1020
ҰЛЫЛАР АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ
ҰЛЫЛАР АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ
(Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Кемал Ататүріктің азаттық жайлы ойлары)
Алаш қозғалысының жетекшісі, ұлт көсемі, журналист, тарихшы, зияткер Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдағы қазақ тарихында үлкен рөл атқарды. Модернизация мен білім беруді басты орынға қойған ол бар саналы ғұмырын ұлт азаттығы үшін күреске арнады, қазақ халқының орыс үстемдігінен арылу арқылы ұлттық автономияға ие болуы үшін аянбай қызмет етті.
Оның өмірлік басты принципі «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұстанымға негізделді. Бұл ойдың түпкі мәні тереңде жатыр. Қазақ даласына Шыңғыс хан үстемдік еткелі олардың сан ғасырлық билік жүйесі соңғы хан Кенесарыны опат қылғанға дейін жүрді. Хан тұқымдары ақсүйек деп саналып, қатты дәріптелді. Қазақ халқын басқару мәңгілік пешенесіне жазғандай көрген Шыңғыс ұрпақтарының жақсысы бар, жаманы бар әр дәуірде әрқалай сипат алды. Ұлттық негіздегі мемлекет болып қалыптасқан Қазақ хандығынан бергі кезеңде Керей мен Жәнібектің ізін басып Қасым мен Есім хандар, Тәуекел мен Тәуке хандар, Әбілқайыр мен Абылай хандар дәуірлеп өтті. Ал Кенесарыдан соң Қазақ хандығы біржола күйреп тынғаны тарихтан белгілі. Бұдан кейінгі жағдай мүлде басқа сипат алды, қазақ даласы тұтастай Ресей құрамына өтті. ХІХ-ХХ ғасырда орыс үстемдігінің қол астындағы қазақ халқына хан лауазымы болмаса да, сұлтан мансабымен де Шыңғыс ұрпақтары дәстүрлі билеу жүйесін сақтап қалды. Халық жағына қарайласқан бірен-саранынан бөлек көптеген сұлтандар мен аға сұлтандар елдің тағдырына араша бола алмады. Олар өз қамынан аспай, күйттегені маңайынан ұзамай, тек билікті өз ұрпағына табыстаумен, отаршыл Ресейдің асқынған саясатын қолдап-қолпаштаумен күн өткізді. Өз атасы Шыңғыс ханмен тікелей байланысатын Әлихан қазақ үшін хан тұқымдарының істемегені жоқ, мойындарында қақы бар еді деп әділдікпен батыл айтып отыр. Демек, мұндай кесек сөз, анық ой айтқан Әлихан атаның баласы емес, адамның баласы, ұлттың перзенті екенін білдірді. Мұнда «Атаның баласы – адамның дұшпаны» дегендей жалпыадамзаттық гуманизмді дәріптеген Абай өнегесі жатыр.
Ал біз білетін Ататүрікте бұған сабақтасатын бір сөз бар: «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды. Оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай алған адам ғана оның қожасы бола алады». Бұл біз басында келтірген Әлихан Бөкейхан сөзінің жалғасы іспетті. Ататүрік өмірінен хабардар адамдар жақсы біледі: ол ұлт қожасына айналғанға дейін өмір мен өлімнің арпалысын кешті, жұмақ пен тозақтың арасында өмір сүрді, бейнет пен зейнеттің ащы да тәтті дәмін бірдей татты.
Мұстафа Кемал Ататүрік жылнамасындағы ең маңызды дата – 1919 жылғы 19 мамыр. Туған халқын, көркем жерін шетелдік басқыншылардан тазартуда бастаған оның қайраткерлік тұлғасы бұдан кейін тіпті асқақтай түсті. Ол сөзсіз ұлт-азаттық күрестің көсемі ретінде мойындалды. Тарихшы Гүлжанат Ержуласин «Ататүріктің ұлт-азаттық көтерілісінің тарихта жеңіске жетуінде өзі ұйымдастырған екі конгрестің маңызы өте үлкен. Ерзұрұм және Сивас қалаларында өткізілген және бұл қалалардың атымен аталған конгрестер – тәуелсіздік жолында маңызды белестер» деп есептейді.
Ұлт қайраткері үшін ең маңызды, ең қажетті дүние – оның ұлттық теңдікке, халық бостандығы үшін күреске шығып, жанын да беруге даяр бола алатыны.
Әлихан Бөкейхан 1905 жылғы Қарқаралы петициясына қол қоятын ең ауқымды жиында бүкіл «дала қазақтарының діни жетекшісі, саяси серкесі» ретінде танылған. Бұл уақытқа дейін қазақ жерінің үштен екісін түгел аралап, түрлі экспедицияға қатыса жүріп, туған халқының жан саны, ұлттық ерекшелігі және олардың тұрмыс қалпы мен шаруашылығы, экономикалық айырмашылығы жайлы баға жетпес құнды материалдармен байытқан ғалымның потенциалы ұлтқа қызмет етуімен бірге анық қожасы болуға әбден лайық еді. Міне, осындай халық үшін аса қажетті жолдан өтіп, сеніміне ие болған Әлихан Бөкейхан бүкіл қазақтардың екінші құрылтай жиналысында (Орынбор, 1917 жылғы 12 желтоқсан) ең көп дауысты алып, демократиялық жолмен алты Алаштың көсемі болып сайланды.
«Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекетіне автономия құруды көздейді. Орыс патшалығының отары болған елі үшін, алғашқы этапта автономияға қол жеткізсе, кейіннен тәуелсіздіктің ақ таңы да алыс емес екеніне сенімді еді. Бұл жағынан Ататүріктің жолы болды: шебер стратег, асқан дарынды қолбасшы болғанының арқасында елде әскери жетістіктерге қол жеткізіп, республика құра алды. Тәж бен тақтан тұратын, өркениет ағысынан кеш қалған ескі жүйедегі империяны күйретіп, жаңаша жасау, өзгеше ел ету – оның ең зор бақыты! «Ұлттық егемендік – шынжырларды балқытып, тәж бен тақты күйрететін күшті нұр. Ұлттың құлдығына негізделген құрылымдар қайда болса да құлайтыны анық» дейді түрік көсемі. Өмірде қапысыз аңдалып, сәтті орындалған, сөйтіп, тарихтың өзі талай мәрте дәлелдеген бұл тұжырым Әлиханда «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» деген оймен айшықталады.
«Бостандық атына мінбейді» демекші, азаттыққа ие болудан оны қорғау – аса қиын іс. Ең алдымен Мұстафа Кемал – әскери тұлға. Әскери мектептерді бітірген кәсіби маман. Осман империясының күйреуі мен оның қалай құлағанын, оған жасалған қастандықтарды өз көзімен көрді. Өмірінің 12-13 жылын үздіксіз майдан даласында жауған оқтың астында өткізген ол әскери қолбасшылықта әрі теориялық, әрі практикалық жақтан өз құрдастарының ғана емес, қарсылас дұшпандарының да арасында ерекшеленді. «Қандай бір түрде болсын ұлтқа қызмет көрсетіп, бұл үшін ұлттан үлкен сый күткендер дұрыс ниетте болған емес. Ұлттан көп нәрсе тілей алмаймыз. Оған қызмет жасағандар өз борышын өтегеннен басқа еш нәрсе істеген жоқ» дейді Ататүрік.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тарихи қызметі басқаша қалыптасты. 1916 жылғы патша жарлығына байланысты қазақ жастарының қолына қару алып, соғысып өлгенінен гөрі күрек алып, майдан шебіне баруға үгіттеді. Әлихан үшін майдан даласы көз қанықтырып, таным кеңейтетін, сөйтіп, ауыл арасынан ұзап шығып көрмеген қазақ балаларының Еуропа елдерін көріп, танысатын аумақ. Ал Алаш автономиясын жариялауда ұлттық әскерді жасақтап, армия құруды ойластырды, әрі осы іске жедел кірісуді ұйымдастырып, қазақтың буржуазия өкілдерін тартты. «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау ісіне білгендер білімін, малдылары малын, азаматтар жанын аяп қалмаса керек... Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз. Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек». Мұрағатта сақталған бір құжатта Алаш көсемі Семей уездік земство бастығы Ахметжан Қозыбағаровқа жедел телеграмма жолдап: «Семей уезінен болыс басына 30 милиционер алуға қаулы қылынды. Осы жігіттерді тоқтаусыз жиясыз. Жиылған азамат, ат Семейге келеді. Алашорда бастығы Ғали хан» нұсқауына орай А.Қозыбағаров сәйкесінше тез қимылдауды болыстарға қатаң тапсырады.
Әлихан Бөкейхан әскер жинап, армия жасақтауды жеке-дара қарастырмайды, ол сонымен бірге білім алу, оқу жайын да естен шығармайды. «Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция – әскер жасау; екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ бұл екеуі өзгелеріне негіз: бірі кейін қала тұруға болмайды» деп жазады Әлекең.
Түрік әлемінің екі тұлғасы да мұндай тығырықтан шығар жолдың жалғыз кепілі – білім, оқу-ағарту екенін сөзсіз ұғынды. Екеуінің бойынан да оқуға деген құштарлық, кітап оқығанды, жазғанды, әсіресе тарихты ұнататын қасиеттер болғаны айқын. Сталиндік репрессияның салдарынан туған халқы танысып білмеген эрудит Әлихан Бөкейханның шығармашылық мұрасы қазіргі кезеңде 15 томдық еңбекті қамтиды. «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені – ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу» дейді Алаш арысы. Сондай-ақ ол білімді өткір қаруға, қанжарға теңеп: «Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса – соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі» деп біледі. Демек, оқу-білімді жақсы да тура жолға пайдаланған жағдайда ұлт кәдесіне жаратып, нәтижеге жетуге боларын аңдатады.
Ататүрік жазған еңбектері мен сөйлеген сөздерінен басқа, төрт мыңға жуық (нақтырақ айтқанда, 3 997) кітап оқып, білімге-ғылымға, оқуға құштарлығымен таңдай қаққызады. Ол өзі көп біліп, көп оқып қана қоймай, адам үшін өмірдегі ең басты кұндылықты білім деп таныған. «Өмірдегі ең шынайы кемелділік – ғылым» деген тұжырымды ой Ататүрікке тән. Түркия мемлекетіндегі оқу-ағарту ісіне шынайы назар аударып, өте үлкен көңіл бөлген ол өркениет көшінде әлдеқайда ұзап кеткен басқа елдердің хал-ахуалын білім мен ғылымның, техника мен прогрестің дамуынан көреді. Елдің сауаты артып, жастарының білімге құштар болуына, әсіресе қоғамда орны айқындалмаған, үй тұтқынына айналған қыз балалардың оқып білім алуына, сөйтіп, тең құқықты дауыс беруіне жол ашты. Бұл – оның ең үлкен реформасының бірі. «Жолда кетіп бара жатқан жолаушының көкжиекті ғана көруі жеткіліксіз. Ол міндетті түрде көкжиектің арғы жағын көруі және білуі қажет». Ол үшін білім өте маңызды екені даусыз.
Білімнің негізгі өзегі – тіл. Тілінен айырылған елдің болашағы болмайтыны дәлелденген аксиома. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейтіні сондықтан. Тіл хақында Ататүріктің ойлары ұлттық болмысқа негізделеді. «Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы, – дейді ол. – Өйткені түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық тетіктер қасиетті тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақыл-oйы».
Отаршыл Ресей құрамында ұзақ жылдар тепкіні көріп, жойылып тына жаздаған туысқан түрік тілдердің арасында қазақ тілі де бар. Оны татар тілінің көлеңкесі деп білетіндерге қарсы тойтарыс берді, байырғы негізі бар, көне тіл, жаңа заманға ілесе алатын тірі тіл екенін айтып, ескертіп отырды. «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды... Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп жазады Қошке Кемеңгерұлы. Қошкенің бұл айтып отырған сөзінің тарихи негізі мынада: 1914 жылы мұсылман съезiнде бірер адам «қазақта әдеби тiл жоқ, татар тілін пайдаланайық» деп тіл қатысқан. Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы: «Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне арнайы мақала жазып, Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжан өлеңдерiнен үзiндi келтiрiп, «бәйге алатын тiл осындай болады» деп қарсы пікір білдіргенінен оның әдебиетшілдігінің деңгейі көрінеді» деген ой тұжырымдай-ды.
Алаш көсемі қазақ тілінің ертеңіне сенеді, тұғырына шығатынына үмітпен қарайды. «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!» деп шабыттана жазады.
Түрік әлемінің екі бірдей ұлы тұлғасы өз ұлтының жүрек төрінен ғана емес, әлемдік тарих көшінен де мықтап тұрып орын алды.
«Бостандық және тәуелсіздік – менің мінез-құлқым. Ұлтымның және ұлы бабаларымнын ең құнды мұрасы – тәуелсіздікке деген құштарлық сезімі кеудесін кернеген адаммын...». Бұл – ұлы тұлға, мәңгілік көсем Ататүріктің жүрекжарды сөзі болатын.
Ал өмір бойы большевизмге қарсы күресіп, халқын да осы азаттық күресіне бағыттаған Әлихан Бөкейхан социализм, коммунизмдердің соңы бұлдыр елес, құр ертегі екенін айқын ұқты, нақты сезіне алды. Ол өзін қазақ даласына аттап басуға рұқсат етпеген, сөйтіп, аядай бөлмеге ондаған жылдар бойы қамап ұстап, кәдімгідей сескеніп үрейленген жүйеге барынша қарсылық танытты. Тіпті, тар қапаста жатқан күнде де қатарлас серіктеріне күрес жолын басқаша көрсетті, ақын-жазушыларға, өнерпаз жандарға оқулық, оқу құралдары аса маңызды екенін білдіріп, жас ұрпақтың кәдесіне жарайтын жаңа кітаптар жазуды мұқият тапсырып орындатты. «...Совет өкіметін ешқашан сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін». Алаш арысының ең соңғы сөзі – осы.
Ататүрік өмірін зерттеген тарихшылар оның ел мүддесі жолында жанын да аямаған тұлға деп көрсетеді.
Расында да, Ғазы Мұстафа Кемал Ататүрік – өз бақытынан гөрі халқының бақытын биік қойған ұлы қайраткер, мәңгілік көсем. Қазақ тарихшысы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің тұжырымдауынша, «егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейхан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға».
Ататүрік өзі құрған, қалыптастырған жаңа да жасампаз Түркия елінде шексіз құрметтеледі. Біздің Әлиханның алтын басын алты алаштың мұқым баласы ардақтайтын күн туар. Ғұмыр жүзінде ұлт көсемі Әлиханға деген шынайы құрмет өз бәйгесін алар! Біз бұған кәміл сенеміз және сол күнді көре алатынымызға қуанамыз.
Заңғар КӘРІМХАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің докторанты