрағынан (жарықшағынан), әртүрлі рулар мен ұрпақтардан тұратынын көруге болады. Олардың арасында Ұлы жүздің үйсін, дулат, сыйқым, қыбрай рулары (дулат руының ұрпақтары), жалайыр, балғалы (жалайыр ұрпақтары), қаңлы, шанышқылы, сіргелі, тутамғалы (сіргелі ұрпақтары). Орта жүзден: найман бағаналы (найман руы), арғын қанжығалы (арғын руы), ашамайлы (керей руы). Кіші жүзден: жаппас, шөмекей, табын, тама, жағалбайлы, рамадан, жетіру және басқалар бар. Сонымен, құрама қазақтың үш жүзі ру-тайпасынан құралған қазақтар екендігін білдіреді» деп жазады. Шындығында, ХХ ғасырдың 90-жылдарында Ташкент облысы аумағындағы қазақтармен құрамалар арасынан жиналған далалық этнографиялық материалдарда құрамалар арасында осы аталған рулардың бар екенін және олардың негізгі бөлігі антропологиялық жағынан да, тілі де өзбектермен салыстырғанда қазақтарға көбірек ұқсас екенін байқадық. Бірақ 2019 жылы тамыз айында зерттеу-барлау жұмыстарымызда олардың көпшілігі өздерін өзбек – жалайырлармыз не өзбек–телеу, т.с.с. атайды және тілдері де өзбек тілінен айырмашылығы байқалмайды.
Ал енді Ангрен өзені атырабының статистика мен экономикасы жөнінде жазылған еңбекте: «Құрама халқы аты айтып тұрғандай, әртүрлі ұлттардың қосындысынан туған халықтың бір тобы. Мәселен, Ангреннің жоғарғы бойындағы құрамалар тәжіктермен көбірек араласса, өзеннің орта және төменгі ағысы бойындағы құрамалар (оның Ибелек – Моғол, Хурдан болыстығындағылар) өздерінің Ақмешіттен келгендігін жадында жақсы сақтаған. Майдантал бойындағы құрамалар өздерінің тегін қалмақтарға жатқызады» деген мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл деректен байқағанымыз құрама халқының жаңа этникалық қауым ретінде пайда болуы қазақтың көшке ілесе алмай, қалып қойған әртүрлі руларынан ғана емес, басқа да жергілікті өзбек, тәжік халықтарымен араласа орналасқандықтан да «құрама» аталуы мүмкін. Себебі осы жылдың тамыз айында біз сөйлескен ақпарат беруші, Ангрен қаласы тұрғыны Абдумалик Раззақов өзінің тәжік құрама екендігін айтты. Сонымен, ХХ ғ. І ширегінде Ташкент облысындағы Ангрен өзені бойының басым көпшілік халқын 93,1% құрамалар құраған. Қазіргі кезеңде де аталған аумақтағы халықтың негізгі бөлігін құрамалар құрайды, бірақ олар өздерін бұрын «құрама» деп атаса, бүгінде «өзбек-құрамамыз» деп атайды. Құрамалардың этникалық тарихына байланысты белгілі түркітанушы В.Радлов та өзінің еңбегінде: «Ташкент пен Ходжент аралығында (1868 ж.) өздерін құрама деп атайтын кішігірім татар тайпасының отырықшылары мекендейді. Олар бес руға: жалайыр, телеу, тама, жағалбайлы және тарақтыға бөлінеді. Этникалық қауым ретінде қалыптасуы өзбектер мен қазақтардың араласуынан пайда болғанға ұқсайды. Қазақтар құрама атауын көптеген әртүрлі тайпалардан құралғандықтан (құра – әртүрлі бөліктен құралу, т.с.с.) атаған дейді.
Құрамалардың шығу тегі, атауы, орналасуы мен саны жөніндегі мағлұматтар И.Зарубиннің «Список народностей Туркестанского края» еңбегінде кездеседі. Ангрен өзені атырабындағы құрамалардың түркі халқы екендігін, оны зерттеудің өзі үлкен қызығушылықты тудыратындығына назар аударады. И.Зарубин еңбегінде: «Құрамалар қазақ және өзбек руларының тек қан жағынан ғана емес, көп жағдайда әлеуметтік өзара араласуы сияқты, басқа тайпалық элементтермен де қосылуының жемісі. Құрамалардың этникалық топ ретінде пайда болуы XVIII ғасырдың І жартысына жатады. Қазіргі кезеңде этнографиялық көзқарас тұрғысынан алғанда құрамалар қазақтармен басқа да отырықшы түркі халықтармен араласуы нәтижесінде қалыптасқан аралық топ. Кей жағдайларда құрамалар қазақтарға жақын (киіз үйді пайдалануы, әйелдердің бетінің ашық болуы), енді бір жағдайларда сарттарға жақын болып келеді. В.Радлов және басқа өткен ғасырдың зерттеушілері белгілі құрама руларын көрсетіп берді. Бірақ қазіргі кезеңде көп жерлерде рулық бөлініс жоғалған, кей жерлерде белгілі руға жататынын сезінетіндер бар (мысалы, юздерде), бірақ бұл олардың ру ішінде некеге отыруына кедергі болмайды, бұл жағдай қазақтар арасында жоқ. Құрамаларда ұлттық сана аса байқалмайды. Олардың арасында «құрама» атауынан қашатындар бар немесе оны екінші атау ретінде атайды. Сондықтан Наманган уезінің Бабадархан болыстығының 3 елді мекеніндегі 500 адам, Телеу қонысының құрамадан шыққан ұрпақтары өздерін өзбекпіз, түрікпіз тіпті тәжікпіз деп атайды. Сондықтан да қырғыз (қазақ)-құрама, сарт-құрама, юз, өзбек-юз деген атаулар осымен түсіндіріледі. Мұндай жағдайда құрамалардың саны мен орнын анықтау қиындау», – деп мәлімдейді.
Құрамалар Аблық және Бөкеде онан кейін Телеу, Қанжығалы, Карис, ең соңында Пскент болыстығында 64,5 % дейін мекендейді. В.Радлов та Ташкент пен Ходжент аралығында өздерін құрама деп атайтын, өте үлкен емес отырықшы татар тайпалары өмір сүреді. Олар: Жалайыр, Телеу, Тама, Жағалбайлы және Тарақты деп аталатын бес рудан тұрады.
Орыс отаршылары 1864 жылы Ташкентті алған соң, отарланған аумақтағы халықтың санын білу мақсатында, алғаш рет орыстың Ұйымдастыру комитеті санақ жүргізеді. 1868 жылы осы комитеттің жүргізген санағындағы деректерге қарағанда, Құрама уезіндегі (1886 ж. бастап Ташкент уезі болып қайта аталды) үш атырапқа: Тойтөбе, Ангрен, Шыршыққа біріктірілген халықтардың санына қарағанда құрамалар аумақта сан жағынан екінші орынды құрайтын халықтың бірі болған. Мәселен, уезде қазақтар – 144 970 болса, құрамалар – 77 301, өзбектер – 34 636, тәжіктер – 11 634 адамды құраған.
Н.Аристов еңбегінде де 1868 жылы алғашқы санақ мәліметінде Ангрен атырабындағы құрамалардың үй саны – 11 043, адам саны – 77 301 екенін көрсетеді. Бұл мәліметте де жоғарыда келтірілген Терентьевтің сандық көрсеткішін нақтылайды. Л.Костенконың еңбегінде 1868 жылы құрамалар 27 631 қожалықты құраса, 1877 жылы 31 330 қожалықты құрап, 13%-ға өскенін көрсетеді. Сонда, қожалықтағы әр отбасында орташа есеппен 5 адам деп есептесек 156 650 адамдай болады. И. Зарубин, Ташкент уезінен басқа Ходжент уезінің Орал болыстығында 9 330 адам құрама есепке алынғандығын, жалпы құрамалар 1917 жылы 52 335 адам, 1920 жылы 49 697 адам болғандығын көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, ХХ ғасырдың басындағы әртүрлі ағымдық және 1920 жылғы Бүкілресейлік санақтарда олардың саны үш есеге жуық түсіп кеткен. Егер санақ мәліметтері бойынша 1868 жылғы санақ мәліметтерін 1917, 1920 жж. санақтармен салыстыратын болсақ, бұл жерде құрамалар 77 301 (1868 ж.) болса, 1920 ж. 49697 адам яғни 27 мың шамасында азайып отырғанын көруге болады. Дегенмен осы кезеңдерде де Ташкент уезі халқының 45,8% қазақтар құраса, 26,6% (91 632) өзбектер, 15,3% (52 808) құрамалар т.с.с. халықтар құраған. (Статистико –экономический очерк долины р.Ангрена, 1923:7.). Сөзімізді ары қарай дәлелдей отырып, мына еңбектегі мәліметтерді келтірейік: «Құрамалар барлық қырғыздардың (қазақ) үш жүзі өкілдерімен, өзбектермен және мүмкін тәжіктермен де араласып, Ташкент уезінің оңтүстік шығыс бөлігіндегі Ангрен атырабына орналасқан. Тіркелген 49 700 адамның (әйел-еркегі бірге және Республиканың 1,1% халқын құрайды) барлығы дерлік тек ауылды жерлерде мекендейді». Бұлардың азаюын олардың кейбір бөлігінің өзбек ұлтына жазылып кетуімен байланыстыруға болады.
Жоғарыда талданған еңбектердегі мәліметтерге келетін болсақ, оның ішінде Аристовтың, Терентьевтің т.б. еңбектерінен байқағанымыз құрама халқының құрамын сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде барып, кейін көшке ілесе алмай қалған қазақтың үш жүзі өкілдері құрады десек, сонымен қатар өзбек, тәжік, т.б. түркі халықтарынан құралған құрамалардың да болғандығын жоққа шығармаймыз. Дегенмен де, ХХ ғ. 80-90-жылдары Ахангаран ауданында отырған құрамалардың қазақтарға ұқсастығы көбірек байқалатын. Себебі менің сол кезеңдерде жүргізілген зерттеулерімде, далалық этнографиялық материалдарды жинау әдісіндегі бақылауымда да олардың тұрмыс салты, тілі, антропологиялық бітімі өзбек, тәжік халықтарына қарағанда қазақтарға өте ұқсас болатын. Ауыл ақсақалдарының әңгімелеріне қарағанда, әсіресе ХХ ғ. 60-70-жылдарына дейін құрамалардың тіліндегі қазақтарға ұқсастық жақсы сақталған. Енді бір зерттеулерде құрамалар қазақ және өзбек халықтарының неке араласу нәтижесінде қалыптасқандығы жөнінде айтылады. Сондықтан олардың қай кезеңде пайда болғандығын дәл айта қою қиынырақ.
Сондықтан мақалада қарастырылып отырған құрама халқы да бір кездері қазақтың құрамындағы ру-тайпалардың жиынтығынан (кейбір деректерде әртүрлі ұлт өкілдерінен) қалыптасып, тарихи себептерге байланысты құрама атауымен субэтносты құрады десек, бүгінде олардың барлығы дерлік өздерін өзбектің ішіндегі құрама – жалайыр, құрама-телеу, құрама-өзбек, құрама-тәжікпін деп те атайды. Сондай-ақ кейбір зерттеулерде және өзіміз ел арасынан жинаған далалық этнографиялық материалдарда ақпарат берушілер құрама халқы тек қазақ халқының ру-тайпалық құрамынан ғана құралмағандығын, басқа да тәжік, өзбек т.с.с. халықтардан құралған құрама тобы бар екендігін айтады.
Сонымен құрамалар жөнінде арнайы зерттеу жұмысын жазған Файзиевтің сөзімен айтқанда Аханғаран құрамалары тарихи түрде қалыптасқан өзіне тән этникалық топтың бір түрі ретінде өзіндік әдет-ғұрыптары бар. Алайда жедел урбанизациялану нәтижесі ұлттық-жергілікті (психикалық және жергілікті) этникалық дәстүрлердің ұмытылуына себеп болды. Қорыта айтқанда, құрама халқы Өзбекстан Республикасының 1926 жылғы санағында республика халқының біршамасын құрағанмен, 1930 жылдардан басталған есептерде көп көрініс бермейді. Сондай-ақ 80-жылдарына дейін өзін құрамамыз деп келген халық бүгінде өздерін тек құрама-өзбекпіз, құрама-тәжікпіз деу кездеседі, бірақ халық арасында құрама-қазақтар да болған деген әңгімені естуге болады.
Бибизия Қалшабаева,
т.ғ.д., профессор м.а.
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті