Тұрсын хан

Тұрсын хан

Тұрсын хан
ашық дереккөзі
9910
Тұрсын хан – Қазақ хандығы тарихында «текетірес» кезеңінің басты кейіпкері, хандық билікте 10 жылдан астам уақыт отырып, қазақ халқының ауыз әдебиетінде «ант бұзушы» атанған және «қатаған қырғынының» тікелей себепшісі болып, Есім ханның қолынан қаза тапқан тарихи тұлға. Тұрсын ханның шығу тегі мәселесі отандық тарих ғылымында ұзақ уақыт бойы түсініксіз болып келді. Тек соңғы кезеңдегі арнайы зерттеуде бұл тарихи тұлғаның шыққан тегі толық болмаса да, біртіндеп анықтала бастады. Тұрсын ханның толық аты-жөні – Тұрсын-Мұхаммед хан. Қазақ тари­хын­да­ғы хандық дәуір кезеңінің ең көрнекті зерт­теуші маманы Т.Сұлтанов өз зерттеу­лерінде Тұрсын ханның әкесі – Жалым сұл­тан екендігін дәлелдеп берді. Жалым сұлтан (Джалым, Жолым, Челым) есімі XVI ғасырдағы орыс тіліндегі дерек мәліметінде, XVI-XVII ғасырларда жа­зылған мұсылман авторларының еңбектерінде кездеседі. XVI ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хан­дығының тарихына қатысты оқиға­ларды баяндайтын деректе Жалым сұлтан есімі Хақназар ханмен, Шығай сұлтанмен бірге айтылып отырады. Хақназар хан мен Шығай хан – Жәнібек ханның немерелері, біріншінің әкесі – Қасым хан да, екіншінің әкесі – Жәдік сұлтан. Жалым сұлтанның да Жәнібек ханның немересі екені, Жәнібек ханның тоғыз ұлының біреуінен тарағаны ақиқат, бірақ қай ұлдан тарағаны әлі күнге дейін белгісіз. Соған қа­рамастан соңғы жылдары жарық көріп жатқан кейбір еңбектерде Жалым сұлтан Қасым ханның ұлы деп көрсетіліп жүрсе, ал келесі бір еңбектерде Жалым сұлтан – Шығай ханның ұлдарының бірі деп жазылып жүр. Тұрсын ханның әкесі Жалым сұлтан дерек мәліметінде көрсетілгендей, өзі өмір сүрген жылдары, яғни XVI ғасыр­дың екінші жартысында қазақ қо­ға­мындағы ресми ханнан кейінгі ең беделді 2-3 тұлғаның бірі болып, Қазақ хандығының қайта өрлеу кезеңіне өз үлесін қосқан белгілі тарихи тұл­ға­лардың бірі болған. Хақназар хан туралы қарастырғанымызда біз Жалым сұлтанның екі ұлымен және Хақназар ханның екі ұлымен 1580 жылы Шараб-хана маңында Ташкент билеушісі Баба сұлтанның қолынан қаза тапқанын айтқанбыз. Қалай болса да, Тұрсын ханды Жәнібек ханның немересі, атақты Орыс ханның ұрпағы дей келе, XIII ғасырдың басынан XVII ғасырға дейін ата-бабалары Қазақстан аумағындағы мемлекеттерде билік құрған билеуші текті әулеттің өкілі деп санаймыз. Тұрсын хан есімі жазба дерек мәлі­мет­терінде, XVII ғасырдың алғашқы он жылдығынан бастап кездесе бастайды. Оның бүкіл іс-әрекеті Ташкент аймағы мен Мауереннахрдағы аштарханилық әулетпен тікелей байланысты болған­дықтан, жаңа әулеттің XVII ғасыр басында Ташкент пен оның аймағы үшін күрестеріне шолу жасап көрелік. Бұған дейін айтқанымыздай, Қазақ хандығының Мауереннахрдағы темірлік, шайбанилық әулеттермен Сыр бойы үшін жүргізген күрестері XVI ғасырдың соңында жеңіспен аяқталады да, XVII ғасырдың басынан бастап Орта Азия­дағы жаңа әулет – аштарханилық әулет­пен Ташкент және оның аймағы үшін күресі басталып кетеді. Іс жүзіндегі аштарханилық әулеттің негізін салушы Бахы-мұхаммед хан (1599-1605 жж.) болды. Жаңа билеуші 1603 жылы Ташкент үшін шайқасты бастайды, бірақ қазақ сұлтандары тарапынан қатты жеңіліске ұшырайды. 1606-1611 жылдары Орта Азияда билікте болған Уәли-мұхаммед хан Ташкент үшін қазақ­тармен тағы да ұрысқа түседі. Алма-кезек итжығыс болған күрес бірнеше жыл­ға созылады. Ақыры, Есім хан бас­та­ған қазақ сұлтандарының әскери күші басым болып, екі жақ шамамен 1607-1608 жылдары бейбіт келісімге келеді. Келісім бойынша Ташкент қаласы қа­зақтар жағына өтіп, ондағы билік Тұр­сын сұлтанның ұлы Шах-Саид сұлтанға бері­леді. Ал оған аталық ретінде бұхар­лық әмір Жалаңтөс батыр тағайында­лады. Осы кезде біздің кейіпкер Тұрсын ханның қайда болғаны белгісіз. Ал Ташкентке оның баласының отыруына әкесінің ықпалы күшті болған сияқты. 1611 жылы Уәли-мұхаммед ханға қар­сы немере інісі Имамқұли сұлтан  бас көтереді де, алғашқысына – Иран шахы, соңғысына – қазақ сұл­тандары қолдау көрсетеді. Ақыры, 1611 жы­лы Имамқұли хан жеңіске жетеді де, 1642 жылға дейін Орта Азияны бас­қа­рады. Жеңіске жетуіне себепкер болған қазақ сұлтандарына Сыр бойындағы қа­лалар – Түркістан, Сығанақ, Созақ және тағы басқа қалалар басқаруға бе­ріледі. Бірақ келесі жылы Бұхара ханы Ташкентті басып алып, ұлына басқар­тады да, кейін оралады. Көп ұзамай таш­кенттік тұрғындар бас көтеріп, хан бала­сын өлтіреді. Хабарды естіген Имам­құли хан қайта оралады да, бір айлық қоршаудан соң қаланы алып, онда көп қырғын жасайды. 1613 жылы Есім хан қаланы қайта алып, одан әрі Самарқанға қарай бет алады. Орта жолда Имамқұли ханның әскерін тас-талқан етіп жеңеді. Имамқұли хан Ташкентті күшпен ала алмасын білген соң, басқа амалды ой­ластырады. Оның жоспары бойынша Ташкентке қазақ сұлтандары ішінен өзінің сенімді адамын отырғызуды тиімді деп санайды. Және ондай мүмкіндік пайда болады. Т.Сұлтанов ор­тағасырлық тарихшы Махмуд пен Уәлидің мәліметтеріне сүйеніп, ол жө­нінде былай деп баяндайды: «Имамқұли хан өз билігінің үшінші жылы, яғни хижра бойынша 1022 жылы (1613-1614 жылы) Ташкентке және «басқа да шығыс уалайаттарға» жорыққа аттанды. Сырдария өзенінен өткен соң оның ордасына аздаған адамдарымен қазақ Тұрсын сұлтан келді. Ол оған дейін «Ташкент пен сол аймақтағы өңірлерді басқаруды қолына алған болатын». Бұхар ханы оның билікті басып алғанын мойын­даған соң Тұрсын сұлтан өзіне қайтты». Имамқұли хан мен Тұрсын хан ара­сындағы кездесуде қандай мәселе тал­қыланып, екі жақтың қандай шешімге келгенін нақты білмесек те, одан кейінгі оқиғалардың даму барысы жалпы жағдайды түсіндіріп береді. Бұхар ханы қарсыласын әскери күшпен жеңе алмасын білген соң, оған қарсы «іштен іріту» тәсілін қолданғанын бірден байқаймыз. 1613-1614 жылдардан бастап Тұрсын ханның Ташкентте жүргізген саясаты мен Түркістан қаласындағы Есім ханмен қарым-қатынасы, осы «іштен іріту» тәсілінің салдары болып табылады. Қазақтың екі ханы – Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қатынастар – Қазақ хандығының осы жылдардағы кезеңіне «текетірес» деген атауды бергізеді. 1613-1614 жылдарға дейін аймақ басшысы болып жүрген Тұрсын сұлтан осы жылдардан кейін Бұхар ханының қолдауымен хан атанады да, өз саясатын жүргізе бастайды. Ол өзінің жеке, дербес билеуші екендігін көрсету үшін өз атынан ақша шығарып, жергілікті тұрғындар мен саудагерден «баж және харадж» салықтарын жинай бастайды. Оның билігі бірте-бірте Түркістан аймағын­дағы барлық отырықшы өңірлер мен Түркістан, Сығанақ, Созақ, Сауран, Шахрухия, Андижан, Бискент қалаларына тарайды. Тұрсын хан қажет кезінде 100 мың әскер шығара алатындай күшке ие болады. Осылайша, Тұрсын хан бірнеше жыл ішінде күшейіп алады да, Түркістан­дағы билеуші Есім ханды саяси кеңістік­тен ығыстыра бастаған секілді. Бізге Тұр­сын хан мен Есім хан арасында 1613-1616 жылдар аралығында қандай оқиғалардың болғаны белгісіз. Есім ханның өз жақтастарымен 1616-1617 жылдары шамасында Шығыс Түркістан жаққа қарай кетуіне қарағанда, кетуге мәжбүрлеген оқиға болған секілді. Әзірге ол жағы бізге белгісіз. Тұрсын ханның күші мен қуаты тез ара­да өсіп, оның атақ-даңқы алыс жақ­тарға тарала бастайды. 1616 жылдың 20 қазаны мен 20 желтоқсаны арасында жа­зыл­ған орыс тіліндегі құжатта бұ­хар­лық саудагерлерден алынған мынадай мәлімет бар: «Бұхар ханы Имамқұли Сау­ран ханы Абылай ханды қаласынан қуып жіберіп, орнына Тұрсын ханды отырғызды». Бұл мәлімет 2-3 жыл бұрын болған Имамқұли ханның Тұрсын ханға қолдау көрсетуінің бір эпизодын ғана баяндап тұр. Тұрсын ханның күшейе түсуі оны Бұхар билеушісі Имамқұли ханмен қақ­ты­ғыстарға әкеледі. 1620-1622 жылдағы орыс құжаттарында Бұхара мен Ташкент билеушілері арасындағы саяси жағ­дай біршама жақсы баяндалады. Со­ған байланысты біз, төменде орыс де­ректерінің жинағындағы №188 құ­жаттағы Тұрсын хан мен Имамқұли хан­ға қатысты материалды осы жерде тү­гелдей беруді жөн көріп отырмыз: «1620 -16220 г., декабря 12. - Из ста­тей­ного списка посольства в Бухарию дворянина Ивана Хохлова А у бухарского Имамкулия царя при нем при Иване был бой с ташкенским с Турсун салтаном за то: наперед сего тот Турсун салтан от людей своих был изог­нан и бил челом Имамкулию царю, и Имамкулий царь за него вступился и на государство его посадил. А государство его город Турсун [Ташкенд], а люди у него кочевые, а словет Казачья Орда. А в Казачье де Орде многие царевичи, а Турсун был большой, и по их бусурманскому закону дошло царство до него. И как он с Мамкулием царем бухарским в дружбе учинился, и женился Мамкули царь Казачьи Орды у царевича у Турсун салтанова двоюродного брата, и хочет того, чтоб ему Турсун салтана убить и тестя своего учинити царем, а зовет его к себе, чтоб он Турсун салтан приехал к нему Имамкулию в Бухары. И Турсун салтан к нему не едет, а бить челом присылает, и он того челобитья не примет. И был у бухарского царя с ташкенским бой в те поры, как он, Иван, был в Бухарех. А ходил на Турсун салтана бухарского царя большой боярин, дядя его Надир дуванбеги, а людей с ним было 40 000, и ташкенской де у него убил с 10 000 человек. А после де того, Мамкулиевы царевы люди побили Турсун салтановых людей дважды, а еще де меж их войнане унялась. А ныне де стал помогать Имамкулию царю на ташкенского брата его балховской Недир хан» Дерек мәліметі Тұрсын хан мен Имамқұли хан арасындағы қатынастың шиеленісіп, тікелей ашық айқастарға ұласқанын көрсетеді. Дәл осы жағдайды мұсылман авторларының еңбектеріндегі мәліметтер де көрсетеді. Т.Сұлтанов ол туралы былай деп жазады: « ...1621 жылы Имамқұли хан қазақтарға қарсы жо­рыққа шықты. Олар Ташкентте билік құрып отырып, Самарқан өңіріне жиі жорықтар жасап тұратын. Шахрхан өзенінен өту барысында хан әскеріне қазақтар соққы берді. Ұрыс барысында Бұхара хандығының 20 мыңнан аса адамы өледі, олардың бір бөлігі асығыс қашу кезінде суға батып кетеді. Имамқұли қалған әскерімен Бұхараға қайтып оралады. Ол Балхтағы бауыры Нәдір-Мұхаммедке адам жіберіп, қазақ сұлтандарына қарсы шығу үшін әскери көмек жіберуін сұрайды». Одан ары оқиғалар барысын қысқаша айтсақ, былайша өрбиді. Имамқұли хан бауырынан нақты жауап ала алмай, Балхқа өзі аттанады. Ақыры келісе келе, Балх әскерін Жалаңтөс бахадүр басқаратын бо­лады. Бұл жолы да Имамқұли хан Тұрсын ханнан жеңіліс табады. Ақыры, кеңесшілердің айтуы бойынша  қазақтармен бейбіт келісім жасау керек деп шешіледі де, Тұрсын хан мен Имам­құли хан бейбіт тарасады. Екі хан арасындағы бейбіт келісім ұзақ­қа созылмайды, 1623 жылы Имам­құли хан тағы да Тұрсын ханға қарсы әскер жинай бастайды. Андижанның билеушісі, қазақ Абылай сұлтанды Ташкентке аттануға бұйырады. Сөйтіп, ол 160 мыңдық әскермен Ташкентке аттанады. Ал Тұрсын ханда 100 мың әскер бо­лады, оның 10 мыңы қырғыздар бол­ған. Шахрухия бекінісі маңында қанды шай­қас басталып кетеді де, ұрыстың қыз­ған кезінде Абылай сұлтан майдан да­ласын тастап кетеді. Бұл жағдай бұ­хар­лық әскер арасында үрей туғызады. Соған байланысты Имамқұли хан шегінуден басқа жол таппайды. Тұрсын хан мен Имамқұли хан ара­сындағы қатынастар ашық күреске ай­налған кезде шамамен, 1623-1624 жылы Шығыс Түркістаннан Есім хан қайтып оралады. Оның кері оралуының себептері жазба деректерде айтылмайды. Біз оның бірнеше себептері болған деп топшылаймыз. Бірінші себепке Шығыс Түркістандағы шағатайлық билеушілер – Апақ хан мен Абд ар-Рахим хан ара­сын­дағы ұзаққа созылған нәтижесіз ұрыстың салдары жатса керек. Ал екіншіге, біздің ойымызша, Тұрсын хан мен Имамқұли хан арасындағы қатынастың шиеленісуі болса керек. Соған байланыс­ты Ташкент билеушісі Есім ханды арнайы шақырған деп айтуға негіз бар. Сөйтіп, 1624 жылдан бастап Есім хан Тұрсын ханмен бірге болады. Қалай болғанда да, осы жылдан бастап Есім хан туған жеріндегі саяси оқиғаларға араласып, жазба деректерде жиі атала бастайды. Т.Сұлтанов «Бахр ал-асрар» дерегінің мәліметіне сүйеніп, 1624 жылы Есім ханның Тұрсын хан ұйымдастырған Андижан жорығына қатысқанын айтып өтеді. Бұл жорық қазақ хандары үшін өте сәтті аяқталып, Бұхара әскерлері жеңі­ліске ұшырайды. Осы оқиғадан кейін Есім хан Түркістан қаласына қайта орнығады. Түркістан қаласында оған жо­лығып, оны паналаған, ол туралы де­рек қалдырған жалғыз адам, ол – Әбіл­ғазы бахадүр хан. Алдыңғы беттерде біз, Есім хан туралы қарастырғанымызда Әбілғазының Есім ханға, Тұрсын ханға келуі жөніндегі де­рек мәліметін толық бергендіктен, олар­ды бұл жерде қайталамай, тек Тұр­сын ханға қатысты жерін айталық. Әбілғазы 1625 жылы Түркістанға келіп, Есім ханның қасында 3 ай болады да, Тұрсын хан Түркістанға келген бір сапа­рында онымен Есім ханды жолық­тыра­ды. Ары қарай ол Тұрсын ханмен Ташкентке кетеді де, онда 2 жыл тұрады. 2 жылдан соң 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіреді. Одан кейін Әбілғазы Бұхарадағы Имамқұли ханның қолына барады. Екі дерек түріндегі мәліметте Есім хан қалмақтарға қарсы жорыққа аттанып бара жатып, елі мен жұртын, туыс­тары мен отбасын Тұрсын ханға сеніп қалдырады. Тұрсын хан болса Есім ханға берген антын бұзып, Есім ханның елін шауып, туыстары мен отбасын тұт­қындап алып кетеді. Қалмақтардан жеңіс­пен қайтқан Есім хан Тұрсын ханның антты бұзып, опасыздықпен елін шапқанын естіп, Ташкентке аттанады да, Тұрсын ханмен соғысады. Оны жеңіп, «Хан Тұрсынды ант ұрсын» деп өз қолымен оны өлтіреді де, басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. М.Тынышпаев келтірген екінші дерек мәліметі бойынша бұрынғы  Ташкент уезіндегі шанышқылы руы арасында тараған аңыз бойынша бір кездерде олар­дың ханы Тұрсынды Есім хан өл­тіріп­ті. Содан кейін қатағандардың көп бөлігі Бұхараға қашып кетіпті де, ал қалған бөлігі сол рудың бір бөлімшесінің атауымен «шанышқылы» деп аталып ке­тіпті. Қазақ тарихындағы «қатаған қырғыны» деп аталған осы оқиға Тұрсын ханға қолдау көрсеткен қатаған тайпа­сы­ның Есім хан тарапынан көп қырғын­ға ұшыратылуымен байланысты болып отыр. 1627 жылы Тұрсын ханды өлтіріп хан тағын иеленген Есім хан 1 жылдан кейін, 1628 жылы қайтыс болып, Түр­кістан қаласында жерленеді. Тұрсын ханның – Мұхаммед сұлтан, Шах-Сайд-сұлтан және Бакы-сұлтан атты үш ұлы және Мұхаммеджар сұлтан атты немересі болған. 1638 жылы Бакы сұлтан­ды Имамқұли ханның адамдары өлтіреді. Енді Тұрсын ханның жеке басындағы қа­сиеті мен мінезі туралы жоғарыда ай­тылған тарихи оқиғаларға сүйене отыра айтсақ. Тұрсын хан – ең алдымен, бірнеше ғасыр бойы билікте болған әулеттің өкілі. Зерттеушілер айтып жүргендей, оның әкесі Жалым сұлтан – не Қасым ханның, не Шығай ханның ұлы болса, онда ол хандық биліктен алыстай қой­маған, XVI-XVII ғасырдағы қазақ тари­хын­да терең із қалдырған тарихи тұлға­лардың ұрпағы болып келеді. Оның билікқұмар болғандығын дәлелдейтін фактіге –Ташкентке таяп қалған Имамқұли ханның алдынан шығып, онымен келісімге келуі жатады. Түпкі мақсатқа жету үшін ештеңеден аян­байтын, адамгершілік-моральдық қа­сиетті аттап өте беретінін байқаймыз. Со­нымен қатар қатал басқарушы болса да, бірнеше жыл ішінде орталығы Ташкент қаласы болған Қазақ хандығын мықты мемлекеттер қатарына қосады. Бұл оның ірі мемлекет қайраткері бол­ғандығын көрсетсе керек. Тұрсын хан халық ауыз әдебиетінде «ант бұзушы» ретінде қалды. Антты бұза­тын адамдарда арам ойлық, теріс пиғыл­дық, арамзалық, жалған айту секілді қа­сиеттер тән болады. Біз мұндай қа­сиетті Тұрсын ханның іс-әрекетінен көре­міз. Тұрсын ханда көптеген билеуші әулет өкілдеріне тән қолбасшылық қасиет те болады. Оның бірнеше рет Бұхара әскерін жеңілістерге ұшыратуы соған дәлел. Қалай десек те, оның теріс мінезі мен жағымсыз жақтары өмірінің соңғы сә­тінде Есім хан тарапынан басының ке­сілуіне алып келеді. Жоғарыда Тұрсын хан жөніндегі айтқан ойларымызды қорытындылай келе, мынадай тұжырым жасаймыз. Біріншіден, Тұрсын хан билеуші әулет өкілі ретінде Қазақ хандығындағы ресми билікті күшпен тартып алып, хан­дық тарихындағы «текетірес» кезең деген жылдарды қалыптастырады. Екіншіден, аз уақыт ішінде орталығы Ташкент қаласы болған Қазақ хандығын күшті мемлекеттер қатарына жеткізеді, бірнеше рет Бұхара хандығының әскер­лерін ашық майданда жеңіліске ұшыра­тады. Үшіншіден, өзінің жеке басындағы теріс және жағымсыз қасиеттері оны қа­зақ халқының ауыз әдебиетінде «ант бұзу­шы» атандырады және соған лайық­ты Есім хан тарапынан жазасын алады. Осындай жақтарымен Тұрсын хан қа­зақ тарихында қалады.  

  Берекет Кәрібаев,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,  әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық  университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы

Серіктес жаңалықтары